Бекбосынова Асия Хасанқызы
Филология
ғылымдарының кандидаты
Медетова Назерке Қапиетоллақызы
Қазақ
тілі мен әдебиеті мамандығының 3 курс студенті
Қостанай
мемлекеттік педагогикалық институты
Қазақстан
Республикасы
М.Әуезовтің «Қараш- қараш
оқиғасындағы» теңеулер қолданысының
танымдық ерекшелігі
Белгілі бір
халықтың көркем әдебиеті басқа
халықтардың әдебиетінен, ең алдымен, өзінің
образдар жүйесімен, сөз бейнелеу тәсілдерімен ерекшеленеді.
Әдебиеттегі образдар жүйесі және сөз бейнелеу
тәсілдері- ұлттық характердің ең басты
көрсеткіштері. Бұларсыз ешбір ұлт әдебиеті өмір
сүре алмайды. Көркем әдебиет үшін, әсіресе,
ұлттық тілдің маңызы орасан зор. Құрылыс
материалы жоқ жерде құрылыс объектілері болмайтыны
сияқты, тіл жоқ жерде әдебиет те жоқ. Демек, тіл –
әдебиеттің құрылыс материалы, ол әдебиет
өніп-өсетін топырақ, ол – әдебиет тыныстайтын ауа.
Түрдің
өзінің көріну тәсілдері, жүзеге асу жолдары,
өмір сүру заңдылықтары болады. Сол түрдің
көріну тәсілдерінің бірі – теңеу категориясы.
Теңеу категориясы – бүкіл бейнелеу, көркемдеу
тәсілдерінің ішіндегі ең бастысы, ең пәрмендісі.
Бейнелеу тәсілдерінің барлығы да өз бастауын осы
теңеуден алады. Сондықтан болса керек, белгілі бір
ұлттық әдебиеттің бейнелеу, көркемдеу
жүйесі, оның көркем ойлауының ұлттық
ерекшелігі бүкіл бедерімен, күллі бояуымен теңеу
категориясынан анық айқын көрініп тұрады.
Теңеу –
көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері
жинақталған, дүние танымының ұлттық
өзгешеліктері бас қосқан категориялардың бірі [1, 3 б].
Зейнолла Қабдолов
өзінің «Сөз өнері» атты еңбегінде былай дейді:
«Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне
көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың
мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын
көркемдеу құралдарының бірі – теңеу (орысша
сравнение). Мұнда суреткер заттың, құбылыстың
ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен,
құбылыспен салыстыра суреттейді» [2, 217 б].
Тұрағұл
Қоңыров теңеудің танымдық ерекшелігі туралы былай
дейді: «Теңеу дегеніміз – ұқсас, ортақ
белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы
сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-
экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа
қырынан, поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл,
әрі таным құралы»
[1, 7 б].
Зерттеуші-ғалым
К.Қ.Есіркепова «Қазақ тілінің стилистикасы» атты
еңбегінде теңеуге тоқталып өтеді: «Теңеу –
көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері
жинақталған, дүние танымның ұлттық өзгешеліктері бас қосқан
категориялардың бірі. Жазушы
романы тілдегі теңеудің стильдік мәніне көңіл аударсақ,
теңеулерді бірде кейіпкердің кескін-келбетін, бет-пішінін,
сыртқы-көрінісін тұлғасын, портретін беру үшін
қолданса, бірде кейіпкердің мінез-құлқын,
көңіл-күйін, ішкі сезімін ашуда таптырмас тәсіл ретінде
пайдаланады» [3].
Зерттеуші-ғалым С.Ғ.Қанапина «Қазақ
тіліндегі мақал-мәтелдердің танымдық бейнелілігі
(Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов шығармалары негізінде)»
атты монографиялық еңбегінде: «Сөздің реңкін кіргізіп
ажарлап, айшықтап көркемдік үйлесімге келтірудің
бірнеше түрлері бар. Сол көркемдегіш амал-тәсілдердің
бірі – теңеу. Теңеу – бейнелі сөздің ең бір
көп тараған түрі. Жалпы көркем әдебиеттегідей,
мақал-мәтелде де бір нәрсені әсерлі, айшықты суреттеу
үшін, соның түр-тұлғасын көзге елестету
үшін екінші бір нәрсеге ұқсастырып, баламалап айту
теңеу болмақ» - дейді [4].
Зерттеуші-ғалым
А.Х.Бекбосынова «С. Мәуленов өлеңдеріндегі теңеу"
атты еңбегінде теңеулерді
тілдік-танымдық тұрғыдан зерттеп, теңеуге мынадай баға
берген болатын: "Көркемдік танымның аса қуатты
құралдарының бірі – көркем әдебиетті теңеулерсіз
көз алдымызға елестету еш мүмкін емес. Суреткер тіліндегі
теңеулер әлемі оның поэтикалық тіл арқылы
көрінетін дүниетанымын көрсетеді. Теңеу – таным
көзі. Салыстыру, ұқсату, теңеу арқылы таным
үдерісі арта түседі. Теңеу – адамның бейнелі
ойлауының, әлемді бейнелей тануының және
қоршаған дүниені көркем қабылдауының
нәтижесінде қалыптасады" [5, 5 б].
Қысқа-қысқа
сегіз бөлімнен тұратын повестің мазмұны кедей жігіт
Бақтығұлдың өміріндегі ауыр кезеңді
бейнелеуге құрылған. Повесть қазақ қоғамының
феодалдық дәуіріндегі бай- жуандардың (Сәт,
Сәлмен, Жарасбай) кедейге жасаған әлімжетті
озбырлығының, есепшіл қулығының, шексіз
әділетсіздігінің куәсі іспетті. Повестің осындай
идеялық мазмұны әртүрлі тілдік бояулар арқылы
берілген [6, 69 б]. Соның ішінде теңеудің алатын орны зор.
Жазушы теңеулерді қолданғанда жай қолданып қана
қоймай, оқырманның танымдық қабілетін ескеріп,
теңеуді орынды қолдана білген. Осы тұрғыда теңеудің
таным құралы екендігін тағы да дәлелдегендей болады.
Мысалы: «Қой торыған
бөрідей енді жұтынып қомданып алған
дөңгелек денесі анда-санда маңайды болжағанда, алды-
арты, жан-жағына шапшаң бұрылады» (М. Әуезов
«Қараш- қараш оқиғасы»
96 бет). «Бақтығұл қоралы
қойға шапқалы келе жатқан қасқырдың
құйрығын қысып, басын төмен салып, елеусізденіп
сөлпеңдеп жүргені сияқты, жай ғана
қалғып келе жатқан жылқышының кейпін
көрсетпек болды» (М. Әуезов
«Қараш-қараш оқиғасы»
97 бет). Бұл мысалдардан көріп тұрғанымыздай
жазушы қолданған теңеулер жай теңеу емес.
Теңеудің жасалу жолдарының бірі -дай- дей жұрнағы мен сияқты сөзінің көмегімен жасалған.
Қазақ халқының, ата-бабаларымыздың көшпелі
өмірі мал шаруашылғымен, төрт түлік малмен тығыз
байланысты болғаны бәрімізге белгілі. Сол себепті, «қой
торыған бөрінің» немесе «қоралы қойға
шапқалы келе жатқан қасқырдың» қимылы
арқылы Бақтығұлдың іс-әрекетін,
қимыл-қозғалысын, жылқышы кейпіндегі бейнесін суреттеуі
жазушының оқырманның ұлттық дүниетаным
ерекшеліктерін ескеруі. «Далада жалғыз жортқан көк
бөріше бар сырын өз ішіне түйіп, тығып келген
тіршілік енді мұны талдырған» (М. Әуезов «Қараш-
қараш оқиғасы» 116
бет). Бұл мысалда Бақтығұлдың аянышты халін «далада жалғыз жортқан көк
бөріге» теңейді. Теңеудің жасалу жолдарының
бірі - -ша -ше жұрнағы арқылы жасалған.
«Бақтығұл
«іздейтінің осы» дегендей, көп ойланбастан, атына жабысқан
бойында қаршыға тастайтын
аңшыдай қисайыңқырап келіп, боз биенің
мойнына қыл арқан бұғалықты тастап кеп жіберді»
(М. Әуезов «Қараш- қараш оқиғасы» 97 бет). Бұл жерде жазушы
Бақтығұлдың қимылын «қаршыға тастайтын аңшыға» теңеу арқылы суреттеген.
Теңеуінің бейнелілігі соншалық көз алдымызға
қаршыға тастайын деп тұрған аңшы келеді.
«Тек бір тар жерге
үшеуі бірдей қарбаласып, қақтығып
қалғандықтан, алдыңғы екі ешкі секіріп кеткенде,
екі мүйізі шаңырақтай
қартаң құлжа енді секіргелі қамданған еді»
(М. Әуезов «Қараш- қараш оқиғасы» 115 бет). Қазақ халқы
үшін «шаңырақ» ұғымы киелі болып саналады. Ол
киіз үйдің жай ғана жабдығы емес оның алатын
ұғымы кең. Мысалы, күнделікті тұрмыста
«қара шаңырақ» т.б. тіркестерді кездестіреміз. Ал жазушы
«шаңырақ» ұғымын бұл жерде мүлде
басқа қырынан ашады. Яғни бұл жерде
«шаңырақ» ұғымы «үлкен»,
«ауқымдылық», «көлемділік» мағынаны білдіріп тұр.
Қорыта айтсақ,
жазушының қолданған теңеулерінің
қай-қайсысы да орынды, әсерлі де көркем, бейнелі.
Жазушы заттың, құбылыстың бейнесін,
Бақтығұлдың қимыл-қозғалысын
суреттеуде теңеулерді жай қолданып қана қоймай,
оқырманның танымдық қабілетін ескеріп, теңеуді
орынды қолдана білген. Осы тұрғыда теңеудің таным
құралы екендігін тағы да дәлелдегендей болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.
Қоңыров Т. «Қазақ
теңеулері» - Алматы: Мектеп, 1978. – 198 б.
2.
Қабдолов Зейнолла «Сөз өнері», Алматы:
«Санат», 2002. – 360 бет.
3.
Есіркепова Кенжегүл Қабылғазықызы
«Қазақ тілінің стилистикасы» оқу құралы,
Қостанай: ТОО «Центрум», 2010ж. -166
б.
4.
Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы
«Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің танымдық
бейнелілігі» (Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов шығармалары
негізінде) Қостанай.ТОО Центрум, 2010. – 180 бет.
5.
Бекбосынова А.Х., Сырбай Мәуленов
өлеңдеріндегі теңеу. – Қостанай. ЖШС. «Центрум», 2014.
– 152 б.
6.
Сыздықова Р., Шалабаев Б. «Көркем тексті
лингвистикалық талдау», Алматы, «Мектеп», 1989 ж. – 128 б.