Рустембаева Ботакоз Алимхановна
Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университетінің магистранты
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ
ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ
ЭТНО-ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ҮРДІСТЕР
Әлеуметтік қайта түлеудің имандылық пен
адамгершілік қасиеттердің қайнар көзі болып
табылатындығын негіз еткен мемлекеттік бағдармаларға
сәйкес рухани өмірімізге қайта оралу процесі көркем
әдебиетте, соның ішінде проза жанрында белсенді жүріп жатыр.
Шығармашылық иелерінің осы орайдағы көркемдік
ізденістерін сипаттаудың мәні осыдан келіп шығады.
Жұмыс нәтижелері көрсеткендей қазақ
әдебиетіндегі, соның ішінде көркем прозадағы фольклор
арақатынасы күрделі екендігіне көз жеткізуге болады.
Қазақ прозасының эстетикалық,
тәрбиелік-тағылымдық қуатын арттырудағы
этно-фольклорлық үрдістердің сан алуан формалары мен
элементтерінің, сюжеттері мен сарындарының көркем туынды
өзегіне жымдаса кірігіп, оның тұтастығының бір
маңызды бөлшегіне айналғандығына көз жеткіздік.
Суреткер талантының ерекшелігіне сәйкес ол бірде айқын, бірде
тұспал, ал енді бірде көркемдік амал ретінде көрініс
тапқан. Мұның
өзі этно-мәдени дәстүр мен әдеби
шығармалардың ара-қатынасы мәңгілік
үзілмейтін диалектикалық байланысқа құрылғандығын дәлелдейді. Ол заман
өзгерісіне сай бірде баяулап, көмескіленсе, енді бірде
қарқынды құлаш жайып, кең тұрғыда
дамиды.
Жалпы адамзаттық сипатымен қоса жеке ұлттар мен
халықтарға тән ерекшеліктерді қамтитын
дәстүр ұғымы философтар мен этнографтардың,
психологтар мен өнертанушылардың ғана емес, көркем
өнердің сөз өнері сарасының да негізгі нысаны
А.Нұрқатов, С.Сейітов, Ә.Дербісәлин, Б.Наурызбаев т.б.
Кез келген адам қоғамнан тыс, ұлттық ортадан
бөлек өмір сүре алмайтындықтан осы
қоғамдық ортаға тән дәстүрлі рухани
ұстанымдардың негізгі қырларын бойына сіңіреді.
Бұдан қоғам мүшелерінің
әдет-ғұрпында, рухани-адами ұстанымдарында белгілі бір
дәрежеде жалпылық сипат болғанымен, әр жеке
тұлғаның өзіндік
қайталанбас ерекшеліктері бар.
Олар ешбір тарихи-әлеуметтік, тұрмыстық талаптарға
бағынбайтын физиологиялық, генетикалық негіздерден
тұрады.
Дәстүр, дәстүр мен жаңашылдық
мәселесін қоғамдық әлеуметтік, философиялық
тұрғыдан қараумен қатар әдебиет пен
өнердегі көрінісін тексеру, зерттеу әдебиеттану мен
өнертануда ертеден келе жатқан сала.
Әрине, кеңес дәуіріндегі зерттеулер
қоғамдық қысымға байланысты құлашын
кең жазып, этно-фольклорлық үрдістер жайлы түбегейлі
пікір білдіре алмады. Әсіресе, қазақ халқының
ғасырлар бойғы сақтап келген отбасылық
құндылықтарына мән беру жағы кемшін болды.
Оның орнына «Совет халқы коммунистік мұрат» секілді
жалған идеялар алғы кезекке шығарылды. Ал
тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда еркін ой құрсаудан
арылған соң дәстүр мен салттың мәніне
тереңдей бойлауға қалам иелері де қанаттана кіріскені
байқалады.