Филологические науки/ 7. Язык, речь, речевая коммуникация

 

Оралбаева Ж.Е., «Дизайн» кафедрасының  ассистенті,

Шурманова Аида, 1-курс  студенті,

Ғылыми жетекшісі: к.п.н., доцент Мұратбекова А.М.

Астана қаласы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

 

Қатысымдық тұлғалардың ерекшеліктері

 

Қазіргі таңда әлемдік тәжірибеде тілді меңгерудегі қатысымдық тұлғалардың: сөздің, сөз тіркестерінің, сөйлемнің, мәтіннің орны анық белгіленген. Бірақ әр тілдің өзінің табиғи болмысына қарай оларды қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл бағыттағы А.Байтұрсынұлының, Қ.Жұбановтың, К. Ахановтың, Р. Сыздықтың, Ә. Болғанбаевтың, С. Исаевтың, сонымен қатар Фердинанд де Соссюрдің, Ю.В.Фоменконың, Б.Н.Головиннің, А.И.Смирницкийдің, т.б. сөз бен сөйлесімнің бірлігі туралы айтқан тұжырымдарын басшылыққа алуға болады.

Тілші-ғалым С. Исаевтың анықтамасы бойынша: «Сөздің лексикалық мағынасы – нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, сол сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлмей, керісінше, белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады» [1,14].  

Тілдік тұлғалар бір ғана субъектіге қатысты болса, қатысымдық тұлғалар жалпы қарым-қатынас үрдісіне, оның ішінде тілдесімге, сөйлесім әрекетіне тән. Тілдік қатынаста өзіндік орны мен маңызды бар қатысымдық тұлғалар: сөз, фразеологиялық тіркестер, сөйлем және мәтін.

Сөз – сөйлеу, пікір алысу үрдісіндегі ең басты тұлға.  Сөз жеке тұрғанда, аттың, сынның, қимылдың т.б. атауы болып, номинативті қызмет атқарса, тіл арқылы қарым-қатынаста белгілі бір жағдайда, ортаға байланысты жұмсалып, қарым-қатынастық қызмет атқарады.

 Сөйлем – тілдік қатынастың орындалуына тікелей себепкер болатын ең қажет тұлға. Сөйлем баяншының айтайын, жеткізейін деген ойын, хабарын қабылдаушыға түсінікті етіп қана қоймай, сонымен бірге оның қайыра жауап беруінің көзі, көрсеткіші де болып табылады. Е. И. Галкина-Федорук сөз бен сөйлемнің тілдік қатынаста алатын орны туралы былай дейді: «Тілдің негізгі бірліктері ретінде сөз бен сөйлем сыртқа шығарылады және қабылданады. Оларсыз тіл қатынас құралы болмайды, өйткені сөйлеуші өзінің ойын құрастыра алмауы мүмкін, ал тыңдаушы сөйлеудің мәнін дыбыстарсыз қабылдай алмайды» [2,35].

Фразеологиялық оралымдар не тұрақты сөз тіркестері тілдік қатынаста жұмсалатын қатысымдық тұлғалардың қатарына жатады. Мұнда тұрақты тіркестердің біртұтас лексикалық тұлға түрінде тілдік  қарым-қатынаста қолданылуы маңызды орын алады. Тұрақты тіркестер – халықтың ғасырлар бойы көңілге түйіп, сұрыптап жеткізген образдар дүниесінің тілдік элементтері. Ұлттық сипатты бойына сіңірген сөз өрнектерінің даму жолы этнос тарихымен үндесіп жатыр. Олар белгілі бір дәуір, уақыттың мәдени және қоғамдық тұрмыс-тіршілігінің тарихи көрінісі. Фразеологизмдер тіл үйренушілерді халықтың дүниетанымынан, әдет-ғұрпынан, салт-санасы мен ұлттық мәдениетінен хабардар етеді, олардың сөздік қорын молайтады, сөйлесіп, пікір алысуда қолдана білуге дағдыландырады.

Мәтін  – қатысымдық тұлғалардың ішіндегі тұтастығымен ерекшеленетін бүтін жүйе. Мәтін – ойлау, хабарлау, баяндау, қабылдау, пайымдау құбылыстарымен байланысты, адамдар арасындағы тілдік қатынастың іске асуына  негіз болатын қатысымдық жүйелі тұлға. Әдіскер-ғалымдардың еңбектеріне сүйенсек, профессор Ф.Оразбаева өзінің «Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі» атты зерттеу еңбегінде: «Мәтін – адамдар арасындағы тілдесімдік қатынастың жемісі. Тілдік қатынастың бір бүтін тұлғасы болып табылатын мәтін адамдардың қарым-қатынасын іс жүзіне асыратын материал ретінде және өзара түсінісу, пікірлесу, ойды жеткізу тұлғалары түрінде зерттеледі» [3,28] – деп тұжырымдайды.

         И. Гальперин «Текст как объект лингвистического исследования» атты еңбегінде мәтін құрылысының ерекшеліктерін, оның грамматикалық категорияларын, олардың бір-біріне әсерін және ақпарат мәтінінің түрлерін қарастырады. Мұнда мәтіннің алатын орны туралы былай делінеді: «...под текстом необходимо понимать не фиксированную на бумаге устную речь, всегда спонтанную, неорганизованную, непоследовательную, а особую разновидность речетворчества, имеющую свои параметры, отличные от параметров устной речи» [4,18].

Мәтін – тілдік қатынаста ақпарат алудың мазмұндық тұтастығымен ерекшелене отырып, қатысымдық қызмет атқарады. Ол туралы Г.В.Колшанский былай дейді: «Любой текст выполняет коммуникативную функцию, сообщает определенные факты, выражает эмоцию, требует какой-то ответной реакции или действия. Коммуникативность текста означает, что он соотнесен с какой-то реальной или воображаемой ситуацией» [5, 25].

Сонымен, мағыналық тұтастыққа, ақпараттық мәнге ие болып, қабылдаушыға  бағытталатын қатысымдық тұлғалар – сөйлесу құралы, адамдар арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асырушы тілдесім жолы. Нақтырақ айтсақ, тілдің қатысымдық қызметі оның функционалды қасиетінен, сөйлеу үдерісінен байқалады.

Әдебиет

1.   Исаев С. Қазiргi қазақ тiлiндегi сөздердiң грамматикалық сипаты. – Алматы: Рауан, 1998. –304 б.

2.   Галкина-Федорук Е.И. Язык и общественное явление. – М.: Учпедгиз, 1954. – 44 б.

3.   Оразбаева Ф. Тілдік қатынас.   Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. 272 б.

4.   Гальперин И. Текст как объект лингвистического исследования. М.: Наука, 1981. –139 б.

5.   Колшанский Г.В. Коммуникативные единицы языка. – М., 1985, 199 б.