Сейсекенова А.Б.

 

Астана қаласының Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті

 

 

Шәкәрімнің көркемдік танымындағы Платон

 

 

 

Әлемдік ойшылдардың еңбектерін салыстырып қарасақ, үндінің «пранасы», даосизмдегі «ци», Лейбництің «монадасы», Плотиннің «нус», Платонның «идеясы» мен Шәкәрімнің «Жары» бір – біріне жат емес. Әлемді «мен» дегенім «сен» деп түсіндірген олар, Жаратушы мен әлемнің тұтастығын өз ілімдерінде басты мәселе етіп қойған. Ортағасырлық Шығыс шайырлары жырлаған  «Мен мен  Сеннің» мағынасын  терең ұғынған Шәкәрімнің Хожа Хафизден аударған өлеңінде:

Көңілім өлді, көңіл алған

Досқа хабар қылыңыз.

Ей, шын достар, біздің жан

Сіздің жан ғой, біліңіз,- [1, 402] 

дегенінде көп сыр бар. Генетиктер адамның барлығы бір геномнан тарайтынын өз зерттеулері тарапынан айтып жатса, ақындар оны өзінше жырлайды.  «Мен дегенім сен!» екенін Шәкәрім өз көркемдік танымында үнемі нақтылай көрсетіп отырады. Дүниедегі адасулардың бәрі осы мен мен сеннің кім екенін білмей адасудан басталатын, нақтылай айтсақ, Батыстағы «тастандылық философиясының» да осындай адасушылықтың бірі екенін өз шығармашылығы арқылы дәлелдеуді мақсат еткен ақын  «Тіршілік, жан туралы» атты еңбегінде Артур Шопенгауэрдің пессимизміне қарсы мынадай дау айтады:   «Шопенгауэр деген адам: - «Дүние тозақ, дүниеде еш рахат жоқ» - деп  «Новая философия» деген кітап жазған. Оны мұғыл Европа төбесіне көтерген. Оның  жаңа философиясына біз таңданбаймыз. Неге десеңіз -   дүние тозақ емес,  бейіс. Табиғаттың байлығы барша жанға жеткілікті. Бірақ, есіл бейісті тозақ қылып отырған адам. Оны Шопенгауэр білмей, жаралысқа жала жапқан.

Егер, адамдар түгелімен біріне – бірі қиянатсыз туысқан болып, табиғаттың қасиетінен пайдаланып отырса, дүние бейіс болатынына ешкім дау айта алмас! [2,30 ]

 Рас, ХХ ғасырдағы Батыс философтарын тығырыққа тіреген де осы адам мәселесіне келгенде барар жолдың жоқтығы еді. Ең басты тығырық – «Мен» мен «Сеннің» ажырауы еді. Олар бірақ бұл проблеманы   «Мен» мен «Сеннің» ажырауы демеді, ең бірінші Осында және Қазір адам жалғыздығы ең бірінші шындық деп ұқты.  Батыс ойшылдары  онтологияны адамнан әлемге қарай қарастыра отырып,  жалғыздықтың шындық екенін айтты, классикалық философияның адамнан бұрын әлемге мән беретінін сынға ала отырып,  әркім  өмір сүрудің дайын моделін өзі табуы керек деп мәселені ашық қалтырып еді.

Қазақ ойшылы Шәкәрімнің де  тек қазақ қауымы үшін ғана емес, барша адам үшін осы мәселеде   тер төгуіне тура келді. Сондықтан ол ақиқат білімдерді ғылыми танымдардан ғана емес, ғылыми емес көздерден де іздеді.  Оның заманында квант теориясы белгісіз еді. Ақпараттар әлемін зерттеу дәл бүгінгідей дамымаған, алайда ақын  әлдебір түсініксіз құпия ілімдер арқылы емес, соқырға таяқ ұстатақандай қылып нақтылы материалдық әлем ішінде  адамның бақытқа қалайша қол жеткізуіне болатынын дәлелдеуге тырысты. Мысалы, Шәкәрімнің:  «Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді. Әулие дегені сол болса керек» [1, 545] деген сөздерінен де әулиелік деп кәдуілгі күнделікті тіршілікте адамшылық арды аттамаған түзу кісілерді атайтынын байқаймыз. 

Ақын өз шығармаларында   «Адамзатты  сүй  бауырым деп», «Адам адамға дос, жолдас, бауыр», «Әкесінің баласы - адамның дұспаны. Адамның баласы - баурың» дейтұғын  Абай жолын ұсынып  оқырманын ойлануға шақырған суреткер. Осыған дәлел Шәкәрімнің «Шын бақтың айнасы» әңгімесі. Бұл әңгімеде әлем біртұтас Отбасы образы  символымен берілген.

Әлемді тұтас Отбасы идеясында қарастыру грек философы Платон (б.з.д. 427-347ж.) еңбектеріне де тән. Ол оның «Мемлекет» атты еңбегінде көрініс тапқан. Әрине, Шәкәрімнің адам баласының бір – біріне бауыр болатұғын Отбасы мен   Платонның «Мемлекетіндегі» идеалдарда көп айырмашылық бар. Мысалы,   зерттеушілер Платонның «Мемлекетіндегі» ортақ меншікпен қоса қоғамдық  анайы ортақтық идеяларынан    тоталитаризмнің алғашқы нышандарын байқайтынын айтып былайша сынаған: «По мнению Платона, это поможет построить город –семью, где все любили бы друг друга, где сумели бы освободиться от эгоизма, победить «мое» и «твое», утвердить «наше». (Не напоминает ли нам это государство казарменный  коммунизм) [3, 82].

Платон объективті идеализмнің негізін салушы. Оның шығармаларында шынайы әлем - «идеялар» - ой, сана әлемі. Ал материалды тіршілік әлемі - сол идеялардың әлсіз көлеңкесі. «Идея» - рух, ой, мәңгілік әлем. Ал ол идея адамның субъективті ойынан тәуелсіз өмір сүреді. «Мемлекет» атты еңбегінде ол осы ойын үңгірдегі тұтқындармен салыстырады. Қараңғы үңгірдегі тұтқындар өмірі күнді көрмеген соң өз өмірін шын өмір деп ойлайды деген мысалдар келтіреді. Шәкәрімнің «Үш анық» кітабында Платонның осы еңбегінен мысалдар келтіретін жері бар: «Баяғы Платон деген білгіш өзінің «Республика» деген кітабында Троглодит деген адамдар болыпты деп мысалдайды. Олар зындан сияқты бір қараңғы үңгірде өскен, өмірінде жарық көрмеген. Соның бірі әлдеқалай кез болып, үңгірдің аузын бекіткен есікке қақтығып, есік ашылып тысқа шыққан. Басында көзі шағылысып түк көрмесе де, үйрене келе күнді, ағашты, суды, шөпті, тауды көріп қуанып, тамашалап, жолдастарына келіп айтса, мынау жынданған екен деп күлкі қылыпты. Әлгі байғұс анық көрген табиғат қасиеттерін айтпай тұра алмай, шын дей берген соң, аналар оны ұрып-соғып қойғызбақшы болады. Бірақ оларды сөгуге де болмайды. Себебі, өмірінде ондайды көрген жоқ. Не барып олар да тексеріп көрген жоқ. Өйтіп сынап қараса ана байғұсты сөкпес те еді. Сондықтан біз өмірімізде көргеміз жоқ ондайды, білмейміз, біз білмеген соң ол айтқаның жоқ нәрсе дейді де қояды. Оған лажың бар ма?» [4, 24-25].

Көріп отырғанымыздай,  ойшыл Шәкәрім Платонның идеалистік философиясын дәл мағынасында қазақы ұғымға жеткізе білген. Тағы да «Үш анықта» идеялистер туралы ойын былайша таратып айтады: «Олар дүниеде нағыз шын нәрсе жоқ дейді. Осы бар деп жүргеніміз құр ғана қиял, айнадағы көлеңке, не сағым сияқты нәрсе. Нағыз шыны бұл емес дейді. Дәлелдері. Сезімдеріміздің бәрі алдайды. Мәселен, көз алыстағыны, сағымданғанды әлде не қылып көрсетеді. Құлағымыз да бір дауысты әлде ненің дауысы сияқтандыра, ойымыз да бір нәрсені шын деп байлап, онысы қата болып шығады. Тіпті бізде дәлін табарлық сезім жоқ.  Және ұйқымыз бен ояуымыз бірдей. Ұйқы түс көргенде әлденені көрмейміз. Ояуымыз да сондай. Түстің бекер екенін, ояудағымыз анық екенін айыратын қаруымыз жоқ. Біз сенген дене сезіміміздің бәрі алдайды»  [4, 24-25].

         Біз осы «Үш анықтан» және Шәкәрім  өлеңдерінен де Платон идеялизмінің сілемдерін байқай аламыз.  Жалпы Шәкәрім Батыс ойшылдарының біразын  «Үш анықта»    оқырманға жіктеп  бере білген. Дей тұрғанмен, Платон идеялизмін  қазақ топырағында Абайдан кейінгі болып таныстырып қана қоймай, оның идеялистік ілімін жалғастырушы болды десек, артық айтқан болмас. Мысалы. Шәкәрім өлеңдерінің мына жолдарына назар аударайық: 

                                    Дене сезіміне нанба!

                                    Сағым су ма екен?

                                    Барып көрсең таяу сол маңға,

                                    Бар дене, сезім түгел алдайды,

                                    Бұл сөзімді әбден аңда [1,37].

        

         «Дене сезіміне нанба!» деген ақын әлемді тануда рационалды, иррационалды таным жолдарын ұстана отырып, Шәкәрiм адамның табиғатқа енуi бастағы көз арқылы емес, «жан көзiмен» көру, барша әлемнiң жанның әсерiнен тiршiлiк ету тынысымен ондағы әрбiр дыбысты жан құлағымен есту қабiлетiнен екенiн:

Хақиқатты дәл көруге,

Жан көретiн көз керек

деп жырлайды.

Адамның  әлеммен тұтастығын сезiнуi соңғы сатыларында танымнан да жоғарғы сүйiспеншiлiк, махаббат арқылы келедi. Шәкәрiм:

Жасырып тұр жар өзiн,

Бас көзiмен қарама.

Жүрегiңнiң аш көзiн,

Жанның сырын арала,-

дейді.

         Платон объективті идеализмнің өкілі ретінде «заттар идеяның көлеңкесі» деп  қарастырса, Шәкәрім оның осы ойын өлеңмен былай сабақтайды:

                                          Бұл өмірдің әр түрлі

                                          Бөлек емес ешбірі,

                                          Бәрі де жардың бір сыры,

                                          Не көлеңке, не нұры [1,256].      

         Шәкәрімде  «жар» - ақиқат, «жар» - символдық метафора, «жар» - жаратушы, «жар» - махаббат, сонымен бірге «жар» - идея екенін  есте ұстағанымыз дұрыс. Өлеңде айтылып тұрғандай, Платонша айтсақ, әр түрлі «эйдостардың» (дүниедегі түрлер) бірігіп ең жоғары идеяны құрайтыны,   Шәкәрімде «жардың көлеңкесін» көрсетеді.   Платонның «таза идея» философиясы, Аристотельдегі  «таза ақыл» мен Шәкәрімдегі «таза ақыл» концепциясы  антика әлемінің қазақтың көркемдік танымында   да өміршеңдікпен сабақтас тауып жатқанын  дәлелдейді.

         Әсіресе,  Шәкәрімнің  дүниенің мәңгі қозғалысы жайлы идеясы Гераклит философиясымен үндестік тапқан.

                                          Түрлі жанда дене түрлеп,

                                          Өзгеріп тұр ғалам.

                                          Жоғалатын нәрсе жоқ деп,

                                          Айтты ғылым байқаған [1,266].

          Тәндi о баста тiрi, жанды деп түсiндiрген ежелгi гректердiң Иония мектебiнен шыққан философтар – Фалес, Анаксимандр, Анаксимен, Диоген, Гераклит шығармаларымен таныс екендiгiн Шәкәрімнің  «Үш анықта»: «Ескi заманның бiлiмдiлерi әр нәрсенiң түпкi негiзi неден жаралғанын тексерiп, тамам нәрсенiң негiзi төрт нәрсе деп бiлген. Онысы – от, су, топырақ, ауа» /4,8/ деп жазуынан байқаймыз. Әрине, Шәкәрiм Иония гректерiнiң көзқарастарымен таныс болмаса бұлай жазбас едi.

  «Мемлекет» -  Платонның көлемді диалогқа құрылған ең маңызды шығармасы болып табылады. Афина демократиясының дағдарысы кезінде ол өзі өмір сүрген қоғамға наразы болды. Сол себептен Платон «Мемлекетте» өз жоспарын көрсетті.  Сарайдағы байланыстарын пайдаланып Платон оны іске асырмақ болады. Бірақ онысы іске аспады. Бір күні ашуланған тиран Дионисий оны құлдыққа сатып жібермек болады. Оны кездейсоқ біреу құтқарып қалады, яғни, сатып алып бостандыққа жібереді. Платонның идеалды мемлекеті аристократтық қоғам дәстүрінде сипатталған. Мұнда ол қоғамды тапқа бөліп қарастыруды ұсынады. Онда: билеуші тап - философтар, әскерилер – күзетшілер, үшінші тап - жер өңдеушілер мен қолөнершілер.   Мемлекетті ойлайтындар - философтар,    қорғайтындар - әскерлер, материалдық жағын қамтамасыз ететіндер – жер өңдеушілер. Платон: «Егер мемлекетті философтар билемесе немесе патшалар философ болмаса қасіреттердің шегі болмайды» деген. Бұл еңбекте жеке меншіктің орнына ортақ қоғам меншік болуы керектігі айтылады.

Платонның «Мемлекеті» сынды  Шәкәрім де «Мен жетпіс екі жасқа келгенше» деп басталатын еңбегін жазады. Шәкәрім бұл еңбегін «басқа келген қиял» деп мойындай отырып, түбінде осы айтқаным мүмкін болуы ғажап емес  деген ізгі армынын да  жасырмайды. Осы шығармасы адам өмірін қайтсе түзеуге болады, қайтсе адамдар тату тұрады деген мәселелерге байланысты сұрақтарға жауап іздеуден туған болатын.  Шәкәрімнің бұл еңбегінен Платонның «Мемлекетіне» де жауапты көре аламыз. Ол жауапты мысалы,  бай мен кедейді теңейтін ортақ қоғам моделі болып табылатын мемлекет түрін былай деп сынға алуынан да байқаймыз: «Бай мен кедейді теңеу, байдың малын кедейге бөліп беру – кедейді еріншектік, еңбексіз мал табуға дағдыландырып жіберетін жол» [1, 541].  Алайда, Платонның осы еңбекте  мемлекетті  философтар басқару керектігін айтқаны сияқты,  Шәкәрім де адамдардың тату тұрып, өмірлерінің бақытты болуы көптің қалауымен әкімшілік  басына «арлы, ақылды» адамдардың қойылуына байланысты  деген  қорытындыға келеді [1, 542]

         Платонның «Федр» атты диалогында таным теориясы туралы айтылады. Бұл теория бойынша адамдардың жаны түбінде аспанға қайта келеді деген ой да бар.  Қазіргі реинкорнация теориясына жақын  Платон көзқарастарынан таным мен даналыққа ұмтылушы ғалымдар мен философия туралы көп мағлұмат алуға болады. Білім алу процесін дүниеге келген жан тағдыр айналымына түскенде бұрынғы өткендерін тек «еске түсіруі» деп түсіндіреді.  Философты надандықтан данышпандыққа ұмтылушы адам дей отырып, Сократтың шала білімді адамдар туралы ойларын сабақтай отырып, «таза топас болу онша кауіпті нәрсе емес, ал нашар меңгерілген білімдерді жинақтай беру одан да қауіпті» деген пікір айтады [5,96].

Бұл жерде нашар меңгерілген білімдер деп Платон танымның ең биік шыңында тұрған «жаратушының игілік идеясынан» тыс білімдерді атаған. Қауіпті білімдер міне, осылар. Ежелгі заманғы грек ойшылының айтып кеткен адамзатқа зиян білімдер саласы қазіргі күні дамып қана қоймай, тамырын жайып отырғанын ғалымдардың өзі мойындап отырғанмен, тосқауыл қою қиынның қиынына айналып барады.  

 Қазақ философиясында Шәкәрiм бірінші болып  ғылым пен руханилық бiрiкпеген жерде ондай пайдасыз бiлiммен салыстырғанда, табиғи таза руханилық әулиелiкпен тең екенін ескертіп кеткен.

Шәкәрім ғылым, оның керек жерi, пайда-зияны туралы, әсiресе, ХХ ғасырдағы  адам баласының ғылымды адамды зорлау, атом зардабының адамзат баласын ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын қасiретке ұшыратыру құралына айналдыратынын көрiпкел жүрегiмен жырлаған. Ақын жүрексiз залым адамға берген ғылым «тасты жерге шашқан бидай сынды», «тотыға тiл үйреткенмен сөзi – адам, өзi – құс», «қара тасты қанға малсаң да маржан бола алмайтынын» ұлы Платон, Гете, Толстойлармен қоса дәлелдейдi:

Шын залымға берме ғылым,

Ол алар да оқ  қылар.

Қаруым дер, кiсi атып жер,

Ол ғылымды айла етер [1, 115].

немесе:

Дүниенi түзетушi,

һәм бұзушы – бiр ғылым.

Әрi залым, әрi ғалым

Ел түбiне сол жетер [1, 115].

 

Платонның «Игілік идеясын» Аристотель «Метафизика» атты еңбегінде  «Таза ақыл» деп түсіндіреді. Мұнда Аристотель Ақылды жаратушы деп түсіндіреді. 

Платонның «заттар идеялардың көлеңкесі» мәселесі жөніндегі түсінігі Шәкәрімде «Жар – идеяны» танымаған адамдардың алдамшы өмірі деп түсіндіріледі. Оған көптеп мысалдар келтіруге болады. Бұл өмір  Платон айтқан  «идеяның» әлсіз көшірмесі болғандықтан Шәкәрімнің түсінігінше «ақиқатты бас көзімен емес, ақыл көзімен» көруге болады. Абай да, Шәкәрім де осы мәселені көркемдік танымындарында  басты ұстаным еткен десек артық айтқанымыз емес. Мысалы, Абай көзге көрінгеннің бәрін сол қалпында қабылдамай, ой көзімен бағамдауды «Менікі дегеніңнің бәрі онікі» деген  жолдарда келтіріп отырады.  Тіпті Абай поэзиясының өзегі болып табылатын  менменшілік пен өзімшілдік, дүниеқоңыздықтың барлығы  дүниенің мәнін білмей, құбылысына алданудан екенін жазады. Абайдың көркемдік идеясында   алданудың басы «Менікі дегеніңнің бәрі онікі» яки, адамның меншікті ештеңесі жоқ, бәрі де «Онікі» яғни, Жаратушыныкі,  тіпті адам тәні өзінікі болмағанда дүниені «менікі» деп алданудың түк қажеті жоқ екені айтылады.

Шәкәрімнің «таза ақыл» идеясы мен Платонның «таза идесы» бір-біріне ұқсас ұғым.  Жоғарыдағы Шәкәрімнің «Үш анықта» Платонның еңбегінен келтірген мысалы осы үңгірдегі қараңғылықта жүрген адамдардың «күнді көрмей өмір сүруі»   наданның  өз жанындағы таза  ақылды «ести алмау» себебінен.

Сол себептен Шәкәрім  үшін де, Платон үшін де жоғарғы мораль жанның тазаруы болып табылады.  Жан тазарғанда адам «таза ақылды» тыңдай алады. Өйткені «таза ақыл» жан тазарғанда  адамның шынайы ішкі дауысы бола алады деп ойымызды қорытамыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Құдайбердиев Ш. Шығармалары. Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құраст. М.Жармұхамедов, С.Дәуiтов, (А.Құдайбердиев), Алматы, 1988, 560 б.

2.     Абай. 1994, №9.

3.     Бегалинова К.К., Альжанова У.К. Философия. Часть первая. История философии. Алматы, 2007. -392 с. 

 4.  Құдайбердiұлы Ш. Үш анық, Алматы, 1991, 80 б.

 5. Нысанбаев Ә, Әбжанов Т. «Адамға қарай бет бұрсақ». Алматы, «Қазақ университі», 1992. 160 б.