ЖЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕЛУІНІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Жусупбекова М.К. – з.ғ.к., доцент

Қорқыт – Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 

Жер дегеніміз - мемлекет пен халықтың өмір сүру қызметінің негізі болып табылатын табиғаттың басты объектісі. Жердің табиғи қасиеті өзге қоршаған табиғи орта объектілермен өзара байланыс жүйесінде басым орнын белгілейді. Орман, су, жануарлар дүниесі табиғат объектілері ретінде жермен байланыссыз өмір сүре алмайды. Тек қана жермен тығыз байланыста бола отырып, олар өздерінің өсіп-өну мүмкіндіктері мен ерекше қасиеттерін сақтайды және барлық табиғи кешендермен бірге экологиялық қызметін жүзеге асырады.

Жер - барлық адамзат баласының өмір сүруінің негізі болып табылатын негізгі табиғи объект.

Жердің қоғамдық үдемелі өндірістік фактор ретіндегі әмбебаптығы мен бірегейлігі оның «адам-қоғам-табиғат» жүйесіндегі орнын белгілейді. Бүл жер қатынасының саяси, экономикалық, демографиялық, тарихи, табиғи-табиғат және басқа қатынастармен, факторлармен және жағдайлармен өзара тығыз байланысы мен өзара шарттасуын алдын ала айқындайды. Сөйтіп жер адамдардың өмір сүретін бірден-бір мекені олардың өз үйі, өлең төсегі болып табылады. Жер сонымен бірге адамдардың күн көрісінің, өмір сүруінің негізі, қажетін қанағаттандыру көзі де.

Жер заттық қүқық объектісі болғанымен, жердің қүқықтык қатынасын таза азаматтық мүліктік қатынаспен теңестіруге әсте болмайды. Жер жай ғана мүлік емес, ерекше сападағы мүлік болып табылады.

Жер адамзат баласының барлығы үшін ең құнды байлық, сондықтан да қоғамдық прогрестің дамуы жер қатынастарымен және олардың дамуымен тығыз байланыста болып отырады. Осы орайда айта кететін мәселе, жер шарындағы қай мемлекетті алсақ та жер қатынастары, жерге меншік құқығы және жерді пайдалану сияқты күрделі мәселелер өзекті болып табылады.

Қазақстан Республикасындағы жерлерді ұтымды пайдалану және онда тиімді шаруашылық жүргізіп, сақтай отырып кейінгі ұрпаққа қалдыру – басты мемлекеттік және қоғамдық мақсат және әрбір азаматтың конституциялық борышы болып табылады.

Жоғарыдағыны негіздей отырып келесі тұжырымдарды жасауға болады.

Біріншіден, жер табиғи объект ретінде таныла отырып, экономикалық мәнге ие. Ол өндіріс құралы, еңбек процессінің қажетті алғышарты болып, негізгі маңызды заттай факторлардың бірі болып танылады. Орман және ауыл шаруашылығында өндірістің басты құралы болады, ауылшаруашылығы өнімін өндіреді және онда көп жылдық екпелер, орман дақылдары өседі. Жер барлық адамдар үшін, жекелеген тұлғалардың өмірі үшін қажетті және міндетті негіз бола отырып, шаруашылық және өзге қызмет үшін аумақ, алғашқы қажеттіліктер мен мұқтаждықтарды қанағаттандыру көзі бола отырып, әрбір адамның тұрақты тұратын аумағында және шаруашылық қызметінде де негіз болып табылады.

Сонымен, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 12-бабына сәйкес, жер - Қазақстан Республикасының егемендігі белгіленген шектегі аумақтық кеңістік, табнғи ресурс, жалпыға ортақ өндіріс құралы, және кез-келген еңбек процессінің аумақтық негізі [1] болып табылады.

Екіншіден, жерге меншік немесе пайдалану құқығы келесі негіздер бойынша пайда болады:

1) меншік немесе жер пайдалану құқығын табыстау;

2) меншік немесе жер пайдалану құқығын беру;

3)меншік немесе жер пайдалану құқығынын әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы (мұраға қалдыру, заңды тұлғанын қайта ұйымдастырылуы).

Жерді табыстау дегеніміз — жерді тұлғаға тікелей мемлекет арқылы беруін білдіреді. Азаматтарға және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығын табыстау атқарушы органның жер учаскесіне құқық табыстау жөніндегі құзыретіне сәйкес оның шешімі негізінде жүргізіледі.

Меншік немесе жер пайдалану құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесінің нысаналы мақсаты ескеріле отырып жүзеге асырылуға тиіс. Меншік немесе жер пайдалану құқығы:

1) мемлекеттік органдар актілерінін;

2) азаматтық-құқықтық мәмілелердің негізінде;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздерде туындайды.

Жерді беру дегеніміз - тұлғаға жерге  құқықтық басқа бір тұлғамен азаматтық құқықтық мәміле арқылы беруін білдіреді.

Жердің әмбебап, мираскорлық тәртібі арқылы ауысуы дегеніміз — жерге құқықтың мұрагерлік арқылы пайда болуын білдіреді. Мысалы: мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы, т.б.

Үшіншіден, бірінші жер кодексіне сәйкес, мемлекеттік меншіктегі жерден жер учаскесіне құқықты табыстау мынадай ретпен жүргізіледі: 

1) жер учаскесіне тиісті құқық табыстау туралы өтінім жасау;

2) мәлімделген өтінімді қанағаттандыру мүмкіндігін анықтау (жер учаскесін алдын ала тандау);

3) жерге орналастыру жобасын әзірлеу және бекіту;

4) жер учаскесіне құқық табыстау туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық манызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің шешім қабылдауы;

5) белгілі бір жердегі жер учаскесінің шекарасын белгілеу;

6) жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжаттарды дайындау және беру;

7) жер учаскесіне құқықты мемлекеттік тіркеу [2, 86б.].

Екінші, жер учаскелерін беру берілетін мақсатына сәйкес және берілетін субъектілеріне сәйкес келесі түрлерге бөлуге болады. Берілетін мақсатына(объетісіне)сәйкес:

- жер учаскелерін объектілер құрылысы үшін беру;

- мұнай мен газды магистральды мұнай құбырлары объектілерінің құрылысы үшін беру;

- құрылысқа байланысты емес мақсатта жер учаскелерін беру болып бөлінеді.

Ал жер учаскелерін беру берілетін субъектілеріне сәйкес:

- жер учаскелерін оралмандарға беру;

- жер учаскелерін заңды тұлғаларға беру;

- жер учаскелерін жеке тұлғаларға беру болып бөлінеді.

Үшінші - меншік немесе жер пайдалану құқығынын әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы (мұраға қалдыру, заңды тұлғанын қайта ұйымдастырылуы) арқылы жүзеге асырылады.

Жалпы мұрагерлік дегеніміз қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкiнiң басқа адамға (адамдарға) - мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы.

Қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен бiрыңғай тұтас нәрсе ретiнде және бiр-ақ мезгiлде ауысады.

Жерді мұраға қалдырудың нақты екі жолы бар:  заң бойынша және өсиет бойынша.

Төртіншіден, жер мәмілелері дегеніміз — жер құқық қатынастарын туындатуға, өзгертуге және тоқтатуға бағытталған жеке және заңды тұлғалардың заңды және ерікті әрекеті. Жермен жасалатын мәмілелерге жер учаскесін сату сатып алу, жерді жалдау, жерді сыйға тарту, жерді кепілге беру т.б. мәмілелер жатады.

Бесіншіден, жер теліміне құқықты табыстаудың келесі тәртібі бекітілген.

Мемлекеттік меншіктегі жерден жер теліміне құқық табыстау мынадай ретпен жүргізіледі:

- жер теліміне тиісті құқық табыстау туралы өтініш беру;

- берілген өтінішті орындау мүмкіндігін анықтау (жер телімін алдын-ала таңдап алу);

- жерге орналастыру жобасын әзірлеу және бекіту;

- жер теліміне құқық табыстау туралы жергілікті атқарушы органның шешімін қабылдау (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық), ауданның (облыстық маңызы бар қалалық), аудандық маңызы бар қалалардың, поселкелердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтар әкімдері, ал арнайы экономикалық аумақта олардың құзіреті шектерінде;

- жергілікті жердегі жер телімінің шекарасын белгілеу;

- жер теліміне құқықты куәландыратын құжаттарды дайындау және тапсыру;

- жер теліміне құқықты мемлекеттік тіркеу.

Жеке тұлғаға мемлекеттік меншіктегі жер телімдерін беру тәртібі келесідей жүргізіледі. Қазақстан Республикасының азаматтарына  жер телімі  жергілікті атқарушы органға жер телімін беру туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырылады.

Алтыншыдан, жердің маныздылығын белгілей отырып, келесі ұсыныстарды ұсынамыз. Қазақстан Республикасының Жер кодексінде жерді беру түсінігін анықтайтын және жер мәмілелеріне арналған арнайы баптар болуы керек. Мысалы, «жерді пайдалануға және меншікке беру дегеніміз – мемлекетпен немесе жеке тұлғамен жер құқық қатынастары субъектілеріне жер теліміне құқық білдіретін құжаттарды беру болып табылады» деген және «жер мәмілелері дегеніміз – жер құқық қатынастарының туындауға, өзгертуге және тоқтатуға бағытталған жеке және заңды тұлғалардың заңды және ерікті әрекеті болып табылады» деген нормалар ұсынуға болады.

 

Әдебиеттер:

 

1.  Қазақстан Республикасының Жер кодексі. – Алматы: Юрист, 2015.

2. Еркінбаева Л.К., Айғаринова Г.Т. қазақстан Республикасының Жер құқықғы. – Алматы: Жеті  Жарғы, 2010.