Право/9.Гражданское  право

 

Амантай А., аға оқытушы, заң ғылымының магистрі

Оралбаев Н.К., аға оқытушы заң ғылымының магистрі

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университет, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университет, Қазақстан

 

МӘСЕЛЕНІ ШЕШУДІҢ БІР ЖОЛЫ - САҚТАНДЫРУДЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ

 

Еліміз тәуелсізідік алғаннан бері біршама істер қолға алынып олардың қарқындылығын арттыру мақсатында тың әрекеттер жасалуда. Солардың бірі ретінде міндетті сақтандыру қызметі мемлекетіміздің өзекті мәселелердің біріне айналуы тиіс. Өйткені елеміздегі әлеуметтік-экономиалық жағдайдың тиімді қалыптасуына сақтандырудың әсері зор. Сақтандыру саласының еліміздің экономикалық нарығында нақты қызмет етуі азаматтарымызды материалдық шығыстарға ұшыраудан алдын алып, экономикалық пайда алуға кепілдік береді. Адамдардың өмірі түрлі қиын материалдық жағдайларға толы.

Адам аварияның, табиғи апаттың, әртүрлі кездейсоқ жағдайлардың құрбанына айналу қаупі көп кездеседі. Осындай келеңсіз және мәлім жағдайлардың  алдын алу, олардан келетін зияннан сақтану, зиянның мөлшерін азайту қажеттілігі туындап отыр. Тіптен, мұндай жағдайлардан сақтандырылған болса, сақтандырылған адам үшін пайдасы зор десек болады. Бірақ сақтандырылған мүлкіне сақтандыру төлемін алу немесе кез келген жазатайым жағдайдан келетін зияннан сақтандыру компаниясынан сақтандыру өтемін төлетіп алуға келгенде күтпеген қиындықтар туындап жататыны құпия емес. Осы тұрғдан алғанда материалдық зардапты жоя алатын кепілдіктердің кеңістігін кеңейтуге қатысатын сақтандырудың өзіне тән нақты қажеттілігі туындап отыр. Себебі қазіргі уақытта дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде сақтандыру саласы экономиканың тұрақты көрсеткіші ретінде айқындалады. Біздің еліміздің экономикалық нарығында сақтандыруды құқықтық реттеуді жетілдіруге қатысты өзекті мәселелер бар деседе болады.

Бұл тұрғыда Қазақстанда жүргізіліп жатқан құқықтық реформалардың бағыты сақтандыру мәселелерін тиімді, әрі заңдық тұрғыдан нақты шешуді көздейді. 2014 жылығы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында елдегі міндетті сақтандыру нарығын жетілдіру, оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру туралы былай деген болатын: «Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеген жөн. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі» [1]. Осыған байланысты міндетті сақтандырудың түрлеріне қойылатын талаптар мен ережелер нақтылана түспек.

Елімізде міндетті сақтандыру түрлерін реттейтін заңдар бар, бірақ әліде болсын олқылықтар орын алуда. Мұның себебі, халықтың сақтандыру нарығын түсінуде міндетті сақтандыруды мемлекеттік реттеуді мелекеттік басқарумен шатастырып алуында болып отыр. Оның өзінің тарихи себептерін сонау Кеңес үкіметінің құзыретіне жатқызамыз. Бұл туралы тәуелсіздік алғанымызға біраз жылдың жүзі болсада, сақтандыру нарығының өзі толықтай, қарқынды жүзеге асып кетпегенінен көруге болады. Сол үшін сақтандыруды құқықтық реттеу жағын қайта қарау маңызды мәнге ие.

Сақтандыру қызметімен байланысты қатынастар 2000 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған «Сақтандыру қызметі туралы» [2] заңымен реттелінсе, ал, сақтандыру шартымен және сақтандырумен байланысты даулы мәселелер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен реттелінеді [3].

Сақтандыру азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғау, яғни, оны ақшалай негізде жүзеге асырады, айналып келгенде материалдық қатынастар пайда болады. Азаматтар мен заңды тұлғаларадың мүліктік мүддесінің қорғалуын үш аспектіні көрсетеді. Біріншіден, заңдық аспекті ретінде сақтандырушының мүліктік мүдделерін және сақтанушының сақтандырылған мүліктік мүдделерін заңмен қорғауды қамтамасыз етеді. Егер сақтандырушы сақтанушының мүліктік мүдделерін сақтандырған кезде құқықбұзушылыққа жол беретін болса, жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, заңмен реттелетін міндетті сақтандырудың түрлерінде мүліктік мүддесі бар қатысушы азаматтардың құқығын қорғауға кепілдік береді. Ал сақтандырушыға көрсетілетін заңи көмек сақтандырушының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша талап етіліп отырады.

Екіншіден, материалдық аспекті ретінде, сақтанушы азаматтарға, сақтандырылған адамға, пайда алушыға өздерінің шығындарын өтеп алуға үлкен мүмкіндік жасайды. Себебі, сақтандыру оқиғасы болған кезде, сақтандырушымен жасалған келісімшартқа сай сақтанушы мүліктік мүддесіне өзінің төлемақысын ала алады. Сақтандырушы тарапынан емес, жасалған шартқа негізделген материалдық көмек болады. Сақтанушыны материалдық жағынан қамтамасыз етеді. Осы жерде айта кететін жайт, материалдық көмек тек сақтанушыны қамтып қана қоймайды, сондай-ақ сақтандырушыныда қамтиды. Неге дегенде, сақтандырушы сақтанушымен сақтандыру келісімшартын жасағаны үшін, сақтандыру сыйақысын алады. Бұлда сақтандырушыға келетін пайда немесе материалдық көмек деуге болады. Сондықтан материалдық көмек екі жаққада тиімді әдіс.

Үшіншіден, сақтандыру қатынастарын жүзеге асыру психологиялық жағынан өте жағымды болып келеді. Себебі, адам сақтандырған мүліктік мүддесі үшін әрқашанда жақсы ойда жүреді. Егер мүлкіне немесе өзіне зиян келген жағдайда оның сақтандырылып, мүліктік жағынан қорғалып тұрғаны оған үлкен көтермелеу жағдайын туғызады. Мәселен, егер адам сақтандырылуға тиісті жағдайлардан сақтандырылмаса, онда оқыс оқиғадан келген шығындардың орынын өзі толытыру керек болады. Ол өз кезегінде оған ауыр психологиялық соққы болуы мүмкін. Сондықтан мүліктік мүддесі сақтандырылған болса, мүліктік мүддесі жағынан шығынын өтеп беретін сақтандыру ұйымының бар болуы оған жақсы ойлап жүруге көп көмек береді.

Өзінің мағынасында сақтандыруға жататын, оның материалды аспектінде сақтандыру қорғанышының белгілеуі мен құралы болып сақтанушы тұлғаның немесе басқа сақтанған тұлғаның мүліктік жағдайы табылады. Сонымен қатар, сақтандырушының мүліктік жағдайын материалды қамтамасыздандыру рөлін атқаруға арналған сақтандыру немесе басқа да төлемдері атқарады.

Жеке сақтандырудың тәуекелдік түрінде материалды қамтамасыздандыру мүмкіндік бойынша сақтандырудың жағымсыз жағдайының нәтижесін жеңілдету үшін құрылады. Мысалы, иемденуге арналған қаражат, жұмыс қабілеттілігі төмендегендегі табыстың төмендеуі, қамқоршының қайтыс болуы және т.б. Осы сақтандыру түріндегі сақтандыру төлемі өндіріп алу сипатын иеленеді.

Ескере кететін жайт, заңдық және психологиялық аспектілер материалдық аспектісіз-ақ пайда бола береді. Сақтандыруды жүзеге асыру кезінде сақтандыру төлемі болмауы да мүмкін, себебі ол сақтандыру жағдайының болу, болмауына тәуелді. Осылайша, сақтандырушы сақтандыру қатынасына  түскенде сақтандыру жағдайы әсерінен келген залалды жоюға көмектесетін, сақтандыру төлемін жүзеге асыруға қызмет етеді.

Заңдық және психологиялық аспектілерде сақтандырушы сақтандырудан алған материалды емес игілікті көрсетеді. Бұл игілік өзінің құндылығын және өзінің тұтыну құнын көрсетеді. Сақтандырудың материалды аспектісі, сақтандырумен қарастырылған сақтандыру және басқа да төлемдер сияқты материалды игілік түрінде көрсетіледі.

Бізде халық сақтандыру жүйесінің пайдасы туралы әлі де толық білмейді. Шетелде – сақтандыру дегеніміз тұтастай мәдениет. Яғни, жоғары жалақы алатын адамдар өздерінің алдағы өмірін лайықты табыспен қамтамасыз еткілері келеді, сондықтан да сақтандыру компанияларына шарт жасасу үшін ерікті түрде жүгінеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін шарт бойынша аударған қаржысымен өзін қаншалықты қамтамасыз етсе, сонша зейнетақы алатын болады. Демек, азамат бұған өзіне лайықты өмірді қамтамасыз ету үшін барады. Әрине, сақтандыру мәдениетін дамыту шарттарының бірі – ол азаматтардың табысын арттыру арқылы халықтың өмір сүру деңгейін көтеру. Жалпы алғанда бір адамның болашағын инвестициялау мәдениеті мен өмір сүру деңгейі бойынша тұтастай мемлекеттің даму деңгейін айқындауға болады.

Сақтандыру қызметінің дұрыс жүзеге асырылуы үшін бұл қызметке мүдделі тараптардың арасында өзара сенімді келісім болуы керек. Сондай-ақ, бұл келісім құқықтық жағынан жоғары деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс. Осы тұрғында сақтандыру қызметі сақтандыру шарты арқылы жүзеге асырылады.

Сақтандыру қызметінің бірден-бір көрінісі ретінде табылатын сақтандыру шартының құқықтық жағынан қажетті деңгейде қамтамасыз етілуі кезек күттірмейтін жағдай. Тек соңғы уақытта ғана бұл мәселе өз шешімін тапқан сияқты. Қоғамдағы ең басты қажеттіліктердің бірінің дұрыс жүзеге асырылуының нысаны болып табылатын сақтандыру қызметінің маңызы, нарықтық жағдайда қалыптасу ерекшілігі және сақтандыру шартының осы қызмет аясындағы алатын орны, мазмұны, бұл шарттың жасалу, өзгертілу, тоқтатылу ерекшеліктері бұл тақырыпты жан-жақты игеремін деген кез-келген тұлға үшін маңызды. Осы сұрақтардың жауабы және бұл сұрақтармен байланысты басқа да мәселелер алда кең тұрғыда, жан-жақты қарастырылуы қажет.

Әлеуметтік сақтандыруды жүзеге асыруға қатысатын мемлекеттік сақтандырудың ең негізгісі мақсаты пайда табу емес, сондықтанда жиі кездесетіні сақтандыру операцияларын жүзеге асыру барысында олар шығында қалады. Әлеуметтік сақтандыруды мемлекет әрқашанда қатаң міндетті әлеуметтік сақтандыру заңымен белгілейді. Cондықтан cақтандыру қартынастарының қатысушылары өздерінің еріктерін шарт негізінде белгілей алады.

Қауіпті орындарда жұмыс істейтін тұлғалар жоғары тәуекел жағдайында әрекет етеді. Бұларға өртсөндірушілер, қорғаныс саласының қызметкерлері, құтқарушылар, инкассаторлар, шахтада жұмыс істейтіндер және тағы басқа мамандық өкілдерін жатқызуға болады. Оларды жұмысқа қабылдау немесе қызметке шақыру кезінде сәйкесінше министрліктер, ведомостволар және өзге де ұйымдар көрсетілген тұлғалардың қайтыс болуы немесе еңбек қабілеттілігін жоғалту жағдайында олардың өмірін және денсаулығын сақтандыру міндетін өзіне алады. Мемлекттің азаматтары қартайғанда және осыған байланысты еңбек қабілеттігінің төмендеуіне орай өмір сүруге қажетті минимумды қамтамасыз ету мақсатында арнайы ұйымдардың қызметіне жүгінеді. Бұл ұйымдар азаматтардан үнемі не бір мезгілде белгілі бір төлемдер жарна ала отырып, белгіленген жағдайлар орын алған жағдайда (мәселен, белгіленген жасқа жетуі) оларға, жарналардан әлде қайда артық, кепіл етілген сомаларды төлейді. Ал енді, сақтандыру компаниялары тіптен кейбір уақыттарда сақтандыру сомасын төлемей қалып жататын кездерде болады. Бұған көбінесе сақтандыушы ұйымдардың өз міндеттерінен қашқалақтап, сақтандыру оқиғасынан келген зиянның орынын толытыру немесе өтеп беру міндетін орындамай жататындығы. Яни, сақтандыру сомасын алудың жолын күрделендіріп жібереді. Осыған байланысты адамдар көп жағдайда бұл процестің соңына дейін жете алмайды. Сондықтан болар мүлкін немесе өмірі мен денсаулығын т.б. сақтандырығысы келетін адамдар осы қиындықтың салдарынан сақтандыру ұйымдарына бара бермейді. Осындай процесті оңайлату немесе жеделдету бағытында сақтандыру ұйымдарының өз міндетін орындаудан жалтаруға мүмкіндік беремейтін, жауапкершілік шектері туралы, сотқа бармай-ақ шешу жолдарын ұсынған дұрыс немесе осы жадайдан қорғайтын арнайы ұйым керек. Сақтандыру міндеттемесінің бұзылу жағдайындағы тараптардың жауапкершілігін қарастыруды талқылай келе сақтандыру заңнамасына өзгеріс енгізу мәселесінде шешу алда ойланатын жайт.

Сақтандырушының жауапкершілігі пайдаланушы алдында өз міндеттемелерін орындамағаны үшін басталады. Алайда сақтандырушының жауапкершілігі деп жиі (теорияда және, әсіресе, сақтандыру тәжірбиесінде) сақтандыру төлемі бойынша орындалмаған соманың өзін де немесе міндеттің өзін де атай береді. Сақтандыру төлемін беру – бұл сақтандыру міндеттемесін бұзумен еш байланысы жоқ сақтандырушының сақтанушы алдында өз міндеттемесін орындау жөнінде іс - әрекет. Бұлай сәйкестендіру тек, егер сақтандырушының жауапкершілігі деп өз мағынасындағы жауапкершілікті емес, сақтандыру жағдайында басталуына орай сақтандырушы мен сақтанушы (пайдаалушы) арасындағы қатынастар сипатын көрсететін сақтандырушы сақтандыру төлемдерін жасау міндетін жауапкершілік деп түсінгенде орынды болар еді.

Сақтанушы, пайдаалушы, сақтандырылған тұлға жауапкершілігі сақтандыру өтемінің (сақтандыру сомасы) толығымен немесе бір бөлігін алмауынан көрініс табады. Сақтандыру төлемін беруден бас тарту туралы шешімді сақтандырушының өзі қабылдайды және ол туралы белгіленген мерзімде міндетті түрде бас тартудың негізгі себептері келтірілген жазбаша нысанда сақтанушыға (пайдаалушы, сақтандырылған тұлға) хабарланады. Сақтандыру төлемін жасаудан сақтандырушының бас тартуының негіздері Азаматтық кодекстің 839 –бабында тікелей көрсетіледі, сонымен арнайы заңдарда және де нақты сақтандыру шартында да белгіленуі мүмкін. Осы жерден бастап сақтандыру сомасын алу ісі күрделеніп кетеді. Өйткені шартта көзделген бойынша белгіленген соманы уаықытында алу мүмкіндігі болмағандықтан сақтанушы үшін сотқа бару, ұйымның есігін тоздыру деген сияқты бітіп бермейтін мәселелер туындайды.

Сақтандыру - бұл тек қана жағымсыз жағдайлар, өндірістік жарақат және басқа да осындай жағымсыз оқиғалармен, келеңсіз жағдайлармен байланысты залалдың орнын толтыруға арналған қаржы қорларын құру ғана емес. Сондай-ақ, сақтандыру (экономикалық категория ретінде) - экономикалық қатынастың субьектісі ретінде сақтандырушы сақтандыру сыйлықақысынан қаржылай пайда көрсе, ал сақтандыру төлемі сақтандырылған тұлғаның мүліктік мүддесін материалдық жағынан қорғауын қамтамасыз етеді.

Сақтандыру қатынастары жоқ болса - сақтандырудың өзі де болмайды. Өзара сақтандырудағы ақша қаражаты экономикалық тұрғыда құрылады, ал тұлға бір уақытта сақтандырушы және сақтандырылатын тұлға да өзінің табысын бөлу бойынша ішінара ереже құрады. Басқаша айтқанда, Өзара сақтандыруды құрудың процесі мен сақтандыру қорларын пайдалануда, жалпы қарым-қатынас туындамайды. Бұл қорлар сақтандырушының өзімен құрылады және өзінің меншігінде болады. Ал, бұл «сақтандырушы-сақтандыратын тұлға» қарым-қатынасына негізделген, өзара сақтандыру туындамайды дегенді білдіреді. Сондықтан, жеке тұлғаға «арнайы сақтандыру» қоры категориясы қолданылады деп айтуға болмайды.

Сақтандыру қатынастырының тұрақты дамуына кедергі келтіріп отырған бірнеше мәселені келтіре кетсек. Біріншіден, көпсалалы сақтандыру қатынастарына түсетін кезде еліміздің сақтандыру нарығынан оңай шығып кете алатындай сақтандыру ұйымдарының қаржылық тұрақтылығының жетіспеуі.

Екіншіден, сақтандырушылық қатынастарда көптеген шаруашылық субьектілердің болуы, сақтандырудың мүддесін қорғау кезінде мамандандырылған тиімді қызметтерді көрсетудің жоқтығы.

Үшіншіден, ұлттық сақтандыру ұйымдары қызметінің барысында жаңа бағыттарды дамытудың тұралап қалуы. Олардың бұрынғы ескі, қайталанатын жоспармен жұмыс жасап жатуы.

Сақтандыруға қатысты заңнаманың олқылық жақтары жоқ емес. Ал шындығында, сақтандыру қызметінің басты түйткілі халықтың қалай сақтануды білмеуінен емес, сақтануға мүмкіндік беретін табысының аз болуынан туындап отырған жоқ па екен?! Сондықтан шетелдерде бұл қызмет жүйесінің жоғары деңгейде дамуын зерттеп, талдаған дұрыс. Оларда сақтанудың мәдениеті жоғары дейді мамандар. Шетелдерде кез-келген азамат өзінің ертеңгі өмірін қамтамасыз етуді, болуы мүмкін қиын жағдайда тал қармап қалмауды – басты қажеттіліктердің бірі деп санайды. Сол үшін де сақтандыру компанияларын өздері іздеп барып, олармен міндетті түрде шарт жасасады екен. Ал бізде, сақтандыру шартын көбінесе сақтандырудың заңмен көзделген міндетті түрлерімен ғана жасалатыны белгілі. Тек ерікті сақтандыруды санаулы адамдар жасайды. Бүгінде күтпеген жерден еліміздің біраз аймақтарының (Қарағанды, Павлодар т.б.) қыстан шыға бере тап болған үйлерді су басу апаты мәселесі басты орында. Егер осындай жағдайларда материалдық мүліктік мүдделерді қорғау, шығынның орынын толтыру мақсатында алдын ала сақтандырылып қойған кезде көптеген жеңілдіктер орын алушы еді. Тіптен мемлекеттің өзі жауапкершіліктен құтылуға себеп болуы мүмкін. Мұны дамыған елдер тәжирбесінен кездестіруге болады. Сондықтан үйлерді сақтандыруды әрине, заңмен міндетті етіп енгізу қиындық тудыратын жағдай. Себебі жоғарыда айтқандай халқымыздың материалдық жағдайы көтермейді. Осындай мәселеден құтылу үшін мемлекет болып ат салысып, көмектессе қалай болар еді деген ұсыныс бар. Мысалы, біздің елде «өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» [4] заң бар. Осы заңның негізінде ауылшаруашылығындағы кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы дақылдарын (дәндi, майлы дақылдар, қант қызылшасы, мақта) өңдеу процесiнде алынған өнiмдерін сақтандырып қоюға міндетті.

Міндетті сақтандырудың бұл түрінің ерекшелігі сол оны мемлекеттік қолдаудың болуында. Яғни, міндетті сақтандырудың бұл түріне мемлекеттік қолдаудың болуы осы салаға бюджет қаражатын бөлуден көрінеді. Мәселен, «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды қолдау үшін бөлінетін ақшаны пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 қарашадағы №1133 Қаулысында (өзгерістер мен толықтырулар 1.11.2013 №1195) былай делінген «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды қолдау үшін бөлінетін бюджет қаражаты және уақытша бос ақшаны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі депозиттерге және мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырудан түскен кірістер есептелетін Ұлттық Банктегі шоттағы ақша пайдаланылады» [5]. Міне осы сияқты, тек қана мемлекетке пайда келтіретін кәсіп түрлерін ғана мемлекеттің қолдауына ие болмай, сондай-ақ, қарпайым халықтың жағдайында ескеріп, олардың мүліктік мүдделерін сақтандыруға мемлекеттен қолдау болып, көмек қаржы бөлінсе. Сонда ғана ауырып ем іздегенше, ауырмай тұрып ауырмаудың жолын тапқан болар едік.

Қоғамдағы әрбір адамның өзінің өміріне қауіп төндіретін және ол ондай жағдайды жалғыз өзі түзете алмайтын жағдайлар да болатынын атап өткен жөн. Осыған байланысты сақтандыру нарықтық экономика жағдайында жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қатерден әлеуметтік қорғау нысандарын айқындайды.

Міне осындай мәселелер төңірегінде оларды төмендегідей шешу жолдарын ұсынылды:

-  сақтандыру нарығының тұрақты түрде сенімді дамуы, олардың өз функцияларын жоғары дәрежеде атқаруы өздігінен орындалмайды, көпшілік жағдайда, нәтижелі сақтандыру саясатын жүргізуге және тиімді мемлекеттік реттеуге байланысты дамиды, сол үшін тиімді мемлекеттік сақтандыру саясаты болу керек;

-  сақтандыру саласында шараларды іске асыру арқылы, тұтастай алғанда қоғамдағы өмір сүрудің сапасын жоғары деңгейге көтеру;

-  сақтандыру қызметіне жүгінуді халықтың болашақтағы өмір сүруіне, қызметіне, табиғи апаттар мен техногендік қолайсыз жағдайлардан өзіне сенімді болуына әсер ететінін жарнамалау;

-  сақтандыру ұйымдарының қызметіне қашықтықтан интернет арқылы қадағалауды жүзеге асыру;

-  сақтандыруды құқықтық реттеуге қатысты көптеген елдердің тәжірибелері зерттеп, оларды Қазақстан жағдайында қолдану;

-  сақтандырудың мiндеттi түрлерін жүзеге асырғанда олардға қажылай көмектесу тетіктерін қарастыру;

Қазіргі таңда мемлекетіміздің сақтандыру саласындағы мәселелерді дамытудың маңыздылығы зор. Себебі дамыған мелекттердің басым көпшілігінде сақтандыру нарығы экономиканы, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде негізгі ролді атқарады. Сондықтан өзіміздің ұлттық сақтандыруды толық қалыптастыру басты орында. Пайдасы зор салаларды қалыпты етіп алу, халық үшін, еліміздің экономикасы үшін мәні үлкен. Халықтың басым көпшілігі қандай да бір мәселе туындай қалса қаражат жағынан жетіспей шырылдап жүреді. Сол үшін қаражаттарды тиімді, әрі пайдаға орай қолдануға мүмкіндік тудыратын сақтандыру қатынастарын дамытуға қызмет еткен дұрыс. Сақтандыруды қолға алу ел ішіндегі халықтардың белсенділігін, тұрақты экономика базисінің дамуына әсері болмақ, сондай-ақ, сақтандыру саласыны жетілдіру ел халықының алдағы өмірінің жақсаруына, табиғаттың қолайсыз жағдаqы мен әртүрлі техникалық жағымсыз оқиғалардан адамдардың қаражатты жұмсау жағынан пайдасы мол болмақ.

Қорыта айтқанда сақтандыруды жетілдіру және құқықтық тұрғыдан реттеу оның болашағының бар екенін және адамдар арасында сенім тудыратын және сақтандыру қатынастарын тиiмдi реттеудегi манызы зор.

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1.   Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы 2014 жыл 17 қаңтар.

2.   «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы №126 Заңы (соңғы өзгерістер мен толықтырулар 28.11.2014 № 257-V)

3.   Азаматтық кодекс ерекше бөлiм 1999 жылғы 1 шiлдедегi №409 Кодексi (соңғы өзгерістер мен толықтырулар 03.07.2014 №227-V)

4.   «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы №533 Заңы (өзгерістермен толықтырулар 29.12.2014 № 269-V)

5.   «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды қолдау үшін бөлінетін ақшаны пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 қарашадағы №1133 Қаулысы (өзгерістер мен толықтырулар 1.11.2013 №1195)