Технические науки
Кудабаева А.К., т.ғ.к., доцент м.а., Куламанова
А.Ж., магистрант
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
Киімдегі
көзбен көру иллюзиясы
Кейбір
жағдайларда кейбір заттарға көзбен қарағанда
олардың өлшемі, пішіні, түсі, пропорциялары басқаша,
өзгеше көрінеді. Бізді оптикалық эффект алдайды, яғни
біздің көріп тұрғанымыз шындыққа
сәйкес келмейді. Ол оптикалық иллюзия деп аталады, оны адамдар
баяғы заманнан бері зерттеп, өз қажеттеріне жаратып келеді.
Оптикалық иллюзияны ХХ ғас. бас кезінде киім тігуде кеңінен
қолданған.
Иллюзия киім өндірісінде бұрыннан қолданылады. Костюм тарихын
ақтарсақ, кең юбканың көмегімен белді
«жіңішкерткенін»,бел сызығын жоғарылату арқылы
аяқтарды «ұзартқанын», үлкен «фреза» жағасын
қолданып басты «кішірейткенін», костюмде вертикальды декоративті
детальдарды қолдану арқылы адамның бойын
«ұзартқанын» және т.б. көруге болады. Бұл адам
мүсінінің пропорциясын иллюзорлы өзгертудің бір
тәсілі болып саналады. Киім дизайн объектісі ретінде адамның
бейнесімен және мүсінімен гармониялық бірлікте болып,
адамның табиғи сұлулығын айқындап, мүсін
кемшілігі болса, керісінше, жасырып тұруы тиіс.
Берілген пішінді көзбен көріп
қабылдаудың басқа қабылдау түрлерімен
сәйкес келмеуін – көзбен көру иллюзиясы немесе
оптикалық иллюзия деп атайды.
Қажетті көзбен көру эффектін жасау
үшін талдауға және түзетулерге түсетін негізгі
элементтер мыналар: силуэт пішін, киімнің құрамдас
бөліктерге бөліну сипаты, безендіру, сурет, материалдың
түсі және фактурасы.
Костюм пішінін көзбен көріп
бағалағанда алдымен қарапайым, түсінікті
геометриялық элементтер мен оның геометриялық силуэті алдымен
назарға ілінеді. Кез келген күрделі силуэтті геометриялық
пішіндердің жинағы ретінде қарастыруға болады,
олардың саны шектеулі, оларға тікбұрыштар,
үшбұрыштар, трапециялар және дөңес
пішіндердің бір-бірімен қиылысуы жатады.
Тікбұрыштар негізінде
құралған силуэт пішіндері тұрақты
(статикалық) болып көрінеді, ал тең бүйірлі емес
үшбұрыштардан құралған силуэт пішіндері –
жеңіл және динамикалық көрініс береді. Элементтердің
тональдық қатынастары, фактураның түсі мен сипаты
пішіннің массасына, яғни эмоционалдық бағалауға
әсерін тигізеді.
Оптикалық иллюзиялардың себептері
әр түрлі болуы мүмкін, бірақ көбінесе, адам
көзінің жеткілікті деңгейде дамымауына байланысты болады.
Мысалы, көздің жеткіліксіз аккомодациясы. Келесі себепке
психологиялық факторды жатқызуға болады, яғни ми адамды
қоршаған ортаның көрінісін дәл бере алмайды.
Үшінші себеп – көздің бұлшық еттеріне
әртүрлі күш түсуіне байланысты, көздің
бұлшық еттеріне вертикальды кеңістікте горизонтальды
кеңістікпен салыстырғанда көбірек күш түсетіндігі
анықталған.
Жоғарыда келтірілген себептерге байланысты
оптикалық иллюзияны төмендегідей түрлерге бөледі:
пішінді қабылдау иллюзиясы, сызықты қабылдау иллюзиясы
және түс иллюзиясы [1]. Көзбен көру иллюзиясының
негізгі түрлерін қарастырайық.
Пішінді қабылдау иллюзиялары. Бұл иллюзиялар дененің екі өлшеміне – ені мен
биіктігіне қатысты туындайды. Бұл иллюзияның мынадай
түрлері бар: вертикальдарды қайта бағалау,
кеңістіктің толу иллюзиясы, бұрыштар иллюзиясы, теңелу
және контраст, көлемді пішінді қабылдау иллюзиясы.
Вертикальдарды
қайта бағалау. Көздің
бұлшық еттеріне вертикальды кеңістікте горизонтальды
кеңістікпен салыстырғанда көбірек күш
түсетіндіктен, вертикаль сызықтары әрқашан горизонталь
сызықтарынан ұзынырақ
болып көрінеді. Егер екі теңдей квадратты вертикальды және
горизонтальды сызықтармен бөлетін болсақ, бірінші
жағдайда квадрат созылыңқы көрінсе, екінші
жағдайда кеңірек болып көрінеді. Бірақ бұл
иллюзиялардың көрінуінің шегі бар. Мысалы, егер
жоғарыдағы квадраттарды ара қашықтығы жақын
сызықтармен бөлетін болсақ, онда кері көрініс аламыз.
Осыған ұқсас құбылыстарды костюмнен көруге
болады. Вертикальды қайта бағалау иллюзиясын адам бойын
ұзарту және мүсінді кішірейтіп көрсету үшін
қолданады.
Айқын жолақты және клеткалы
маталардан тігілген киімдер адамның мүсінін өзгертіп
көрсететіні байқалған. Горизонтальды жолақтар
мүсінді кеңейтеді, ал вертикальды жолақтар мүсінді
сымбатты етіп көрсетеді деген сенім қалыптасқан. Шын
мәнінде оның бәрі жолақтардың орналасуына немесе
жолақты және клеткалы маталар детальдарының орналасуына,
сонымен қатар, олардың жиілігіне байланысты болады.
Кеңістіктің
толу иллюзиясы. Детальдармен толтырылған
немесе бөліктерге бөлінген кеңістік, бос және
бөлінбеген кеңістікпен салыстырғанда үлкен болып
көрінеді. Бөлінулер саны өскен сайын, иллюзия эффекті де
ұлғая береді. Мұнда тек бөлінулер саны ғана емес,
сонымен қатар, жолақтардың ені, ақ және
қара жолақтардың қатынасы, олардың
пропорционалдығы – осылардың бәрі үлкен роль
атқарады. Бөлінулер біркелкі немесе әркелкі болуы
мүмкін. Бірінші жағдайда біртіндеп ауысқандықтан,
биіктік көрінісін берсе, екінші жағдайда мүсін
қысқалау болып көрінеді. Көру аппаратымен киімнің
қиындықсыз көрінуі қиындылардың гармониялық
үйлесуі деп аталады.
Жолақтарды бір-бірімен біртіндеп алмастыру
арқылы да мүсінді биік етіп
көрсетуге болады. Жолақтарды бір-бірімен күрделі
алмастырғанда мүсін аласа болып көрінеді, себебі
күрделі көріністі көздің бірден қабылдауы
қиын. Жолақтарды бір-бірімен алмастыру сипаты және
олардың шамасын дұрыс пайдалану арқылы дене бітімінің
дұрыс емес пропорцияларын жасыруға болады.
Өткір
(үшкір) бұрышты қайта бағалау. Үшкір бұрыш жақтарының ара
қашықтықтары жақын болғанымен, олар көзге
үлкен болып көрінеді. Ал доғал бұрыш
жақтарының ара қашықтығы алыс болғандықтан,
олар қайта бағаланбайды.
Үшкір бұрыштың
жақтарының аралығына орналастырылған заттар үшкір
бұрыш иллюзиясының әсерінен үлкен болып көрінеді.
Доғал бұрыштың жақтары сызықты ұзын етіп көрсетсе,
үшкір бұрыштың жақтары сызықты қысқа
етіп көрсетеді. Бұл иллюзияны теңестіру иллюзиясы деуге
болады, себебі, егер арақашықтық алыс болып көрінсе,
бұрыш жақтарының ортасына орналастырылған заттар да
үлкен болып көрінеді. Зат бұрыштың ұшына
неғұрлым жақын орналасса, иллюзия айқындала
түседі [2].
Контраст
және теңестіру. Затты көзбен
көріп қабылдауымыз бір мезгілде сол затқа ұқсас
немесе одан бөлек, тіпті ұқсамайтын затты көреміз бе,
соған байланысты болады. Бір-бірінен бөлек, бір-біріне тіптен
ұқсамайтын екі затты қатар қойып қарасақ,
олардың арасындағы ерекшеліктер,
қарама-қайшылықтар айқындала түседі. Мысалы,
кішкене шеңберлер орналасқан шеңбер, үлкен
шеңберлер орналасқан алдыңғымен көлемі бірдей
шеңбермен салыстырғанда үлкен болып көрінеді.
Белдемшенің етегі кең болған сайын бел жіңішке болып
көрінеді, белді қатты қысқанда, бөксенің
шығыңқылығы артады. Сондықтан, егер біз
мүсіннің кейбір ерекшелігін онша байқатқымыз келмесе,
пішінде контрастық сәйкестіктерді қолданудың
қажеті жоқ.
Көлемдері бір-бірімен шамалас екі зат
қатар тұрса, олардың айырмашылықтары айқын
көрінбейді. Бұл құбылысты ассимиляция немесе теңестіру
деп атайды.
Киім тігуде контраст пен теңестіру
кеңінен қолданылады. Үлкен бас киім басты кішкентай етіп
көрсетсе, жұқа және кішкентай бас киімдегі бас
үлкен болып көрінеді. Осыған ұқсас көріністерді
мойын мен жаға, жең мен қол және т.б. араларында
алуға болады. Жағаның ойығы үлкен болса,
жіңішке мойын одан да жіңішке болып көрінеді, ал кең
жеңдегі жіңішке қол да өте жіңішке болып
көрінеді, ал белді қатты буғанда үлкен бөксе одан
да үлкен болып көрінеді.
Мүсіннің кейбір ерекшеліктерін
жасырғымыз келсе, костюмде контрасты, бір-біріне қарама-қайшы
келетін үйлесімдіктерді қолдануға болмайды. Керісінше,
контраст мүсіннің кейбір жақсы жақтарын айқындап
көрсетуге мүмкіндік береді.
Көлемді
пішінді қабылдау иллюзиясы. Арнайы
жүргізілген көлемді иллюзиялар нәтижесінде, кубты шармен
салыстыруда қайта бағалаудың орын алатындығы
көрінді. Үлкен өлшемді киімдерде бұрыштық
көріністі (очертание) қолдану тиімсіз, себебі көлемдері
бірдей болса да, жалпақ мүсінмен салыстырғанда
дөңес мүсін жіңішкелеу болып көрінеді. Айқын
геометриялық силуэттер мүсінге артық жалпақтық
көрінісін береді [3].
Жолақ
мата иллюзиясы. Толық мүсінге сымбаттылық (стройность) беру
үшін жолақтардың орналасуын (вертикальды немесе
горизонтальды) таңдау қажет, яғни жолақтардың
ені, жиілігі және олардың ырғақтылығы
(ритмичность) есепке алынуы тиіс. Жолақтарды күрделі
орналастырғанда (мысалы, бұрыштап) төмендегі жағдай
есепке алынуы тиіс: егер кездесетін жолақтар құрайтын бұрыштардың
ұштары жоғары қарай орналасса, толық
мүсіннің бөксесін жіңішке етіп көрсетеді.
Керісінше, ұштары төмен қарай орналасқан жолақ
бұрыштары бөксені жалпақ етіп көрсетеді [4].
Киім
пішініндегі сызықтарды қабылдау иллюзиясы. Декоративті және пішін құрайтын сызықтар
пішіннің нақты өлшемдері мен конфигурациясына сәйкес
келмейтін иллюзорлық көрініс бере алады. Мүсіннің
көрінуін толықтай немесе мүсіннің белгілі бір бөлігінің
көрінісін өзгерту үшін осы сызықтарды қабылдау
иллюзиясын қабылдауға болады.
Әдебиеттер тізімі:
1. Сорины, сестры. Презентация внешности. / Серия «Одежда плюс
психология». – М.: Гном – Пресс, 1998. – 224 с.
2. Найденский Н., Трубецкой И.Ателье // Волшебные линии.
2003.- № 5. - С. 55.
3. Найденский Н., Трубецкой И. Ателье // Волшебные линии. 2003.- № 6.
- С. 55.
4. Сорины, сестры. Презентация внешности. / Серия «Одежда плюс
психология». – М.: Гном – Пресс, 1998. – 224 с.