Сельское  хозяйство/ 5.Растениеводство, селекция и семеноводство.

Төленді Гүлжауһар,

 Мұқанова Фарида

Ғылыми жетекшісі А.Қабдрахманова

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ (Талдықорған қ.)

 

Қант қызылшасын табиғи полимермен капсулалаудың негізгі пайдасы

 

Қант -  азық-түліктің ішінде өзіндік ерекше орынға ие.  Дүние жүзі бойынша жыл сайын 100 млн тонна қант өндіріледі.  100% деп есептегенде оның 40%-ы қант қызылшасынан алынады. Қант қызылшасы – коңыржай белдеудің дақылы, оның басты өндірушілері - Франция, АҚШ, Ресей, Украина, Қазақстан және т.б., яғни коңыржай белдеу елдері. Сонымен қоса, қант қызылшасы еңбекті аса көп қажет ететін өсімдік болып табылады. Оның сапасын жақсарту, өнімді көбейту қоңыржай белдеу елдерінде басты жолға қойылған. Қант қызылшасының экономикаға тигізер үлесі зор техникалық өсімдік. Себебі, қант қызылшасының егілу және баптау кезіндегі шығыны оның түсімінен әлде қайда аз болып табылады. Бұл қант қызылшасын енді өндірмеу керек деген сөз емес, керісінше қант қызылшасы шаруашылығына тигізетін зиянды әсерлер мен зиянкестерді жойып, өнімділікті арттыру керек деген сөз.

Өсімдіктің қалыпты өсіп-дамуының негізі тұқымның сапалылығында. Сапалы тұқым арқылы көктеу кезінде тұқымның тыныштық жағдайынан белсенді тіршілік кезеңіне жылдам ауысатын, ересек тұқымдар секілді ортаға бейімделген, өскінінің интенсивті өсуімен аяқталатын өнім алуға болады. Сол себептен, дүние жүзінде тұқымның өсу физиологиясын жан-жақты зерттеуге, тұқымды себер алдындағы өңдеудің қазіргі заманғы жаңа, тиімді әдіс-тәсілдеріне көп мән беруде.

Қазіргі таңда практикада сапасыз тұқымды қолдану мен нормадан жоғары көлемде орта есеппен гектарына 4-5 есе көп тұқымды себу жүзеге асуда. Көп көлемде тұқымды себу шығыны тұқым себілген қатардағы өскіннің бір-біріне кедергі келтіретіндей жиіленіп өсуіне әкеліп соғады және 100-110 мың/га жердің өскіндерін қолдан сирету жұмыстарын атқаруға тура келетін шығынға ұшыратады. Тұқым ерте себілген жағдайда ауа-райының күрт суып кетуі және тоқтаусыз жаңбырдан кейін тұқымның шіруі байқалады, нәзік өскіндер патогенді микроорганизмдермен зақымдалады. Егіс алқабының зақымдануын болдырмау мақсатында қосымша қаржылай шығынға ұшырататын және қоршаған ортаның экологиялық жағдайына зиян келетін көп көлемде фунгицидтер қолданылады. Сондықтан, барлық зерттеушілер жаңа технологияны және кепілдік беретін қант қызылшасы тұқымын себер алдындағы өңдеу тәсілдеріне көп көңіл бөлуде:   

-        тұқымның себу сапасын арттыру;

-        өскіннің өсіп-дамуының физиолого-биохимиялық процесінің жүруін арттыру;  

-        себілетін тұқым сапасының ұзақ сақталуын қамтамасыз ету; 

-        себілетін материалдың шығынын төмендету және себу мүмкіншілігін айқындау;  

-        өскіннің төмен температураға, жоғары ылғалдылыққа және патогенді микроорганизмдерге төзімділігін арттыру; 

-        физиологиялық процестерге әсер ететін фунгицидтер мен биостимуляторларды маңызды микроэлементтермен біріктіру.

Аталған шешімдер қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр.  

Өсімдіктің өсуіне тиімді әсер ететін тұқымды себер алдындағы өңдейтін көптеген химиялық және физикалық әдістер бар. Ауылшаруашылығының практикасында тұқым себер алдында тұқымды ылғалдандыру, химиялық стимуляторлармен опалау және дәрілеу, электрлік токпен, магнитті толқынмен, табиғи газбен өңдеу жиі қолданылады.

Көптеген ғылыми-зерттеу мекемелерінің жүргізген тәжірибелерінде дражирленген тұқым жақсы нәтиже көрсеткен. Дражирленген тұқым біркелкі және жай тұқымға қарағанда 2-3 күн бұрын көктеп шыққан. Соның иәтижесінде, қызылшаның өнімі гектарына 20-25 центнерге артқан. Бірақ та, аталған әдіс-тәсілдерді қолдану экономикалық тұрғыда тиімсіз болып табылады.

  Экономикалық тұрғыда тиімді болып табылатын қант қызылшасы тұқымын капсулалау ауылшаруашылық дақылдарының зиянкестер тудыратын ауруға шалдығу динамикасын төмендетеді, осыған орай, капсулалау технологиясын қолдану арқылы қант қызылшасы тамыржемісінің өнім беру динамикасы, қанттылығының артуы, капсулаланған тұқымды сақтау мерзімінің де артуы бүгінгі таңда өзекті болып табылады.

Тұқымның сапасы тұқым себер алдындағы дайындығына ғана емес, экономикалық тиімділігіне, тұқымның топырақ инфекциясынан қорғануына, табиғаттың қолайсыз ауа-райынан қорғануына, тұқымды себу дайындығының нақтылығына пайдаланған технологияны қолдана білуге де байланысты. Соңғы 30 жылда аталған міндеттерді шешу үшін тұқымды құрамы әр түрлі полимерлі заттармен капсулалау қолданылуда.

Қазақстандағы ауыл шаруашылығының, соның ішінде Алматы облысының негізгі айналысатын дақылы қант қызылшасы. Алматы облысы бойынша қызылша егетін Ақсу, Алакөл, Сарқант, Қаратал, Киров және Талдықорған аудандары Жоңғар Алатауының бөктеріндегі жазықта және Балқаш-Алакөл ойысында орналасқан. Климаты континенталды келеді. Ауа райы құбылмалы, жазы ыстық әрі құрғақ, жауын-шашыны аз, қысы қарсыз қара суықты келеді. Қант қызылшасының өсуіне ауа райы үлкен әсерін тигізеді. Топырақты ерте көктемде өңдеу және қызылшаны дер кезінде себу ауа райы мен топырақ жағдайларына қарай белгіленеді. Ал, бұл жағдайлар әр жылдары және барлық аймақтарда бірдей болмайды. Сондықтан, әрбір шаруашылықта топырақты қызылша себу алдында өңдеу және себу жұмыстары қызылша себетін аудандардың ауа райы мен топырақ түрлеріне қарай жүргізілуі тиіс. Соңғы жылдары облысымыздың ауылшаруашылықтарында қант қызылшасының өнім беру деңгейі күрт төмендеп кетті. Минералды тыңайтқыштарды, өсімдіктің аурулары мен зиянкестерімен күресетін нақты химиялық заттарын, өсу стимуляторларын қолдану тиімсіз жолға қойылған. Осыған орай, қант қызылшасының өсіп-дамуын жасанды жолмен басқару қант қызылшасынан мол өнім алатын тиімді әдіс болып табылады.  

Подпись: Сурет – 1. Капсулаланған қант қызылшасы Қант қызылшасы өнімін арттыру мақсатында, Алматы облысы, Талдықорған қаласында орналасқан І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жаратылыстану-техникалық факультеті, биология мамандығы студенттері Г.Н.Төленді,       Ф.Т. Муканова және Н.Х.Хамитованың 2 жылдық жұмысы арқасында қант қызылшасына оң әсер тигізетін жаңа табиғи полимерлік қосылыс ойлап табылып, алғашқы практикалық сынақтан өтті. Олар жасаған полимерлік қосылыс құрамы: геллан және қарбоксилмитилцеллюлозадан және қант қызылшасына тигізетін әсері жоқ 2 түрлі фунгицид: максим және престижден тұрады. Оның қажет мөлшерін таңдап алу барысын 2014 жылдың қаңтар айынан бастап, анықталып өндеуге дайын болған 6 түрлі қосылыспен 2015 жылдың қаңтар айында қант қызылшасы тұқымдары қапталды. Сынаққа алынған қант қызылшасы Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Өтенай шақын ауданында орналасқан КазНИИЗиР (Казахский Научно-Исследовательский институт земледелия и растениеводства) филиалының ұсынысымен Қазсиб-14 (Қазақстан-Сібір қант қызылшаларының гибриді) алынды. Полимерлік композиттермен қапталынған қант қызылшасын 2015 жылдың сәуір айының 14 жұлдызында, КазНИИЗиР филиалының егістік жеріне себу жұмыстары іске асырылды. Қант қызылшасының өскініне фенологиялық бақылау жүргізіліп, егілген қант қызылшасы 2015 жылдың қыркүйек айының 20 жұлдызында жиналып алынып, оның қанттылығын өлшеу сатысына көшті. Таңдалып алынған 6 түрлі композиттің 2 түрі фенологиялық және қанттылығын өлшеу барысында да алдыңғы орында көрінді.     

 

 

Сурет – 2. Капсулаланған қант қызылшасы тұқымы.

 

 

 

Сурет – 3. Қант қызылшасы тұқымын егу және өскен өнімді жинау барысы

Бұл зерттеу жұмысы жалпы 3 жылды қажет етеді. Өткен 2 жылдың пайыздық көрсеткіші мен 2016 жылдың пайыздық көрсеткішін 2016 жылдың қыркүйек айында анықталады.