Биологические
науки/ 7. Зоология
Төленді
Гүлжауһар,
Мұқанова Фарида
Ғылыми
жетекшісі А.Қабдрахманова
І.Жансүгіров
атындағы ЖМУ (Талдықорған қ.)
Түз тағысы –
Ақбөкен
«Бала кезімізде, өзен –
тоғайлы ауылда тұрғанымызда қыр басынан, суат
қасынан бота көзді, қайқы мүйізді, сарғыш
түсті киіктерді көктемнен күзге дейін жиі көретінбіз.
Маңырап суатқа құлағанында киік отарының
қатты тұяқтарынан аспанға шаң көтеріліп,
мүлгіген дала төсі ұйқысынан оянғандай
қайнаған тіршіліктің ортасына айналатын-ды.
Қазақтың қаймағы бұзылмаған сол
заманында жаздың ортасы мен күзде ғана кейбір
аңсақ кісілер киіктерді аулап, олжалаған киік текелерін
ауылға әкеліп, адамдарға бөліп беретін де, ел –
жұрт киіктің дәмді етінен пісірілген
қуырдаққа бір тоятын. Содан кейін халық өз
шаруашылығымен айналысып, түз тағысының мазасын
алмайтын еді. Кейін қытай, тибет медицинасында құнды
дәрі жасау үшін аса бағалы шикізат – мүйізі мен
тұяғы үшін киіктерді автокөлік, вертолетпен аулап,
жаппай қыру басталды. Ел азды, жер тозды, қазақ
ауылдарының бірінен соң бірі құрып, ата –
бабаларымыздың бейіті де айдалада қараусыз қалды...»
Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН
Ежелгі Ұлан ғайыр Тұран даласын мекен еткен, көк
бөрінің ұрпағы – қазақ бабамыз қылыш жүзі-найза
ұшымен қорғанған жерінің табиғатын ерекше
қастерлеген. Ұшқан құсын, жүгірген
жануарын, өскен гүлін табиғат ананың сыйы деп
қабылдап, әрбір тіршілік туындысына ерек дерлік құрмет
танытқан. Сол ерекше тіршілік иесінің бірі – Ақбөкендер
немесе Киіктер.
Қазақтың «Киіктің – киесі бар» деп айтқан
сөзі бекер емес. Яки, киікті атқан адам
бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Сонымен
қоса, киелі жануардың басқа жануарларға
қарағандағы ерекшеліктерінің өзі оның
киесін жырлап тұрғандай-ақ. Киіктің
киелілігінің бір
көрсеткіші, оның кез келген ортаға тез бейімделуінде десек те
болар. Себебі, қаншама сергелдең заманнан өтсе де, өз
түрін сақтап келе жатыр. Егер ақбөкендердің
басқа түз тағыларынан осындай ерекшеліктері болмаса, ежелгі
мамонттармен бірге құрып кетер еді.
Сондай-ақ,
қазақтың «Жетім көрсең жебей жүр»
деген сөзінің бейнесін ақбөкен затынан көруге
болады. Анығырақ келсек, далада келе жатқан кез келген киік
жолынан маңырап шыққан құралайды кездестіре
қалса, жанына барып емізіп, өзімен бірге ертіп кетеді екен.
Киіктің бұл ерекшелігін қазіргі заман адамдары өзіне
үлгі етсе ғажап болар еді. Бірақ әттең,
үйрену тұрмақ оларды қырып жатқан адамзат
баласына тоқтау қоюдың өзі қиынға
соғып жатыр емес пе?!
Ақбөкендер - жұптұяқтылар
отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі,
қойға ұқсас, дөңес тұмсықты,
күйіс қайыратын түз жануары. Ақбөкеннің
қазба қалдықтары плейстоцен қабатынан Батыс Англиядан
Шығыс Аляскаға дейінгі аралықтан табылған.
Ақбөкендер Моңғолияда, Қалмақ даласы мен
Қазақстанда ғана сақталған. Республикамызда
Ақбөкендердің бір-бірінен жеке дара бөлінген
Бетпақдала – Арыс, Үстірт және Еділ – Жайық деген
топтары мекендейді.
Қазақстан Республикасында
ақбөкендерді «Қызыл кітапқа» енгізу туралы заң
2006 жылы қабылданған болатын. Оның себебі, қаскерлік
және ақбөкендердің жаппай аурудан қырылуы болып
табылады. Енді ақбөкендердің осы және өткен
ғасырда тіршілік ету тарихына тоқталып өтсек.
XІX ғасырдың
аяғында XX ғасырдың басында Қырым, Таврия, Казказ
өңіріндегі киіктердің өрісі тарылып, жойыла
бастаған. «Қазақстанда 20-жылдардың басында
ақбөкендердің саны күрт түсіп кетті. 1917-18-жылғы
қыстың жұты түз тағысының жүздеген
мың басын шығынға ұшыратты. Сол кездегі жергілікті
үкіметтің шешімімен, 1919 жылдан бастап Сарыарқада киік
аулауға қатаң тыйым салынды. Бірақ одан көп
өзгеріс бола қоймады, 1927-28-жылы болған жұттан кейін
ақбөкендерге жер бетінен мүлде жойылып кету қаупі
төнді», – деп жазады 1955 жылы зоолог Слудский.
1930-32-жылдардағы жүргізілген ұжымдастыру
науқаны, даладағы киіктердің жауы ит-құс,
шыбын-шіркей, соналардың азаюы ақбөкендердің
өсуіне өте қолайлы жағдай туғызды. Далаларда
жайылған халықтың малын ұжымдарға жинап,
халық отырықшылық өмірге бейімделген тұста
ақбөкендердің өрісі кеңіп, санын көбейтуге
мүмкіндік алды. Сол жылдары ауа райы да жылынып, қысы
жұмсақ болды. Табындары көбейген ақбөкендер
1941-45-жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде еркін өмір
сүрді. Бұл Қазақстандағы
ақбөкендердің ең көбейген кезі болды. Содан бергі
уақытта дала еркесі – ақбөкен адамдардың
жауыздығынан бірнеше рет жаппай қырғынға ұшырады.
Сарыарқада қазіргі жүрген ақбөкендер саны – 47-48
мың ғана. Ал өткен ғасырдың 60-70 жылдары 1
миллион 400 мың болған екен.
Ақбөкен – дәмді еті, құнды мүйізі мен
тұяғы, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік
маңызы бар жануар. Оның мүйізінен пантокрин дәрісі
алынады, тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді
денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққандарды
емдеу үшін пайдаланады.
Тек қаскерлік қана емес,
2013 жылдың 7 қыркүйегінде Ақмола және
Қарағанды облыстарында, Қорғалжын мемлекеттік
табиғи қорығының аумағында
ақбөкендердің бетпақдала популяциясында жаппай
қырылуы тіркелді. «Жерден және әуеден жасалған есептеу
жұмыстарының қорытындысында анықталып
нақтыланған мәліметтер бойынша, барлығы 493 бас
бөкен қырылды. Ақмола және Қарағанды
облыстық ветеринарлық зертханадан №520-524 сараптама актісі алынды
және қорытынды берілді», - деген ақпараттар
таратылған болатын. Және ақбөкендердің жппай
қырылуының себебі, пастереллез ауруы таралуы болды.
Бұның өзі, түз тағысының санының
азаюына үлкен әсерін тигізді.
Қазақ
әдебиетінің ұлы тұлғаларының
қазақ даласының киесіне жазған туындыларының
өзі жетерліктей. Солардың қатарында, табиғаттың
сыйы - сұлу бөкенге
Сәкен Сейфуллин «Ақсақ киік» өлеңін арнап,
әнге қосты. «Жезкиік, біздің жаққа қалай
келдің?» - деп Кәкімбек Салықов жырлады. Табиғаттың
осындай көркем келбетін, тамаша көрінісін қанға бояп,
дәрменсіз киікті қырып тастап жүрген қаныпезерлер де
жоқ емес. Бұрын да болған, қазір де жалғасып
келеді. Сондықтан да
Мұқағали Мақатаев амалсыздан тілсіз
жануарға:
Киіктер, мұнда жүрмеңдер,
Бас бұғып отыр сұр мерген.
Боласың ғайып, байғұстар,
Қоштасып сайран күндермен.
Тасада отыр сұр мерген, - деп өлең жолдарын арнаған
болатын. Сондай-ақ, тамаша табиғат иесіне арнаған «Киік жанын
түсінші адамзатым!» - деп аталатын Төленді
Гүлжауһардың өлең жолдарымен мақаламызды
аяқтасақ:
Бұл жалғанның бізге жазған наласыма?
Әлде еткен күнәм үшін жазасы ма?
Мені өлтіріп қинайтындай қылдым бе екен...
Қастық қылық адамзаттың баласына?!
Неге айтшы...менің анам саған пайда?
Бармады ма «жетім» сөзі сендік ойға?
Жетім қалдым...жарар бәлкім деп жүргенде...
Мені де алу болған екен пасық ойда...
Ауру алды...қару алды киік затын,
Сайғақ, бөкен, киік деген менің атым,
Мөлдіреген көзімізді аяңдаршы...
Бізді өлтіріп, ләззат алған адамзатым!