Кошербаева А.
г.Тараз, Таразский государственный педагогический институт
ТОПЫРАҚТЫҢ ЖӘНЕ ӨСІМДІКТЕРДІҢ МҰНАЙМЕН
ЛАСТАНУЫ
Қазақстан өнеркәсібі
дамуының басты бағыты – кен байлықтарымызды игеру, оның
ішінде айрықша басымдылық мұнай мен газға берілген. Пайдасымен бірге мұнай және газ
өндірудің қоршаған ортаға тигізетін зиянды
әсерлері де аз емес. Жерге төгілген мұнай қалдықтары
төңірегіндегі топырақты барынша ластауда, ол өз
кезегінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне ғана емес,
адамдардың денсаулығына да үлкен қауіп төндіреді.
Мұнай-газ өндіруде баю мен пайда табу көзі ретінде
қарамай, шамалы табысқа
бола оларды жыртқыштықпен жұмсап, табиғи ортаны адамдар
мен барлық тіршілік үшін зиянды қалдықтармен
ластауға болмайтынына бүгінде көз жетті. Осыған орай,
соңғы жылдары Республикамызда, жақын және алыс
шетелдерде қоршаған ортаны қорғау мәселесіне
көп көңіл бөлінуде. Казіргі кезде шектен тыс
ластанған аймақтардың жағдайын бақылау,
қоршаған орта сапасына баға беру, келешегіне болжам жасау
және табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру
маңызды мәселелердің бірі болып отыр.
Сонымен қатар, қазір күн
тәртібінде Қазақстанның әлемдегі бәсекеге
қабілетті 50 елдің қатарына кіру мәселесі тұр.
«Ол үшін Қазақстанның энергия ресурстарын әлемдік
рыногқа жеткізу, мұнай-газ кешендерін осы заманғы инженерлік
және бағдарламалық қамтамасыз етумен қатар,
халықаралық стандарттарға сай қоршаған ортаны
қорғау қажет» - делінген Қазақстан Республикасы
Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2006 жылғы халыққа
Жолдауында. Демек, мұнай-газ өндірудің табиғи
ортаға тигізетін зиянды әсерлерін азайту, бүгінгі
күннің өзекті мәселесі.
Топырақтардағы
ауыр металдардың
аумақтық, кескіндік
орналасу заңдылықтарының сипаттамасын беру,
олардың миграциясы мен аккумуляцияларының ерекшеліктерін
анықтау және ландшафтардың ластануға
тұрақтылығын зерттеу геохимиялық құрылымын
бағалауға негіз болып табылады. Бұған қосымша,
бұл зерттеулер топырақтардың химиялық
құрамын, сол аумақтың
литологиялы-құрылыстық сипатын, техногендік,
биологиялық зат айналымының ерекшеліктерін айқындайды.
Осының бәрі ластану үрдісінің индикаторы ретінде
топырақтың құрамы мен қасиеттерін зерттеудегі
үлкен ғылыми және практикалық өзектілігін
көрсетеді.
Топырақтың
ауыр металдармен ластану дәрежелері туралы ақпаратты мониторингтерді
жүйелендіру, техногендік жағдайдағы өсімдікке,
топырақ биотасына әсер етулері ландшафтарды зерттеудің өзекті экологиялық мақсаты
болып табылады.
Табиғи экожүйелердің мұнай және мұнай
өнімдерімен ластануы тек мұнай өндіруші аймақта
ғана емес, одан алыстағы аймақтарға да
экологиялық проблема туындатады. Мұнайдың апатты және
кездейсоқ төгілуі кезінде топырақтың
физикалық-химиялық қасиеттері өзгеріп, су-ауа режимі
бұзылады, топырақтың микробиологиялық белсенділігі
бәсеңдеп, биоценоз құрылымы өзгереді.
Бұл аймақта мұнай өндіру кезіндегі ластану
қаупі мұнай-газ қабаттарының күрделі
геологиялық құрылысынан, жоғары қысым және
осы кен орны мұнайының флюидальды құрамынан туындайды.
Мұнай және мұнай өнімдері топырақта, суда,
өсімдікте жиналып, қоректік тізбек арқылы жануар және
адам организміне түседі, сол арқылы аймақтың
экожүйесіне және халық денсаулығына нұқсан
келтіреді.
Мұнаймен, оны өңдеу кезіндегі өнімдермен және
оның жеке компоненттерімен ластанған топырақты тазарту
мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін тапқан жоқ.
Сондықтан топырақтың мұнаймен ластануының
экологиялық зардаптарын зерттеу және тазартудың қайсы-
бір әдістерін пайдалануды, утилизациялау мен рекультивациялауды
экономикалық тұрғыдан
негіздеу аса маңызды міндет болып табылады.
Ауыр металдармен ластану – жер
бетінде қорғасын, сынап, кадмий, т.б. ауыр металдардың
жергілікті, аймақтық және ғаламдық жиналу
процесі. Ортаға металдардың ену жолдары әр түрлі
(металл бөлшектерді жоңқалау, коррозия, іштен жанатын
қозғалтқыштардың, жылу энергетикасы
қондырғыларының, т.б. шығарындылары); олар, негізінен,
терең жер қабатынан алынуы және жер бетінде таралуы
арқылы жиналады. Бұл орайда антропогендік химиялық реакция
нәтижесінде табиғи қосылыстардан металдардың
босауының үлесі шамалы.
Ғылыми-техникалық
прогресс қоршаған ортаның көптеген мөлшерде
зиянды заттармен ластанып, қалыптасқан табиғи
тепе-теңдіктің бұзылуымен қатар жүруде. Республиканың көптеген
аймақтары газ, сұйық және қатты күйдегі
өндіріс қалдықтарымен, сульфаттармен және ауыр
металдармен ластануда. Қоршаған
ортаның зиянды заттармен ластану деңгейі жоғары болуына
байланысты олардың жануарлар ағзасына түсуіне, тигізетін
зияны мен биологиялық рөлін зерттеуге ерекше көңіл бөлініп
отыр. Өндіріс ошақтары орналасқан
аудандардың атмосферасына көп мөлшерде әр түрлі химиялық
қосылыстар, ауыр металдар түсуде. Ауыр металдардың 80%
микро-элементтердің қатарына жатады. Микроэлементтердің ауыз
су мен тағам өнімдерінде жетіспеуі зат алмасудың
бұзылуына, нәтижесінде эндемиялық аурулардың дамуына
әкеліп соқтырды. Ал, ауыр металдардың өсімдіктер мен
жануарларда артық мөлшерде
жинақталуы олардың ағзасында жүретін тіршілік
үшін маңызды процестерге қауіп төндіреді. Бұл,
ауыр металдардың суда, топырақта қалыпты мөлшерде болу
қажеттілігін талап етеді. Себебі, трофикалық тізбек арқылы
таралып, биотаға және адам ағзасына түседі де, оларға
кері әсер етеді. Өндіріс қалдықтарының
қоршаған орта нысандарына түсуін, жинақталуы мен
миграциясы, заңдылықтарын
зерттеу олардың
әсерін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.