ӘӨЖ: 821. 512. 122-3: 39
Таңжарықова
А.В.
ҚР,
Алматы қаласы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға
оқытушысы, филология ғылымдарының докторы
Д.Исабеков шығармаларындағы образ
ашудағы пейзаждың қолданысы
Жалпы табиғат көрінісін суреттеуде оның бірнеше
қызметтерінің мүмкіндігін сарқа пайдалануға
қол жеткізу жазушының дүниетанымына, суреткерлік шеберлігіне
байланысты.
В.Шкловский: «Әдебиетке пейзаж – табиғат теңеулер
арқылы енді, пейзаж ұлғайтылған паралллелизм ретінде
пайда болды», - дейді [1, 97]. Ал, белгілі ғалым Б.Майтанов:
«Көркем туындыдағы пейзаждың функциясы үш түрлі арнаға саяды. Сюжеттік
орайда ол – оқиғалық уақыттың өлшемі.
Композициялық тұрғыда ол көркемдік жолмен
қабылданған әлем тұтастығын білдіреді.
Шығарманың идеялық-мазмұндық астарларына
қатысты ол характерологиялық міндеттер атқарады», - [2,
83] деп атап көрсетеді. Шынында да
пейзаж әр қаламгер шығармашылығында әр
түрлі қызмет атқарады. Д.Исабеков шығармаларында пейзаж
кейіпкердің рухани-адамгершілік қасиеттерімен, ішкі жан
толғанысымен астарласып жатады. Жазушы қаламынан туған
табиғат суреттері – уақыт пен кеңістік бірлігін
сақтаған нағыз пейзаждық эпизодтар. Жазушы
қоршаған ортаға қаһармандарын күтіп
тұрған әрекеттер алдында немесе олар бастан өткеретін
оқиғалардың қиындығын баса көрсету үшін назар сударады. Жоғарыдағы
келтірілген мысалдарда шал мен оның немересінің сезім-күй
ассоциациялары табиғат суретімен астаса түседі. Бұл повестегі
(«Дерменедегі») табиғат көріністерінің көбі
шалдың жан әлемімен бірлікте
бейнеленеді.
Осындай ерекшелікті жазушының басқа да шығармаларынан
байқауымызға болады. Жалпы кейіпкерлерге психологиялық талдау
жасағанда қаһарманның басынан өткізген немесе жан
әлемінде болып жатқан
құбылыстарды жаза беру міндет емес, сол шығармадағы
оқиға желісі мен автордың арақытынасын ажыратып алу
керек.
Мәселен, «Дермене» повесінде жазушы оқиғаны оқырман
қауымның талқысына ұсынады. Автордың белгілі бір
жайларға өзіндік бағасы, көзқарасы
байқалғанмен, ол көбіне сараптауды оқырманға
қалдырып отырады. «Дермене» повесінің басында Тоқсанбай
қарттың көзі
тірісінде совхоз директоры болып тұрған жалғыз ұлынан
айырылғандығы жайлы
баяндалады. Жалғыз ұлынан айырылған қарт
«мұндай ауыр соққыдан сегіз ай бойы төсегінен
тұра алмай жатты». Сақалын қырау көмген
Тоқсанбай: «толдым, жылы суға енді қолымды малам ба?», -
деген кезде өмір толқынымен арпалысын қайта бастайды.
Бұл жерде де адам психологиясын ашу – басты мәселе болып
тұр. Жалғызынан айырылып, қанша жерден салы суға кетсе
де, Тоқсанбай қарт алға ұмтылады. Адамзаттың
өзін-өзі қорғауы – өте күрделі міндет.
Қарт немересі үшін
бұрын істеп көрмеген
жұмысқа кіріседі. Бұйыртса, ала жаздай дермене орып, оны
өкіметке өткізбек, одан түскен қаржыға немересін
шыттай киіндірмек, оған велосипед әпермек. Қарттың
арманы соншалықты қол жеткізбестей арман емес, ол аспандағы
айды дәметпейді. Бар болғаны: артындағы ұрпағын
жұрттан кем қылмауға ұмтылады. Бұл жолда
олар көптеген қиыншылықтарды
бастарынан өткізеді. Бастапқыда ауылдан «дерменені бірге жинаймыз»
деп келісіп келген адамдар жер таңдап болғаннан кейін
Тоқсанбайдың немересі туралы «буыны қатпаған бала,
бұған ақшаны жартылай төлейміз» деп тайқып
шығады.
Міне, осылай қарт пен оның немересі өмірдің талай
тауқыметіне ұшырайды. Осы жолда олар дөрекі күш иесі –
Омашпен де танысады. Ұлттық салт-сана, үлкенді сыйлау, кішіге
ізет сияқты адамгершілік қасиеттерден жұрдай Омаштың
қылығы жүрегіңді ауыртады. Жазушы
шығармаларынан біздің
байқайтынымыз: өмірдің қатал шындығын боямасыз
беру, адамның күнделікті тіршілігінде болып жататын тартыстарды сол
күйінде бейнелеу.
Д.Исабеков кейіпкерлері бұл
дүниеде қандай сергелдеңге ұшыраса да, тіршіліктен
үмітін үзбейді. Шығарманы талдай отырып, жазушының
психологиялық деталь ретінде «дерменені» ала отырып, кейіпкерлердің
жан-дүниесін ашу шеберлігіне тәнті боласыз. Төменде келтірілген
бір эпизодтан қиналған
қарттың жан әлеміндегі психологиялық астар мен
бет-әлпетіндегі өзгерістердің жымдасып жатқан себебін
түсінуге болады.
Себебі, «адамның ішкі-құпия сырын абайсызда алдыртып
қоятын сыртқы іс-әрекет, дене мен беттегі қимыл-қозғалыс
екендігін және адамның ерекше бір тебіреніс, толқу,
қуану мен қорқу, ашу мен шаттану т.б. толып жатқан
психологиялық сезімдік, эмоциональдық құбылыстар
барысында не дауыс ырғағы не бет пен денедегі тілсіз қимылды
сырттан қатаң бақылау арқылы танып білуге болады» [3,
179].
Шығармада «Қарттың ішкі дүниесі ду-ду етіп,
көмейі бүлк-бүлк ете түсті де, көз алды
бұлдырап кетті.
– Тек құрғыр, мұным не? Жас баладан жаман боп
көзіме жас алғаным
қай алжығаным бұл!?
Ол өзін ұстап, жанарында төңіректеген жасын
немересіне сездірмеуге тырысып, ширақ адыммен сыртқа беттей берді»
[4, 293], - делінген. Кейіпкердің көзінен оның
көңіл-күйі, қуаныш-реніші елес береді. А.Макаренко:
«Көз – адам жанының айнасы», - деп бекер айтпаған ғой.
Тоқсанбайдың жан дүниесіндегі күрделі
құбылыстарды жазушы психологиялық тұрғыдан
терең талдап, шебер бейнелейді. Әсіресе, кейіпкердің образын
ашуда басты рөл атқаратын ішкі монологқа, тебіреніс,
толғанысқа толы сезімдік айшықтарға көңіл
бөледі. Психологиялық сезімнің сыртқы көріністері
болып табылатын дене қимылдары, бет-жүзіндегі сезімдік құбылыстар, ишара, емеурін,
мимика, жест, ым, беттің қимылы, іс-әрекет,
қимыл-қозғалыс Д.Исабековтің кейіпкерлерінің
жан-әлемінен табылатын сезім иірімдерінің жиынтығы іспетті.
Сондай-ақ, адамның ішкі әлемінде сәт сайын
мың құбылып жататын психологиялық үрдістерді
ырықсыздық арқылы сыртқа сездіртетін көркемдік
тәсілдің элементтері – ишара, яғни, денедегі қимыл-қозғалыстар.
Осының өзі адам ойы мен іс-әрекетінің гармониялық
үйлесімділігін, Абай айтқандай, жан мен тәннің бірлігін
танытады.
Ж.Аймауытов «Психология» атты еңбегінде: «Кісінің
қылығын қимылына қарап сыйлаймыз, көзге көп
көрінетін қимыл – беттікі», - [5, 138] деген. Ал М.Жұмабаев:
«Адамның жан сыры дене арқылы, мимика арқылы сыртқа
білінеді ... Денеде жанға байлаулы жан көріністері қатты
әсер береді. Адамның көзқарасы, даусы, аяқ
басуынан жанның қандай
күйде екені көрініп-ақ тұрады», – деп атап
көрсеткен [6, 18]. Міне, осы тұлғаларымыз айтып кеткен
кемелді ой айшықтары бүгінде сөз болып отырған Д.Исабеков
шығармаларындағы психологизм тақырыбын объективті түрде
зерделеуге жол сілтегендей.
«Дермене» повесінде жоғарыда аталып өткендей адам жанының
тылсым сырларын айғақтайтын тәсіл – психологиялық
параллелизмді де ұшыратамыз. Тоқсанбай қарттың жан
күйініші немересінің қайғысымен астарласып жатыр. Ен
далада бастапқыда екеуден-екеу жатқанда қарттың ойы
өмірден қайтқан
жалғыз баласында болса, немересінің ойы да сол өзінің әкесінде
еді. Тек бірі еңкейген қарт болса, екіншісі – дүние есігін
енді ашқанда басынан ызғарлы жел есіп өткен буыны
бекімеген жас бала. Повесте бейнеленген
осы бір жан тебірентерлік
оқиғаның кейбір тұстарын жазушы
оқырманға психологиялық параллелизм әдісімен білдіреді.
Тоқсанбай қарт пен немересі Омашты кезіктіргеннен кейін онымен
бірігіп дермене жинауға кіріскен. Бастапқыда Омашқа берілген
портреттегі: «Түрі де түсіңе кірсе шошып оянатындай келбетсіз
екен. Аузына аттың тісін салдырып алған ба өзі, немене?», -
деген [4, 289] тұсты
оқыған кезде қарт пен балаға деген аяныш сезімінен
соң ақырын езу тартып күлгеніңді де байқамай
қаласың. Кейін Омаштың тәнінің
ұсқынсыз болуымен қатар жанының да арамдығына
көздері жетті. Омаштың түнделетіп өзгелердің
жинаған дерменелерін ұрлап, өздеріне қосып жүруі
Тоқсанбай қарттың жүрегін ауыртты. Біреудің
еңбегін жеуді күнә санаған қарт пен оның
немересін Омаш күшпен жұмыс істеуге көндіреді. Қашамын
деген немересі Омаштан таяқ та жеді. Омаштан қорлық
көрген күні Тоқсанбай қарт түс көреді.
Суреткер түс көру арқылы кейіпкерінің рухани
өмірінің ішкі иірімдерін, түрлі көңіл-күй
толқындарын, психологиялық жағдайын, түс көру
сәтіндегі жан азабын суреткерлік шеберлікпен бейнелеген. Автор
түстің символдық әрі өзіндік сипаты бар,
эстетикалық, көркемдік күш қуатын да өзіне
тән дара стилінің арқауы ете білген.
«Түсіне баласы еніпті. Қасында баяғы ауданнан келген
өкіл бар екен-ау дейді. Екеуі машинадан түсіп жатыр.
– Әй, жазғандар-ау,
атып алған киіктерің қайда? – дейді.
– Киік пе? Киік машинада. Ой, көп екен, көп аттық.
Машинаға сыймайды.
– Ойпырмай, сендерді
тракторға соғылды деді бағана біреу.
– Рас, рас, тракторға
соғылдық. Бірақ оның өзі мыж-мыж болды.
Әтеңе нәлет,
қазір қайта кетеміз.
– Көкем-ау, енді қашан келесің?
– Киікті тасып болмай, келмеймін.
Сізді ана дәу жігіт ренжітіп жүр ғой деймін?
– Е, жоқ, қалқам,
жоқ...
– Ренжітсе, маған айтыңыз. Мойнын жұмыртқадан
шыққан балапандай
жұлып алып, отқа лақтырып жіберейін.
Ол машинасына отырып қозғала бергенде, әлдеқайдан
Ергешбай сап етіп жетіп келіпті.
– Көке, көке, мені де ала кетші, мені де! – деп
айқайлайды. Әкесі ұлының сөзін естімей,
жүріп кетеді.
– Көке-е,
кө-ө-ке-е!
Ұлы әкесінің соңынан жүгіріп барады.
Тоқсанбай шошып оянды. Қасында немересі: «Көке», - деп
айқайлап жатыр екен.
– Құлыным-ау, не болды, не болды саған? Ергешбай
көзін ашып, атасын танымай қалғандай балпиып біраз жатты да:
– Ата, көкем келіп еді... кетіп қалды – деді. –
Жіберіңізші, жіберіңізші мені.
– Ұйықтай ғой, қарағым, түс
көргенсің ғой. Тынышталшы, аздап сабыр етші [4, 295].
Түс арқылы және психологиялық параллелизм
арқылы Тоқсанбай мен немересінің ортақ
қайғысының салмағы аңғартыла түскен.
Негізі, бір қарағанда, түс кейіпкер үшін
кездейсоқ құбылыс сияқты, ал, іс жүзінде ол
міндетті түрде шығарманың көркемдік жаратылысынан
табиғи түрде туындап, жасалған характерлердің ішкі
логикасымен, сюжеттік механизмімен, т.с.с. етене қабысып,
сабақтасып жатады. Түс шығарманың негізгі
ой-толғамын, мазмұнын тікелей немесе жанама түрде
айқындайды. Мұның өзі түс көру
тәсілінің әдебиеттегі өзге әдеби
құралдардан өзгешелігін, теңестіруге келмейтін
көркемдік көп қырлылығын танытады. Түстегі
өмір кәдімгі өмірді ығыстырып, оны жаңаша
түсініп, және жаңаша бағалауға мәжбүр
ететіндігі бұл тәсілдің адам тағдырын түбірінен
өзгертудің, кейіпкер психологиясын терең ашудың
таптырмайтын көркемдік кеңістігінің кілті екендігін
айғақтаса керек.
«Түс көру процесін бақылау мынаны көрсетеді, -
дейді белгілі ғалым – психотерапевт – В.Леви. – Ұйқыға
кеткен адам санасына алғаш ойлантып – толғантып жүрген
актуальды мәселе, жанын аяздай қарып жүрген жай оралады.
Мысалы, әлденені уайымдап мазасыз күйге түскен адам
көзі ілінісімен-ақ мазмұны өзі бастан кешкен
жайға жақын түстен бастырылығып оянады» [7, 115].
Түс көру тәсілін сан түрлі тұрғыда
құбылта отырып, жазушы әр алуан психологияны қалыпты
танытады. Әр түске көркемдік сынау жасап отыруға
құштар [8, 118].
Мәселен «Гауһартастағы» Қайыркеннің
түсі бозбала жігіттің жүрегіндегі үмітін
көрсетумен қатар Салтанаттың адамгершілік биіктігін
аңғартады.
«Түсінде бір қора қыздың ортасында жалғыз
өзім жүр екенмін-ау деймін. Қыздардың бәрі де
«Мың бір түндегідей» малына киінген, үрдей сұлу. Мен
олардың ортасында отырып ән айтамын, домбыра тартамын.
Әрқайсысымен кезек-кезек алтыбақан тебемін. Сөйтіп
жүріп осы қыздардың ішіндегі сұлуына ғашық
болыппын-ау деймін. Ол да мені құлай сүйеді. Ал,
қалған қыздар бізді көре алмай, теңізге
батырмақ болар. Екеуміз қайыққа мініп қашамыз.
Олар үлкен-үлкен Самұрыққа айналып қуады. Қасымдағы кыз ақ
шабаққа айналып, мен шортан боламын да, теңіз түбімен,
жүзіп отырып, белгісіз бір жағынан шығады екенбіз.
Жағаға жеткенше мен есімнен талып қаламын.
Қасымдағы қыз есімді жидырмақ болып, теңіз суынан
бүркеді. Селт етіп, көзімді ашамын» [4, 180].
Түс көрудегі психологиялық ахуал, эмоционалдық
сезім тасқыны, шындыққа жанаспайтын фантастикалық
көріністер, еске алу, елестету, т.б. жағдайлар кейіпкердің
психологиялық жағдайы нанымды бейнеленуінің көркемдік
тәсілі болып табылады. Бұл
түстегі кейіпкердің бастан кешкен жан азабы мен ауыр
психологиялық, физиологиялық сезінулері автордың түс
көру жағдайындағы рефлексиялық тәжірибемен
таныстығын аңдатады. Және мұндай түстердегі
психологиялық көріністердің адам жақындығы,
әрбір ұқсақ бөлшегіне, деталіне дейін
анықтығы, толыққандылығы, өте
нәзіктікпен нақышталуы, көркем шығармадағы өмір шындығымен
өзектес өрбуі оқырманды таң қалдырады. Жазушы
кейіпкерінің осынау ала құйын көңіл-күйін
бір жерге тұрақтай алмаған сан алуан сезім сергелдеңі
арқылы айшықтайды.
Демек, көркем әдебиет өмір материалын талғамсыз ала
бермейтіні секілді, адамның мұндай психологиялық күйін
де талғамсыз суреттелмеуі тиіс. Оған белгілі
көркемдік-эстетикалық, философиялық мағына
сыйғызылуы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі:
1. Шкловский В. Энергия заблуждения.
Москва, Советский писатель, 1981, -352 стр.
2. Майтанов Б. «Қаһарманның рухани әлемі». А., 1987.
232-б.
3. Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің
кейбір мәселелері. А., Алаш. 2003., Ізденіс өрнектері. Алматы,
2001, -221-б.
4. Исабеков Д. 2-томдық шығармалар
жинағы. –Алматы, «Жазушы», 1993.
5. Аймауытов Ж. Шығармалары. 1989, -415-бет
6. Жұмабаев М.
Шығармалары. Т.3. Алматы, 1996. 410-б. Педагогика.
7.
Леви В. Охота за мыслью. М., 1971.
С. 115.
8.
Рүстембекова Р. Қазiргi қазақ
әңгiмесi. А., 1988. -270-бет.