Б.Т.Сұрабалдиева, У.А.Архабаева

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

 

СЫНИ ТҰРҒЫДАН ОЙЛАУ МЕН ЖАЗУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ

 

Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Өйткені, мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Бұрын оқу үрдісінде мұғалім басты роль атқарған болса, қазір оқушының белсенділік көрсететін кезі туды. Сабақ мұғалімнің емес, оқушының іс-әрекетімен бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын технологиялар баршылық. Солардың бірі «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы». Бұл технология Қазақстанда 1997 жылдан бері таныла бастады. Технологияның негізін қалаушылар американдық ғалымдар Чарльз Темпл, Джон Дьюи, Мередит. Сын тұрғысынан ойлау – оқушылардың функционалды сауаттылығының негізін құрайтын жазу және оқу сауаттылықтармен қатар жаңа дидактикалық кезеңді – оқушылардың баяндау сауаттылығын қалыптастыру процесін ұйымдастыруда оқу мен жазуды дамыту технологиясы. Оқушыны мұғаліммен, сыныптастарымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, өзекті мәселені шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты жеңуге баулитын технология.

Бастауыш мектепттің 3-4 сыныптарында оқушылардың оқу және жазу қызметтері олардың баяндау қызметіне ұласады. Оқушының  миындағы талдағыштар логикалық ойлауға қайта бейімделеді, яғни әрбір әрекеттің келесі әрекетпен байланысы тұрақты қатысқа айналады.

Оқушыларды ауызша рефлексияны (баяндау сауаттылығын)меңгеруге үйрету барысында келесі кезеңдерді жүзеге асырамыз:

1 кезең – өзінің көңіл-күйін сипаттау;

2 кезең – өзі қол жеткізген табыстарды талқылау;

3 кезеңсыныптастармен бірге талқылау жұмыстары;

4 кезең – топпен жасалған жұмыстарды талдау.

1 кезең (эмоциональды көңіл күй рефлексиясы) – өзінің көңіл-күйін сипаттау: түрлі смайликтер, суреттер, музыкалық этюдтер, сигналдық карталарды пайдалану арқылы оқушылардың оқу материалын ырықты қабылдауын қамтамасыз етеміз.Ол үшін сынып оқушыларының бір-бірімен ортақ әңгімесі болуын қамтамасыз етеміз. Бұл кезде әңгімелесу, бір-бірінің көңіл күйін зерттеу арқылы өздерінің сабаққа дайындығын айқындайды.

2 кезеңде (әрекет ету рефлексиясы)үй тапсырмасын тексеру, жаңа материалды бекіту, жобаларды қорғау әрекеттері жүзеге асырылады. Бұл оқушыларға жұмыстың белсенді әдістерін анықтауға көмек береді, өзінің белсенді әрекеттері мен оның кемшілік тұстарын айқындай алады.

Ол үшін төмендегі біз ұсынған әдістер нәтижелі болады деп санаймыз:Табыс сатылары; Табыс ағашы; Вагондар; Таңбалар.

Осы кезең өтілген сабақтың қаншалықты меңгерілгендігін есепке алатындықтан оқушылармен «теги» бұлттарымен жұмыс жасауды үйреткен жөн.

3 кезеңде (оқу материалын талдау  рефлексиясы) –топпен пікір бөлісу, баяндау, интерактивті тақтада бірнеше слайдты көрсету арқылы дұрыс жауаптарды іздеуге үйретеміз, мысалы:бүгін мен білдім;қиын болды;мен осындай болатынын түсіндім;мен үйрендім;мен оны жасай, айта алар едім; маған осы мәселені басқаша жеткізген дұрыс еді; мені таңқалдырды.

Әрбір оқушы 1-2 жауапты таңдап, оларды неге таңдағанын түсіндіреді немесе қағазға түсіреді.

Сонымен бірге, «Акросөздік», «Үш М» тәсілдерін қолдануға болады, олар сабақтың кай кезеңінің ұнағанын көрсетеді және ұнаған оқиға мен кейіпкердің ерекше қасиеттерін сипаттауға бағыт береді.

4 кезеңде (топпен жасалынған жұмыстарды талдау рефлексиясы) - «Фишбоун»  тәсілін қолданған жөн, өйткені  мәтінмен  жұмыс жасауда негізгі мәселелермен қатар толықтырушы материалдарды ажырату үшін қолданылады. Оқушы сабақ мазмұнын баяндау барысында өз әрекетін жүйелі айтып бере алуға мүмкіндік алады.

Сонымен бірге топтық жұмыстарда ЖИГСО І, ЖИГСО ІІ әдістерін қолдануарқылы ауызша талдаудың әрбір оқушыға қатысты талдау рефлексиясын көрсету мүмкін болады. Ал «Екі қатарлы стол» тәсілі арқылы екі топтан тұратын(«ішкі» және «сыртқы» шеңберлер) топ мүшелері әр топтың пікірлерін талдап, өз пікірлерін баяндай алады.

 Қорыта айтқанда ,ойлаумен ұштастыра білім алуды бағыттайтын сонымен қатар функционалды сауаттылықты дамытатын оқыту технологиясы - оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту екендігіне көзіміз жетті. Өйткені белгілі тақырыптағы ойды сын тұрғысынан қарай отырып, ой-толғау, суреттей алу,еске түсіру, болжау оқушыны да жаңа бір әлемнің жаңалығын ашқандай қалыпқа жеткізеді. Әрі қарай ойын айтуға ынталандырады.

      Ендеше, жаңа технология ретінде ең озық әдістерді дер кезінде игеру, іздену арқылы бала бойына дарыту,одан өнімді нәтиже шығара білу-әрбір ұстаздың басты міндеті.

 

 Пайдаланған әдебиеттер:

1. Ташенова А Сын тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту  /Білім-Образование – 2006, № 6.

2. Выготский Л.С. Психология. – М., 2000.

3. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. 2012 ж.