ОҚЫТУ ПРОЦЕСІНДЕ  БАЛАНЫҢ  ТАНЫМДЫҚ  ІС- ӘРЕКЕТІН  ДАМЫТУ

 

                                                                                Дуйсебай Бакшагуль. магистр

                                                                 «Астана Медицина Университеті» АҚ

                   Астана қаласы

                             

 

Білім - объективтік дүниені бейнелейтін адам баласының мол тәжірибесі. Білім арқылы табиғаттың және қоғам құбылыстарының объективтік жақтарын зерттейді, түсінеді, ұғады. Ғылыми білім-қалыптасудың және дүниетанымның дамуының үлкен тірегі. Міне, осының нәтижесінде білім әр адамның көзқарасына, сеніміне айналады.

Дүниені диалектикалық, материалистік, атеистік тұрғыдан қараудың элементтері, ең алдымен, оқу процесінде қаланады. Қандай пән болмасын, оның оқу материалы дұрыс қойылса ғана, мазмұны балаға тәрбие берудің объективтік алғы шарты бола алады. Оқушыларға атеистік тәрбие беру құралдарының ішінде ұйымдастыру жолдары алуан түрлі сыныптан тыс жұмыстар ерекше орын алады: сұхбаттасу, кино, теледидарлық материалдар көру және талқылау, діни сенімдерге байланысты кештер, жиындар, пікірталастар өткізу, саяхаттар, түрлі үйірмелер т.б. Бірқатар балаларды діни салттар әуестендіру мүмкін.

Оқу процесі бірнеше; білімдендіру, дамыту, тәрбиелеу, ынталандыру және ұйымдастыру қызметтерін атқарады. Бұлардың бәрі кешенді іске қосылады, алайда, тәжірибелік іс-әрекетті дұрыс ұйымдастыру және оқу міндеттерін тиімді жоспарлау үшін олардың әрбірін өз алдына  қарастырған жөн.

Оқу процесінің білімдендіру қызметі ең алдымен білім, ептілік дағдыларды, шығармашылық  іс-әрекет тәжірибесін қалыптастыруға бағытталады.

Білім - бұл деректер, мәлімет, ұғымдар, ережелер, заңдар, теориялар, формулалар мен сипаттамаларды , т.с.с. түсіну, есте қалдырып, қажеттікке орай қайта жаңғырту.

Оқу барысында ғылыми білімдер тұлға меншігіне айналып оның тәжірибелік қорына енуі қажет. Бұл қызметтің іске асырылуынан білім толықтығы, жүйелілігі және саналылығы, оның бекімі мен әрекетшеңдігі қамтамасыз етіледі. Оқушы ғылым негіздері мен іс-әрекет түрлері бойынша мәліметтер жинақтайды, игерілген білімдерді саналы пайдалана білу негіздері қаланып, оларды тұрмыстық міндеттерді  шешуге қолдануға үйренеді.

Білімдендіру қызметі сонымен бірге оқушыға тек білім игертіп қана шектелмей, олардың ептіліктері мен дағлыларын қалыптастыруға арқау болады.

Ептіліктер - бұл адамның ережелерге сүйене отырып, қандай да нақты әрекеттерді орындау кабілеті. Дәлірек айтсақ, ептілік дегеніміз - білімді практикамен байланыстыра қолдану тәсілдерін, жолдарын меңгеру.

Дағды - бұл саналы іс-әрекеттің автоматтандырылған  бірлігі. Басқаша айтсақ, дағды - ойланбай орындалатын, жоғары дәрежеде жетілген ептілік. Ептілік жаттығулар нәтижесінде қалыптасады. Дағды қалануы үшін көп  рет қайталаулар қажет. Ептіліктер мен дағдылар жалпы оқулық және арнайы оқулық болып ажыратылады.

Арнайы оқу ептіліктері мен дағдылары нақты оқу пәні мен белгілі ғылым саласына байланысты қалыптастырылады. Мысалы, физика, химия пәндері бойынша - зертханалық тәжірибелер өткізу, заттай көрнекіліктер пайдалану, географиядан  картамен жұмыс, масштабты өлшемдер, компас не басқа да құралдарды қолдану, математикадан логарифмдік сызғышпен, есептеу машиналарымен, әрқилы модельдермен және т.б. жұмыс жасай білу ептіліктері мен дағдылары орнығады.

Арнайылардан тыс оқу процесінде оқушылар барша пәндерге қатысы бар жалпы оқу ептіліктері мен дағдыларын да игереді. Мысалы, оқу және жазу дағдылары, өзіндік таным жұмыстарын тиімді ұйымдастыру ептіліктері; оқулық,  анықтамалар, библиографиялық тізімдермен жұмыс.

Балаларда қабылдаудың дамуы түйсік, ойлау процестерінің дамуымен бірге жүріп отырады. Қабылдаудың дамуында тілдің шығуының маңызы зор. Өйткені қабылдаған нәрсенің аты-жөнін атап отыру — оның мағынасын ұғынуға жәрдем етеді. Мағынасын ұғыну арқылы ғана затты жақсы қабылдауға болады.

Төменгі сыныптарда оқитын балалардың қабылдауында мына төмендегідей ерекшеліктер болады. Олар әлде де болса құбылыстарды тұтас зат күйінде жөндеп қабылдай алмайды. Бала заттың көлденеңнен кезіккен жеке қасиеттері мен белгілерін ғана көреді, заттарды талдай қабылдау жағы да жетпей жатады. Мәселен, ол заттың өзіне ұнағанын, олардың көзге бірден көрінетін сыртқы белгілерін қабылдауға ұмтылады. Мұндай қабылдауда белсенділік жағы аз болады. Егер объектіні қабылдау қиынға соқса, бала оған қынжылмайды, екіншісіне ауысады, қабылдаған затының жеке бөліктерін тізбектей алғанмен, бірак онда жүйе болмайды. Мәселен, оқушы көбелектің құрылысын айтқан кезде: "Көбелектің қанаты ақ.. Қанатында дөңгелек қара нүкте бар. Көбелектің мұрты, көзі, құйрықшасы болады" деп жай тізбектейді де, оның негізгі ерекшеліктерін (түрі, түсі т. б.) айтуды естен шығарады. Кейде бала нәрсенің жеке жақтарын қабылдайды да, оның тұтас зат екенін ұмытады. Мәселен, оқушы ыдыстың суретін салғанда, тұтқасын шамадан тыс үлкейтіп жібереді, ал үйдің суретін салғанда есік, терезесі еденінен төбесіне дейінгі жерді алып жатады.

Үшінші сыныптан бастап балалардың қабылдау саласындағы осындай қателері азая бастайды. Оқушы заттың негізгі белгілерін байқай алатын болады. Қабылдауда анализ бен синтез қатар жүреді. Бала әр заттың өзіндік белгісін ұққысы келеді, оның мәніне, ішкі, сырткы құрылысына, жасалу принципіне зер сала бастайды.  Енді затты жан-жағынан байқап көргісі  келеді.  Заттарды дұрыс кабылдай алу, мәніне түсіну барлық пәндер бойынша бірдей болмайды. Мәселен, күнбе-күн өтілетін математика, ана тілі сабақтарына қарағанда сирек болатын ән-күй, сурет сабақтарынан бала қабылдауының даму дәрежесі әлдеқайда баяу болады.

Қабылдау процесінің күрделене түсуі балаларда байқай алу қабілетінің көрінуімен ұштасады. Байқаудың қарапайым элементі бірінші сынып оқушыларында да бар. Байқау — белсенді ой-әрекетінің балада дамып келе жатқандығының көрінісі.

Ал екінші сынып оқушыларында селсоқ қабылдаудан белсенді қабылдауға көшу, ұқсас заттарды іздестіру, дәлелдеме келтіру біршама жетіле түседі. Мұғалім баланың белсенді қабылдауының дами түсуіне дұрыс басшылық беруі тиіс. Мәселен, оқушыларға объектілерді бірден сомдап бермей, бөлшектеп берсе, олар байқау тапсырмасын онша қиналмай орындайтын болады.

Үшінші, төртінші сынып оқушылары объектінің түсіне, түріне, үлкен-кішілігіне де назар аудара алады, байқаудың мақсатын түсінеді, нәтижесін сөз арқылы тұжырымдап, бірнеше объектілерді қатарынан байқай алуға шамасы келеді, объектілердің бір-бірімен байланысын түсінуді ойлайды. Осы жастағы баланың байқауы да қабылдауы сияқты эмоциясымен, қызығуларымен қосарлана жүреді. Байқаудың белсенді жүріп отыруына сезім мен қызығу жақсы әсер етеді. Сондықтан да мұғалім байқау кезінде оқушылардың әрқайсысының белсенділігін қадағалап отырғаны абзал. Өйткені бала объектілерді қарауға селсоқ кірісетін болса, байқау дәрежесі өте төмен болады.

Мектепте жүретін барлық сабақтардың бала қабылдауын дамытудағы ерекше рөлін ескере келіп, әрбір мұғалім мына төмендегі шарттарды орындап отыруы тиіс:

1.Көрнекті құралдарды (модельдер, суреттер, коллекциялар) пайдалануда балалардың жас ерекшелігін мұқият ескерген жөн.

2.Оқушы байқаудың,  қабылдаудың мақсатын  айқын  ұғынып,     қабылданатын  заттар  мен құбылыстардың мәнісіне қалай да түсінгені мақұл.   Мәселен, бала әдебиеттегі көркем шығарманы қабылдағанда, оның мазмұнымен бірге басты кейіпкердің мінез-құлқына, мазмұндаудың тәртібін түсіне білмейінше, оны мағыналы түрде қабылдай    алмайды.

3.Қабылданатын заттар мен құбылыстарды   бір-бірімен   салыстыруға,   жаңа материалды оқушылардың бұрынғы білімдерімен үнемі байланыстырып отыруға, әр түрлі объектілердің жеке жақтары мен ұқсастықтарын ажыратуға көзделген басты мақсат пен жеке мәселелерді түсініп, айыра алуына қатты зер салу қажет.

4.Оқушылардың сабаққа белсенділігін арттыруда оқу материалының түрі, көлемі, ауыр-қиындығы еске алынып, бұларды қабылдауының сапалы болуы мұғалімнің дұрыс нұсқау бере білуіне де байланысты. Мәселен, сурет көрмесін көрген оқушыларға кейін ондағы нәрселерді қайтадан айтып беру міндеті қойылмаса, сол нәрседен санасында бұлдыр елес қана қалатын болады.

5.Оқушылардың байқағыштық қасиетін тәрбиелеу үнемі есте болғаны жөн. Қабылдау мен бақылаудың дәлдігін тәрбиелегенде баланың ауызша сөзіндегі немесе жазғандағы қателерін өзіне түзеттіріп, оны қайтадан дұрыс қабылдап үйренуге әдеттендіру қажет.

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі

1.    Давыдов А.,. Драгунов Т. «Педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясы» Алматы  1987 ж

2.    Жарықбаев Қ. «Жантану  негіздері» Алматы 2002 ж

3.    Зимняя И.А. «Педагогикалық психология» Алматы 2005 ж

4.    Мухина В.С.  «Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы» Алматы  1986 ж

5.      Бабанский Ю.К. Оптимизация процесса обучения. М., 1980

6.  Горшкова В.В. Активность личности школьника в совместной деятельности с учителем. Пособие по спецкурсу. Хабаровск, 1989

7. Коллективная учебно-познавательная деятельность школьников. /Под редакцией  И.В.Первина. М., 1985

 

 

Резюме

В статье рассматриваются аспекты познавательной деятельности учащихся, как развитие знаний, умение и навыков, оссобенности восприятия учащихся младщего звена6 повышение познавательной активности школьников и условия развития восприятия ребенка.

 

Resume

In  this article the development of  knowledge, skiils and condition of the development of childs perception were described.