З.С.Тоқбергенова, т.ғ.к., С.Қ.Әлімбаева,
социол.ғ.к.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
ҮШТІЛДІ БІЛІМ БЕРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Жаһандану
заманында елдер арасын жақындастыратын, жүздескенде ізгі ниетті,
жақсы ілтипатты жеткізетін тілдің орны бөлек екені белгілі.
Көп тілді білген елдің көсегесі көгереді дейді.
Әйтсе де, өз ұлтының, халқының,
мемлекетінің тілін жетік біле отырып, өркениет көшінің
алдыңғы сапында келе жатқан жұрттардың тілін де
білу керектігін заман талап етіп отырғаны анық.
Әлемде
қанша ұлт, нәсіл болса, соларды бір-бірінен даралап
тұратын басты бойтұмары – туған тілі. «Әр
халықтың ана тілі – білімнің кілті», - деп Ахмет
Жұбанов тілдің адамзат өміріндегі маңызын аша
түскен. «Адамзаттың Айтматовы» атанған, әлем
әдебиетіндегі көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың
мына бір пікірі: «Тіл – халықтың автопортреті. Әр тіл -
өз орнында ұлы, әр тіл - бүкіл адамзат қазынасының
ортақ палитрасындағы өз өрнегімен қымбат», - деп
ана тілінің ұлылығын дәлелдей түседі.
Сапалы,
толыққанды білім және кәсіби қабілеттерді арттыру
үшін ғылым мен техниканы игерген жөн. Бұл
мақсатта шетел тілін білу керек. Қазақстан
дүниежүзінің бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттері
қатарына енуді жоспарлап отыр. Және де әр
қазақстандық түлек бәсекеге қабілетті болуы
қажет. Демек, үштілділік әлемдік
қауымдастыққа ықпалдасу мүмкіндіктеріне жол ашады
Қазақ
тілі – Отанымыздың тілі, мемлекеттік тіліміз, біздің
патриоттығымыздың белгісі болса, ал ағылшын және орыс
тілдерін үйретудегі мақсатымыз XXI ғасырда өмір
сүріп жатқан балалардың ертеңгі күні еңбек
нарығындағы қажеттілігін қамдау үшін
болмақ. Қазіргі таңда рухани жетілген - озық ойлы, шығармашылық
әлеуеті жоғары, көптілде сөйлейтін тұлға
тәрбиелеу Қазақстан мемлекетінің білім беру
саясатының өзекті мәселесі.
Бүгінгі білім
беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді
меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған.
«Келешекке кемел біліммен», - деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаным
еткендей, келшекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім
кеңістігінің құпияларына үңіліп,
қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын,
жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген
құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты
мақсаттардың бірегейі болып отыр.
Үштілді оқыту – заман талабы.
Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың
бірі. Жоғары оқу орындарындағы үштілді білім
берудің жаңа үлгісін енгізу бағытындағы шаралар
Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында
нақты айшықталған.
Көптілді білім
беру бағдарламасы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында 2012
жылдан бері іске асырылып келеді.
Мақсатымыз,
оқу үдерісіне үш тілде оқытудың
инновациялық технологияларын енгізе отырып бәсекеге қабілетті
мамандар даярлауға бағытталған көптілді білім беруді
жүзеге асыру. Көптілді білім беру қағидаттары білім мен
ғылымның негізгі қағидаттарына сәйкес
студенттердің академиялық ұтқырлығының
жетістіктері мен оның халықаралық еңбек нарығындағы
тиімді бейімделуіне негізделе құрылады.
Осы
мақсаттарға жету үшін бірқатар міндеттерді жүзеге
асыруға кірістік. Атап айтқанда, оқу ордамызда көптілді
орта жасау, үш тілді оқытуды енгізу, ағылшын тілінде
оқулықтар, оқу құралдарын жазу, тілді
үйренудің деңгейлік моделін енгізу және білім беру
бағдарламаларының құзыреттілік-тілдік моделдерін
әзірлеу.
Институтта
үштілді білім беру бағдарламасын дамыту жұмыстары 2012-2013
оқу жылында бакалавриаттың 3 мамандықтары (тарих, математика,
информатика) бойынша оқытудан бастау алды.
ТарМПИ үштілді білім беруді оқу
ордадағы көптілділік ортаны құру және білім
алушылардың кәсіби біліктілігін дамытуға жағдай жасау
арқылы енгізіп отыр. Сондай-ақ, бұл қадамдар
ағылшын тілінде оқулықтар, оқу әдістемелік
құралдар және оқу бағдарламаларының тілдік
білім үлгісін дайындауды талап етеді. Оқу құралдарын
электрондық тасымалдаушы құрылғы
нұсқасын жасау да жоспарда
бар.
Ағылшын
тілінде оқытылатын пәнді түсінікті әрі
ұғынықты етіп жеткізе білу де өнер. Әрине, ХХІ
ғасыр - жаңа технологиялардың ғасыры. Барлық
сабақ үдерістерін технологиялардың қатысуынсыз елестету
қиын. Сондықтан, тілді оқытуда бірінші кезекте заманауи
құрал-жабдықтардың пайдаланылатындығын айтуымыз
керек. Институт тарапынан интерактивті тақта, интернетке
қосылған компьютер, дәрістерді тікелей тыңдауға
арналған арнайы алып монитор сияқты қажеттіліктердің
барлығы берілген. Бүгінгі таңда үш тілде оқыту
бағдарламасы техникалық тұрғыдан толық
қамтамасыз етілді.
Институт
басшылығы білім мазмұнын қамтамасыз етудегі
мүмкіншілігіне, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуге,
педагог кадрлардың сапалық құрамына және
материалдық-техникалық базасына ерекше көңіл
бөледі.
Оқу орнында
семинарлар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл
жиындарда оқытушылар ағылшын тілінде сабақты
ұйымдастыру, жас тәлімгерлер үшін қызықты етіп
өткізу жолдары сияқты сұрақтарға жауап тауып,
бір-бірімен тәжірибе алмасады. Сабақ үстінде туатын
мәселелерді анықтауды, оны шешу жолдарын табуды ақылдасады.
Сонымен бірге, педагогикалық тұрғыдағы идеялары мен
жобаларын ортаға салып, жетістіктерімен бөліседі.
Институт
профессор-оқытушылары Назарбаев зияткерлік мектептерінде, «Өрлеу»
біліктілікті арттыру ұлттық орталығында біліктілікті
арттырудың деңгейлік курстарынан өтуде.
Оқу
үдерісіне үштілді білім беруді енгізу арқылы шетелдің
белгілі ғалымдары, мамандарымен ғылыми және кәсіби
диалог орнатуға зор мүмкіндік туып отыр.
Көптілді білім
беруде алға қойған мақсатқа жету жолында,
атқарылған іс-шаралар негізінде көптеген нәтижеге
қол жеткіздік: көптілділік олимпиада жеңімпаздары,
түлектердің шетелде оқуы, ғылыми ізденіс жұмысы,
халықаралық интеллектуалды ойындарда жүлделі орындарға
ие болу.
Студенттердің
тілді меңгеруі өте күрделі мәселе. Өйткені
олардың қарым-қабілеті әртүрлі. Тілді
жоғары, орташа және төмен деңгейде меңгерулеріне
байланысты, төмен дәрежедегі топқа ағылшын тілін
басынан бастап қайта оқытуға тура келеді. Жастар ел келешегі
болғандықтан, олардың көп тілді меңгеруі
маңызды болып табылады. Бұл ретте оқытушылар аянып
қалмайды. Жаңа технологиялармен бірге бұрынғы
дәстүрлі әдістемелік құралдар да
қолданылады. Студенттердің қызығушылығын оята
алатын және тез қабылдай алатын жеңілдетілген
бағдарламалар пайдаланылады. Дегенмен, тілдің іргетасы мектеп
қабырғасында қаланады. Осы орайда, үштілділіктің
негізгі бастауы мектеп екенін естен шығармаған абзал. Ал,
біздің алдымызда ауыл мектептеріндегі ағылшын тілінде
оқытылатын пәндердің оқытылу деңгейін
жақсарту үшін педагогика мамандарының заманға сай
жаңа буынын даярлау міндеті тұр.
Көптілділік
бұл жалпы әлемдік тенденция. Елімізде жүзеге асуының
өзіндік ерекшелігі бар. Басымдық бағыт – мемлекеттік тілді
қолдана отырып, оның аясын кеңейту.
Ағылшын тілін
меңгерудің қажеттілігі ешкімге де күмән
туғызбайды. Әлемдік ғылым мен экономикада беделді
интеграцияның нақты
механизмдерін білу үшін ол бізге қажет.
Тілді
өркендету – баршаның ісі. Тіл – тек қарым-қатынас
құралы ғана емес, ұлтымыздың биік
тұғыры. Қоғамда үштұғырлы тіл
саясатын нығайту еліміздің негізгі басымдығы болып қала
береді.
Қорыта
айтқанда, біз үшін
үштілді білім беру олардың бір-бірімен
бәсекелестігінде емес,
олардың бірлікте болуымен
маңызды. Қазақстанда үштілді білім беру осы негізге
сай қарастырылған.