Сабақ үрдісінде диалогтік оқытудың маңыздылығы

Ниязмаганбетова С.Ж., Камбарова Р.Б.

Ақтөбе қаласындағы физика –математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі   Ақтөбе, Қазақстан.

saya7824@mail.ru

 «Диалогтік оқыту»  қазақ тілі пәнін оқыту үрдісінде  қолданылатын тиімді  әдіс болып табылады.  Диалог негізінде оқыту мен оқу оқушылардың бір-бірімен өзара пікір алмасуына, сұхбаттасуына, мәселені талдауда өз ойын айта білу дағдыларын меңгеруіне септігін тигізсе, ал мұғалім мен оқушы үшін шәкірттерінің өзіндік пікірін жүйелі  жеткізуге және дамытуға ұстаз тарапынан көмектесуі деп түсінеміз.  Оқушылар диалогқа түсу арқылы өздерінің көзқарастарын білдіріп, ортаға салуға машықтанады.  

 Диалогтік оқыту әдісін оқу үрдісінің әртүрлі кезеңдерінде қолдануға болады. Оларға пікірталас, мәселелік тапсырмалар, іскерлік ойындар,  тренингтер т.б жатқызуға болады. Бұл әдістер сыныптағы барлық оқушыларды әрекетке тартып, жұптық, топтық тапсырмаларды бірігіп орындауға, ұжымда жұмыс жасауға үйретіп, тілдік қарым-қатынас орнатуға ықпалын тигізеді.  Мәселен, қазақ тілі екінші тіл ретінде  оқытылатын            9-сыныптарда өтетін  «Қиял мен шындық» бөлімінде диалогтік оқыту әдісін тиімді қолдануға болады.  Сабақтың  тақырыбын болжауда  «Миға шабуыл» әдісі арқылы «Адам аспандағы бұлтқа қараса, түрлі пішіндерді елестете алады. Сіз бұлттардан не көре аласыз? Қиялға беріліп көрейік» деген сияқты тапсырмалар беріп, оқушыларға ой қозғау салынады. Оқушылар аспандағы бұлттардан түрлі пішіндерді елестетіп, қиялдай білді. Өз қиялдарынан туған түрлі пішіндерді әсерлі суреттеп, баяндап берді. Сондай-ақ сабаққа қызығушылықты оятуда суретпен байланыстырып «Сұрақ-жауап...» әдісін де пайдалануға болады. Оқушыларға келесі сұрақтар берілді:

1.             Суреттер  мен  қиялды  қалай  байланыстыруға болады?

2.             Қиял  дегенді қалай түсінесіздер?

3.             Қиялдың  адамға  берер  пайдасы  бар ма?

4.             Қиялды жүзеге  асыруға  бола ма?

5.              Қиял мен шындықтың  байланысы қандай?

Оқушылар қиял мен шындық сөздеріне ассоциация жасап, олардың ара жігін айырып, осы сөздерге анықтама бере білді. Олар осы сөздердің мәнін анықтауда талқылау жұмыстарын жүргізіп,  «қиял – шексіз, ол адамның әр нәрсені ойлап табуға бейімділігі»  десе, «арман-адамның болашақтағы қиялының іске асуы» деген тұжырымдама жасады. Армандай білсек, оған міндетті түрде қол жеткіземіз деген тоқтамға келіп, жақсы қиял ізгі адами қасиеттерден пайда болады деп шешті.  Ал шындықты кез-келген ақпараттың түпкi, бастапқы мәнi деп, екі анықтамаға да күнделікті өмірден  мысалдар келтірді. 

Оқушылардың «Қиял мен шындық»  бөлімі бойынша бастапқы сабақтарда түсінігі қиын сөздердің мағынасын анықтауда «Домино» ойыны  жүргізілді.

Фантазия

ойды елестете білуге қабілеттілік, қиял

Ғалам

бүкіл жер жүзі, әлем

Ғаламат

таң қаларлық, ғажайып

Қиял

фантастикалық ой, арман

Шындық

кез-келген ақпараттың түпкi, бастапқы мәнi

Арман

адамның болашақтағы қиялының іске асуы

 

Оқушылар топта сөздердің анықтамасын іздестіріп, мағынасын анықтауға талпынды және бұл тірек сөздер мен ұғымдарды алдағы сабақтарында орынды қолдана білді.

 «Қиял мен шындық» бөлімі бойынша  сабақта қолданылған «Кейіпкерді тану картасы»   оқушылардың тілдік дағыларын дамытуға тиімді әсер еткен  әдістердің  бірі болды. «Кейіпкерді тану картасы»   бойынша оқушылар келесі сұрақтарды ұжымда талқылап,  жеке жауап жазды.  Оқушыларға берілген сұрақтар: Бұл  шығарма қалай  аталады? Басты  кейіпкер  жайлы  не  айта  аласыз? Кейіпкердің  көңіл-күйі қалай суреттелген? Кейіпкер суреттеген  болашаққа қиялдай отырып сапар шегіп көріңіз. Тапсырмалар жеңілден күрделіге қарай құрылған. Алдымен қарапайым сұрақтар беріліп, төменгі деңгей ретінде мәтіннің мазмұнын қабылдау мен танудан бастап сұрақтар анағұрлым күрделеніп, шығармашылық тапсырмаға ұласты. Оқушылар ұжымда сұрақтарды талқылау барысында пікір алмасып, бір-бірінің көзқарастарын есепке ала отырып, ой қорытты  және диалог барысында сөздік қорларын молайтты. Бұл өз кезегінде ойларын қағазға түсіруде жазба жұмыстарының сапалы болуына ықпал етті. Ойы, сөздік қоры шектеулі оқушылар да өзара талқылаудан кейін кейіпкер атынан болашаққа көз жүгіртіп, өз ойларын әсерлі жеткізе білді.

Бұл бөлімнің  үшінші сабағында оқушылар постер құрастырып, оны қорғау арқылы  диалогтік қарым-қатынасқа тартылды. Оқушылар топта мәселеге қатысты  тақырыпты жан-жақты талқылады, байқағанымыз топтағы деңгейі орташа оқушы да топтық тапсырма барысында өз үлесін қосты. Өзара оқыту арқылы дарынды балалар өз  сыныптастарына қол ұшын берді. Ал постерді қорғауда сөйлеушілер аудитория алдында сөйлеу мәдениетін сақтауға, әрбір сөзін түсінікті етіп, мәнерімен сөйлеуге тырысты, өз ойларын ашық, еркін жеткізуге талпынды.  Тыңдаушылар айтуға мүмкіндік беру,  жақсы тыңдаушы бола білу мен шыдамдылық таныту керектігі жайында түсініп, қарсы топтың идеясын мұқият тыңдап, сұрақтар қоюға дайындалды. Қойылған сұрақтар да ой қозғауға жетелейтін, күрделі сұрақтар болды. Жауап беруші топтағы бұрын «иә» немесе «жоқ» деп жауап беретін оқушылардың көзқарастары әлдеқайда тереңде жатқаны байқалды, олар диалогтік қарым-қатынасқа түсу арқылы сөздік қорларын молайтып, өз ойларын еркін жеткізе білетін дәрежеге жетті.

Сұрақтарға қоя білу мен оған жауап беру арқылы оқушылар мынадай дағдыларды меңгерді:

   тақырып бойынша және сындарлы сөйлеуге ынталанды.

  оқушылардың шынайы қызығушылығы анықталды.

  оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауына ықпал етті.

  оқушылардың бір-бірінен үйренуіне, басқа оқушылардың идеяларын құрметтеуіне және бағалауына әсерін тигізді.

  әңгімелесу мен ой елегінен өткізу көмегімен ойын жинақтауға көмек берді.

 «Қиял мен шындық» бөлімі бойынша соңғы сабақта оқушылар болжау әдісі арқылы мәтінді меңгерді. Болжау әдісі орыс сыныптары үшін  оқылым дағдысын меңгеруде  ең маңызды стратегияларының бірі болып табылады.  Бұл әдіс  оқылым дағдысының қиындығын оқушының сезінбей игеруіне көмектеседі және жаппай сынып болып білім алуды ұйымдастырады. Оқушыларға мәтіннің мазмұнына болжау жасатқанда оны дәл табуы міндетті емес. Олар тақырып аясында түрлі болжамдар айтып нақты жауап тапқанға дейін бұрынғы білімдерін жаңғыртады, сөздік қорларын молайтып, қиялдарын ұштайды. Болжау әдісі мәтінді бөліктерге бөліп, оқушыларға «Не  болады  деп  ойлайсыз?», «Оған  қандай  дәлеліңіз  бар?», «Шын  мәнінде  не  болды?» сұрақтарын қою арқылы жүзеге асырылды. Бұл әдісті таңдаудағы  мақсат - оқушылардың  ой белсенділіктерінің дамуына ықпал ету, оқушыларды екі жақты диалогқа түсіру. Нәтижесінде  оқушылар мәтіннің оқиғасын  қызығушылықпен  ойлап тауып, жалғастырып отырды. Тіпті сабақта көп сөйлемейтін оқушылардың өзі жоғары белсенділік танытып, талқылау жұмысына қызу кірісіп кетті және өздерінің белсенділіктерінің артқанын байқамай да қалды.

Сонымен қатар, бұл бөлім бойынша «Синквейн әдісі» сабақтың рефлексия сатысында қолданылды.

Бүгінгі таңдағы тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі біз тәрбиелеп отырған жас ұрпақтың меңгерген біліміне, алған тәжірибесін өмірде пайдалана алуына  байланысты екеніне еш күмәніміз жоқ. Оқушылардың танымдық көзқарасын байыту, ақыл-ой қабілетін жетілдіру, өзіндік ойлау және өмірлік ұстанымын қалыптастыру мұғалімнің шеберлігіне, шығармашылық қабілетіне байланысты. Диалогтік оқыту әдісін оқыту үдерісінде қолдану арқылы төмендегідей нәтижеге қол жеткізуге болады деген ойдамыз:

- оқушының  белсенділігі  артады;

-шығармашылық  қабілеті  дамиды;
-диалогқа түсу арқылы өз ойын еркін жеткізе білуге үйренеді;

-сөзді қоры молаяды.

Коммуникативтік құзыреттілікті дамытуда диалогтік оқыту - оқу үрдісіндегі қарым-қатынаста алдыңғы орын алады. Ол оқытудың негізгі мақсаттарына жетуде маңызды құрал деп санаймыз.

Қорыта келе, жоғарыда сөз болған диалогтік оқыту әдістерінің   барлығы дерлік оқушының өз бетімен іздену жұмыстарын жүргізуіне, мәселелік жағдаяттарды шешуіне бағытталған еркін пікір алмасуды көздейтін диалогқа құрылған әдістер.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Имангалиева Г. Типология диалога: Дисс.: канд. филол. наук: 10.01.01. – Алматы, 1999. – 121 с.

2.Колеченко А.К. Энциклопедия педагогических технологий: Пособие для преподавателей. [Мұғалімдерге арналған құрал: педагогикалық технологиялар энциклопедиясы] — СПб.: КАРО, 2002.— 368 с.

3. Селевко Г.К. Современные образовательные технологии. М, 1998