Суинбаева М.Г., Хасанова М.К.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

АҒЫЛШЫН ТІЛІ САБАҒЫНДА ОЙЫН ӘДІСІ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ   КОМММУНИКАТИВТІК  БІЛІКТІЛІГІН  ДАМЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ  НЕГІЗДЕРІ

 

Еліміздің   тәуелсіздік  алып, дербес  мемлекет  болып, нарықтық  қатынастар  заңымен  өмір  сүруге  бет  бұрып, шет  елдік мемлекеттермен  терезесі  теңесіп  тұрған  кезеңінде, білім  беру  жүйесі  де  өз  алдына  бөлек дамып, күрделене  түсуде. Бұл  өз  кезегінде қазіргі  таңдағы  педагогика  саласындағы  оқу  үрдісінің  басты  мақсаттары  мен  міндеттерінің  жоғары  деңгейде  қойылуына өз  әсерін  тигізуде. Білім  беру  жүйесінде  білім  алушылардың  білім сапасын  арттыру  мәселесінде  ғылым  мен  тәжірибенің бір-бірімен  өзара  байланысқан, көптен  қалыптасып  келе  жатқан  қарама-қайшылықтарын  шешу  басты  мәселелердің  бірі  болып  табылады. Сол  мәселелердің  ішіндегі  ең  бастысы  оқыту  үрдісіндегі  оқытудың  әдістері  мен  формаларының  мазмұнының  сәйкес  келмеуі. Осы  орайда, әлі  де  жаңа  инновацияның  бірі  болып  табылатын, өте  қызықты  және  алдынан  үміт   күттіретін  оқыту  әдісінің  бір  түрі-ойын  арқылы  оқыту  әдісі.

Бұл  бөлімнің  «Ойын  категориясына  ғылыми  көзқарастар  мен  ой-тұжырымдар»атты  тарауында ойын  жөнінде  айтылған көптеген  философиялық  көзқарастар  әлем  мәдениетімен  тығыз  байланысты екендігі көптеген зерттеушілердің  еңбектерінде кездесетіндігі  айтылады. Айталық,  ерте  замандардағы  эллиндік  және  римдік  халықтар  ойынды  балаларды  тәрбиелеу  құралы  етіп,  жауынгер  ұландарды  дайындау  мақсатында  қолданған. Ойындар  арқылы  жас  ұрпаққа  соғыс  өнерін  үйретіп, мәдениет  пен  сөз  өнерін  дарытқан. Ойындардың  жастарды  тәрбиелеу  мүмкіншіліктерінің зор екендігіне  жете   мән  берген.

  ХVII-XX  ғасырларда  ойын  әрекетін  түсіндіруде  жаңа  көзқарастар, пайымдаулар  орнығып, төмендегідей ғалымдар ойын  әрекетінің  философиялық  негіздерін  ғылыми  тұрғыдан  қарастырды,олар: Г. Гегель, В. Вундт, Ф. Шиллер, К. Бюлер, В. Фриге, К.Гросс, Г. Спенсер, И. Хейзинга, И. Кант, Г.М. Мейес, В.М. Демин, М.А. Каган, т.б. ғалымдар ойын  теориясының  қалыптасуы  мен  дамуын,  ойын  іс-әрекетінің  әлеуметтік  жақтарын  анықтап,  оның  баланың  қиялы  мен  ойлау  қабілетіне  оң  әсер  ететінін  анықтаған.   

  Ойын – күрделі биологиялық, психологиялық, педагогикалық ұғым.
Психология  тұрғысынан ойынды  зерттеуге  Л.С.Выготский,   С.Л.Рубинштейн, Д.Б.Эльконин,  Б.Г.Ананьев, А.Н.Леонтьев секілді ғалымдар ат салысты. С.Л.Рубинштейннің  психологиялық көзқарасы бойынша «ойын негізінде адамның барлық психикалық қабілеттері қалыптасады, баланы ересек өмірге дайындайды. Ойын арқылы баланың қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауына  мүмкіндік  туады.

  Ойын - адам  іс-әрекетінің  негізгі  түрінің  бірі. Ол  адам  іс-әрекет  жүйесінің  негізгі  құрамдық  бөлігіне  кіреді. Ойын  іс-әрекетінсіз  адамдардың, қоғамның,  жеке  адамның  дамуы  мүмкін  емес. Қоғамдағы  ойын  іс-әрекетінің  обьективті  маңыздылығын  білімді, шеберлікті,  дағдыны  қалыптастыру  бағытынан  көрінеді.

  Бұл  туралы  орыс  педагогы  А. Макаренконың  айтылған  сөздері  орынды:  «Оқушы  өмірінде  ойының  маңызы  зор, ересек  адам  үшін  еңбектің, жұмыстың, қызметтің  қандай  маңызы  болса,  нақ  сондай  маңызы  бар. Жеке  адам  ойында  қандай  болса, өскесін  жұмыста  да  көп  жағынан  сондай  болады. Сондықтан  келешек  қайраткерді  тәрбиелеу  алдымен  ойында  басталады. Ойын  оқушылар  үшін - айналадағыны  танып-білу  тәсілі» - деп  тұжырымдайды.

Сонымен  қатар, ойын әрекетінің  теориясы мен практикасын отандық және шетелдік педагогтар, психологтар, социологтар  зерттеуде. Мысалы: Иохан Хейзинганың "Ойыншы адам" , Д.Б. Элькониннің "Ойын психологиясы", Эрик Берннің "Адамдар ойнайтын ойындар" атты еңбектері жазылды. Ойын теориясынзерттеуші Ресей ғалымдары А.В. Вербицкий , И.П. Пидкасистый , қазақстандық  ғалымдар қатарында Н.К. Ахметов, Ж.С. Хайдаров, т.б.

Педагогикалық үрдісті жетілдіруде ойынның маңыздылығын  қазақстандық ғалым  Н.Құлжанова  да зерттеп, «ойын бала үшін еліктеу, инстинкт, күнделікті басты  әрекет және оның жеке өмірі болып  табылады»  деп  дәлелдеген.

Н. Құлжанованың айтуы бойынша ойын әрекетіндегі басты  педагогикалық  мақсаттары – баланың  алдағы  өміріне  түзу  жол  салу, үлкендерге  еліктеуі  және  өмірдің  талаптарына  сай  бейімделуі ойынды  әдептілік, тәрбиелік мақсатта пайдалануды  көздейді. Осы  тұста ғалым бала ойын әрекетінде ғана тынығып, жұмыс жасап, өсіп жетіледі, оның ойлау қабілеті жетіліп, қарым-қатынас жасау мүмкіндігі артады деген  пікірді  білдірген.

М. Жұмабаев  «Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе»  - деп  атап көрсетсе, ал, шетелдік  ғалым  Ж. Пиаже «ойын-баланың рухани дамуының негізі» - деген, сонымен  қатар, К. Левин, Л.С. Выготский, Д.Б. Эльконин сияқты  ғалымдар  да  өз еңбектерінде ойын  әрекетінің  оқу үрдісінде  маңызды  құрал  болып  табылатындығын  атап көрсеткен.

Бірінші  бөлімнің «Ойын  түрлерінің  әдістемелік  топтастыру  жолдары» деп  аталатын  екінші  тарауында  ойын  түрлерінің  классификациялануы  қарастырылады. Қазіргі  уақыттағы  ғылыми  түсінік  бойынша  ойындарды  халықтық, спорттық, кәсіптік  немесе  іскер, стратегиялық, дидактикалық, коммуникативті  деп  классификациялайды. Ойындарды   классификациялау  оқыту   ойындары  теориясының  ең  маңызды  мәселесі  болып  табылады. Ойындарды  классификациялауға  әр  түрлі  жағынан  келген  зерттеу  нәтижелері  бар. Солардың  кейбіреулеріне  тоқтала  кетсек.

А.А.Выготский  ойындардың   үш  негізі  топтарын: драмалық, спорттық, өрнектік  деп  көрсетеді.

Г.А. Агапова  ойындарды  құрылыстық, жобалау, еңбек, дидактикалық, танымдық, ақыл-ойға, музыкаға  байланысты  ойындар, ритмикалық  ойын  жаттығулары, ойын  сабақтары, жаттығу  ойындары, қалжыңдар, ойын  көңіл  көтерулер, қозғалмалы  ойындар, спорттық ойындар  деп бөледі.

П.И. Пидкасистый - табиғи  және  жасанды  ойындарды  әрі  қарай  классификациялай  келе  ойындардың  төрт  тобын  жинақтайды:

а) мазмұны  бойынша: шығармашылық  ойындар, білімді   үйрену  жаңа  тәжірибелер  мен  әдістерді  қалыпсыз  іс-әрекетке  қолдану, зерттеушілікке  байланысты   ізденіс  елестету  және  ізденіспен  байланысты;

ә) түрі  бойынша: сюжетті, ролдік, орталықтанған, ақыл-ойды  қажет  ететін, компьютерлік;

б) ойынға  қатынасушылардың  ұйымдастыру  формасына  байланысты: жеке, екі  адамдық, топтық, көпшілік;

в) әсер  ету  орнына  байланысты: ойын  алаңындағы, столдағы, эстрадалы, сценадағы, залдағы, үйдегі  ойындар т.б.

Н.К.Ахметов жалпы  ойындарды табиғи  және  жасанды  ойындар  деп  бөледі. Соның  ішіндегі  жасанды  ойындар: академиялық (оқыту), академиялық  емес (спорттық)  деп  топтай  келе, академиялық  ойындарды: оқу  ойындары, имитациялық  оқу  ойындары  деп  классификациялайды.

Ұлы  педағогтар, ғалымдар, әдіскерлердің  еңбектерінде  ойын  әдісі

Мынадай  түрде  классификацияланады: дидактикалық; грамматикалық; лексикалық; фонетикалық; рольдік; іскерлік;

Біздің  ойымызша  берілген  классификацияға  коммуникативті  біліктілікті  дамыту  ойындары  түрін  қосуға  әбден  болады, олай  дейтініміз қазіргі  кезде  қоғам  талабына  сай, шетел  тілдерін  оқытуда  қойылып  жүрген  ортақ  міндет - тілді  коммуникативті  бағытта  оқыту, ондағы  мақсат - оқушыларды  қарапайым  болса  да  өз  ойларын  еркін  жеткізумен  шектелмей,  өзара  тіл  табысып, пікір  алысуға  үйрету, себебі  жалпыға  білім беретін  орта  мектепте  берілетін  бүкіл  білімнің  негізгі  мақсаты - оқушының  шетел  тілінде  сөйлеу  қабілетін  дамыту.

«Коммуникативтік біліктілік пен коммуникативтік әдісінің негіздері»атты  үшінші  тарауда  қазіргі  кездегі шет  тілін   оқыту  үрдісінде  кеңінен  қолданылып  жүргенкоммуникативті  әдіс  пен  коммуникативті  біліктілік  ұғымдарына  түсінік  берілген.

Коммуникативтік әдіс – оқушы мен мұғалімнің тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатыны, белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларға тән басты белгілер мен қағидалардың басты жүйесінен тұратын, тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілдік қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі.

Шетел  тілін  оқытуда  оқушылардың  коммуникативтік  біліктілігін  қалыптастыру  бүгінгі  күнде  ең  маңызды мәселенің  біріне  айналуда. Шетел  тілінде  сөз  әрекетінің  жоғары  деңгейде болуы  коммуникативтік  біліктілік  элементтерінің  оқушылардың  бойында  толық  қалыптасуынан  көрініс  табады. Олар: коммуникативтік  білім, коммуникативтік  дағды, коммуникативтік  іскерлік. Осы  элементтерді  шетел  тілдерін  оқып  үйренудің  бастапқы  деңгейінде  сөз  әрекетінде  қалыптастыра  білуіміз  қажет. 

Бұл  ұғымға  анықтама  беретін  болсақ  коммуникативтік  біліктілік  дегеніміз  шетел  тілінің  грамматикалық  құрылымы  мен  тілдік  бірліктердің  қызметін  толық  білетін, яғни  лингвистикалық  білімі  сөз  әрекетінен  сөйлеу  түрі  жоғары  деңгейде   көрінетін, шетел  тілінде  еркін қарым-қатынас  жасай  алатын адамның   тілге деген   қабілеттілігі деп  көптеген  әдістемелік  әдебиеттерде  көрсетілген.  Коммуникативтік  біліктілік  белгілі  бір  тілдік  ортада  немесе  арнайы  ұйымдастырылған  оқу  үдерісінде  қалыптасатындығы  қазіргі  таңда  жиі  айтылып  жүр.

Оқушы  оқу  үрдісіндегі  басты  субьект, ал  мұғалім  шетел  тілінде  қарым-қатынас  жасаудағы  көмекшісі  және  ұйымдастырушысы   болып  табылады. Шетел  тілі  пәнін  оқудағы  басты  әрекет  оқушының  сыртқы  және  ішкі  белсенділігінен  танылады. Шетел  тілін оқытуда  коммуникативті  бағдарлы  әрекетті  қарастыра  отырып, әдіскер  Р. Мильурд  мынандай  тұжырымды  көрсетеді, яғни  әдістемелік  тәсіл  көмегімен  коммуникативтік  ойын  еркін  қатынас негізінде  қарастырылады. Бұл  жағдайда  тапсырма  түрлері  мынандай болуы  мүмкін: коммуникативті  ойын; коммуникативті  имитация; еркін  қарым-қатынас .

Оқушының  коммуникативтік  қабілетін  дамытуда  оқыту: оқу, сөйлеу, тыңдау, жазу-ауызша  өзара  қатынас, жазбаша  өзара  қатынас  бір  уақытта  дамиды;  оқытудың  бұл  төрт  түрі  де  сөйлесушілердің  бір-бірін  түсінуін  қамтамасыз  етеді.

Оқу  үрдісі  негізінде  коммуникативтік  қабілетін  дамытуда  ойын  элементтерін  пайдаланып, топпен  және  жеке  немесе  жұппен  жұмыс  істеу  арқылы  оқушының  жеке тұлға  ретінде  ерекшеліктерін  анықтау, зейінділігін  қадағалау, өз  білім  деңгейіне  өзі  баға  беруіне  көмектеседі.

 

 Әдебиет:

1.       Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан  халқына Елбасының  жолдауы. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» - 2007. - 28 – ақпан

2.         Құлжанова.Н. Ойын  мақсатын талдау  және  ойын  мәні// Қазақстан  мектебі. - 2001. - №1.б.74.

3.       Пидкасистый  П.И., Ахметов Н.К., Хайдаров  Ж.С. По  фундаментальным  дисциплинам. // Вестник  высшей  школы: - 1985. Т. 7. С.420

4.       Ахметов Н. К., Хайдаров  Н. Ж. Игра  как  процесс  обучения. – Алма – Ата. Знание. 1985. 48 с.

5.       Қасенова. Д. А. Шетел  тілін  оқыту  әдістемесінде  коммуникативтік  біліктілікті  қалыптастырудың  артықшылықтары  мен  принциптері. Республикалық  әдістемелік-педагогикалық  журнал  «Мектептегі  шет  тілі»- №1/ 2010.