Педагогика

Нурпейсов М.К.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

БАСТАУЫШ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ ПРОЦЕСТЕРІН ДАМЫТУДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІН ҰЙЫМДАСТЫРУ

Бастауыш мектеп жасы кезеңі – бұл бала өміріндегі көбіне тұлғалық және ағзаның дамуын анықтайтын бірден бір маңызды кезеңдерінің бірі. Бұл жастағы балалардың маңызды ерекшеліктері, олардың қоршаған өмірге адамдарға, оқиғаларға деген айнымас қызығушы-лығы болып табылады. Бастауыш сынып оқушылары оқуда, ойындағы іс-әрекеттерде негізгі әдептілік ережелерді біліп, орындай алады. Олар өз жүріс-тұрыстарын анықталған өлшемде басқаруға қабілетті, үлкендердің талабын орындайды. Олар өте үлкен қызығушылықпен түрлі ойындарға қатысып, тек жақсы таныс адамдармен ғана жақсы үйреніп қана қоймай, таныс емес ортада да тез үйреніп кетеді.

Қазақстан Республикасында 12 жылдық орта білімге өту барысында бастауыш мектепке 6 жастан бастап қабылдау тәртібі міндеттелді. 6 жасар балаларда орын алған акселерация-лық өзгерістерге жаңа ғылыми негіздеме беру, сол арқылы танымдық процестерінің дамуына арналған зерттеулерге салыстырмалы талдау жасау, олардың нәтижелерін оқу-танымдық процестерге енгізу мәселелері  өзекті бодып тұр. Бастауыш сыныптарда балалар қоршаған әлем пәндерін жеткілікті игереді, жаңа білімге үлкен қызығушылығын білдіреді, жаңа ақпараттарды жақсы түсінеді. Олардың ойлау іс-әрекеттерінің даму дәрежесі мектептегі оқытуға мүмкіндік береді.

Кіші мектеп жасындағы балаларда көбіне көрнекі-бейнелік және көрнекі-әрекет ойлау басымдылық танытады. Балалардың көру кеңістікті қабылдауының дамуы жеткілікті түрде жоғары дәрежеде болады.

Педагог-психолог ғалымдардың қорытындыларының нәтижесінде балаларды оқыту өте ерте жастан қабілетті екенін негіздей отырып, логикалық ойлауы пәндік-тәжірибелік әрекет-тің нәтижесінде байқалады. Онда балалардың физиологиялық және рухани дамуы, өзіндік көрсетуі белсенді түрде атқарылады.

6 жасар баланың әлеуметтік дайындығы және ақыл-есі мен сензитивті дамуының өте сәтті кезеңі болып табылады. Сондықтан осы кезеңнің маңыздылығын есепке алып, оның әрі қарай анық қалыптасуына себепші болуымыз керек деген пікір қалыптасып отыр [2-3б]. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Әйтпесе бұл жасқа сәйкес адамгершілік, ақыл азығын, яғни үлкендердің қарауынсыз қалған балада толық мәнде оның біліктілігі осы жастан бастап тыс қалуы мүмкін. Ұйымдастырылған жүйелі оқыту мен тәрбиелеу бала дамуының мақсатқа бағытталған шарты мен маңызды формасы болып табылады.

Бастауыш сыныпта оқыту, бұл білім берудің ең шешуші, маңызды мектеп өмірінде жауапты кезеңі. Баланың ақыл-есінің дамуына едәуір ықпал ету нақты жалпы даму кезеңінде 6 жастағы баланы дамыту міндеттеледі. Бұл міндетті орындау үшін тек ақыл-ойының дамуы ғана емес, сонымен қатар оқытуды ерекше ұйымдастыру және дамудың жақын аймағын, яғни бала өз іс-әрекетін мұғалімнің көмегімен жүзеге асыру ескеріледі.

Бірінші сыныпта баланы оқытуға психологиялық даярлаудың алғашқы кезеңі – бұл таным процестерінің дәрежесі, яғни мектеп тәртібінің жаңа шартына ойдағыдай өтуін қамтамасыз ету. Мұнда жалпы сөйлеуінің, есте сақтауының, қабылдауының, ойлауының  даму дәрежесін айтады. 6 жастағы бала толық таным процестерін игереді, қоршаған ортаны қабылдай алады, болып жатқан құбылыстарды толық танып, ой елегінен өткізе алатындай дәрежеге жетеді. Сонымен қатар, көрнекі-бейнелік, көркемдік шығармаларды, эстетикалық шығармаларды толық қабылдай алады. Бұл жаста көркем шығармашылықты эстетикалық қабылдауы да ерекше дами түседі. Мәселен, музыкалық шығармалар мен бейнелерді және  суреттерді қабылдай отыра, оның қыр-сырын баяндап беруге мүмкіндігі зор. Егер балаға сурет бойынша әңгіме айтып беруін сұрасақ, бала сөз ұйқастарымен келістірмей айтқанымен, негізгі сюжеттің мән-мағынасын, қимыл-әрекетін, басты субъектерді атауы маңыздырақ. Бұл мұғалімнің баланың жеке тұлғасы-ның дамуына әсер ететін эстетикалық шығармаларды қолдануына мүмкіндік береді. Ойлауының дамуы зейін мен есте сақтаудың ерекшеліктері-мен тығыз байланысты. Осыған орай 6 жастағы бала оған не қызықты соған көбірек назарын аударады, осы кезден бастап мақсат қоюға, тапсырмаларды үнемі қайталауға бағыт беріп отыру қажет, сонда ғана оның сөздік есте сақтау қорының дамуы көріне бастайды.

Бұл сатылық кезеңде оқуға баланың психологиялық даярлығының дамуы танымдық іс-әрекеттің жеткілікті дамуымен ерекшеленеді. Бұған өзін-өзі бағалауы, өзін-өзі басқара алу қабілеті, іс-әрекетке сәйкес орындаудың тәсілдерін, оқу мақсатының мәнін түсіну жатады.

Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа  рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды тәрбиелеу мен қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек.

Таным процестері (қабылдау, зейін, есте сақтау мен ойлау, интеллектуалдық даму) оқушының қоршаған орта, өзі және басқа адамдарды тануға мүмкіншілік береді. Таным процестері баланың белсенді оқу-танымдық іс-әрекеті барысында дамиды және тереңдей түседі. Бастауыш мектептегі әр баланың психофизиологиялық дамуы біртекті дамымайтыннын ескеру қажет. Тіпті қыздар мен ұлдардың дамуында да әртүрлі өзіндік ерекшеліктер бар, қыз балалар ұлдарға қарағанда тез дамиды. Кейбір ғалымдардың пікірінше бір сыныпта, бір партада отырған балалардың өзі бірдей дамымайды деген пікір айтады, бұл қыз балалардың ұл балаларға қарағанда 0,5-1 жыл алда болуы деген пікір айтады. 

Оқу материалын меңгеруін анықтау әрбір оқушы берілген ақпаратты әр түрлі қабылдайды, біреулері көрсетіп түсіндіргенді жақсы қабылдаса, екіншілері айтқанды, үшіншілері қолымен ұстап көргеннен кейін ғана қабылдап жатады. Мұндай ерекшеліктерді ғалымдар 3 негізгі канал арқылы өтетіндігін атап көрсеткен, олар визуалды, аудиалды және кинестетикалық. Қабылдау баланың оқу үдерісін жақсы меңгеріп кетуінің басты көрсеткішінің бірі болып табылады. Әр адам басқа да әр түрлі жағдайларда тек өзіне қатысты ақпаратты бір канал арқылы ғана емес, басқа да каналдар арқылы өңдеуге қабілеттілігін қолдануды меңгерген.

Кейбір адамдар ақпаратты алу үшін әр түрлі деңгейде барлық үш каналды да қолдана алады. Кей жағдайларда адам өзіне жіберілген қажетсіз ақпаратты түсінбеуінің салдарынан қабылдамайды. Бұл кейбір оқушылардың өздеріне берілген оқу тапсырмаларын меңгере алмауына әкеп соғады, өйткені ол ақпарат балаға тән емес қабылдау каналдарынан (визуалды, аудиалды және кинестетті) түседі. Бұл жағдайлар ақпаратты қабылдаудағы тұлғалық айырмашылықтар деп аталады.

Бастауыш мектеп жасындағы балалардағы қабылдау процесі - көзбен қабылдау арқылы визуалды талдау жасауға мүмкіндік береді. Бала көзбен қабылдай отырып, өз назарын заттардың пішіні, көлемі, өлшемі, түсі сияқты қоршаған дүние шындықтарының ерекшеліктерін жинақтайды. Оның ауызекі тілінде «мынау былай көрінеді», «көріп тұрсыз ба» деген сияқты сөздер басым келеді. Оқу іс-әрекетінде визуалды оқушылар қандай да бір ақпаратты айтып түсіндіргеннен гөрі салынғанды немесе жазылғанды қалайды. Бұл топтағы оқушылар ұсынылған ақпаратты визуалды түрде әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы қабылдайды. Әр түрлі тәсілдерге суреттер, карталар, кестелер, бейнетаспалар, плакаттар жатады. Оқу іс-әрекетінде оқу тапсырмаларының игерілу сапасын арттыру үшін аталған әдіс-тәсілдерді қолдану қажет.

Адамдардың көпшілігі тек бір ғана қабылдау каналы арқылы ақпаратты игеру мүмкін еместігін  ойламайды. Ал мұғалімдер оны міндетті түрде түсініп, оқушының ақпараттарды қабылдауында сол үш каналды бірдей (визуалды, аудиалды және кинестетті) қолдана отырып меңгерту керек.

Бастауыш мектептегі оқушылардың оқу іс-әрекеті күрделі, әрі көп деңгейлі мотив жүйесімен реттеліп отырады. Бірінші сынып оқушыларында әлеуметтік мотивация басым болып табылады, өйткені олар қоршаған ортада белгілі бір орынға ие болып, өзіне жүктелген қоғамдық іс-әрекетті атқаруға деген қызығушылығы бастапқы кездері басымды-лық танытады. Оқу мотивациясы мен бағыттылығын қалыптастыруда ең маңызды шарт орындайтын іс-әрекетке деген қызығушылықтың болуы қажет. Білімге қызығушылық оқу іс-әрекетінің мотивациясы арқылы қалыптасады. Іс-әрекеттің мотиві қандай болса, бала үшін де сондай әр түрлі мағынада болады.

Әдебиеттер:

1. Жексенбаева Ү.Б. 12 жылдық білім беру - қазақ мектебінің болашағы // Педагогика мәселелері. - 2006. - №1-2. - 43-46 б.

2. Иванова Н. Теоретико-методологические основы содержания образования в 12-летней школе // 12-летнее образование. - 2005. - №7. – С.3-15.

3. Аганина Қ.Ж. Қазақстанда білім беру процесін жетілдіру мәселесіне. // БІЛІМ әлемінде. В мире Образования, In the world of EDUCATION №5, 2010ж. /3-5 беттер.