ӘӨЖ:  821. 512. 122-3: 39     

Таңжарықова А.В.

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының докторы

Д.Исабеков шығармаларындағы көркемдік компоненттердің образ ашудағы орны

Жазушы шығармашылығындағы кейіпкер психологиясының ашылуы  олардың сөйлеген сөздері арқылы, іс-әрекеттері, ішкі монолог, психологиялық диалогтар, ым-ишарат,  жест, бет құбылысы, дене қозғалысы, психологиялық пейзаж,  параллелизм, деталь, портрет, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі талдау, өзіндік таным, түс көру, сандырақтау, күлкі, жылау, сыр ашу және тағы басқалар  арқылы жүзеге асып жатады.

«Адамның ішкі жан әлемінде сәт сайын мың құбылып жататын психологиялық үрдістерді ырықсыздық арқылы сыртқа сездіртетін көркемдік тәсілдің бір элементі – ишара, яғни, денедегі қимыл-қозғалыстар. Осының өзі адам ойы мен іс-әрекетінің гармониялық үйлесімділігін, Абай айтқандай, жан мен тәннің бірлігін танытады» [1, 116].

Әдебиеттегі әлеуметтік күш оның адам жанының тылсым тұстарын,  жұмбақ сырын ажыратып бейнелеуінде. Мұндай әлеуметтік қару аталмыш шығармаларда жан-жақты ашыла түседі.

Д.Исабековтің кейіпкер психологиясын ашудағы мәнері – адамның жан дүниесіндегі серпіліс, қиялдау, еске алу, елестету, қайғыру, күйіну, сүйіну, қобалжу сияқты адамға тән физиологиялық-анатомиялық қасиеттерімен шығарманың негізгі ойын жүйелеудегі ізденіс сәйкестігі астарласып жатады.

Диалог арқылы адамның рухани әлемін, ішкі драматизмін талдауды талап ететін қаламгердің психологиялық прозасына тән ең басты қасиет оның шыншылдығында, тау суындай саф тазалығында жатса керек. Егер де кейіпкердің ішкі жан дүниесінен, оның әрбір іс-әрекетінен, табиғатынан бір жалғандық байқалса, онда көркемдік шындықтың күлі көкке ұшады.

Жазушы образ ашуда, оның  ішкі әлеміне үңілуде  диалогты шебер қолданады. Өйткені сөйлеу ерекшелігі, өзіне ғана тән мәнері оның ой- санасын, ниет-пиғылын, шыққан ортасын, адами болмысын көрсететіндіктен, көркем бейнені сомдаудағы диалогтың мәні зор. Сондықтан Р.Рүстембекованың пікірінше: «Белгілі типті бейнелеудің ең басты көркемдік шарты-оның өзіндік тілін, сөйлеу ерекшелігін беру» [1, 248].

Көркем шығармадағы кейіпкер сөзі өзінің атқарар рөлі мен маңызы тұрғысынан сөз өнеріндегі көркемдік құралдар арасындағы өзгелерінен ерекше, қолданыс аясы да бөлек түрі болып табылады.

Өйткені «негізгі диалог кейіпкердің табиғатын, мінез-болмысын сөйлеу мәнерін, өмірде ұстаған мақсат-мүддесін, сөзді қалай қабылдау қасиетін, өзінің сөйлеу мәнерін, сол сәттегі бүкіл психологиясы, ішкі жан сырын, құпия ойларын – қапыда сыр алдыртып қоятын өте жауапты да күрделі психологиялық түзілісті қамтиды» [2, 207].

Шығарманың құрылымы, автордың мақсаты және жазушының стиліне байланысты кейіпкер  сөзінің қызметі мен қолданылуы әр түрлі келеді. Бұл жөнінде Ә.Нарымбетов: «Кейіпкер сөзі – шығармадағы адам бейнесін ашуда көркемдік қызмет атқарады дегенде, ең алдымен, оның негізгі идеялық жүгіне көңіл  бөлуге тиіспіз. Байқап отырсақ, қай-қай шығармада да кейіпкер сөзі арқылы автордың позициясы білінеді», [2, 241] деп жазады. Олай болса, диалог дегеніміз – мүсін сомдауда, автор позициясын айқындауда, шығарманың идеясын ашуда таптырмас көркемдік құрал.

Д.Исабековтің «Гауһар тас» повесіндегі диалог осыған дәлел:

Ән біткен кезде: «Өй, мына пәле қайтеді-ай, – деді, еңк-еңк етіп.

   Дауысын қара жаманның. Қайдан үйреніп жүрсің?!»

– Мен бе? Даладан, анау даладан үйрендім. – Салтанат күмістей саңғырлап қолымен Қаратұмсық жақты көрсетті.

– Оттапсың. Дала ән үйретуші ме еді? Мен күні бойы кеземін, неге үйренбеймін?

– Өйткені сен ешқашан ән айтпайсың. Тербеліп тұрған құлқайырға құлағыңды тігіп тұрсаң, оның ән салған үні естіледі. Сен естіген жоқсың ба? [3, 105].

Осы бір қысқа диалогтан «ерке мінезді, сәби сезімді» Салтанаттың тек сұлу ғана емес, керемет әнші екенін аңғартатын, бүкіл шығарманың идеясын алдыңа жайып салатын ойды аңғарасыз. Бұл орайда М.Бахтин пікірі осы ойымызды толықтыра түседі: «Табиғаты жағынан алғанда, өмірдің өзі диалогқа толы», - дей келе диалог жайлы өз ойын былай тарата түседі: «Өмір сүру – диалогқа қатысу, сұрақ қою, зейін қойып тыңдау, жауап беру, келісу, т.б.» [4, 318].

Ал, көркем әдебиет өмірді көркем сөз арқылы бейнелейтін өнердің бір түрі болғандықтан, мінез-құлықты ашуда диалогты кеңінен қолдану табиғи құбылыс деп тұжырым жасауға болады.

Д.Исабеков шығармаларында кейіпкер сырына қанықтыратын, мінез-құлық табиғатын, кейіпкер бойындағы моральдық-этикалық сапаларды ашуға мүмкіндік беретін маңызды көркем құралдардың бірі де –  біз айтып отырған- диалог. Диалогтың қолданысынан жазушының талғамын анықтауға болады. Жазушы өз кейіпкерін қалай сөйлетеді, ол сөз шығарманың өне бойында пісіп жетілетін образ табиғатын ашу үшін керек пе?

Кейіпкер сөзі – әлеуметтік өмірді, сол қаһарман өмір сүрген  қоғам тынысын аңғартудың бірден-бір құралы. Шағын жанр үлгісі болып табылатын әңгімеде уақыт пен кеңсітік бірлігін бейнелеу үшін, кейіпкер мінезін, оның ішкі жан иірімдерін сездіру үшін кейіпкерді сөйлетеді. Сол арқылы адамзат тағдыры, оның қоғамдағы орны туралы авторлық ой білдіріледі.

 Кейіпкер сөзі арқылы жазушы қоғам мүшелерінің ерекшеліктерін, псхологиясын бейнелеп бере алады. Әдебиеттанушы Л.Гинзбург: «Диалог выражает характеры, диалог заряжен личным конфликтом, и в то же время позиции спорящих в их историческом качестве, сами по себе являются здесь объектом», - деп атап көрсетеді [5, 151].

Диалогтан кейіпкер бойындағы өзгерістерді, характердің сомдалу сатысын да  байқаймыз. Мысалы «Пері мен періште» повесіндегі Құлахмет ағайдың Сафурадан алғаш хат алған кездегі пәтерші жігітпен тілдесуіне құлақ салайық:

-                          Міне, міне, ақыры келдің-ау сен де! Мен сені түстен бері  күтудемін. Тапшы, менің қолымда не бар?

-                          Қызыл алма шығар.

-                          Жо-оқ!

-                          Ім-м..онда... Нәзікетке әдемі лента алған боларсыз?

-                        Әрине, әрине, оған мен бүгін ал қызыл лента алдым. Бірақ қолымдағы ол емес.

-                          Онда... Онда ол – хат! Сафура апайдан келген хат!

-                          Дәл, дәл үстінен түстің. О, мен бүгін қандай қуаныштымын! Мен бүгін көгершіндерімнен хат алдым. Күн батқанша ашпадым. Сен келген соң екеулеп оқып, рахатқа батпақ едім.

Ол бақ ішіндегі шайланың шамын жақты.

– Жүр, анда отырып оқиық.

Құлахмет ағай қуаныштан алып-ұшып, ауыз жаппай сөйлеп жүр...»        [3, 111]. Осы диалогтан Құлахметтің жарына,  қызы Нәзікетке деген сағынышы анық байқалады.

Яғни, дарынды қаламгердің көпшілік кейіпкерлерінің тілінен адамдық болмысы айқын танылып тұрады. Жазушы олардың дауыс ырғағын, тілдік қорын, жергілікті сөйлеу ерекшелігін, сөз қолданысын да қадағалап, даралап көрсетуге тырысады.

«Әрине әр жазушының кейіпкерді іздеу, сөйлету әдістері әр түрлі. Әрқайсысы әр қырынан келеді, өз әлінше шешім жасайды және әдебиеттің жалғыз объектісі – адамды сол тұрғыдан таңдап, талдайды. Әйтсе де әр жазушының өз кейіпкерінің ішкі дүниесін зерттеуі – өзінше бір әлем» [1, 194].

Екі адам  арасындағы ауыз екі сөздерден олардың әрқайсысының жан сезімін, ішкі толғанысын сезуге болады. Бұл туралы орыс ғалымы –
Н.Гальперин: «Диалогтың мағынасы – кейіпкердің портретін жасау: олардың сөйлеу ерекшелігі өздерінің жан сырын, адамгершілік, моральдық, өміртанымдық қырларын аша түседі», - деп жазады [6, 72].

«Пері мен періштедегі» Сафураның өз үйіне жаңа күйеуі – Смағұл Толыбаевичті ертіп келген кездегі диалогтан кейіпкерлердің сан қилы құбылмалы сезімдерін, сынаптай тұрақсыз көңіл-күйлерін аңғаруда әбден болады:

«...Ол сарайға сүйеулі тұрған сатыны бір қолымен қолтығына қысты да, мықтап ұстау үшін жоғары сілкіп-сілкіп қалды. Сол кезде мен оның қасына келіп, қолымдағы сатысын ұстадым:

  Құлахмет ағай, түн ішінде әуре болып қайтесіз?

– Жо-оқ. Айттым, бітті. Мен алған бетімнен қайтпаймын. Жібер, жібер мені, Сафура!

– Құлахмет, жетер енді. Алманың бізге қажеті жоқ...

– Сенің... сенің денің сау емес шығар, Сафура!

– Үйге келген қонақты сыйласаң етті...

– Ол қонақ емес.

– Мәссаған, сөзіңе болайын сенің. Сонау жер түбінен келіп отыр, ол қонақ емей, мен қонақ боламын ба? Айтыңызшы, Смағұл Толыбаевич, солай емес пе?

– Айттым ғой мен саған: «қонақ емес», - деп. О, сорлы, ол... ол – менің  күйеуім!.. Естідің бе, жетті ме енді, ол менің күйеуім!..

Сафура қолымен бетін басып, теріс айналды» [3, 121].

Міне, осы диалогтан шығарма сюжетіндегі белгілі бір сәтті аңғаруға болады. Диалогқа қатысқан екі адамның (Құлахмет пен Сафураның) бір-біріне деген көзқарасын, қимылын, бет-әлпетіндегі ым-ишаратты жазушы суреттемей-ақ көз  алдыңызға елестетесіз. Өйткені автор кейіпкерлер іс-әрекетін  диалог арқылы береді. Құлахметтің асып-сасқан, дәрменсіз түрін, Сафураның ашу қысқан жүзін, тіпті осы әңгімеге  куә болған пәтерші жігіт пен Смағұл Толыбаевичтің кескін-келбетін елестету қиын емес. Өйткені жазушы кейіпкер мінез-құлықтарына тән сөздерді қолдана білген (Мысалы, Құлахметке тән «көгершінім» деп басталатын сөздер,  т.б.).

Сафураның мейірімсіз мінезі де оның сөйлеген сөздерінен аңғарылып, жазушының кейіпкердің мінезін суреттеуде, көбіне диалогқа бой ұрып, оқиғаның өрбуін, адамдар қарым-қатынасын,  мінез-құлқын, ішкі жан әлемін сөз арқылы ашуға ұмтылатындығы анық көрінеді. Талантты көркем сөз шеберінің туындыларындағы диалогтардың бір ерекшелігі – онда жеңіл юмор астарлы әзілдермен ұштасып, өз оқырманын үнемі езу тартқызады.

Жалпы диалогтың көркем әдебиеттегі орны терең зерттелгенімен диалогтың қызметі, шығарманың көркемдік құрылымында алатын орны, стилистикалық құрылымы әр қаламгердің талант табиғатына орай әр алуан. Терең психологизм дәлдігі, сенімділігі үшін монолог қандай қызмет атқарса, диалогтың атқаратын идеялық қызметі де зор.

Яғни диалог – Д.Исабеков шығармаларындағы мүсін сомдаудың қуатты құралдарының бірі. Көркем шығарманың негізгі ойын жүйелеуде, портреттер  жасауда оның алар орны ерекше. Сондықтан диалог жайлы қазіргі күнде көбірек жазылып, оның дербес теориялық мәселеге айналуы кездейсоқ құбылыс емес.

Кейіпкер психологиясын айтар сөз арқылы бейнелеуді шығармашылығындағы негізгі қағида ете отырып, сарабдал суреткер қазіргі прозада жеке адамның биологиялық, яғни, анатомиялық қасиеттері емес, оның саяси, әлеуметтік, ұждандық, адамгершілік, этикалық көзқарасы, қоршаған ортаға, өз-өзімен қарым-қатынасы маңызды екенін тереңнен түсіне де түйсіне де біледі. Сондықтан жазушы шығармаларында кейіпкердің жан әлемінің сан-алуан қыр-сырларына диалог арқылы ену басты көркемдік әдістердің бірінен саналады. Өйткені сыртқы дүние мен кейіпкердің ішкі сезім өзгерістерін бейнелеуде тек автор сөзіне емес, кейіпкердің сөзіне де  көп салмақ салынады емес пе? Әр адамның тілінен оның мінез-құлқы көрініп, жан толғаныстары, ішкі күйзелісі  анық сезіледі.

Диалог шығармадағы қаһарманның мінез-құлқы ерекшелігін ашу үшін қолданылады. Кейіпкердің іс-әрекеті мен сөйлеген сөзінде тамырластық болуы шарт.

Деталь, подтекст тудыруда диалогтың да рөлі зор. Сәтті деталь, сәтті подтекст сәтті диалогтан ғана шықпақ.

«Ескерткіш» деп аталатын әңгімесінің алғашқы беттері де диалог арқылы басталады да, әңгіменің басты кейіпкерлерінің бірі саналатын аудандық партия комитетінің секретары – Жанайдаровтың телефонмен сөйлесуі арқылы оның барлық бітім-болмысы, әлеуметтік жағдайы, дүниетанымдық көзқарасының шебер берілуі оқырманды тәнті етеді. Осы бір қызғылықты әңгіме желісінен хабар берер диалогтан соң жазушы «ол кабинет ішінде сенделіп жүрген кезінде  оның не себепті  сенделуге мәжбүр болғанын» сатиралық сарында шебер суреттейді. Жазушы осы тұста Кеңес үкіметі кезіндегі әміршілдік-әкімшілік жүйенің бар болмысын қарапайым тілмен таныта біледі.

Д.Исабеков – кейіпкерлердің сөйлеу мәнерінде әр түрлі диалектизмдерді, жаргон сөздерді қолдану арқылы белгілі бір типтерге тән өзгешеліктерді дәл бейнелей білген білген суреткер. Ол диалог кезіндегі әрбір бейненің көңіл-күй нюанстарын жіті аңғарып, олардың бет-жүзіндегі өзгерістерді, ым-ишараттар қалтарысын түгел ала біледі. Өйткені диалог көбіне автор түсініктемелерімен бірге жүретіні белгілі. Жазушыны тек диалог үстіндегі айтылар әңгіме ғана емес, сонымен бірге әңгімелесуші тұлғалардың бір-біріне, сондай-ақ айтылар ойға қарым-қатынасы қатты қызықтырады.

«– Алло, – дед, ол даусын әрі шаршаған, әрі таң атпай жұмыстан басқаны ойламай отырған іскер адамның  мақамына салып, маңғаздана... – Тыңдап тұрмын! Жанайдаров! Ә-ә, сәлеметсіз бе? Тұрсын Сатанович! – Оның әлгі самарқау маңғаздығынан тұқым да қалмай, трубканың ішіне еніп кете жаздады. – Қалай, денсаулығыңыз жақсы ма? «Тұмауратып қалды», - деп  естіп едім, құлан-таза айығып кеттіңіз бе?» [3, 456]. Осы бір қысқаша үзіндіде  жазушының кейіпкер психологиясын, жүріс-тұрысын, қимыл-қозғалысын сөйлеу кезінде қатар қадағалайтыны көрінеді.

Терең психологизм дәлдігі, нанымдылығы үшін монолог қандай қызмет атқарса, диалогтың да идеялық-көркемдік мәні де сондай зор. Адамның мінез қырларын, белгілі бір сәттердегі сезім-күйлерін тапқыр әрі ұтымды, қысқа да мағыналы бейнелеуде диалог – ерекше тәсіл.

«Тіл көркемдігінің бір байқалар тұсы диалог пен монолог құруда. Мұнда шеберлік керек-ақ. Өйткені, адам мінездерін ашуға бірден-бір қолайлы форма ғой» [7, 197].

Д.Исабеков шығармашылығына тән тағы бір ерекшелік – кейіпкер тіліндегі өзгешеліктерді аңдату арқылы сатиралық портреттер жасауы. Көбіне әңгіме көлемі кейіпкерлердің әрқайсысына кеңінен тоқталуға  мүмкіндік бермейтіндіктен, оларды диалог  үстінде таныту тәсілін жазушы  шебер ұстанады.

«Ескерткіш» әңгімесіндегі екі мүсіншінің секретарьмен бір-екі ауыз сөз алмасуы, сол кейіпкерлердің мінез-құлқынан біршама дәрежеде хабар береді. Д.Исабековтің стиліне тән тағы бір негізгі белгі – сөз тіркесінің жатықтығы, қарапайымдылығы, әр алуан репликаға жасанды әдебилікке бой ұрмай, диалогты өмірдегідей қалпында беруі. Мұндай диалог әр әңгіменің өне бойынан мол ұшырасады.

Мысалы, райком адамдары Әштенді «Ескерткіш» болып, бір сағат тұруға көндіруге келген тұстағы мына бір диалогқа зер салайық:

« – ... Бірақ бір сағаттан асса, ағылшын-мағылшыныңа қарамаймын, секіріп түсем де, кете берем, – деді ол, қырсық мінезіне салып.

      Байқа, обком хатшысы болады.

   – Болса қайтейін, хатшы болса, өзіне хатшы. Осы уақытқа дейін бір  мүсінді дайындауға ықпал  ете алмаған хатшының кісімсігені кімге керек? – деді Әштен нұсқаушылардың зересін  одан бетер алып» [3, 464].

Міне, осындай әрбір диалогтағы кейіпкерлердің тілдесу сәттері, ұлттық ойлау машықтары, психологиялық астар шығарманың көркемдігін арттыра түседі. Күлкілі  оқиға диалогтың экспессивті-лексикалық мәнінен айқын аңғарылатынын айта келе, жалпы диалог Д.Исабеков психологизмінің қуатты құралдарының бірі екенін атап өтпеске болмайды.

«Ескерткіш» әңгімесінде Д.Исабеков юмор арқылы ащы шындықты әшкерелегісі келген. Мұнда сол өмір сүріп отырған жүйенің әміршілдік сипаты, бір орталыққа бағынудың салдары бейнеленген. Әңгіменің құндылығы да сонда: кешегі қой бағып, тері илеген қазақтың ұрпағы  бір шөлмек арақтың құлы болып, жүйенің дегеніне көніп, тірідей ескерткішке айналып тұрғаны келеңсіз құбылыс ретінде эстетикалық тұрғыдан мансұқталады.

«Есеп шот, түйетауық және домино» әңгімесі де бастан-аяқ диалогқа тұнып тұр. Өзін «өзгелерге қарағанда оқ бойы озық әйелмін» деп санаушы  Пістекүлдің күйеуінің мамандығынан көрген (Пістекүлдің ойынша) «азабы», ызақорлығы, ағасы Ботбай, жеңгесі Қаршыға – төртеуі арасындағы күлкілі де уытты оқиға өте қызықты да әсерлі  баяндалған. Жалпы Д.Исабековтің әңгімелерін сықақ-әңгіме, әзіл әңгіме немесе сатирамен шатастыруға болмайды. Жазушының әңгімелері – эпикалық, яғни, басталуы (экспозициясы), шиеленісуі мен шешімі түгел табылатын тұтас құрылым. Бұл  аталған әңгімені оқи отырып, қазақтың қарапайым ғана отбасының күнделікті жағдайын, мінез-құлқын, ағайын арасындағы қарым-қатынасты көре аласыз. Жоғарыда аталған әңгімеде де Пістекүлдің мінез-құлқын айқындай түсуге диалогтың көмегі тиіп тұр. Мысалы мына бір эпизодта:

«Ол әйеліне жақындады.

  Ей, баланы емізсеңші.

Әйелі оның сөзін естімеді де.

– Баланы еміз деймін!

– Өзің, өзің еміз!

– Мен... қалай? Немді емізем?

– Онда менің шаруам жоқ. Қалай емізсең, солай еміз.

Сопытай еңкейіп, оның бетіне үңілді:

– Ей, денің дұрыс па? – деді ол, сыбырлап.

– Баршы, баршы, шықшы үйден – деді әйелі, жарыла жаздап [3, 383].

Бұл жерде Пістекүлдің көңіл-күйіндегі әр түрлі сезімдік, эмоциялық, психологиялық құбылыстар диалог арқылы ашыла көрсетіліп отыр. Жазушы кейіпкер мінезімен үйлесімді сөздерді тапқырлықпен қолдана білген.

Яғни, диалогты арнайы қарастырған Л.Гинзбургтың мына тұжырымына сәйкес көркемдік тәсіл көрініс береді.

«Диалог – это своего рода фокус, где преломляется все пласты и все процессы, из которых слагается литературный герой, его социальная природа, его свойтва и душевные состояния, управляющие его поведение» [5, 216], – деп жазады Л.Гинзбург.

Әңгіменің «Есепшот, түйетауық және домино» деп аталуының  сырын шығарманың атауынан іздеу керек. Ә дегенде есепшотын сыртылдатып қағып отырған күйеуі Сопытайдың алаңсыз күйі Пістекүлдің ашуын келтіргенін байқадық. Әрі қарай әңгіме желісі шиеленісе  келе түйетауыққа тіреледі. Жазушы әңгімеге кіргізген түйетауықты үйіне келген қарындасы мен күйеу баласына арнап соймақшы болған Ботбайдың сөзінің сондай жатық, әрі нанымды екендігі сонша: осы жерде қазақтың туысын, күйеу баласын сыйлағыштығы көз алдыңа елестеп, мінезі құбылмалы  Ботбайға риза болып қаласың. Ақыр аяғында домино бәрін  шешіп береді, кейіпкерлер татуласады, түйетауық сойылатын болады. Домино әңгіменің шешімі болып табылады.

Демек, көркем шығармадағы кейіпкер сөзі өзінің атқарар рөлі мен маңызына орай сөз өнеріндегі көркемдік құралдардың өзгелерінен қолданыс аясы да бөлек, артылар жүгі де ауыр, бірегей түрі ретінде айрықша бөлектенетін. Шығарманың құрылымы, автордың мақсаты және жазушының стиліне байланысты кейіпкер сөзінің қызметі мен қолданылуы әр тұрлі болып келеді.

Бұл жөнінде ғалым Ә.Нарымбетов былай дейді: «Кейіпкер сөзі – шығармадағы адам бейнесін ашуда көркемдік қызмет атқарады дегенде, ең алдымен, оның негізгі идеялық жүгіне көңіл бөлуге тиіспіз. Байқап отырсақ, қай-қай шығармада да кейіпкер сөзі арқылы автордың позициясы білінеді» [2, 248].

Көрнекті жазушы бұларды тікелей баяндамайды. Кейіпкердің мінезін ауызекі сөзі арқылы жеткізеді, сөйтіп, күнделікті тұрмысымыздағы елеусіз көрініс арқылы  адам тағдыры, оның әрекеті мен өмірдегі орны туралы үлкен толғаныстарға әкеледі. Кейіпкер сөзін бейнелеу құралы ретінде пайдаланған жазушы ұлттық кейіпімізді, ұлттық санамыздағы ерекшеліктерді алға жайып салады. Жалпы Д.Исабеков кейіпкерлерінің сөзі өмірдегі қарапайым адамдардың сөйлеу тіліне соншалықты  жақын, әрі шынайы болып келеді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.  Рүстембекова Р. Қазiргi қазақ әңгiмесi. А., 1988. -270-бет.

2.  Нарымбетов Ә.  Кейіпкер сөзі және портрет. Көркемдік кілті- шеберлік кітабында. Алматы, Ғылым, 1985, - 244 бет.

3.  Исабеков Д. 2-томдық шығармалар жинағы. –Алматы, «Жазушы», 1993.

4.  Бахтин М. Эстетика словесного творчества. Москва, Искусство, 1986, -445 стр.

5.  Гинзбург Л. О литературном герое. Л., 1979. С. 214.

6.   Гольперин И.Р. Проблемы современной филологии.  М., 1965. С.72.

7.  Дәдебаев Ж.Өмір шындығы және көркемдік шешім. –Алматы: Ғылым, 1991. -208-б.