Сагадатов Райбек Тельжанович

«Хромтау тау-кен техникалық колледжі» МКҚК

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

 

ТІЛ МӘҢГІЛІКТІҢ МӘҢГІЛІГІ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙ ТУРАСЫНДА

 

Қазақ тілі Мәңгілік Елдің мәңгілік тіліне айналды

Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы

Н.Ә.Назарбаев

 

Осы жылы еліміздің егемендігін жарияланғанына  24 жыл толып отыр. Биыл сонымен қатар, біздің мемлекеттілігіміздің бастауы болған Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толғанының тарихи маңыздылығын ашып, ұланғайыр той жасағандығымыз барлығымызға мәлім.

Жалпы ұлт, тіл, егемендік ұғымдары бір – бірімен тығыз байланысты. Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп бекер айтпаса керек. Кешегі кеңес өкіметі тұсында ана тіліміздің қолданыс аясы соншалықты тарылғанымен, жойылған жоқ. Жер мен жұрттың патшалы Ресейге қосылуы, Қазақ елінің маңдайына жазылған тағдырдың ісі мен көреген ата-бабамыздың атамекенді, халықты, халықтың тілін сақтап қалудың бірден-бір амалы болды. Ойымыздың Қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры Қ.Жұбановтың 1935 жылы, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Төңкеріс және Қазақтың ұлт тілі» деген мақаласынан үзінді келтіре отырып дәлелдейміз. Мақалада: «Ресейге қарамағанда қазақ одан да жаман болар еді, Ресейге қарауы  орыс мәдениетіне жақындауға себеп болды деп ойлаушылар бар. Империализм дәуірінде импералист мемлекетінің тырнағынан аулақ қалатын ел бола алмайтынын бұлар сезбейтін болса керек. Ресейге қарамаса, басқа бір «Ресей» қарататыны, тіпті, жөні келіп ешкімге тура қарамай қалғанда да, оны жұрт өзі-өзін дұрыс билетіп қоймайтыны империализм дәуірінде маңдайға жазған тағдырдың ісі сияқты ғой.» делінген. [1.436]

Қазақ тілі тәуелсіздікке қол жеткізген 24 жыл ішінде қайта түлеп, жандану үстінде. Бұл процесс, шындығында осыдан 550 жыл бұрын басталған болатын. Жоғарыда аталған мақалада Қ.Жұбанов былай дейді: «Үш жүз жыл қазақ мәдениетінің ішкі ой-шұқырын соншама тегістелген – бұған таңданбасқа болмайды. Басқасын қойып, бірлескен қоғамның ішкі қатынастының негізгі айнасы болатын тілді алсақ, қазақ тіліндегідей бір өңкелікті, бір қалыптылықты басқа тілдерден өте сирек ұшыратуға болады. Қазақ тілінде ешбір  диалекті жоқ деуге болады. Осы күні ғана болар-болмас жарқыншақ барын сезіп жүрміз. Сонда да бұл сияқты тіл бірлігі маңайдағы тілдердің ешқайсысында жоқ. 4-5 миллиондай көп халық қазақ жеріндегі ұшсыз, қиырсыз шалқыған кең даланы алып жатып тұрып, қалайша мұндай тіл тұтастығын жасай алды деген сұрау таңданбастай нәрсе емес. Мұнан 5-6 есе аз, жері мұныкінен 20 есе шағын тілдердің ішкі айырмашылығы сонша күшті, кейбір диалектерді ол тілге қосудың өзі даулы болып қалады.  Тілдегі мұндай тұтастық бір өңділік тұрмыста ұзаққа созылған тығыз қатынас  болғандығын  көрсетеді. Ондай тығыз қатынас болмаса, өзі кеп, неше түрлі елден құралған бір халықтың тілі мұншама бірікпеген болар еді.» [1.440]  Айтылып отырған тығыз қатынас Ресейге қарамас бұрын болғаны анық. Бұны көзі тірі классик жазушылардың бірегейі Мұхтар Мағауиннің сөзімен айқындаймыз. М. Мағауин: «Бүгінгі қазақ – мың жылдан бері біртұтас халық. Беріден сызғанда жеті-сегіз ғасыр. Жошы ұлысы – Алтын Орданың рулық құрамына қараңыз.  Түгел өзіміз. Қазақ Ордасы тұсында Алаш ұранымен біржола ұйысыппыз. Үш жүз, немесе Үш Алаш – этникалық емес, әкімшілік, аймақтық бөлініс болатын. Жүздер, ішінара алғанның өзінде де, басқадан етене, жақынырақ туыстық жөнімен емес, жер ыңғайы бойынша жіктелді.» дейді. Ендеше мыңдаған жылдан бері тұрақты, бірігіп тұрған тіл мен мәдениетті Ресей патшалығы тұсында әлсіріп, қазақ елінің бірлігі ұсақталып, бұрынғы тұтас мәдениетіміз, халқымыздың рухани-мәдени даму үрдісі төмендегендігін көреміз. [2]
         Міне, қазақ елінің тағдыры 70 жылдай жаман күнде өзінің тұтастық қалпын сақтап, өшпеген болса, бүгінде тәуелсіз, егемен елді шақықтап дамитыны сөзсіз. Өйткені, бұрынғы заңның орнына жаңа заң келді, жаңа заңды тудырған жаңа заман, яки Елбасы атап көрсеткендей, Қазақстан Республикасы үшін 21 ғасыр «алтын ғасыр» болды. Қазақ тілін өрекендеп өсті. Жерлес ағамыз, Құдайберген Жұбанов атындағы  өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Ниетжан Берікұлының «Ұмытылмайтын күн» деген мақаласының кей жерлерінен үзінді келтірейік: «Қазақ сөзі Атлант мұхитынан айбарлы естіліп, Тынық мұхитына, одан әрі Үнді мұхитына, әлемнің түкпір-түкпіріне  жетіп жатты. Сүйінбай Аронұлы, ХІХ ғасырда «Бөрілі менің Байрағым» өлеңінде: «Бөрілі Байрақ астында, Бөгеліп көрген жан емен! Бөрідей жортып кеткенде, Бөлініп қалған жан емен!» – деген екен. Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық мерейтойында Қазақ елінің  әлемдік үрдістен бөлініп көрмегендігін, айтар асыл ойдан бөгелмегенін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың жүйрік тілімен, терең ойымен, салиқалы сұлу сөзімен жеткізе  білді. Мәңгілік Ел болуға бағытталған асыл мұраттарын  айтып берді.  Қазақ елін әлемге тағы да бір қырынан танытты. «Арыстанмын айбатыма кім шыдар? Жолбарыспын маған қарап кім тұрар? Көкте – бұлт, желмен гулеген, Жер еркесі желдің жөнін кім сұрар?» – деген Мағжан Жұмабаев ақын секілді саралағандай болды Елбасы.» [3]
 

Қысқа қайырсақ, Қазақ тілінің «Мәңгілік» болғаны енді сөзсіз. Әлемдік аренада, жаһандық сахынада өздерін мойындата білген 70-тен астам ірі державалар қазақ тілін естіп, әлемдік мінберден Ұлы Дала елінің тілінде сөйлеген, Қазақ елінің басшысының сөзіне құлақ салып жатырғаны тілдің мәңгілікке айналғандығы деп есептейміз.

Қазақ елінің рухы таңғажайып, асқақ ойы қазақ тіліде әлемдік деңгейге көтерілді. Қазақ тілі мәңгілік. Енді мемлекетке тоқталайық. Тіл – қоғамдық құбылыс. Қоғамнан мемлекет құрылады. Сәйкесінше, Мемлекеттің ең басты құндысы, қымбаты – қоғам, қоғам түсінісетін мемлекеттік тіл, яки қазақ тілі.

«ҚАЗАҚСТАН - 2050»  Стратегиясында ерекше екпін түсіріле айтылған маңызды мәселелердің бірі - тіл саясаты. Президент бұл жолғы Жолдауында: «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс» - деді. Өйкені, жауапкершілікті тіл саясаты алдымен қазақ ұлтын, қала берді оның айналасына басқа ұлттар мен ұлыстарды біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады.

Жолдауда Президент мемлекеттік тілдің болашағы туралы өз ойларын былайша тарқатады. Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он - он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз.Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс.Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді  ҚАЗАҚ  МЕМЛЕКЕТІ  деп атайтын боламыз. Бұл  Жолдаудағы жан – жақты қамтылған тіл саясаты туралы  мемлекет басшысы  ойының бір парасы ғана.  

Жолдауда бұлардан басқа мемлекеттік тіліміздің әліпбиіне, көп тілділікке, ұлтаралық және халықаралық тілдер арқылы ақпарат кеңістігімізді ұлғайтуға, термин мәселелеріне т.б.  қатысты келелі ойлар айтылған. [4]

Ойымызды толық ашатын болсақ бүгінде заманымыздың екі ұлы ойшыл жазушысы – бірі қырғыз Шыңғыс Айтматов: «Жер бетінде уақытша жасағысы келетін халық болмайды, ол әрдайым мәңгілікті қалайды», - десе, енді бірі – қазақ Ғабит Мүсірепов: «Тіл – мәңгіліктің мәңгілігі, ол жасаған сайын жасара береді», - деп топшылайды. [5.100]

Адамзат қауымында қашан, қалай және қай жерде пайда болғаны өзіне де белгісіз әрбір этнос, бүгінде қандай жағдайды басынан кешірмесін, ол өзгеге ұқсамайтын өзіндік болмысымен ғана феномен тақылетті сирек құбылыс санатына жатады. Ал дүниеге осылайша келуі сирек құбылыстардың одан із-түзсіз жоғалып кетуі де оңай болмаса керек. Шыңғыс Айтматов пен Ғабит Мүсіреповтердің «мәңгілік» туралы топшылауы тіл дамуының осы бір үрдісіне байланысты айтылған сияқты.

Тіл мәңгіліктің мәңгілігі философиялық ойды басшылыққа алсақ қазақ тіл білімінің негізін қалаған Құдайберген Қуанұлы Жұбанов қазақ тілінің осы заманға дейін бірнеше мыңдаған жылдардан бұрын пайда болғанын туралы пайымдайды. Біздің мемлекет нығайып, бүгінде дамыған 30 ел қатарына кірер нақты жоспары бар, бірлігі жарасқан ел. Болжам жасасақ 2050 жылы Қазақ мемлекеті дүркін дүние мойындаған мәңгілік ел болады, ол елдің мемлекеттік тілі Қазақ тілі болады. Мәңгілік ел идеясының мақсатынның бірі – мәңгілік тіл ұлттық идеясы болмақ.

     

 

Сілтеме

1. Жұбанұлы Қ. Қазақ тіл білімінің мәселелері/ Құраст: Ғ.Әнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2013. – 640 бет.

2. www.namys.kz /НАМЫС — қоғамдық-саяси, мәдени- танымдық портал/

3.“Егемен Қазақстан” республикалық газеті 01.10.2015 жылғы шығарылым

4. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан.

5. Қайдар Әбдуәли. Ғылымдағы ғұмыр. Мақалалар, баяндамалар жинағы – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2014. – 512 бет.