МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ АРНАУ ӨЛЕҢДЕРІ

 

Ниязбек Айман Хамитқызы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті

 

Төлебаева Айдынгүл Тойбазарқызы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистр-оқытушысы

 

Өзін поэзияның сыңарына балаған Мұқағали жырлары терең де сыршыл, мәңгілік әрі рухты. Ол қарапайым ақын емес, қияннан сөз тауып, қиыннан қиыстырған қыран еді. Қатарынан оза шапқан тұлпар еді. Отты жүрек, орамды тілмен жыр әлемінде өзінің азаматтық бейнесі қалыптасқан ақын. Мұқағали Мақатаев поэзиясы саналы өмірдің барлық мәселесіне араласқан. Оның туған жер, отан, адамдар тағдыры, ана мен бала, өмір мен өлім, соғыс тауқыметі тағы да басқа тақырыптағы өлеңдері қайталанбас ұлттық зермен көмкерілген. Ақынның зер салып, назар аудартар өлеңдері – арнау өлеңдері. Ақын өлеңдерін өмірге, туған жерге, жас ұрпаққа арнай отырып, оқырманымен сырласа білген, сондықтан да шығармалары өміршең.

Дарабоз ақынның жыр табалдырығын аттардағы алғашқы өлеңі әкесіне арналғаны баршаға аян.

Әкеміз бір әкеден жалғыз еді,

Судағы жаңа біткен жалбыз еді.

Мінеки, он екі ай болды хабары жоқ,

Біздағы әкемізге зармыз енді.[1, 90б.]

Осы өлеңінде он жасар баланың майданда жүрген әкесіне деген ыстық сағынышы сезіліп-ақ тұрған жоқ па?...

Әрбір бала үшін асқар таудай әкесіне деген жүректің айтары «Әке аманаты», «Әкем туралы», «Әке сөзі» өлеңдерінде жалғасын табады. Өмірін күреспен бастаған абзал әке бейнесін былайша  суреттейді:

Әрқашанда қарапайым кіші еді,

Менің әкем міне осындай кісі еді.

Есіме алам... Есіме алам мақтанам!

Коммунистік партияға ол мүше еді! [2, 83б.]

 «Әке аманаты» өлеңінде ақынның майданға аттанып, қайта оралмай кеткен әкесінің аманатын осы өлеңі арқылы  жүрегінде жатталып қалғанын көрсетеді.

«Тыңда, балам! Тыңда, күнім!

Болуға жара қолғанат.

Кәрі апаң, сәби інің-

Барлығы саған аманат!

Сен жас буын, жаңа тал,

Гүлің де өсіп шашырар.

Сарылып оқып білім ал,

Сөнгенше  сәулең асырар». [2, 18б.]

Балалық шағында анасының зыр айналған ұршығымен ойнап өскен ақынның анасына деген махаббаты «Шешем менің иіліп бара жатыр», «Анама», «Шеше сен бақыттысың», «Анашым» өлеңдерінде көрініс табады. Жыр дүлдүлі өзінің бір естелігінде «Өткенде ғажап түс көрдім. Шешем Нағиман Батанқызы басында ақ жаулығы бар, Абай атамыздың қасында қуана басып, маған қарай келе жатыр екен. Ояна келсем түсім екен деп, ұзақ толғаныстан соң «Шеше сен бақыттысың» деген өлең жолдары дүниеге келді» деп жазған екен. Бұл оның өлеңдерінің шын шабыттан, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан туғанының айғағы.

Шеше,

Сен бақыттысың!

Жыламағын.

Жай түсіп жатқанда да құламадың.[3, 161б.]

деп анасының  қайсарлығы мен мықтылығын тілге тиек ете отырып, сол асылдың сынығын тот баспайтынына серт бергендей...

М.Мақатаевтың арнау өлеңдерінің бірі сүйікті жары Лашынға арналады. Дауылды, жауынды күндері аз болмаған өмір жолында сүйеу, дос бола білген жары Лашынның орны ерекше.

Іздесең, қателік көп менде,

Сен бірақ түңілме, жек көрме!

Лайсаң, жауындар, дауылдар

Болмай ма күншуақ көктемде,-

деп, алдағы күннен жақсылық, үміт күтеді.[2, 92б.]

Бірі Баянның, бірі Қозының ролін сомдап жүріп табысқан шынайы махаббат иесі:

Есіңде ме, достасқанда сенімен,

Жанымменен ант етіп, серт беріп ем.

Қарағанда қарапайым жүзіңе,

Адамдықтың қасиетін көріп ем,-[2, 82б.]

деп, сүйгенін қалай бағалайтынын білдіреді.

Сүйікті жарынан сүйген балаларына арнап та жыр шумағын төккен. Ақыннан  Ләззат, Майгүл, Жұлдыз, Айбар, Шолпан атты ұрпақтар тараған. Олардың қуанышы мен күйініштеріне толғанып жазған «Арманда ұлым», «Ләззатқа», «Майгүліме», «Біздің үйге көктем келді, қыз келді» сынды өлеңдері көп-ақ. Ұлына арнап  «Арманда ұлым» өлеңін жазады. Бұл өлеңде ақын үшін арман болашақтың кілті іспетті. Арманның шыңына шығып, сол арман жолында күрескенін қалайды.

Айтқанымды жөн де, мейлі, жөн деме

Арманда, ұлым, қия деме, өр деме,

Шығып ал да арманыңның, шыңына,

Қира мейлің, күйре мейлің, дөңгеле. [4, 281б. ]

дей отырып бұл тіліегін Мұқағали тек ұлына емес бүкіл адамзатқа арнағандай...

Ал енді мына бір өлеңінде ақын ұлының бойындағы дұрыс емес қасиеттерден түңіліп, өзіндегі асыл қасиеттерді ұлының бойынан да іздейді, көргісі келеді.

...Жоқ, балақай!

Мен сендей боп өспедім!

Мына мінез – мінезім емес менің.

Адамдардан рақым алу үшін,

Не көрмедім, өмірде не кешпедім?! [4, 264б.]

Ұлынан адамгершілік қасиетінен алшақтамауын, өмірден адалдықпен өтуін талап етіп отыр. «Реніш» өлеңі әкенің баласына берер тәлім-тәрбиесінің айқын көрінісі.

Сонымен қатар қыздары қызғалдақтарына арнап жазған өлеңдері де жетерлік. Тұңғышы Ләззатына арнап мынадай жыр шумақтарын тізеді:

Бақытымның тұңғышы, ең тәттісі-

Ләззатым кешегі қайда кетті?

Ләззатым!

Хош бол, сәулем,

Қанатым!.. [2, 62б. ]

Сәбиінен айрылған ақынның сөздерінен қимастық, сағыныш лебі еседі. Кішкентай ғана Майгүлі де жазатайым жағдайға ұшырайды. Оған арнап «Майгүліме» деген арнауын жазады. Жүрегі қуанышқа толса да, мұңайса да өлеңімен сырлас Мұқаңның қызына деген қимастығы осы өлеңінде көрініс тапқан. Кішкентай ғана Майгүліне:

Қызым менің,

Гүлім менің,

Аяулым!

Жатыр молаң  жотасындай қоянның.

Құлыптастың құны маған бес тиын,

Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?!

Қойман, ботам.

Керегі не көк тастың.

Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.

Өзің келген май айында ақ нөсер,

Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын.

Керегі не көк тастың?! [2, 164б. ]

деп баласын өлімге қимаған әке қызының басына көк тасты да қойғысы келмейді. Қызының келмеске кеткеніне мойын ұсына алмай, әке жаны қиналып, көңілі өмірден жарым боп өтеді.   

«Біздің үйге көктем келді қыз келді» өлеңі ақын өмірінің тағы бір жалғасы Шолпанына арналған. Ата-ана қашан да баласына қараған тұста елжіреп сала береді емес пе, сол секілді бұл өлеңде де бауыр еті баласына деген әке махаббаты, әке жүрегінің дүрсілі сезіледі. Қызының қарақаттай көзінен өз бейнесін көрген әке шын бақытты.

Қызым менің, күлкім менің, сауығым,

Базарым да, бауырым да, ауылым.

Қандай ғажап, қарақаттай көзіңнен

Қарап тұрған мен өзімді танимын. [2, 154б.]

Ақын достарының  біріне арнаған «Сабырханға» атты өлеңінде:

Тек ізіміз...

Ізіміз өшпесе екен,

Құйын тұрып,

құм басып,көшпесе екен.

Өшсе өшер,

Өшкенге қарамай-ақ

Қызылқұмды кезейік жалаңаяқ.

Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен,

Іздеген жан біздерді табар ма екен?..[ 2,137б.]

деп жалаң аяқ туған жерді балаша кезіп, досымен бірге өзінің ізін қалдыру, ізі қалмаса да құмды кезіп досымен сырласып, туған жерге деген сағынышын басу.

Қазақ өнері дарабозының өлеңдері еліміздің біртуар перзенттеріне, айтулы тұлғаларына да арналған. Оларға «Бауыржан Момышұлына», «Әбділдаға», «Бибігүлге», «С.Есенинге» тағы басқа өлеңдері бар.

«Бауыржан Момышұлына» өлеңінде алдыңғы буын ағасына рақметі ретінде, Отанын, жерін қорғап, тыныштық сыйлаған адамға іштей айтар сөзі көп болғанымен іркіліп, тосылып қалады. Ата салтын сақтаған ақын атасынан қалған тәбәрігін батыр ағасының иығына жабады. Ағасына деген сый құрметін інісі ісімен де, жырларымен де дәлелдеген.

Алтын да, алмас та емес жалтылдаған,

Бір сый бар, аға, саған, тартылмаған!

Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер,

Сыйдан да он есе артық даңқың маған.

Қандай сый тартсам екен, аға саған,

(Білмеймін, жараспай ма, жараса ма?!)

Ешбір сый таба алмасам, аға, саған

Әппақ тонын – атамның тәбәрігін,

Жүзге кел деп арқаңа жаба салам.[4, 275б.]

Мұқағали Мақатаевтың айналасындағы адамдарға, құбылыстарға арналған өлеңдерінің  бірі «Халыққа хат» өлеңі.

Туған халқым!

Қатемді кешір менің,

Сенің арқаң – сескенбей есіргенім.

Егер де жырың болмай, ұрың болсам,

Алақанға саласың несін мені?!

Жоқ!

Менің жүрек емес төсімдегі,

Ол бір от сенің ұлы көшіңдегі.

Өзіңнің жандырғаның, өшіргенің,

Әзірге тастаған жоқ есім мені.

Уа, жұртым!

Кешір мені!

Кешір мені! [5, 137б.]

Қорыта келгенде, ақынның арнау өлеңдерінен өзінің отбасына, замандас достарына, алдыңғы буын ағаларына, халқына деген шынайы махаббатын көреміз. Тау биіктігімен, теңіз тереңдігімен көрікті десек, Мұқағали жанға жақын жырларымен сүйікті, өлеңдерімен көрікті. Ақыннның тұлғасы біз үшін қашан да дара, әрі биік болып қала береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.      Г.Сүлейменова «Жанға жақын жырлары». «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, №2. 2008

2.      Мұқағали шығармалары. Көп томдық толық жинағы І том. –Алматы «Жалын баспасы» 2006. -320б.

3.      Мұқағали шығармалары. Көп томдық толық жинағы ІІ том. –Алматы «Жалын баспасы»,  2007.-384б.

4.      Мұқағали Мақатаев. Жүрек арызы. Өлеңдер . –Алматы «ҚаЗАқпарат», 2014.-288б.

5.      А.Бұхарова  «Бүгін менің туған күнім...» . «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, №2. 2013