СЫРДАН ШЫҚҚАН САРАБДАЛ АҚЫН – БЕЙСЕНБАЙ ҚАСҚЫРБАЙҰЛЫ

 

Төлебаева Айдынгүл Тойбазарқызы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистр-оқытушысы

 

Бейсенбай Қасқырбаев аз уақыт өмір сүрсе де, құнарлы өнер топырағында, туған жері Қармақшы өңірінде, тарихи Сырдың бойындағы ақындық өнерге өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырып, өлең-жырларын мұра етіп қалдырған аяулы азаматтың бірі.

Ақын шығармашылығы, өмірлік ұстанымы өзі өмір сүрген қоғаммен, ортамен тығыз байланысты. Қашанда еңбекқор, ізденімпаз Бейсенбай өзі сүйген ұстаздық қызметіндегі білімін өздігінше даралай, көп оқып жетілдірді. Соның нәтижесінде білімдар болғандығы оның шығармаларынан аңдағайлап тұрады. Сондықтан болар, Бейсенбайдың поэзиясы алуан-алуан тақырыпты: адамгершілікті, еңбекті, ерлікті, әділдікті, табиғат лирикасын, ана мен бала тақырыбын, еңбек тақырыбын қамтиды.

Ақынның көңіл-күй әуенінің мың үйірілген иірімді тереңдіктеріндегі сезімге толы лирикалық жырларының мағыналық мазмұны терең. Оның «Аттанардағы арман», «Альбом», «Сылдыр-сылдыр, сылдыр өмір», «Ағарды баста шашым, сақал мен мұрт», «Сымбатымнан түр қашты», «Абайша толғау», «Отырмын ойға шомып, осы маңда», «Осыны ұғын», «Сағындым» деген лирикалық жырларынан ақынның мың сан толғаныстарды жырлаған сезімге толы ішкі жан дүниесін танимыз. Лирикалық кейіпкердің үні – мыңдардың миллиондардың мәңгілік айтар жүрек сыры. «Сылдыр-сылдыр, сылдыр өмір» өлеңінде адамилық өмір мазмұнында мәңгілік күйбеңмен өтетін тіршіліктің сипатына тоқталып, алдына үлкен мақсат қояды.

Сылдыр-сылдыр, сылдыр өмір,

Өмір-өзен, тұрмыс темір.

Осы темір төсінде өстім,

Майлы күйе, қара көмір.

Жас кезімнен езіп жебір

Айдап салып дөңге кебір ...

Ал, Бейсембай, қарап жатпай,

Қалам алып, қадамыңды ұр. [1, 33б]

«Сағындым» өлеңінде өзіндік өмір жолындағы асу белестерін, қиындықтарын айтып, жақсылық пен надандықты, тоғышарлықты қатар қойып, жаман әрекеттерден бойды аулақ ұстауды жөн көрген лирикалық қаһарманның жан күйзелісін көреміз.

Ежелден деген рас «Ерлер егіз»

Туғанмен жаман оңбас болып сегіз.

Жақсының жанабына жанаспайтын,

Наданнан артығырақ – мара өгіз.

Жал бітсе, жаннан артық ұлықсынып,

Қырымға қыр көрсетер, қызарып жүз ...

Шартарап, қиял билеп, ұшан теңіз,

Қайғымен қасірет шегіп ыңыранған.

Жалғызы Қасқырбайдың айтты деңіз. [1, 55б]

«Абайша толғау» атты өлеңінде өмір бойы ізгілік жолында аянбай тер төккенін баяндай келіп, көңіл сарайының ұрпақтарына арналған жиһаздарын ашып береді:

Кімді-көрсем мен де сонан түңілдім,

Абай мұны неге айтты деп таңырқап,

Талай рет ойланып ем ойға сап ...

Неге десең ол адамның алыбы,

Әдеби нұр өшпей тұрған шамшырақ.

Ол да безіп, дос жарының қалпынан

Әлі зарлап, бетін басып, жүр жылап

Тұрмыс қуып, өз басына осы кек

Жалаң қылыш жалаңдатты қолына ап,

Қаяу шығып қажып еді бастан бақ

Талай достың өміріне гүл беріп,

Достың шартын шығып едім орындап,

Сыйға сый, сыраға бал дегендей

Ешкімге мен ет демедім қызылжап ...

Кімді көрсем мен де содан

Өз бойыма тон жамылдым, пішіп ап

Өте достым өсиетім осыны ұқ

Жан-жағыңды жау шапса да басты бақ.

Үй орманың қазыналы мүлкің сол,

Жатар орның шахналы алтын тақ.

Достың досы адал жар мен туған ұл.

Ақыл, зейнет түгел болып тұрса сақ.

Ақынның өзіндік жан сырын ақтаруымен азаматтық парасаты, көңіл күй әуендерінің құбылуларында өзіндік тұлғасын аласартпаған салауаттылық келбеті танылады.

«Таңырқаттың, жаратқан» жырында күнделікті пендешілік тіршіліктің сипатына баға береді.

Өмірдің мәңгі оралмас көктемі жастықты уақытында бағалай алмайтындарға өкіне жыр арнайды. Бір аллаға сыйынып, тәңірінің құдіретіне таңырқайды:

... Көлеңкесіз дарақтай

Жан-жаққа жанды қаратқан.

Талайлар өтті даң болып

Дүниеге қызып, қарап таң.

Тапты қаза жазықсыз,

Сағадиды тас бұрқап.

Басы сайран, арты ойран

Өмірдің көркі қып-қызық,

Таңырқаттың, Жаратқан! [1, 34б]

Ақын жырларындағы ең  басты орын алып отырғаны – халық тағдыры. Халықтың елдік бірлігін, ерлік дәстүріне адалдығын даралай жырлауының әлеуметтік мәні зор. Мысалы, «Он төртінші жыл», «Қош болып тұр, туған жер!», «Майданнан хат», «Ардақты сәлем еліме», «Ескерткіш», «Ақымаққа тас атыңдар, адал өзің» атты өлеңдерінде азаматтық биіктік, туған ел, халық үшін қызмет ету туралы аппақ көңілдің саф алтындай жырлары жарқылдай төгіледі. Күнделікті күйбең тірлікке малданбай, ағайын-туыстарының, жалпақ елдің бірлігін, татулығын ойлаған ақынның парасатты тұлғасы сомдалады. Осы ойдың нақты көрінісі «Мерекеге» деген өлеңінде былайша беріледі:

Аянбай ел қорғаған жас түлектер,

Ұйқысын отан үшін етті сергек

Үлгілі еңбегімен соғып қамал,

Тарихқа салтанатты салды өрнек.

Ардақты іс – отан ісі, ер намысы,

Жеңдік біз, жеңеміз біз, жоғары өрлеп.

Намысын Ұлы Отанның сақтай бермек.

Істеңдер ел жұмылып, ердің ісін,

Салақсып, жалқау тартпай, етіп ермек.

Озат күш, адал ниет, талапты бол,

Өмірге әділдіктің ұрығын сеп! [2, 3б]

«Ақымаққа тас атыңдар, адам өзің» өлеңі - өміртанушылық мазмұнға құрылған мегзеулі, бейнелеулі, баламалы жырлар. Бұл өлең Бейсенбайдың  пәлсапалық – ойшылдық тереңдіктерінің көрінісі.

Біреу жүр пара үшін малын жинап,

Өрескіл қорыққанның басын сыйлап,

Өтірік, қорлық, өсек-аяң

Сонымен абыройдың бәрін жимақ.

Адамдық арды бұзған ақымақты

Жек көрді адам түгіл ит те жеріп. [1, 37б]

«Тікті егістің майданына шатырын», «Чкаловшыларға», «Чапаевшыларға», «Чапаев егістігінде» өлеңдерінде екі колхоздың еңбекпен түлеген жаңарған тұрмысын жырлайды. Қармақшы өңірінің жайқалған егіні, мыңғырған малы бар гүлденген жаңа өмірін жыр өрнегімен шаттана жырлайды. Ондағы еңбекшілердің қарышты қадамды еңбектерін поэтикалық образды жыр жолдарымен бейнелейді. Мысалы, «Чапаев егістігінде» өлеңінде:

«Емеді еткен еңбек» деген сөз бар,

Арнайы жалқауларға қойылсын шек.

Айбынды егістіктің қаһарманы

Алдын ал, адал еңбек ұрығын сеп.

Абырой, атақ алып беретұғын

Ежелден ер басына – адал еңбек [1, 80б], - деп еңбекті адамның бақытқа бөлейтінін айта келе, ұрпағына бақытты ғұмыр тілейді:

Көркін айт, бақытты отан гүлістанның,

Көркейген мықтап түбі, көк бәйтерек.

Отаның көркейе түссін, ұрпақтары,

Күн сайын тұрмысы артып, кемелге кеп;

Ана тақырыбы – бүкіл әлемдік ақын атаулының бәріне ортақ тақырып. Поэзияның арғы-бергі тарихында ана туралы жырламаған ақын жоқ.

Сонау Қорқыт жырларының кіріспесінің өзі әйел-анаға арналуы тегіннен-тегін емес. «Ат биеден, алып анадан туады» дегендей ежелгі түркілер негізінен қос күшке көк тәңірге және жерге, жер - суға сыйынатын болған. Сонымен бірге құдіретті күш деп үшінші әйел тәңірісі Ұмайға табынған. Өмір қиыншылығының небір қилы-қилы кезеңдерінде өзінің табиғи құдіретті қалпын сақтап, өмір үшін бала үшін табанды да, қажырлы күрескер бола білген. Қоғамға өмір тіршілік әкелуші ұлы күш бүкіл әйел–ана  тағдыры Бейсенбайды да қатты толғандырса керек. Ақынның «Аналарды ардақтау жөн», «Қарт ана», «Аттанардағы арман», «Сақыпжамалға», «Майданнан хат» өлеңдерінде ананың балағ деген махаббаты, бала тәрбиесі үшін үлкен жауапкершілігі  суреттеледі. Анасы үшін баласы қашанда сәби. Ақын бұл өлеңдерінде ана мен бала арасындағы сезімді көркем бейнелеуде адамның жан дүниесіне терең үңіле білген.

«Аналарды ардақтау жөн» деген өлеңінде әлемге ұрық себуші, перзентіне ар мен намысты ақ сүтімен сіңдірген, аяздарда тоңдырмай, суықтарға шалдырмай бар өмірін тек баласына арнаған аяулы жан ананы құрметтеу керек екеніне бар даусымен жар салады. Бейсенбай ақын былайша жыр төгеді:

Танимыз ананы біз асыл текті,

Себебі ол әлемге ұрық септі.

Дүниенің ең асылы ардақты ұлдың,

Бойына ар мен намыс нұрын төкті ...

Өсірген ой, тұлғаңа жолатпай шаң

Бірінен – біреу артық, өрісі кең

Солардың барлығында туған ана,

Сол үшін аналарды ардақтау жөн. [1, 28б]

Қандай да бір ақын болсын ол табиғат лирикасына соқпай кетпейді. Дәуірі мен ортасына, өзінің жеке басының көңіл-күйіне байланысты әр ақын табиғат лирикасын өзінше жырлайды. Біреулер таза пейзаждық суреттер жасаса, екінші біреулер табиғат арқылы қоғамдық өмірді, өз көңіл күйін білдіреді. Бейсенбай да табиғатты өзінше жырлаған. Бұл тақырыптағы бізге мәлім өлеңдері: «Көктем», «Бұлбұл» және «Бүркіт».

Ол табиғат лирикасына арналған өлеңдерін табиғаттың әр алуан кезі мен кезеңдерін құптау, не машықтау емес, бәрінде де өмір шындығын, ел тіршілігін көшпелі елдің көңіл күйлерімен, өздеріне тән ерекшеліктерімен шебер суреттеген.

Көгілдір, көк орайлы, көрікті көктем,

Алтын күн сәулеленіп, аспан көктен.

Азамат, айуанат пен өсімдіктің,

Бойына салтанаттың нұрын сепкен.

Тас балқып, шыңнан биік қарлар еріп,

Асқар бел күн нұрына төсін керіп.

Мал төлдеп, өсімдіктер жапырақтай,

Болмыстың бар саласы өседі еніп.

Ақын қолтаңбасынан ұлы Абайдың сыршылдығы мен төкпе таланты көрінгендей әсер етеді.

Ақын бойында таланттың таусылмас нәрлі шуағы «Көктем» өлеңімен қоса құйылады.

Күйреуік, жусан, селеу, шайыр, көкпек,

Баялыш, қара ағаш пен дүзген көктеп.

Ғасырлық дамуына ұрық сеппек, - деген жолдарда ақын табиғатымыздың таусылмас ырыс-қазынасы болған Сыр бойының ғана емес, бүкіл қазақ даласының өсімдіктерін тілге тиек етіп, зергер сөзбен «ғасырлар бойы таусылмас тіршілік тынысы» деп бағалайды.

Мажырасын, жер әлемі болып дарқан,

Кең тұсау кесілгендей ұзын арқан.

Дәнді егіс, ел ырысы қосулап өсіп,

Көктемде көркейсін кеңіп арқаң. [3, 3б]

«Ұзын арқау, кең тұсаудың» күні бұл емес екендігін оқырманға ойландыра айтады.

Ақынның бұл өлеңі табиғат ананың қасиетін толық жырлаған өлең болып табылады. Қазақ ақындарының табиғат лирикасын жырлаудағы дәстүрін Б.Қасқырбаев та өз қабілетінше шеберлікпен қолдана білген.

            Бейсенбай Қасқырбаевтың «Бұлбұл» деп аталатын өлеңі – лирикалық шығармаларының ішіндегі аса бір әуезді, көркем шыққан дүниесі.

Сәнді бұлбұл салтанатты баудың көркі,

Ұшса да, қонсадағы гүлге еркі.

Гүлді өмір гүлстанның жырын жырлап,

Сайрандап шат өмірде жүру-серті.

Гүл шашқан жұпар иісті өмірге бай,

Ағын су, жасыл өлке, орман-тоғай-

Бұлбұлдың біз білетін мекені осы,

Ол – жыршы, қалай тұрсын ән шырқамай.

Қажуды, мұңаюды сүймейді еш,

Өмірді күйге бөліп ертелі-кеш.

Жанға жайлы қош иіс гүлге лайық,

Мейлінше көркем жырдан береді үлес, [1, 30б] -деп ақын бұлбұлдың әсем әнінің себепшісі табиғат екенін баса көрсетеді. Ақын бұлбұл үнінің тәттілігін «Жанға жайлы, қош иісті гүлге лайық» деп қош иісті гүлге теңейді. Бұлбұл сұлулықтың, өнерпаздықтың падишасы деп ой түйеді.

 «Ардақты сәлем еліме» өлеңінде ақын туған жер табиғатын суреттеуде теңеу, ауыстыру сияқты көріктеу құралдарын ұтымды пайдаланады.

Ардақты сәлем еліме,

Көкорай шалғын майса гүл.

Туып өскен жеріме,

Топырағы сары алтын.

Шалқыған айдын көліме,

Қоңыр қазы көлімнің аға, іні, қарындас

Сүйенішім беліме.

Құлыным, жамал есен боп,

Сау ерсін төлім шеніңе.

Қарт аруақ байтақ еліме. [1, 22б]

Өлеңдегі ой, қолданған теңеулері ақынның эстетикалық талғамының жоғары екенін және ақынның өзіне тән қаламгерлік ерекшелігін көрсетеді. Табиғатқа тән мінез-құлық пен іс-әрекетті телитін кейіптеу тәсілі де өлеңнің көркемдік ассоциациясын құрайды:

Шыққанда кешке жақын Қармақшыдан,

Бұртиып бізге назбен қарады аспан.

Бұдан кеш бөгелуге мұршамыз жоқ,

Жолымыз «жүр-жүршілеп» алға қашқан.

Табиғаттың бір мезгілдегі тамаша суреті ақын түйсігінде осындай әркетке көшкен. Яғни, аспанның «бұртиып, назбен қарауы» - бір жағы табиғат құбылысын көз алдымызға елестетсе, екінші жағынан асығыс аттанып бара жатқан адамдарға аспанның адамша өкпелеуі тәрізді. Сыршыл ақын табиғаттың әрбір мезетін, әрбір өзгерісін көңіл көзімен қабылдап, оны шеберлікпен суретке айналдырған.  

Бейсенбай шығармашылығын оқи отырып халқымыздың суырып салма, ақындық дәстүр жүйесінің терең мазмұндылығын тіл шеберлігімен өрнектеген, көркемдеген ақынның талантына таң қаламыз. Оның ақындық мектебін Сыр сүлейлерінің жалғасы ретінде белгілі ақын Қ.Шыңғысов, Д.Мырзабекұлы бастаған талантты ақындар тобы жалғастырды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Б.Қасқырбайұлы Ел деп соққан жүрегім. Өлеңдері мен айтыстары. Алматы, 2007ж
  2. Мерекеге //Қармақшы таңы // 7 сәуір, 1994ж
  3. Көктем //Ақмешіт апталығы//  10 мамыр,1990ж
  4. З.Қабдолов Сөз өнері. Алматы, 1992ж