Филологические науки/8. Родной язык и литература
К.ф.н.,
доцент Валиханов
Ш.А.
Аркалыкский государственный
педагогический институт
им.И.Алтынсарина, Казахстан
М.ӘУЕЗОВ Ғ.МҰСТАФИН
ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ
Шығармашылықтың
алуан сыры туралы толғаныспен жазылған «Өнер өрінде»
атты мақаласында Мұхтар Әуезов жазушы Ғабиден
Мұстафиннің 50
жылдығына орайластыра отырып, қаламгердің өзіндік
көркемдік өріс, жазудағы қолтаңбасы туралы
үйір-үйір тоқтамдарға барады. Ең әуелі
жазушылық дейтін өнердің өзіндік жаратылысы жайлы сыр
тарқатады.
«Жазушылық
еңбек пен оған берілген өнердің әралуан талайы
мен тағдыры бар. Кейбір творчестволық тәжірибені
болжасақ, жазушы өзіне лайықты, шамасы толық
құлаш сермеп шығатын тақырыбын таппай жүретіні болады.
Кең өмірде көлдей иен, тамаша тақырыптар арасында
көп түртіліп, өнімсіз жүріп қалады.
Сондықтан бойдағы өнерін, бар қасиет-қабілетімен
таныта алмай, өз үніне түсіп жырлай алмай, әдебиеттік
атаумен айтқанда «өз даусын таба алмай» жүреді.
Ірі жазушы болып,
үлкен шығарма беріп кемеліне келгенше көп жазушылықтың алғашқы
сапары көбінше осылай келеді. Сәті мен өз арнасын табу –
алтын кенін қазушылар арасындағы старательдер артелінің
жаңа бір алтын желісін (жиласын) тапқанымен бір теңдес.
Талапты табады, табанды жеңеді. Бірде көп ізденумен, кейде
сәтімен аз іздену соңынан да, өзіне бейім, бой тартқан
тақырыбын тартқанда жазушы өнері қанағаттанады.
Бойдағы барлық талантты жігері ұшқындай түсіп
нұр шашады. Жазушы еңбегі бел-биіктен аса беріп, бұрын
оқушысы да, өзі де аңдамаған, іркіліп жүрген
асылын ашады» [1, 95-б.].
Мұхтар
Әуезов уақыттың талабымен кеңес оқушысы,
кеңес адамы деген ұғымдарға жүгініп
сөйлейді. Сол сөздің аясында шынайы көркемдік
мұраттар, Ғабиден Мұстафиннің қаламгерлік
ұстаным, айқын өзіндік жазу дағдысы, мәнері
тайға таңба басқандай нақты ашылып көрсетіледі.
«Сонымен қатар
жазушы шығармаларындағы көрсетілетін, суреттелетін ортамен,
өмір тартысымен, жазушының өз өмірінің
тартыс-табысын, іздену жолдарын қатар еске алу керек. Сонда осы жайда да
біраз жазушыға ой салғандай мәнді, нәрлі ерекшеліктер
бар екенін көреміз.
Жазушылық
жолында өз арнасын тапқан Ғабиденнің өмір жолында
да жазушылығына жетекші, себепші болған шындық, болмыс,
тәрбие тәлімі бар. Мұнда да өмірден
жазушылыққа, жазушылықтан өмірге ауысып араласып
жатқан қос-өрім байқалады.
Нақтылап
айтпағымыз: жазушының романдарын оқып кеп, өз
өмірбаянын аңдап барлағанда, романдағы кейбір ортадан
жазушының өзі туып жатқаны сезіледі. Және де
жазушының өз өмірі бірталай елеулі үлкен шындығы,
талабы, табысымен романдар ішіндегі геройлардың сезіміне, сөзіне,
іс-әрекетіне ұдайы араласып жатқандай байқалады.
Сондықтан да
кейде жазушы өзі жазған кітабының бетінен көп жайымен
көрінгендей болады. Ол романдар автобиографиялық
(өмірбаяндық роман) болмаса да, жазушының өзі көп
сезімімен, ойымен, талай тағдырымен, өмірдегі алғашқы
адым, өсу жолы, соңғы табыстарымен ап-айқын сезіліп
жүргендей» [1, 96-б.].
Мұхтар
Әуезовтің соншалықты білгір, көрегендікпен, жазу
өнеріндегі заңдылықтарды тізгіндеп отырып жасаған осы
тоқтамдары – Ғабиден Мұстафин
шығармашылығының басты бір сипатын, қашанғы
өзгешелігін айқын сезініп отырып жасалған мәні мен
маңызы айрықша тұжырым.
1952 жылы
Мұхтар Әуезов «Дауылдан кейін», «Көз көрген» романдары
жазылмай тұрып-ақ осы дара мәнер, айқын
өзгешелігі айғайлап тұрған сипатты таныған.
Мұхтар Әуезов өзінің бұл тұжырымын
«Қарағанды» романын негіз ете отырып айқындай түскен.
Сол саралауда қаламгер Ғабиден Мұстафиннің барша
шығармашылық сырына бастар қадау-қадау
түйіндемелер жасалады.
«... Міне, осы
адамдардың көпшілігі Қарағандыға жақын
отырған елдерден шыққан қазақтар болатын. Сол
түрде Қарағандыға келген бірталай жұмысшылар,
қартаң әйелдер, жігерлі жастар атаулының талайы
дәл Ғабиден Мұстафиннің өзі туып-өскен
елден, бала күнінен өзі өмір кешкен жерлерден келген.
Көпшілігі тіпті жазушыға туыс-таныс адамдар болатын.
Ғабиденнің
өзі де жаңағы аталған жақын елдердің
арасынан шыққан. Қарағандының
қасындағы, осы күні КарГРЭС орнаған Нұраның
бойы бұл елдердің қыс қыстау, жаз жайлау дейтіндей,
ежелгі қоныс-мекені.
Бұл
өлкедегі елге, бұрын ағылшын билеген
Қарағандының жай-күйі, Ұлы Октябрь
революциясының алдындағы Қарағанды мен Спасс, Нілді
сияқты, болымсыз шұқанақ
өндіріссымақтардың жайлары, тарихы да аса мәлім еді»
[1, 97-б.].
Жазушы Ғабиден Мұстафин «Қарағанды» романын
жазғанда қандай күрделі көркемдік шешімдер жасалды
дейтін мәселенің бір ұшы жазушының өз өмір
дерегін көркемдік әлеммен ұштастыру жайы ойда тұрады
дер едік. Осы мәнде де Мұхтар Әуезов
сұңғыла суреткерлік зердемен төгіп-төгіп ой
тастайды ортаға.
«Сондықтан да
бұл жазушы өз өмірін романның ішінде бір өрім
етіп қосқанда әлсіремейді. Қылғынып отырып,
қайшылық та жазбайды және өзінің мен-мендігін, көріне
өзімшілдікпен тықпаламайды. Қайта өз
өмірінің көп болмысы мен тынысы, ыстық демі, жан-жігері
аралас жүрсе де, сол жайларын үлкен ұстамды мінезділікпен,
сабырлы салмақпен, объективтік суретшінің бояуымен бере біледі.
Романның бар материалында автордың өз өмірі, сезімдері,
қайрат тартысы, арын-арманы мол араласып отырғанын өзге жайдан
аңғармайсың да, тек сол өндірістің бар
шындығын аса жақсы білетін таныстығынан, сол ортаға
өте жақын жанасып барып баяндап отырған көркемдік
шындығынан туғанда, жазушының өзі де басынан кешірген
шындықтан қоса туып, өзгеше сыр-сипат табады.
Бұл
айтылған жайлардың бәрі де жазушы Ғабиденнің
соңғы елеулі еңбегі «Қарағанды» романының
әртарап қасиеттерін өсіре түсуге көп
көмекші болған жайлар. Қарағанды
өндірісінің және сол атыраптағы өмір өлке
жаңғырысының әр алуан табыс, туыс шақтарын
өзінің жазушылық еңбегіне ұзақ арқау
еткен Ғабиден бұл тұста жеткен қалпындай, енді
бұдан былайғы жазушылық еңбегінде де сол арнамен бара
бермек. Үлкен тақырыбының таңдаулы тармақтарын
ілгері таратып жаза бермек» [1, 99-б.].
Мұхтар
Әуезов Ғабиден Мұстафиннің қаламгерлік
өрісіне осылайша айқын бағдар, барлау жасайды.
Шығармашылық құбылыстың заңдылық,
қисынын мейлінше сіңірген білімпаз талғам ғана айтар
сөз ғой демеске болмайды. Ғабиден Мұстафиннің
шығармашылық өсу жолын саралауында Мұхтар Әуезов
ірі әдебиеттанушы ғалымның әдеби үдеріс жайлы
мейлінше айқын, соншалықты ауқымды талдауға
тартылған, мәнді байлам-тоқтамдар жасады.
Ер жасы елуге келіп
отырған Ғабиден Мұстафиннің қаламгерлік дара
қасиеттерін қадау-қадау саралап, шығармашылық
өріс, өсу бағытын айқын нұсқайды.
«Қазіргі сөзді
қорыта келе айтарымыз: Ғабиденнің творчестволық жолына
көз салып болжағанда, көңілге жақсы
жұбанышты ой салатын үлкен-үлкен елеулі бір жай бар. Онысы
ең алдымен, бұл жазушының айнымастан, ұдайы
бүгінгі күнгі үлкен өмірмен нық байланысты
еңбек етуінде. Романнан романға, тақырыптан
тақырыпқа ауысқан сайын Ғабиден сол үлкен арнасын
сүйе түсіп, бар жігерін сала түсіп, өсіре суреттеп келе
жатқаны байқалады. Бұл суреттелген өмір де,
барған сайын жазушының романдарында кеңейіп, күрделі
бола түсіп нұрлана толысып келе жатады. Сол суреттеген болмысы мен
шындығына орай және соның жыл санап үдеп өрлеуіне
қарай жазушының да өз қуаты да, қанаты бекіп,
қуантарлық қарқын тауып келеді. Бұл жазушы,
қай жағынан алғанда да, өнерінің өрінде,
ұмтыла басып, биіктеп бара жатқан жазушы екенінде күмән
жоқ» [1, 103-б.].
Жалпы, Мұхтар
Әуезов әр кезде де Ғабиден Мұстафин
шығармашылығының басты даралық сипаттарын айқын
танып, жазушының шеберлік мүмкіндіктерін атап көрсетіп
отырған.
1950 жылы
«Әдебиет және искусство» журналының 8 санында
жарияланған «Кейбір ұлт жазушыларының романдары туралы» атты
мақаласында да Ғабиден Мұстафин шығармашылығы
бірнеше тұста елеулі мәнде аталып отырған.
Осы мақалада
қозғалған көкейкесті, көркемдік көп
жайдың Ғ.Мұстафиннің жазушылық
тұлғасына соғып жатқан тұстары аз емес.
«Айбек пен
Мұстафин романдарында екінші қатардағы кейіпкерлерді даралау
жағы әлдеқайда жоғары. Адамдардың сыйпатын беру
жағы Баширов романында одан да терең, айқынырақ болып
шыққан. Авторлар екінші қатардағы кейіпкерлерді
көрсетуде фольклормен классикалық жазба поэзияның
жағымсыз дәстүрінен безіп, жаңаша көрсеткен.
Мұны игілікті табыс деп білуіміз керек.
Фольклор мен
классикалық жазба поэзияның дәстүрінде екінші
қатардағы кейіпкерлер жосықсыз адамдардың тізбегі,
біртектес адамдардың сыртқы дәнекері ғана деп саналып,
оларға өте аз көңіл бөлінетін.
Классикалық
орыс әдебиетінің таңдаулы реалистік дәстүрлері
жоғарыда аталған романдардың бәріне де әсер
еткен. Мұны айта қалғандай жетістік деуге болады. Бұл
романдардың авторлары француз романдарындай қызғылықты
сюжеттің жетегіне кетпей, адамдардың психологиялық және
ісшеңдік сипаттарын, олардың әрекеттері нақтылы
істерімен байланыстырылып көрсетіледі...
Шолуымыздың
ақырында осы романдардың тілі, жаңа сөз мәдениеті
жайында толық тоқталуымыз керек еді. Алайда, бұл мәселе
осы романдардан көптеген мысалдар келтіріп, сөз образы қалай
сақталғаны жөнінде кең тоқталуды керек етеді.
Сонымен қатар, ұлттық түрдің аса маңызды
саласы болғандықтан, бұл мәселе толық талдауды
және өз алдына жеке мақала жазуды тілейтін зор тақырып.
Сондықтан да біз бұл жерде осы талданып отырған
романдардың тіліндегі аса қызғылықты жаңа бір
жәйтті ғана атап өтпекпіз. Бұл романдардың
сөз құрылысы екі жүйеге бөлінеді –
қарапайым, астарсыз айқын түрде тым жатық келіп
отырады. Сондықтан да, сөздері оқушыларға өте
ұғымды келеді, халықтың сөз қазынасын мол
пайдаланып айтылған ғибрат, нақыл сөздер де жиі
кездеседі. Мұстафин мен Сыдықбеков романдарының тілі осындай.
... Сондықтан
да, Мұстафиннің айналасы теп-тегіс жұмыр келген, мінсіз жатық
сөздеріне тәнті бола отырып, біз оның шебер
құрылған әдемі сөздері үздік
шыққан жеке-дара деп те айта алмаймыз, я болмаса, советтік
ұлт прозасының әбден кемеліне келіп, жетіліп болған
сөз-стиль түрі деуге де тиісті емеспіз» [2, 79-б.].
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Әуезов М. Өнер өрінде //
Әдебиет және искусство. – 1952. - №12
2. Әуезов М. Кейбір ұлт жазушыларының
романдары туралы // Әдебиет және искусство. – 1950. - №8