ӘӨЖ: 821. 512. 122-3: 39
Таңжарықова
А.В.
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы
Абай
атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы,
филология ғылымдарының докторы
Д.Исабеков шығармаларындағы кейіпкер
психологиясын ашудағы көркемдік детальдар қызметі
Әрине, көркем диалог
пен ауызекі сөйлесу тілі бір-біріне толық сай келуі де мүмкін
емес. Бірақ жазушы өз кейіпкерлерін тым әсірелемей,
табиғи тұрғыдан танытуға тырысады. Диалогтың қолданыстарында
көркемдік талапқа сай қағидаларды естен
шығармайды.
Міне, мұның бәрі – диалог мүмкіндігінің
өлшеусіз екеніне, орнын тауып қолданған жағдайда
оның көркем шығарма құнын арттыра
түсетініне дәлел.
Д.Исабеков шығармашылығына психологизм тән екенінің
тағы бір дәлелі-кейіпкер
сомдаумен қатар, сол кейіпкердің жан-әлемін өзгеше
бір тосын сарынмен ашуына септігін тигізетін деталь үйлесімділігі.
Сәтті деталь сәтті диалогтың ғана
нәтижесі екені белгілі. Д.Исабеков шығармаларына осындай ерекшелік
тән. Мәселен, «Ай-Петри ақиқаты» әңгімесіне
Қырым жағалауына дем алуға келген Жамал
Сағатовнаның басынан кешкен оқиғалары арқау
болған. Ол үшін бәрі де жылдағыдай жақсы
басталғанымен, бәрі де кенеттен күрт өзгерген. Кешегі
күтім де, сыйластық та жоқ. Сөйтсе, күні кеше
жалбақтап, құрақ ұшып жүргендердің
бәрінің сырт айналуына себепкер мәселе – күйеуі
Заманбектің басқа қызметке ауысуы екен. Сөйтсе,
өмірде бұл білмейтін құпия сыр көп
көрінеді. Сөйтсе, күні кеше болып-толып жүрген жан бір
сәтте екі жүзділік, аярлыққа жолығып,
үмітін үзетін сияқты.
«Бәлкім, тіршілік деген де ағын шығар. Әлде расымен
ақиқат шындық па?», - деп қаламгер
әңгіме соңында
қойып отырған сауалға
өзі жауап беріп қойған. Мичман Паниннің сөзімен айтқанда:
«– Дұрыс айтасыз, жолдас капитан, босаған нәрсені онша
сыйлай бермейтініміз рас еді» [1, 424].
Босаған бөтелке кімнің тарысы піссе, соның
тауығы болып жүрген, кешегі бас иіп, тәу еткені сәл сүрінсе, орға итере
салатын адамдардың пиғылын көрсетеді.
Жазушы авторлық баяндауды, қосымша ремаркаларды көп
пайдаланбай-ақ, екі адамның сөзінен олардың
көркем тұлғасын тудырады. Сөйлеушінің
әңгімесінен оның барша қимыл-қозғалысы,
болмысы, бет-пішіні де айқын елестейді. Cебебі: көркем туындыда,
оның ішінде психологиялық шығармада кейіпкердің табиғатын,
кісілік келбетін, рухани дүниесін, сипатын ашып көрсететін
көркемдік компоненттердің бірі – бейвервалды ишараттар. Біз
«Әрбір адамға тән келбеті, жүрісі, киім киісі, тіпті
тамақ ішісіне дейін қатаң қадағалау арқылы
оның ішкі өміріне ене аламыз» [2, 525].
«Ай-Петри ақиқаты» – парасатты прозаның үлгісі.
Заманымыздың аурудың
хал-ахуалын тамыр ұстау арқылы анықтай білген емші секілді,
жазушы қаламынан туған шығарма қайта құру
мен тәуелсіздіктің арасындағы кезеңнің шындығында суретті сөзі
арқылы оқырманға паш етті. Қ.Ергөбек: «Дулат
Исабеков – мейілі өткен күн тағылымын айтсын, мейлі бүгінгі
күн шындығын жазсын, қайда да, қашан да – шынайы
суреткер. Айтарын характер арқылы бейнелей айтады, жазарын көркем
детальдарды ойната құбылтып ашады, шығарманың
көркемдік формасы жұтынып, композициясы дөңгеленіп
шып-шымыр шығады», - деп, қаламгер туындыларына тамаша баға
берген [3, 123]. Біз жоғарыда сөз еткен «Пері мен періште»
повесіндегі Құлахмет ағайдың Сафураға алған
біз өкше туфлиі, Нәзікетке арнаған қызыл лентасы мен
жинаған ірі-ірі қып-қызыл алмалары да деталь қызметін
атқарады. Қызыл лента Нәзікеттің бұрымына
арналған. Қазақ отбасындағы бұрымды кішкентай
қыздың қызыл алмадай өсіп келе
жатқандығының белгісі. Қызыл түс –
әдеміліктің, қызғалдақтай
балғындықтың символы. Жазушы Құлахметтің
көңіліне қуаныш орнатқан кішкентай ғана
ботақанын өз отбасында, әке-шешесі қасында,
қызғалдақтай өсіп келе жатқан періште
көңілді Нәзікетті біз өкшелі Сафурадай шешесінің
жұлып алып кетуін деталь дәлдігімен шебер бейнелеген. Авторлық
таным тұрғысынан біз өкшелі туфлидің өзін деталь
ретінде алып, оны біздиген Сафура
характерімен психологиялық параллелизмде суреттеген.
«Есепшот, түйетауық және домино»
әңгімесіндегі есепшот,
домино, түйетауық деталь ретінде әңгіме желісінің қызғылықты
шығуына өз үлесін
қосып тұр. Бұл жерден жандының жансызға
тәуелділігін байқаймыз. Осы
бір тәуелділіктен туындап жатқан адамның
мінез-құлқындағы өзгерістер шығармадан
байқалады. Жазушының шеберлігі, өзіндік
қолтаңбасының
ерекшелігі осындай жерлерден байқалады. Шағын да
жұмыр болып келетін әңгімелері мен
повестерінің көтеріп тұрған әлеуметтік,
философиялық жүгі әрқашан да салмақты.
Жазушы шығармаларында тағы бір назар аудартатын көркемдік
қолданыс – табиғат көріністерінің бейнеленуі.
Мұның негізі көне фольклордан бастау алатындығын
С.А.Қасқабасов былай деп тұжырымдайды: «Адамның жаратылыстан
өзін бөлмей тұрған кезде туған көптеген
мифологиялық символдар, жануарға немесе табиғат объектісіне
арнап сөйлеуге, олармен сырласып, тілдесуге болады деген түсінік
кейін фольклорға ауысып, басқа бейнелеушілік сипат алған» [4,
268].
Табиғат суреттерін адам жанымен тұтастықта
қарастырудың көркем үлгісі толғау жанрынан
анық байқалады. Әдебиеттің негізгі нысаны – Адам
табиғатпен етене, біртұтас ұғынылады. Ол жөнінде
Ә.Дербісәлин: «Өмір мен адамды, адам мен табиғатты,
табиғат пен өмірді (тұтас не жеке құбылыстарын аз
сөзбен бір-біріне салыстыра, ұқсата, кейіптей) суреттеу
арқылы белгілі бір ой түсінік ұсыну тек толғау жанрына
ғана тән тәсілмен көрінсе, кейін де сол қалпынан
ұзаған жоқ» [5, 52] – деп сипаттайды.
Табиғатты суреттеуде жазушылардың өз стилімен
ерекшеленетінін ғалымдар дәлелдеп отыр. Мысалы, орыс
халқының атақты жазушысы
И.Тургенев туындыларында әуелі табиғат суреті беріліп, кейіннен
шығарма кейіпкерлеріне кезек беріледі. Ал, қазақ
жазушыларының көбінде (М.Әуезов, Ж.Аймауытов) табиғат
пен адам астасып, олардың көңіл-күйлері бірлесіп бейнеленеді. Қазақ
классиктерінің бұл тәжірибесі біз талдап отырған
Д.Исабеков шығармаларында тамаша жалғасын тапқан.
«Тегінде қандай бір туынды
болмасын, онда табиғат суретін беру ең басты міндет те,
мақсат та емес. Ол көбіне кейіпкердің
көңіл-күйін білдіру үшін немесе оқиғаны
қоюлатып, композиция мен сюжетті дамытуға дәнекер ретінде
қосалқы міндет атқарады», - деп жазады Г.Пірәлиева [2,
54]. Осы міндет Д.Исабеков туындыларында қалай орындалды? Соған
көңіл аударайық.
Жазушы «Дермене» повесін:
«...Жолдың май топырағын жалаң аяқ бассаң,
табаның күйеді. Шұбар жыланның бауырын қарып, арқасын жидітетін
осындай аптапты далада да бір кезде
қыс түседі дегенге иланғың келмейді», - [1, 272] деген
жолдармен бастайды. Енді ары
қарай оқиық: «Қураған кеурек пен
құлқайырдан итарқа етіп жасалған шайла астында
аптаптан бас сауғалап екі адам
жатыр. Бірі – атасы, екіншісі – он үш, он төрттер шамасындағы
немересі», - [1, 55] деп суреттеледі.
Ай далада, ми айналып жерге түсетіндей аптап, ыстық күнде
қауқары кеткен қарт пен аузынан әлі ана сүті
арыла қоймаған жас баланың жату себебі неде екен?
Қартайған шағында жалғыз ұлын жер
қойнына тапсырып, ұрпақ сабақтастығы сол
жалғыз ұлдан қалған
немереге тірелген тұста Тоқсанбай үйде қарап
жата алмайды. Шаңырақтың қисайған түтінін
түзету үшін немересін ертіп, күн көру үшін
қырдан дәрілік шөп-дермене оруға талап қылады.
Бастапқыда автор табиғат көрінісін суреттейді.
Табиғаттың жайсыздығы мен сөз болған адамдар
тағдырының ауырлығы бірімен-бірі егіз секілді әсер
береді. Бұл жерде автор жалғыз
тірегінен айырылған қарттың тағдырын мазасыз
табиғатпен психологиялық параллелизм әдісі
арқылы астастырған.
Жазушы қайғысы ортақ қарт пен оның
немересінің аянышты халдерін
жаздың аптап, ыстық күндерімен қатар суреттеп,
қам-көңіл жандардың мүшкіл жағдайын,
көрген азаптарын ұқтыра түседі.
Пейзажды, жалпы табиғат құбылыстарын шығармасында
сөз етпейтін жазушы жоқ.
Мәселе қалай сөз етуде, яғни образ жасауда
табиғат суретін қисынды орнын тауып пайдалана білуінде.
А.Чеховтың М.Горькийге жазған бір хатында: «Әңгімеде
табиғат көрінісі кейіпкерлердің
көңіл-күйін,
тұлғасын ашуға
қызмет еткенде ғана үйлесімді суреткер шеберлігі де
осы орайда танылмақ», - [6, 7] деген. Пейзаж жасауда Д.Исабеков өзіндік ерекшелігімен
дараланады. Пейзаждың кейіпкер тұлғасын жасаудағы философиялық мәнін жазушы еш
уақыт есінен шығармай, оны кейіпкердің психологиясымен
тығыз байланыста пайдаланып отырады. Мысалы, «Гауһартастағы»
Қайыркеннің туған жерге деген сүйіспеншілігі мына бір
әсем табиғат суретімен ұштасып жатыр: «Біздің үй
Аршабай деген өзеннің жиегіне тігілген. Өзен дегенде
бұл шалқып жатқан өзен емес. Ені жарты шақырымдай
келетін үлкен арна. Басы сонау Қазығұрттан
шығады. Аяғы бірте-бірте жайпауыттанып барып Арысқа жетеді
де, теп-тегіс жазыққа айналып кетеді. Бір заманда бұл жерде суы мол өзен
болған деседі.Оған осы арнаның қатпар-қатпар
тастары мен ұлтанын кіндік бойы
қазсаң шыға келетін қиыршық құмдары
куә. Қазір арнаның бойы – малға таптырмайтын жайылым.
Құлқайыр, шағыр, бетеге, кеурек, сасыр дегендерің
ұйыса өскен» [1, 172], - деп басталатын жайлау суреті көз
алдыңа табиғаттың сұлу көрінісін жайып салады.
Немесе осы жайлаудың
Ыбыштың тойы үстіндегі көрінісі де сондай жанды
шыққан: «Кең жайлау, кең дала. Аршабай өзенінің
көгілдір аспанын жастар әні кеулеп жатыр. Туған дала ерке
ұлдарын құшағына орап, солармен қосыла
әндетеді, қосыла күледі, қосыла қуанады.
Өзіне тартып туған сауықшыл ұл-қыздары күміс нұрға толы айлы
түнде ақ сүйек ойнайды, топ-топ болып ойпаң мен
қыр басында ән салады, домбыра тартып, енді бірде балғын
балалық шаққа бір мезет қайта оралып, жұпар иісті
көк шағырдың арасында жасырынбақ ойнайды» [1, 173].
Тойдың қызықты да қуанышты күндері әдемі де
әсем табиғатпен ұштасып жатыр. Осы кездегі жастар
қуанышы, олардың ішкі сезімі табиғаттың тамаша
көрінісімен қатар өрілген. Жалпы жазушы туындыларындағы
табиғат көріністері сондай жанды, сондай шынайы келеді. Бұны
мына мысалдан аңғаруға болады: «Екеуміз әнді
қосылып айттық. Баяу шыққан қоңыр үн
айлы түнде Аршабай алқабын аралап кете барды. Ол ән осы
аймақтағы құлқайыр мен қурайды, жусан мен
адыраспанды, тау мен қыратты – бәрін-бәрін де
өзінің әсем ырғағымен тербетіп, бесіктегі
сәбиді қалғытып, балқытып жібергендей болды. Айнала
мүлгіген тыныштық. Шыр-шыр еткен түн шегірткелерінің
үні де басыла қалыпты. Тас төбеге келген толық ай
жұлдыздардың бәрін ысырып тастап, бізге ентелей қарап
тұр». Салтанаттың өне бойы қандай нәзік, қандай
сұлу болса, ол салған ән сондай әсем, сазды
болғаны соншалық, айнала қоршаған табиғат та елти
тыңдағандай. Пейзаж
кейіпкер психологиясымен жымдаса бейнеленіп, алдыңғы орынға
адамның ішкі жан дүниесі шыққандықтан, жазушы
суреттеп отырған Аршабай өзенінің
аңғарының, шөл дала табиғатының
жұтаңдау екенін аңғармай да қаласыз. «Дермене»
повесіндегі табиғат суреттері де – осының дәлелі: «Қара
қарғаның миы қайнайтындай шаңқай
түс. Адырлы даланың
бірте-бірте биіктеп барып аспан тебетін шоқтығын әлдекім
қылышпен қиып түсіп, айналаны қоршап алған
сағым теңізіне шым батырып жіберген секілді. Сәскеге дейін
немесе бесін ауғаннан кейін сонау-сонау алыстап бозарып тұратын
Алатау да, қапталдағы нар өркеш Қазығұрт та
көзден ғайып болған» [1, 272], - деген аптапты дала суреті
Тоқсанбай шалдың және оның немересінің
басындағы қиындық кезеңді аңғартуға
бастайтын алғышарт іспеттес. Тоқсанбай шалдың баласының
ойда-жоқта мерт болғанынан («...адырлы даланың бірте-бірте
биіктеп барып, аспан тебетін шоқтығын әлдекім қылышпен
қиып түсіп, айналаны
қоршап алған сағым теңізіне шым батырып жіберген
секілді») [1, 272] хабар
беретіндей осы бір табиғат суреті оқырман жүрегіне ой
салады.
Бейнелеудің көркемдік құралдарының бірі
ретінде пейзаж жазушы
шығармаларының
көбінде қолданылады. Оның негізгі қызметі-
мәтінді бір тұтас бірлікке айналдырар өзгеше байланыс көпірі болу.
Пейзаж көркем шығармада оқиға өтіп
жатқан жерді, өмірлік ситуацияларды, шығарма
кейіпкерінің ішкі жан әлемін көрсету және оның
көңіл-күйін оқырманға сездіру үшін,
әлеуметтік мәнді проблемалардың шешімін табу жолдарын
көрсету үшін композициялық элемент ретінде қолданылады.
Кейде тікелей автор толғанысында да пейзаж маңызы өызмет
атқарады. Пейзаждық суреттеулер шығарманың тілін
көркемдеп, эстетикалық құнын арттыра түседі.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі:
1. Исабеков
Д. 2-томдық шығармалар жинағы. –Алматы, «Жазушы»,
1993.
2.
Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің
кейбір мәселелері.
А., Алаш. 2003., Ізденіс
өрнектері. Алматы, 2001, -221-б.
3.
Ергөбек Құлбек. Ұлтын сүйген жүрек
үнi. //Қазақ әдебиетi, 1992.
4.
Қасқабасов С. Қазақтың халық
прозасы. А., 1984. 268-б.
5.
Ә.Дербісәлин. Ежелгі дәуір әдебиеті. А.,
Ғылым, 1983. 52-б.
6.
Чехов А. Собрание сочинений в 12-ти томах. М. Гослитздат.1960-
1964.