Бакирова Жанат Серикбаевна- «Сымбат» дизайн және технология

Академиясы колледжінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты

 

Алматы қаласы,  Қазақстан Республикасы         

 

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ЗАҢ ШЫҒАРУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕ ТАРИХИ КӨЗҚАРАС

 

Қазақтардың құқық әлемі мен құқықтық  дүниетанымы өте ерте кездерден басталады. Олардын ата-бабалары өмір сүрген Орталық Азия мен Еуропа кеңістігіндегі көптеген мемлекеттер мен әлеуметтік-саяси жүйелер бірін-бірі толассыз өзгертіп отырды. Осы аумақты мекендеген отырықшылар көшпелі мал өсірушілер болатын. Мұның өзі барлық көшпелі қоғамға ортақ белгілі жағдай еді. Қазақ  халқының көшпелі қоғам кезіндегі сана-сезімімен өмір сүру жағдайларында оның дүниені және құқықты тануда өзіндік тән ерекшеліктері болды. Адами құндылықтарға негізделген дала демократиясының зандылықтары кеңінен құлаш жайған  көшпелі қоғамда пікірталас қисындылығының құралы ретінде, әділ сот пен шешендік ділмарлықтың орнын өте жоғары қойып, өзін-өзі басқару  еркінділігіне деген ұмтылыс өмірдің барлық салаларында ерекше сезіліп  отырды. Бұл жағынан қазақ қоғамы, өзі қатынасып отырған көшпелі далалық  негізінен көп ілгері озып кетті. Егерде әлемде көшпелі өркениет болған және әр жерде өзінше көрініс тапқан деп болжасақ, шын мәнінде көшпелі өркениет түсінігі өміршең десек, біздің пайымдауымызша, көшпелі өркениеттің ең дамыған ортасы өзіміздің Қазақстан аумағына тән болған. Бұл қандай да бір субъективті ой шеңберінде көшпелі аймақтардың бірін әдейі асыра мадақтауға бағытталған нәтиже емес. Бұл түсініктің түп қазығын географиялық, әлеуметтік-саяси, адами-өнегелік құндылықтармен астасып жатқан негіздерінен байқаймыз.

Бірінші негіз: Орталық Азияны мекендеген тұрғындарының басым көпшілігі үшін ортағасырлық тарихи жағдайда өмір сүрудің бірден-бір негізін құраған мал шаруашылығын дамытуға барлық жағынан шұрайлы әрі икемді болып келген, халқы сирек қоныстанған ірі табиғи кеңістіктің болуы. Көшпелілер осы шөбі шүйгін, суаттары мол, жайылымдық-шабындық алқаптар, орманды аймақтар, кең далалық кеңістік – солтүстікте Ертіс-Енисей аймағынан бастап, оңтүстікте Балхаш көлі мен Сырдария өзеніне дейін, батыста Орал, Еділ-Жайық алқабынан Карақұм, Мойынқұм құмдарына дейін, шығыста Жетісудың қайнар өзендері суы мол көздеріне, Жоңғар қақпасына дейін жүз мыңдаған шаршы алқапты жерді алып жатқан, көшпелілер үшін «шұрайлы» ұлан-ғайыр жер тілімін қоныстанды. Осы кең аумақ Қыпшақ даласы аталып, тарихқа «Шығыс Дешті Қыпшақ» ретінде  еңген болатын. Моңғол императоры Шыңғыс хан өз заманында осы жерді ірі әрі маңызды аймақ атауымен өзінің үлкен ұлы Жошыға берген болатын. Кейінен осы аймақтың көп бөлшегінде басқа ордалардай айырмашылығы мол «Ақ орда» құрылды.

Келесі  негіз: Осы ұлан-ғайыр территорияны еркін мінезді көшпелілер бірлестіктерінің өмір сүруі. Оның қайнар көзі мен негізін мыналар құрады: а) көшпелі өмір үрдісі еркіндігі мен оның дәстүрлі мәдениетін қызу қолдаушылар; б) ғұн, қыпшақ, моңғол және тимуридтер империясы қол астындағылардан түрлі себептермен бөлінген қоныс аударушылар. Осы империялардың билеушілері үздіксіз, халықты қажытқан жорықтар жасады. «Қоныс аударушылар» үшін бұрынғы  келген орнында қысымға ұшырау, сондай- ақ үйреншікті дүниеге көзқарас және көшпелі тұрғындар дүниетанымына қайшы келетін жаңа ережелерді, оның ішіне клерикалды-діни, милитаристік мекемелер ережелерін күшпен қабылдатуға ұмтылу айтарлықтай рөл ойнады; в) жайылымдық көшпелі жерлерді және өзін-өзі басқару еркіндігін іздеушілер. Қыпшақ даласы (Шығыс Дешті Қыпшақ) деп аталған кең–байтақ аймақ көшпелі өркениет пен еркін көшпелілердің көп жағдайларда жалпы адами құндылықтарымен үндес мәдениетін бойына сіңірді. Қоғамда сөз құдіреті мен әділ сот құдіреті өмірлік күшке ие болды. Ол бай мен кедей, ақ сүйек пен бағыныштыларға бөлінген әлеуметтік, тәуелсіздікке негізделген қоғамның өзінде де жеке және қоғамдық санада үлкен күшке ие болады.

         Қазақ құқығы - Шығыс Дешті Қыпшақата (Қыпшақ даласында)  көшпелі қоғам дамуының жалпы және ерекше жолын корсететін далалық жинақы құқық. Ол Орталық Қазақстан тарихында көптген ғасырлар бойында бірін-бірі алмастырған көшпелі бірлестіктердің құқықтық  массивтердің табиғи іріктелуі болып табылады. Онда ғұндар мен түркі қағанатының, қыпшақтар мен Монғол империясының іздері кездеседі. Ескеретін жағдай, қазақ құқығы қазақ хандығында басты рөл атқарғанымен, ол жалпы мемлекеттік  құқық болып саналмайды және тек хандық көлемінде ғана әрекет етіп қойған  жоқ, оның аумағы одан да кең болды.    

Қазақ хандығының өміріне қатысты мәлеметтер, әсіресе Қасым хан зандары туралы деректердің аймақтық, шетелдік шығармаларда көп кездеспейді: а) ортағасырлық тарихи әдебиеттерге дәстүрлі тән нәрсе,  олардың тек хроникалық сипатта жазылуы. Жазбаларда негізгі мәселе ретінде билеушілер арасындағы жүріп жатқан шайқастар мен жаулап алушылар, олардың жорықтары мен жеңістері, некелік-туыстық қарым-қатынастары бейнеленеді. Мемлекет пен қоғамдық құрылыс, қоғамдық өмір, басқару мәселелері қамтылады; ә) Орта Азиялық кеңістіктегі көшпелілердің экономикалық, әлеуметтік-мәдени негіздері мен саяси режимі талай ғасырлар бойы өзінің алғашқы формасынан айтарлықтай өзгеріске ұшырамай, тұрақты түрде сақталды. Өзгере қалған жайттар тек санаулы ғана шамада болды және олар қалыптасқан қалыпты бұза алмады. Ғұн, қыпшақ, моңғол империяларына да, кейін Қазақ хандығына да осы құбылыстар тән болатын. Қоғамдағы қалыптасқан режимдегі кішігірім өзгерістермен, жаңа құбылыстар санаулы ғана хатқа түсірушілердің назарына іліккенімен, олардың деңгейі сарай тапсырмаларын орындаудан аса қоймады; б) Орта Азияға XIX ғасырға дейін билігін жүргізген шыңғыстектілер үшін «Шыңғыс ханның жасағы» деп аталатын заңдар жинағының рөлі жоғары болады. Белгілі бір аумақты билеуші шыңғыстекті хандардың жарлықтары «жасау» нормаларының көлеңкесінде қалып қойды. Сондықтан да жекелеген хан заңдары -  жарлықтарына маңызды көңіл бөлінбей, олар хатқа түсірушілердің назарына ілікпеді.

Қасым ханның есімінен «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталған кешенді заң жинағы қазақ тарихында сүбелі орыны бар маңызды құқықтық құжат.

Қасым хан түзген заңдар туралы деректер негізіне тек ауызша тарихнамада аңыздар мен оқиғалар сипатында ғана ұрпақтан ұрпаққа жеткен. Қазақ ортасында кең дамыған ауыз әдебиетінің бұл үлгісінде өте құнды  мәліметтер кездеседі. Сол материалдар ішінде Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан туралы, олардың заңдары туралы мәліметтер де кездесті .

Қасым ханның заңдарында оның саясаты және қоғам мен оның әр-түрлі топтарына көзқарастары мен қатынасы, оның жоғарғы билеуші ретіндегі билігінің соншалықты нақты және танымал болғандығы әрі хандықты қалай басқарғысы келгендігі, нені аңсағандығы көрініс тапты. Енді Қасым хан туралы тарихи деректермен таныс шығыстанушы зерттеушілердің еңбектеріне назар аударалық. А.Чулошниковтың пікірінше, «Последние годы его правления, прошедшего в общем довольно мирно, окончательно  упрочили его влияние и стяжали ему славу илюбовь всего народа. Не приднадлежащий к числу обычных завоевателей Азии, он никогда не руководился в своей деятельности одними личными честолюбивыми интересами, почему и пользовался необычайной популярностью среди всех своих многочисленных подданных» - «Оның билік құруының соңғы жылдары жалпы алғанда бейбіт өтті және оның халық арасындағы беделі мен билігі нығая түсті.Ол Азияның әдеттегі жаулап алушыларының қатарына жатқан жоқ, бірақ ол ешқашан өз қызыметінде өзімшіл жеке мүдделерді  басшылыққа алған жоқ, сондықтан да көптеген өзіне бағыныштылар арасында ерекше танымал болды» [1]. Қазақстан тарихының әр қырларын зерделей жинақтаған М.Вяткиннің айтуына қарағанда «Во всем Дашт и Кипчаке, как говорили  современники, не было такого могущественного султана на после Джучи, как Касым», и далее: «Последние годы ханства Касыма были годами мира и относительного благосостояния казахов» - «Оның замандастарының айтуынша, бүкіл Дешті Қыпшақта Жошыдан кейін дәл Қасым стяқты  күшті сұлтан болған емес» дей келе, «Қасымның хандық құрған соңғы жылдары қазақтардың бейбіт әрі берекелі өмір сүрген кезеңі» дейді [2].

Атақты турколог С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтанов өз еңбектерінде былай деп жазған болатын: «Касым хан, по отзывам современников – Бинаи, Ибн Рузбихана, Бабура, Хондамира, мирзы Хайдара, - любил хороших лошадей, был их большим знатоком, отличалься военным талантом, личной отвагой и смелостью вести других; на оснаве их высказываний создается образ человека с высокими моральными качествами, доcтойными подражания» «Бинаи, Ибн Рузбихан, Бабыр, Хондамир, Хайдар мырза замандастарының айтуына қарағанда Қасым хан сайгүлік жылқыларды жоғары бағалаған олардың мықты білгірі болған әскери талантымен, өзге халықты өз соңынан ертетін жеке айбынымен және батылдығымен өзгешеленді; олардың  келтірген сипаттамаларының негізгінде еліктеуге лайықты жоғары моральдіқ қасиеттері бар адамның бейнесі көзге елестейді» [3]. Қасым хан туралы мұндай сипаттама «Қазақстан тарихы» курсына да кірді [4].                                                                                 

Қасым хан бірқатар елеулі реформалар жүргізді. Олар тарихта және ұрпақтар санасында “Қасым  ханнын қасқа  жолы” деген атпен  қалды.  Бірақ  бұл  реформаны  орыс тіліндегі аударма атауы бәрібір оған  деген халықтың тандауын, сүйсінуін толық жеткізе алмайды. Басқарушылар мен көсемдердің әркеттерін бағалауда халық өте сыншыл келеді. “Қасым ханнын қасқа жолы” деген эпитет елбасына деген құрметті білдіруі де мүмкін. Себебі бұл көшпелі қазақтардың  дәстүрі еді. Мысалы, құрамына көптеген көшпелі ұлыстар кірген Ноғай Ордасының негізін қалаған, аты анызға айналған Едіге бидің батырлығы мен халық үшін еткен қызметін ескерген халық оны “ Ел қамын жеген Едіге”  деп атады.

Өз заманының өлшемі бойынша, Қасым ханның реформалары ғасырлар бойы тұтастай қалыптасқан көшпелілер өмір-салтына нұқсан келтірместен белгілі бір жаңалықтар енгізді әрі олар көлемді болды. Оның реформалары  негізгі бағытына қарай қазақ жерлерін бір ұлысқа біріктіру, көшпелі халықты ыңғайына сәйкес тиімді орналастыру саясаты деп атауға болар еді. Ол әкімшілік –аумақтық бөліністі жетілдірді, әсірессе басқару жүйесінде қыпшақ даласында қолданыстан шыға бастаған араб, моңғол сөздерінің орына қазақ түрік терминдері мен ұғымдарын еңгізді, көшпелі ұжымдардағы дәстүрлі институттар мен «халықтық» қағидаларды бекітті, билердің және билер сотының рөлін күшейтті, көшпелілер арасындағы дінбасылардың ықпалы әлсіретті.

Қасым ханның заңдары жаңалығымен бірге, көшпелі қауымдарда күші бар немесе бір кездері күші болған ел керегіне жарайтын, құқықтық нормаларды жаңа тілектерге сай етіп қолдану тәртібіне арналған ережелер. Олар жалпылама емес, заңдылық пен тәртіпті, қазақ мемлекеттілігі мен елбасының беделін нығайтуға бағытталған, қоғамдық-саяси қатынастардағы демократиялық және азаматтық қағидаларды нығайту мақсатында жасалды.  Мәселен, ол жаза шарасы ретіндегі өлім жазасын шектеді. Ертеректе ол Шыңғыс ханның «Жасағы» бойынша да, көрші ордалар мен мемлекеттердің бірқатарының заңдары бойынша да жазалаудың кең тараған түрі болып есептелді.  XIX  ғасырда өмір сүрген атақты билердің айтуына қарағанда, екі жағдайда ғана өлім жазасын қолдануды қалдырған: Біріншісі , «қанға – қан», екіншісі керуен тонағаны үшін қолданатын «керуен соғу» деп аталатын өлім жазасы. Қасым хан сонымен қатар Шыңғыс хан ұрпақтары мен рубасыларының өзара қарым- қатынастарын реттейтін бірқатар нормаларды енгізді [5].

Сонымен  қорыта айтқанда қазақ хандарының құқықтық ережелері хандықтың жүйелік басқару, нормалық дамуына үлкен үлес қосқан деп айта аламыз.

 

 

      Әдебиеттер

 

1.     Чулочников А. Очерки по истории казах-кизгизского народа. Орынбор, 1924. 127-б.

2.     Вяткин М. Очерки по истории Казахской ССР. ОГИЗ, Госполитиздат, М., 1941, 84-87-бб.

3.     Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 2 том – Алматы: «Ғылым», 1979, - 268 б.

4.     История Казахской ССР. Т.1. Алматы, 1997, 366-б

5.     Даширон К. История казахского государства ХVIХ веков. Алматы, 2001. 78-б.