Халидуллин Ғизатулла- тарих ғылымының докторы, профессор

 

Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы

 

«БОРАЛДАЙ САҚ ҚОРҒАНДАРЫ» -  ҰЛЫ ДАЛА МӘДЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЫ

 

 

Алматы қаласының тарихы бүкіл әлем тарихымен тығыз байланысты болғандықтан, мәдениет және сәулеттік стиль қала бірлестігі қала өмірінің қайталанбас жеке дара бейнесін жасақтауға әсер етуде.

Алматы - Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, қазіргі таңда ол - Орта Азиядағы ірі мегаполистердің бірі, еліміздің қаржы-экономикалық және мәдени орталығы болып саналады. Көшпенділердің мәдениеті мен дәстүрін және отырықшы жер шаруашылығын өн бойына сіңірген қаламыздың мыңжылдық тарихы бар өлшеусіз тереңде жатыр, әрі алуан қырлы.

Алматы қаласының аумағы, табиғи климаттық жағдайының аса қолайлығына байланысты бұл аймақ ерекше маңызға ие. Мыңдаған жылдар бұрын бұл аймақта көшпелі халықтардың рухани және мәдени орталықтары қалыптасқандығын археолог ғалымдар дәлелдеп отыр. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде алғашқы тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтады. Өкінішке орай, олардың көпшілігі уақыт сынынан өтпеді. Бірақ кейбір ескерткіштер бізге дейін сақталған. Олардың ішінде көшпелі элитаның ең үлкен қорығы - Боралдай.

Боралдай сақ қорғандары  Алматы  қаласының солтүстік-батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Солтүстігінде қалалық типті Боралдай ауылымен, оңтүстігінде Үлкен Алматы каналымен шектесіп, Боралдай үстіртінің бір бөлігін алып жатыр. Бұл қорымның  ұзындығы  3  шақырым болса, ал ені 800 метрге дейін аумақты алып жатқан тарихи-мәдени аумақ болып табылады.

Осы 430 га аумақты алып жатқан «Боралдай сақ қорғандары» - археологиялық паркінің аймағында ерте темір дәуірі кезеңінің 47 үлкен сақ және 200 ден астам үйсін қорғандары орналасқан. Аса үлкен қорғандардың биіктігі 10-14 м. дейін жетеді, ал диаметрі 80 - 150 м. алып жатыр. Сақ обалары Жетісудің, әсіресе тау бөктері аймақтары бедерінің ерекше белгілері болып табылады. [31; 1.] Бұл дәуірдің ең белгілі ескерткіштері Алматы, Талғар, Боралдай, Түрген, Кегендегі обалар, ал Есік пен Бесшатыр обалары әлемдік атаққа ие. Соның ішіндегі Боралдай қорғандарының орны ерекше.  Ескерткіш кешеннің өзіндік мәдени және табиғи  ландшафтысы сақталған, қосымша құрылыс салу мен бұзылу жағдайлары орын алмаған. Бұл, Алматы секілді ірі қаланың жанында болып бұзылмаған түрінде бізге жеткен жалғыз археологиялық ескерткішінің бөлігі саналады. Боралдай кешендік қорғандарында б.з.д.УІІІ-ІП г.г. Жетісу жерін мекендеген сақ тайпалары, б.з.б.ІІІ ғ. - б.з.ІІІ ғ. үйсін тайпалары мекен еткендігі анықталды. Бұл тайпалардың екеуі де қазақ халқының этногенезін құрушы болып саналады. Сонымен, нақты Боралдай қорғандарын сақтар мен үйсін тайпаларына тән екендігі белгілі болды. Бұл қорымда сақ және үйсін мемлекеттерінің билеуші әулеттерінің өкілдері мен қоғамның бетке ұстар лауазымды адамдары жерленген. [105; 2]

Алматы жұртшылығы, тарихшы ғалымдар мен зерттеуші археологтар жылдар бойы кешендік ескерткішке тарихи-мәдени ескерткіштер мәртебесін беруге, оның аумғына археологиялық қорық ашуға, ашық аспан астындағы архелогиялық парк ұйымдастыру мәселесін жиі талқылап отырды.

2010 жылы 10 қарашада Алматы қаласы Әкімдігінің қаласының жергілікті маңызы бар 'Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы 4/840 қаулысы қабылданған болатын. Осы жергілікті маңызы бар тарихи - мәдени ескерткіштер тізіміне Алматы қаласы бойынша 118 нысан кірді. Оның 16 археологиялық, 66 сәулеттік, ал 36 монументтік ескерткіпітер болып табылады. Жоғарыда келтірілген жергілікті маңызы бар тарихи- мәдени ескерткіштер тізімін Боралдай қорымы көш бастан тұр. Осының өзі оның тарихи құндылығын - өлкетану ісінің жұртшылық қадесіне асыра отырып, жастарды отандық тарихтың қырларымен таныстыруда онан сайын терецдете түсетініне анықпыз.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтыц салиқалы саясатының арқасында жүзеге асқан мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы тарихи-мәдени мүраларымыз бен ескерткіштерімізді зерттеу насихаттау барысында бүкіл қоғамда бетбұрыс туғызып, оларға деген халықтың  көзқарасын қалыптастырды.

Мәдени мұраларымызды жандандыра отырып  халықтың өзінің рухани болмысымен тығыз байланысын арттырып, оның өмірлік маңызы мен мәні бар жаңа қырларын ашуға  жәрдемдесуде.  Бұл бағдарлама халықтың ортағасырлық сәулет ескерткіштеріне, тарихи және археологиялық нысандарға, олардың тарихына, құндылығына деген көзқарасына да үлкен өзгеріс әкелді. Қазақстан халқы, әсіресе жастар материалдық байлықтан басқа да рухани, жан-дүниелік құндылықтардың да аса маңызы бар екендігіне көз жеткізуде.

Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында, мәдени мұраны кеңінен дәріптеп тарату мақсатында «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркін құру мәселесі жүзеге асты. Боралдай сақ қорғандарын музейфикациялау, сөзсіз, Мәдени - мұра аймақтық бағдарламалары арасындағы ең ірі нысаны. Көп жылдар бойы Боралдай қорғандарына ескеркіш статусын беріп, оның негізінде ашық аспан астында орналасқан мұражай ашу мәселесі Алматы қаласы тарихының музейінің өтінішімен жиі қарастырылып отырған.  Соның негізінде 2006 жылы қала әкімінің қаулысымен тұрғын үй қорынан 430 га жер аймағы музей құрылысына заңды түрде «Алматы қаласы тарихының музейі» қарамағына,  тұрақты жер пайдалану құқығы берілген болатын. Жобаның іске асуы еліміздегі тарихи туризм инфраструктурасын дамыту идеясымен тығыз байланысты.

Әлемдік мәдениетте археологиялық  қазба  жұмыстарының орнында ашық аспан астындағы мұражайлық - мемориалды кешен құруда үлкен тәжірибе бар. Сыртқы сипаты және тұжырымдық мағынасы жағынан Боралдай сақ қорғандарына ұқсас ашық аспан астындағы археологиялық қорық музейлер Венгр Республикасының Будапешт түбінде және Корей Республикасының Кенжу қаласында «Тимулли паркі» орналасқан. Осы «Тимули» ұлттық археологиялық паркі (IX) 20 хан обалары орналасқан әлемдік маңызды нысан.

Жетісу өңірінің табиғат жағдайының байлығы мен көркемділігі туристердің назарынан тыс қалмаған. Боралдай қорығы қазіргі таңдағы туризмді дамытудағы бірден-бір перспективті жоба болып табылады. Бұл жерде туристік ифраструктураның құрылуы мен дамуы, ауданның мәдени-экономикалық дамуын, тұрғындарды жұмыс орнымен қамтамасыз етуін, қызмет көрсету арқылы шаруашылық деңгейін көтеруге және аймақтың табиғи байлығын, тарихи - мәдениетін ғылыми-зерттеуге үлкен үлес қосады. Сондай ақ «Археологиялық парк» құру табиғи және тарихи мәдени мұраны сақтан қалудың тиімді жолы. Археологиялық қорық құруға отандық мамандармен бірге Корей Республикасы мен Германиядан келген мамандар қатысуда.

Археологиялық парктың даму концепциясы үш аймақты ұйымдастыруға байланысты.

-  Бірінші аймақ қорықтың өзінен, сонымен қатар зерттеу және толық қайта қалпына келтіру шараларын қажет ететін үш қорғаннан құралады, яғни қорғандарға толықтай археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі, содан соң музеефикацияланып, онда қорғандардың сыртқы бейнесі мен мәдени ландшафтысы, жерлеу кешенінің ішкі құрылымы толық қайта қалпына келтіріледі.

Қайта қалпына келтірілген археологиялық нысан табиғи ортаға үйлесімді көрініс береді және де келушілермен  қала қонақтары  археологиялық  нысанды тамашалай алады.  Болашақ парктың қалған басқа да қорғандары өзіндік табиғи қалпында сақталуы тиіс.

-  Екінші аймақта әртүрлі дәуірдің археологиялық нысандарының өзінің таза қалпындағы макетін жасау мүмкіндіктері қарастырылған. Сонымен қатар осы аймақта «Көшпелі архитектура ескерткіштері және қазақ халқының тұрмысы» - этнопаркінде қазақтың дәстүрлі көшпелі мәдениеті бойынша экспозицияларды орналастыру қарастырылып отыр.

-  Үшінші аймақта туристік қызмет көрсетудегі негізгі обьектілері орналасқан - саябақ аймақтарын салу көзделіп отыр.

Жалпы мұнда тек табиғи және мәдени ландшафтысы қалпына келтірілігі, археологиялық қазба орнында жер үсті және қорғанның ішкі бөліктерін толық қалпына келтірілген археологиялық саябақ құру ғана емес, сонымен қатар мұражайлық-туристік инфраструктураны ұйымдастыру көзделіп отыр.

Бүгінгі таңда археологиялық паркте төмендегідей жұмыстар атқарылды:

-  Жер телімдерін тұрақты пайдалану үшін құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жасалынды.

-  әкімшілік ғимаратының құрылысы мен нысандарды қоршау жұмыстары аяқталды;

-  «Боралдай сақ қорғандары» паркінің ғылыми концепциясы жасалынды.

-  Ескерткішті кешенді археологиялық зерттеу:

а)        геодезиялық суреттер түсіру

б)        кешенді геолого - геофизикалық зерттеу

в)        саябақтың шекарасын дәл анықтау

г)        музеефикацияға нысандарды зерттеу және талдау жұмыстары жүргізілді.

-  «Қазақтың дәстүрлі тұрмыс - жайларының генезисі» - атты этноаймақ нысандарының конценциясы жасалып отыр.

-  Кешенді археологиялық зерттеу, музеефикацияны жоспарлауға арналған археологиялық нысандарды консервациялау және қалпына келтіру жұмыстары алдағы уақытта жоспарлануда.

Алматы қаласыныц әкімі Ахметжан Есимов 2012 жылды Алматыдагы «Мәдениет жылы» деп жариялады. Мәдениет жылы аясында қала мәдениеттің дамуына жаңа имиульс беруге, қоғамның мәдениеті мен білімінің артуына, сондай-ақ Алматының еліміздің креативтік орталығы ретінде қалыптасуына назар аударуға ниет білдірді. Өзінің мәдени мұрасының сақталуын қамқорлығына ала отырып, өнердің қазіргі жаңа бағыттарын дамыту қажет: инсталляция, бейне-арт, дизайн, перформанстар, мұраны интерпретациялаудың қазіргі түрлері, яғни опера, балет, театр қойылымдары, танымал музыка және кино.

Алматы қаласының әкімідігінің қолдауымен «соңғы  жылдары  Алматы қаласында  «Мәдениет жылы» аясында бірқатар мәдениет мекемелеріне, тарихи  мәдениет ескерткіштеріне қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіледі және биыл - 430 гектар аумақты алып жатқан, әрі Алматының туристік қызығушылығын танытуда үлкен роль атқаратын бірегей археологиялық-мәдени кешені - Боралдай сақ қорғандарын құру жұмыстарының басталуы болады. ТЭН жасау жобаланады - табиғи және мәдени ландшафты қалпына келтіру, этномәдениет орталығын ғылыми жобалау, сонымен қатар мұражай-туристік инфрақұрылым ұйымдастыру» бойынша бірқатар жұмыстар басталатынын айтты.

Алматы - Қазақстанның мәдени астанасы. Мәдениет жылын өткізу мен жоспарланған мақсаттарды жүзеге асыру Алматының аймақтық және әлемдік деңгейдегі мәдени астанасы мәртебесін нықтай отырып, сонымен қатар жаңа алматылықтың креативті, мәдени буынын өсіріп, тәрбиелеу- қаланың өнері мен мәдениетінің жаңа импульсін дамытудың  негізін құрайды.

Қазіргі күнде осы қорғандар кешеніне инфрақұрылым жүйелері тартылуда. Болашақта мұнда келген туристер ата-бабаларымыздың тұрмысымен, салт-дәстүрімен жалпы тарихымен терең танысатып болады.

Келешекте осы «Боралдай саққорғандары»  - археологиялық паркі оңтүстік астанамыз Алматы қаласы үшін әлеуметтік, мәдени- экономикалық көркеюіне зор үлес қосып, оның халықаралық туризм жүйесіне кіруіне өз септігін тигізетін еш шек келтірмейміз.

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер:

1.     Свод памятников истории и культуры города Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Алматы, 2006;

2.      Алматы тарихы 1 том, «Толағай» баспасы Алматы, 2006

3.     К.М. Байпақов «Жетісу мен Алматы аумагындагы сақ пен уүйсіндердің қоныстары», Алматы, 2008

4.     З.Самашев, Г.Джумабекова, М.Нурпеисов, Л.Чотбаев Древности Алматы «Курганы Боралдая» Алматы, 2006

5.     Алматы мыңжылдық тарих 2 басылым «Орта ғасырлардағы Жетісу өлкесінің астаналары» «СКЛ005» баспасы, Алматы, 2009.