Жұмаш Гаухар Темірәліқызы - заң ғылымдарының магистрі Сорбонна-Қазақстан институты

 

Кужукеева Нурлыгуль Сабыровна - заң ғылымдарының кандидаты Сорбонна-Қазақстан институты

 

Абрешева Салима Мэлсовна - Аға оқытушы Сорбонна-Қазақстан институты

 

Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ МӘЖБҮРЛЕУ МӘСЕЛЕСІ

 

Халықаралық құқық нормаларын сақтауға мәжбүрлеу шараларын қолдану мәселесі маңызды және күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Мұны мамандар бірнеше мәрте атап өткен болатын [1, 309-311 б.].

Бүгінгі таңда халықаралық құқықтағы мәжбүрлеу мәселесі өз өзектілігін сақтап отыр. Осылайша, А.Н.Талалаев былай дейді: «Халықаралық қатынастарда халықаралық-құқықтық нормаларды мәжбүрлі мемлекеттік жүзеге асыру мүмкіндігі болмаса, жалпы халықаралық құқықтың бары туралы айту да мүмкін болмас еді» [2, 131 б.].

Айта кететін жайт, халықаралық құқықтағы мәжбүрлеу қажеттілігін жоққа шығарудың жақтастары ұстанған пікірлер де доктринаға белгілі. Г.П.Задорожный былай деп жазады: «Халықаралық құқық мәжбүрлеусіз мүмкін емес деген көзқарасты ұстану оны қолданудың негізгі, күнделікті және әлдеқайда кең ауқымды саласында, атап айтқанда мемлекеттердің арасындағы бейбіт және достық қатынастар саласында халықаралық құқықты жоққа шығаруды білдіреді» [3, 335-336 б.]. Алайда, бұл тәсіл доктринада кеңінен танылған жоқ.

Мәжбүрлеу құқық қорғау және құқық қолдану спецификалық әдісі ретінде құқықтың кез келген түрлері мен жүйелеріне тән. Ubi jus, ibi remedies – құқық қай жерде болса, оны қамтамасыз ету құралдары да сол жерде. Әр құқықтық тәртіп аясындаоның ерекшеліктерін көрсететін  және соған қарай ұйымдасқан мәжбүрлеу механизмі әрқашан қызмет істейті. Бұл жалпы алғанда құқық табиғатымен және, әсіресе халықаралық құқықпен қамтамасыз етілген. Бұл жағдай кеңінен танылды. Осы немесе өзге де нысанда оны халықаралық-құқықтық доктрина бағыттарының және түрлі мектеп өкілдері, әсіресе, Л.Оппенгейм [4, 35 б.], Дж. Кунц [5, 324 б.], Д.Б. Левин [6, 105 б.] қолдайды.

Қазіргі халықаралық құқық мемлекетаралық қатынастардағы зорлық-зомбылықты заңнан тыс қойды, және оның ерекше белгісі болып мәжбүрлеу шараларын қолдануды аса түбегейлі регламенттеу табылады.«Қазір мемлекетаралық қатынастарда халықаралық құқықтың шегінен шықпайтын күш қолданудың қандай да бір түрін көру мүмкін емес», деп С.В.Черниченко қөңіл аударады [9, 221 б.]. 

Заманауи халықаралық тәжірибені талдау мемлекетаралық қатынастардағы мәжбүрлеудің маңызды көрінісі болып халықаралық-құқықтық санкциялар болып табылатындығын білдіреді, олар халықаралық құқықтық тәртіпті қорғауда тікелей рөл ойнайды, себебі олардың көмегімен халықаралық құқық субъектілері халықаралық құқық бұзушылықтарға жауапты әрекет етеді. Мұның түп-тамырында санкциялық мәжбүрлеу мен негізсіз зорлық-зомбылық арасындағы сапалы заңдық айырмашылық жатыр: егер санкциялық мәжбүрлеудің нақты шаралары халықаралық құқық бұзушылыққа заңға сыйымды жауапты әрекет болса, негізсіз зорлық-зомбылық актілері әрдайым халықаралық-құқықтық санкцияларды қолдану алғышарттарын құрайтын құқық бұзушылықтарды білдіреді.

Санкциялық мәжбүрлеу халықаралық құқық субъектілерінің мінез-құлқында нақтыланатын және объективті мен субъективтінің тығыз диалектикалық әрекеттестігімен сипатталатын қажеттілік пен бостандық арақатынасының бірі болып табылады. Халықаралық құқық субъектісімен заңсыз жүзеге асырылатын, одан халықаралық құқық бұзушылыққа айналатын ерік бостандығы, егер құқық бұзушы субъект халықаралық құқықтық тәртіптің бұзылуын тоқтатудан және (немесе) оның халықаралық-құқықтық жауапкершілігінен туындайтын міндеттемелерін орындаудан бас тартса, санкциялық мәжбүрлеу шараларын қолдану қажеттілігін тудырады [10, 7 б.].

Айта кететін жайт, халықаралық ұйымдар халықаралық құқықты құрметтеуді қамтамасыз етуде айтарлықтай маңызды рөл ойнайды. Бұл жағдаятты халықаралық ұйымдар құқығы саласының көптеген танымал мамандарымен атап өтіліп келеді. Е.А.Шибаева былай деп жазады: «Халықаралық ұйымдардың дамуының маңызды бағыттарының бірі болып халықаралық құқық нормаларын сақтауға мәжбүрлеуді қамтамасыз етуде олардың рөлінің артуы табылады» [11, 81 б.].

Салыстырмалы жақын уақытқа дейін доктрина мен тәжірибеде «өз-өзіне көмек көрсету» концепциясы болды. Өз-өзіне көмек көрсету концепциясына көптеген авторлар айтарлықтай көңіл бөлді. Сондай-ақ халықаралық жауапкершілік мәселелері бойынша П.Курис және В.А.Василенко секілді мамандар да өз-өзіне көмек көрсету түсінігін негіздеді. П.Куристың айтуынша, «өз-өзіне көмек көрсету – оның жекелеген түрлері болатын, алайда, осы институттың бүкіл мазмұнын қамтымайтын реторсиялар мен репрессалияларды біріктіретін жиынтық сипаттағы ұғым болып табылады» [12, 13 б.].

Осы концепцияға сәйкес, мемлекеттер өз құқықтарын қандай да бір шектеусіз, өздері мақсатқа сай деп таныған шаралармен қорғауға құқылы болды.

Бұл ретте, халықаралық доктрина мен тәжірибеде, әсіресе БҰҰ Жарғысының қабылдануына дейін, өз-өзіне көмек көрсету шаралары ретінде қолданылуы аса қажеттілікке жасалатын сілтемелермен негізделетін және заңдылық жағынан «жалпы халықаралық құқық бойынша өзін-өзі қорғау» ұғымын қамтититын кез келген зорлық сипатындағы әрекеттерді қарастыру үрдісі байқалды. Бұл түсінік сонымен қатар, «өзін-өзі қорғау», «қажетті қорғаныс», «заңды қорғану» терминдерімен белгіленді [4, 271 б.]. «Нақты қорғаудың қандай нысанды иемденуіне және нақты жағдайларда мемлекеттердің кандай негіздемелер келтіргеніне байланыссыз, сол кездегі мемлекетаралық тәжірибе бұл барлық жағдайларды өзін-өзі қорғауға сілтемелерімен біріктірді», - деп Э.И. Скакунов белгіледі [13, 59 б.].

Соғыстан басқа, мемлекет өз білуі бойынша әскери репрессалияларға жүгінуге, өзге аумақта «ізін суытпай қудалауды» жүзеге асыруға, шапқыншылық қаупін жою үшін превентивті әскери іс-әрекеттер қабылдауға сонымен қатар, бәрінен жиірек «қарусыз репрессалиялар» түсінігімен белгіленген мәжбүрлеу шараларын қабылдауға құқылы болды. Сонымен, мәжбүрлеу шаралары түрлі атауларға ие болды: «өз-өзіне көмек көрсету», «жауапты реакция», «репрессалия», «реторсия», және мемлекет кез келген дауды, сонымен қатар халықаралық құқық бұзушылық туғызбаған дауды шешу үшін осы шараларға заңды түрде жүгіне алды.

Бұл жағдай БҰҰ Жарғысымен күш қолдануға тыйым салынғаннан кейін өзгерді. Нәтижесінде күш құқық бұзушыға әсер етудің заңды құралы бола алмай қалды. Бұл принципті жағдайға халықаралық тәжірибеде де, сондай-ақ доктинада да ерекше көңіл аударылған.

В.Собакинның айтуынша, БҰҰ Жарғысы «мемлекеттердің өз құқықтары мен мүдделерін басқа мемлекеттердің кез келген әрекеттерінен қорғау үшін дербес және бақылаусыз кез келген әрекеттерді жасау құқығы ретінде түсінілетін өз-өзіне көмек көрсету құқығын жойды» [14, 300 б.].

«Өз-өзіне көмек көрсету» терминінің негізсіздігі құқыққа құрметті қамтамасыз етудегі халықаралық ұйымдардың рөлін көтеруді жәнемемлекеттердің әрдайым аса кең ынтымақтастығын қарастыратын қазіргі халықаралық құқық тұрғысынан ерекше айқын көрінді.«Осылай аталатын өз-өзіне көмек көрсету, - деп жазды Д.Б. Левин, - мемлекеттердің түрлі нысандағы әскери зорлық-зомбылыққа құқығын мойындаған ескірген халықаралық құқықпен генетикалық та, семантикалық та тығыз байланыстылығы соншалық,тек түсінігі емес, сонымен қатар «өз-өзіне көмек көрсету» термині де қазіргі халықаралық құқықтан орын алмауы тиіс» [15, 84 б.]. Өз-өзіне көмек көрсетуге қатысты жағымсыз ұстанымды өзге авторлар да ұстанды [16, 40-41 б.]. «Өз-өзіне көмек көрсету термині», И.И. Лукашук белгілегендей, халықаралық құқықтың заңи сипатына сәйкес болмағандықтан шығып қалды [8, 39 б.].

Жақын тарихымызда «репрессалиялар» (лат. repressaliae – тежеу, ұстап тұру) ұғымы құқық бұзушыға әсер етуші барлық шараларды қамтыған. Мұндай түсінік 1970 жылғы Халықаралық құқық қағидалары туралы Декларациядан да көрініс тапты, онда: «Мемлекеттер күш қолданумен байланысты репрессалиялар актілерінен тартынуға міндетті» делінген. Соңғы жылдары «репрессалия» термині қарулы қақтығыс жағдайындағы әскери репрессалияларды белгілеу үшін тар мағынада басым түрде қолданылатын болды. Т.К Ерджанов белгілегендей, «Репрессалиялар – бұл жәбірленуші мемлекеттің құқық бұзушы мемлекетке қатысты қолданатын, келтірілген зиянның салдарын жоятын жауапты зорлық әрекеттері» [15, 312 б.].

«Реторсия» (лат. - retorsio) термині өз мағынасын сақтап қалды: ынтымақсыз, кемсітушілік және соған қарамастан заңға сыйымды әрекеттерді тоқтатуға түрткі болуды көздейтін, бір мемлекетттің басқа мемлекетке халықаралық құқық аясынан шықпайтын  ықпал ету шарасы. Реторсиялар құқық бұзушыны оның жауапкершілігінен туындайтын міндеттерді орындауға итермелеу үшін де қолданыла алады. Соған қарамастан, олар халықаралық санкцияларға жатпайды, себебі мұндай шаралар жауапты шаралар ретінде қолданылмаған жағдайда заңға қайшы болуымен сипатталады. Көп жағдайда, реторсиялар экономикалық, мәдени және өзге де қатынастарды негізсіз шектеу кезінде, өз азаматтарын кемсіту жағдайында мемлекеттер тарапынан қолданылады. Әдетте, бұл олар қарсы бағытталған әрекеттерге тең немесе балама шаралар болып табылады. Оларды қабылдау құқығы мемлекетке тиесілі. Сонымен қатар, олар мемлекеттерді құқықтық міндеттемелерін сақтауға түрткі болу құралы ретінде де пайдаланыла алады. Құқық бұзушылық жағдайында ғана қолданылатын санкциялар мен контршараларға қарағанда, реторсиялар құқық бұзушылық қаупі жағдайында первентивті құрал ретінде қолданыла алады.

Сонымен қатар, халықаралық құқықта мәжбүрлеу мәселесін және құқық бұзушыға ықпал ету құралы ретінде мәжбүрлеу шараларын қолдану мәселесін қарастыра отырып, доктрина мен тәжірибеде кеңінен таралған халықаралық құқықтың құрметтелуін қамтамасыз етудегі олардың рөлдерін асыра бағалаудан аулақ ұстану қажет. Осылайша, Ю.М.Колосовтың пікірінше «санкциялар халықаралық құқық нормаларының сақталуын қамтамасыз етудің жалғыз құралы емес, және оларды абсолютизациялау ақталған жоқ» [17, 72 б.].«Халықаралық құқық нормаларын сақтауды қамтамасыз етудегі басты рөл жалпы халықаралық қауымдастық және мемлекеттердің мүдделері осыны талап етуінде. Ең ақырында осыған, әрбір мемлекет үшін үдемелі маңызға ие болып келген халықаралық жүйенің қалыпты жұмыс істеуі ғана емес, сонымен қатар адамзаттың қалыпты өмір сүруінің өзі де тәуелді» - деп И.И. Лукашук есептейді [8, 42 б.]

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1       Лукашук И.И. Право международной ответственности. М.: Волтерс Клувер, 2004. – 432 с.

2       Талалаев А.Н. Юридическая природа международного договора А.Н. /Талалаев. М., 1963.

3       Задорожный Г.П. Мирное сосуществование и международное право. М., 1964. – 488 с.

4       Оппенгейм Л. Международное право: В 2 т. / Л. Оппенгейм. М., 1948.ТЛ.п/т 1.-408 с.

5       Kunz J.L. Sanctions in International Law. – AJIL. vol.54. 1960. №2.

6       Левин Д.Б. Основные проблемы современного международного права. М., 1958.

7       1790 жылы 24 қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының2625 (XXV) резолюциясымен қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен достық қатынастарға қатысты халықаралық құқық қағидалары туралы Декларациясы. [Электрондық ресурс]. URL: http://www.un.org/ru/documents/decl_conv/declarations/intlaw_principles.shtml.

8       Лукашук И.И. Право международной ответственности. // Международное публичное и частное право.2002. № 2. – с. 30-43.

9       Черниченко СВ. Теория международного права. В 2 т. / СВ.Черниченко.М.: Изд-во НИМП, Т.1 -336 с.

10   Василенко В.А. Международно-правовые санкции / В.А. Василенко. -Киев: Издательское объединение Вища школа, 1982. - 230с.

11   Шибаева Е.А., Поточный М. Правовые вопросы структуры и деятельности международных организаций. М., 1988. - 168 с.

12   Курис П.М. Международные правонарушения и ответственностьгосударств / П.М. Курис. - Вильнюс: Минтис, 1973. - 280 с.

13   Скакунов Э.И. Самооборона в международном праве / Э.И. Скакунов. -М.: Международные отношения. 1973. - 176 с.

14   Собакин В.К. Коллективная безопасность — гарантия мирногососуществования / В.К. Собакин. - М., 1962. - 518 с.

15   Т.К. Ерджанов. Международное публичное право: Учебник. – Алматы, 2006. – 892 с.