З.С.Тоқбергенова, т.ғ.к., С.Қ.Әлімбаева,
социол.ғ.к.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
ТАТУЛЫҚ ПЕН БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Ғасырлар
тоғысында еркіндікті аңсаған ата-баба арманы жүзеге
асып - егемендікке ие болдық. Қазақ жерінде арайлап
атқан елдіктің ақ таңы, ең алдымен, осынау дархан
даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің
күшімен, алғыр ақылмен, берік тақыммен қорғап,
сақтап қалған ата-бабаларымыздың ұлы
күрестерінің заңды да нақты нәтижесі.
Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы
қатайған, пікіріне халықаралық қауымдастық
өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды.
Елбасы өз Жолдауында: «Патшалықтың, төңкеріс
дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен
қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің
аумағында тұратын қазақтар және басқа да
ұлттардың өкілдері өздерінің мәдени
ерекшеліктерін сақтай алды», деп атап өтті. Бұл – тарихи
шындық. Себебі, қазіргі таңда елімізде тұрып
жатқан кез келген ұлт өкілі өздерінің
салт-дәстүрлері мен ұлттық мәдениетін
дәріптеп және кеңінен насихаттай алады. Мұндай
мүмкіндіктер қазақтардың кеңпейілдігі мен
қонақжайлығын, сонымен қатар, өзге
ұлттардың әдет-ғұрпына құрметпен
қарауын білдіреді. Жалпы, Қазақстан неге көп
ұлтты ел болып қалыптасты? Бұл сұраққа
жауапты тарихты тереңнен зерттеп, өткенге ыждағаттылықпен
қарау арқылы таба аламыз. XV ғасырдың екінші жартысында
Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Жәнібек
пен Керей Қазақ хандығын құрды. Кейін елді
қолбасшылық өнері мен тарихта өшпес ізін
қалдырған Қасым хан, Тәуке хан, Есім хан, Абылай хан,
тағы басқа көптеген тұлғалар биледі. Ата-бабаларымыздың
арқасында халқымыз дүниежүзі бойынша ең бай да
құнарлы ұлан-байтақ жердің иесі атанып отыр
бүгінгі таңда. Дегенмен, хандар билеп тұрған
заманның өзінде қиын сәттер мен ел басына қауіп
төнген кездер аз болмады. Осының салдарынан қазақ
халқы басқа алпауыт елдердің қол астына кіруге
мәжбүр болғанын тарихтан білеміз. 1731 жылы Ресейге
қосылдық. Сол кезден бастап біздің жерге орыс
ұлтының өкілдері қоныс аудара бастады. Кейін, XX
ғасырдың алғашқы жартысындағы репрессия мен
екінші жартысынан бастап тың игеру кезінде де қазақ жеріне
өзге ұлт өкілдерінің көшіп келуі толастамады.
Тыңайған жерлерді игеру жұмыстарына Ресей, Украина, сол
кездегі Кеңес өкіметіне қараған өзге де
республикалардан келген адамдар қазіргі күнге дейін
қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр.
Ата-бабаларымыз
«бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып»,
өскелең ұрпаққа бірлікті, жұдырықтай
жұмылуды өсиет еткен. Дана қазақ: «Ырыс, қайда
барасың? Ынтымаққа барамын» деп қадап айтуы бекер емес.
Ал ұлт ұстазы, хакім Абайдың: «Адамзаттың бәрін
сүй бауырым» деген нақыл сөзі келешекке қалдырған
аманаты іспеттес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы
өткен даналардың сөзіне тәуелсіздік жылдар белесінде
әрдайым жүгініп келе жатқанына куә болып отырмыз. Биыл Қазақ
хандығының – 550, Конституцияның 20 жылдығын
абыроймен атап өттік.
Еңку-еңку
жер шалған, толарсақтан саз кешкен ата-бабаларымыздың асыл
арманы - қазақ мемлекеттілігінің бастауы болып отырған,
тарихи дәлелденген қазақ хандығының 550
жылдығының киелі Жамбыл өңірінде өтуі
"Мәңгілік ел" идеясының өміршеңдігін
көрсетеді.
Тараз мемлекеттік педагогикалық
институтының ұйымдастыруымен Қазақ
хандығының 550 жылдық мерейтойына орай «Тарихқа тағзым» атты
шеру өтті және институт тарихшыларының
құрастыруымен «Қазақ хандығы» энциклопедиясы
жарық көрді.
Сонымен қатар, біздің институтымызда
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, жоғары оқу
орындары ректорлары мен тарихшылар қатысқан «Қазақ хандығы»
энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті.
Қазақстандықтар
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын берік
ұстанады.
Жеке
өміріміздегі, қызметтегі, қоғамдық
жұмыстардағы жасампаз
еңбегіміздің бәрі де «Мәңгілік Ел» үшін!
Біздің
елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы -
Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар
бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды
құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала
көптеген ұлыс пен ұлттың құтты
қонысына айнала білді. «Бақ та, тақ та таласқанға
бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға
бұйырады», деген дана бабаларымыз.
Еліміз – зайырлы мемлекет. Айқара ашылған
құшағына, кең қолтығына сан тағдырлы
көп ұлтты біріктіріп жатыр. «Береке бастау бірлік, ел іші тату
тірлік» демекші, ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен
қиын-қыстау замандарда киіз туырлықты қазақ
ұлтын ұлт ретінде сақтап қалған бірлігі мен
ынтымағы десек, артық айтқанымыз емес. Достық пен
ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. «Бірлік бар
жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны
тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік,
қарапайым сыйластық үстемдік құрған
жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны
белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар
тұтастығы мен халықтар достығының арқасында
бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Қазақстанның көп ұлтты халқының
татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің
еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің
қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Біздің
мемлекетіміздің басты жетістігі – еліміздің
халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық
келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан
бері республикадағы ұлтаралық қарым-қатынастар
экономикалық және саяси реформалар өткізу барысында
жаңаланды. Қоғамда еркін ойлау мен толеранттылық
нығайып, этномәдени бірлестіктер табысты даму үстінде.
Азаматтардың, әсіресе, жастардың арасында мемлекеттік тілді
үйренудің табиғи процесі жүріп жатыр. Қазақстанның
тілдік байлығы жалпықазақстандық мәдениетті
байытып, көпұлтты Қазақстанның бірлігін
нығайтатын фактор болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы
Ассамблеясы жылының ресми басталуына орай арнаған сөзінде:
«Бұл жыл – ортақ тарих пен тағдыр мәңгілікке
біріктірген халқымыздың бірлігін паш ететін жыл.
Қазақстан – бұл
біртұтас жер, біртұтас халық, ортақ болашақ!
Сондықтан, Ассамблея жылының басты идеясы – «Менің Елім –
Мәңгілік Ел!» деп бұл шешімінің
мән-маңызына тоқталып өткен болатын.
Ассамблея дүниеге келген 20 жылдан бері атқарған
қызметі мен жүріп өткен сара жолы
қазақстандық этносаралық және
конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік
қауымдастық алдында беделді ұйымға айналып, ел
қоғамының құрамдас бөлігіне
айналғанын көрсетті. Қазіргі таңда бүкіл
әлемді шарпыған ғаламдық дағдарыс
Қазақстанға да өз салқынын тигізіп отыр.
Мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық
болмай, экономикалық салада жетістік болмайды деген қағиданы
тарих әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан Қазақстан
халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті
мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр.
Қазақстанның экономикалық дамуы, этносаралық
қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан
мойындалуы, ең алдымен, қазақ ұлтының еншісінде
екендігі анық.
Біз қазіргі күні экономикалық жетістіктерді,
әлеуметтік игіліктерді, саяси тұрақтылық пен
мәдени өркендеуді бастан кешіріп отырмыз. Елдің қол
жеткен табыстарына, біздегі орын алған татулық пен түсіністік
жағдайларына әлемдік өркениет қызығушылық
танытуда. Осының өзі көңілді марқайтып,
туған елге, Отанға деген сүйіспеншілік сезіміңді
арттыра түседі. Әрине, дос сүйсініп, дұшпан
қызғана қарайтын жетістіктер оңайлықпен келіп
жатқан жоқ. Бұл – ең алдымен қазақ
халқының өз ішіндегі ауызбіршіліктің, жалпы,
қазақстандықтардың ынтымақ-тастығы мен
бірлігі арқасында жетіп отырған игілікті нәтижелер. Біздің
мақсатымыз – қазақ жерін мекен еткен көп ұлтты
халықтың бірлігін бұзбай, мемлекеттің
құдыреттілігін арттырып, әлемдік көштен кенже
қалмай, дамыған 30 ел қатарынан көріну.
Біздің Отанымыз - ортақ, тілегіміз -
бір, мақсатымыз - жалғыз. Ол - жері гүлденген, елі
түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік
Қазақстан!