З.С.Тоқбергенова, т.ғ.к., С.Қ.Әлімбаева, социол.ғ.к.

 

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

 

ЖОО СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ КӨРІНІСТЕРІН БОЛДЫРМАУ ЖӘНЕ АЛДЫН-АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Тарих сахынасында үш мың жылдай өмір сүрген дала өркениетінің негізі, түптеп келгенде ел болып бірігу жолында, ұлт болып ұйысу жолындағы күрестің тарихы еді. Осы жолда Күлтегін жазбаларындағы «Менің өзімнің ханым бар, мемлектім бар халық едім, енді менің мемлекетім қайда, ханым қайда деген» түркілердің сар даласының ішкі мұңын білдіретін таңбалы таста қашап жазылған жазулардың сыры - бірліксіз елдің болашағын балта шабады деген ұғым жатқандай, қазақ хандығы кезеңінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы»,  Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдары қазақ халқын топтастырды, алаауыздығын тиды, мемлекеттілігін күшейтіп, дала демократиясының негізін салды. Ол тарихи шындық. Әлемде тиімді мемлекет құрудың әмбебап заңдары жоқ. Әр елдің өрлеу мен өсіп-өркендеуге бастар жолы бірегей, әрі қайталанбас жол.

Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.

Бiз мүлде жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де аз емес. Ал шешiмi күрделi мәселелер де бар. Ол – әлеуметтiлiк мәселе. Бұл салада қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе, ол – cыбайлас-жемқорлық. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ.

Иә, қазіргі заманның басты мәселесі - Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық менталитетін өзгерту. Тарихқа көз жүгіртсек, біздің дәуірімізге дейінгі 6-шы мыңжылдықтан бастап осы уақытқа дейін адамзат сыбайлас жемқорлықтың дағдарысынан зардап шекті. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы алғашқы жазбалар эллинистік дәуіріне тиесілі. Біздің дәуірімізге дейінгі 320-шы жылдарында Ескендір Зұлһарнай тағайындаған Мысыр наместнигі Клеомен өзінің жоғарғы лауазымын асыра пайдалана отырып, Грекияға астық жеткізуді қасақана кешеуілдетіп, бидай тапшылығы мен бағаның өсуіне ықпал етіп, мемлекетті экономикалық дағдарыс пен аштық жағдайына душар еткізді. Ал Клеомен осындай ұрымтал сәтті оңтайлы пайдаланып, өз заманының ең бай адамының біріне айналды.  

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Елбасы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.

Халықаралық Web of Science әлеуметтік мәліметтер базасы бойынша сыбайлас жемқорлық тақырыбына барлығы 5 779 басылым жарияланған. Алғашқы басылым 1904 жылы жарық көрген. Ол мақалада Джонс Генри Форд Ұлыбритания мен АҚШ-тағы ситуацияны салыстыра отырып саяси сыбайлас жемқорлық туралы мәселе көтерді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Transparency International Халықаралық қозғалысы 2014 жылдың 3 желтоқсанында сыбайлас жемқорлықты қабылдау Индексін жария етті. «Адалдық тізімінде» бірінші орында Дания тұр. 100-балдық жүйеде құрылған тізімде,  Қазақстан 28 балл алып, 175 ел ішінде 126 орынды иеленді. Яғни, 2013 жылы 177 елдің арасында 140-орында болсақ, бұл біз үшін үлкен жетістік - 14 сатыға көтерілгенімізді көрсетіп отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте әрбір адамның ашықтығы мен тазалығы талап етіледі. Мемлекеттілігімізді нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын Елбасы ұсынған 100 нақты қадамның 13-ші қадамында «жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру» мәселелері айтылған. Білім мен ғылымда озық педагогикалық бағыт ұстанған ТарМПИ-ы жемқорлықты болдырмау және алдын-алу үшін оқу үрдісінде Платонус автоматтандырылған басқару жүйесін іске қосты. Үш жылғы үздіксіз жетілдірілген платонус жүйесінің ерекшелігі күнделікті, ағымдық, межелік бақылау нәтижелерінің өзгертілуіне жол берілмейді. Студенттер, оқытушылар және әкімшілік ағымдағы үлгерім нәтижелерін кез-келген жерде, кез-келген уақытта бақылау жасай алады. Күн сайын «Platonus» автоматтандырылған жүйесінде толтырылатын электронды журнал ашықтығымен, айқындығымен ерекшеленеді.

Бүгінгі таңда Бүкіләлемдік сауда ұйымына (БСҰ) мүше болу – кез-келген ел үшін әлемдік тауар айналымы мен қызмет көрсету өркениетінің жоғары көрсеткіші екені мәлім. Біздің бәсекелестік мүмкіндігіміз, әсіресе, ғылымды қажетсінетін өндіріс салалары қарқынды дамуда. Педагогикалық институттың мақсаты бәсекеге қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие, әлемдік оқытудың озық педагогикалық және инновациялық технологияларын меңгерген педагог дайындау. Осы мақсатта оқу үрдісін модернизациялау басты назарда. Оқытушыларымыздың ақпараттық-коммуникативтік құзылықтарын арттыру, студенттердің жеке оқу траекториясын ескере отырып, оқу пәндерінің инновациялық контентін құрастыру және қолжетімді ету, ADOBE CONNECT оқу платформасын іске қосу ТарМПИ оқу үрдісінің ашықтығына, шынайылығына, тазалығына жетелейді. Оған қоса, педагог пен студент санасын модификациялау арқылы парасыз білім алу мәдениетін қалыптастырады.

Өздеріңізге белгілі, қоғамның экономикалық және әлеуметтік жағынан ілгерілеуі, адами капиталды дамыту - білім беру сапасын арттырудың басты факторы болып табылады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев жыл сайын Қазақстан халқына Жолдауында «Экономика мен қоғамның ілгерілеу қажеттілігіне сәйкес, бізге заманға сай білім беру жүйесі қажет», «Біз барлық елдер бойынша әлемдік стандарт деңгейінде білім берудің сапалы қызметін ұсынуға қол жеткізуіміз қажет» деп теңдестірілген білім беру жүйесінің маңыздылығын атап өтті.

Тәуелсіз еліміздің керегесі кең, шаңырағы биік болып, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдеріне қосылу үшін білімді, ғылымды дамытуымыз қажет. Болашақ ұрпақтарымыз әлемдік білім деңгейінде де өзге елдермен терезесі тең, бәсекелестік дәрежеге жетуі керек. Бұл тұрғыдан зерделер болсақ, көреген  Ахмет Байтұрсынұлы «Білімсіз халық қанша бай болса да, байлығы басқа халықтың қолына көшеді» деп біліктілікпен айтып кеткен. 21 ғасырда өз біліммен, ғылымын жетілдіре алмаған ел тұғырыққа тіріледі. Біздің кезең білім мен ғылым өрлеу кезеңі жаңашылықтың кезеңі болып отыр. Ел мен елді халықпен мен халықты біріктіреттін бір мүдде ұлт зиялыларын ұлттық интеллигенция қалыптастыратын элемент - білім саласы.

Өмір сарынына ілесе көпшіліктің ығына жығылып кері құлдыруға немесе саналы түрде күш сала отырып дамудың сара жолын таңдауға болады.  Біздің таңдау – көлденең қолсыз білім алу, сапалы таза ғылым қалыптастыру, жоғары мәдениетке қол жеткізу! Жемқорлық жолына тосқауыл болу ел саясатының негізгі басымдылықтарының бірі. ТарМПИ мемлекеттік саясатты қатаң ұстана отырып, Ұлттық қауіпсіздікке сызат түсіретін, қоғам дамуын тежейтін індеттен айығуды өз алдына міндет етіп қойды. Бүгінгі күні ТарМПИ білім кеңістігіндегі сыбайлас жемқорлықтан таза аймақ!