МЕКТЕП ЖАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАРҒА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

 

Таженова С.Қ.

 Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, география магистрі, аға оқытушы

 

Бүгінгі таңда бүкіл адамзаттың алдында тұрған өмірлік маңызы бар ауқымды проблемалардың ішінде, табиғатты қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, күннен-күнге туындап отырған экологиялық мәселелер мен олардың шешімін іздестіру өзінің көкейкестілігін дәлелдеуде. Қоғамды экологияландыру – бұл адамның табиғатпен үйлесімділігіне қол жеткізуге бағытталған қоғам көзқарасының жаңа жүйесін қалыптастыру процесі. Тарихи тұрғыдан бағдарласақ, адамның өмір тіршілігінің, қызмет-әрекетінің негізі – табиғат заттары мен табиғи процестер. Олар адамзаттан әлдеқайда бұрын пайда болған, адам санасынан тыс және тәуелсіз өмір сүреді. Қоршаған ортаны танып білу, игеру барысында адам табиғат дүниесіне қуатты және ауқымды ықпал ете алатын құдіретті өзгертуші күшке айналады. Мұны ғылымда «екінші табиғат» деп атайды [1].

Демек, табиғат заттарының, процестерінің, құбылыстары мен жәй-күйлерінің болмысы өткінші, өтпелі. Олардың болмысы (болмыссыздығы) ауыспалы, қалыптасу, даму, өзгеру процесі кезектесіп отырады. Олардың болмысы – сақталатын да, жоғалатын да болмыс. Гегель қалыптасу процесін саралай отырып, оны жоғалатын болмыс немесе болмыстың жоғалуы деп дәл көрсеткен болатын. Сонымен, табиғат болмысының тағы бір ерекшелігі, тұтастық ретіндегі табиғат дүниесінің тұрақты әрі түпкілікті болмысындағы жекелеген мәндердің өтпелі және тұрақты болмысының диалектикасын танытады.

«Екінші табиғат» қатаң түрде шынайы, бірінші төл табиғатқа тәуелді және соның туындысы десе болады. Әйтседе, «екінші табиғаттың» өзіндік мәнді ерекшеліктері де жоқ емес. Екінші жасанды табиғат дүниесінің шынайы төл табиғаттан айырмашылығы: біріншіден, оны жасап дүниеге келтіру барысында адам табиғат байлығын, табиғи материалдарды пайдаланып, өңдеді, екіншіден, «екінші табиғат» дүниесін жасауда адамның еңбегі, іс-тәжірибесі және білімі пайдаланылды, үшіншіден, «екінші табиғат» бұйымы ермек үшін жасалмайды. Оны дүниеге келтіру адамдардың әлеуметтік өмірдегі белгілі мұқтаждарынан, мақсат-мүдделерінен туындады. Осылайша, екінші табиғат бірінші табиғаттың заңдылықтарына бағынатын төл туындысы, оның материалдарынан адамның білімі, еңбегі, тәжірибесі және дағдысы негізінде қоғамдық сұраныстарды қанағаттандыру мақсатында жасалды. Яғни, «екінші табиғат» болмысы – табиғи - рухани-әлеуметтік тұтастық құрайтын нақтылы ақиқат. Сондықтан да, бір жағынан, қоғам мен «екінші табиғаттың» үнемі үйлесім тауып отыру қажеттігі еш уақытта маңызын жоймайды, екінші жағынан, «бірінші табиғат» пен «екінші табиғаттың» ортақ заңдылығын, бір тұтастығын, бірегей болмысына қатысты олардың өзара байланысын сақтап, реттеп отыруы да заманымыздың жалпы адамзаттық мәселесі болып табылады [2].

Экология – биология ғылымының негізінде ХІХ ғасырдың орта шенінде айқындала бастағанымен, оның өз деңгейіне көтерілуі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы болып саналады.

Осы тұрғыдан алғанда жалпыға бірдей экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсат-міндеттерін, республикамыздың үздіксіз білім беру жүйесінің барлық сатыларында жүзеге асыруды, жастардың көзқарасын, табиғатқа жауапкершілік қарым-қатынасын қалыптастыруды, мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі аралықты экологиялық білім мазмұнымен жаппай қамтып, оны сабақтастықта жүргізуді талап етеді.

ЮНЕСКО -ның шешімі бойынша ХХ ғасырдың соңғы 20 жылының «Экологиялық білім беру жылы» деп жариялануы үздіксіз экологиялық білім берудің барлық өркениетті елдерде ең басты әрі көкейкесті проблема болып отырғандығын тағы да дәлелдеп берді.

Қоршаған ортаны қорғау туралы пікірлерді біз көне дәуір оқымыстылары Эмпедокл, Гиппократ, Теофраст еңбектерінен көреміз. Олар өсімдіктер мен жануарлар тіршілігінің біріншіден морфологиялық, екіншіден физиологиялық бейімделушіліктің қоршаған ортаға тәуелділігін экологиялық тұрғыдан қарастырды.

Шығыстың екінші ұстазы, әл-Фарабидің пайымдауынша табиғаттың баға жетпес байлығы біріншіден адамды оқу-білім, тәлім-тәрбие, ізгілік сияқты қасиеттерге баулу үшін алдымен қоршаған дүниені, табиғат құбылыстарын танып-білу керек; екіншіден табиғатты аялау, ізгілікке баулу ұлттық тамырдан нәр алады, үшіншіден табиғатқа деген адам көзқарасының дұрыс бағытта болуы оның ой-сезіміне әсер етіп, мінез-құлқын жетілдіру арқылы жүзеге асады.

Ұлы Абай да өзінің қарасөздерінде табиғат туралы философиялық ой-пікірлер мен табиғат заңдылықтарын терең пайымдап, табиғаттың бар байлығын адам баласының аузына тосып, таусылмас азық болып отырғандығын көрсете келе, «Кім өзіне махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың парыз», – деп өскелең ұрпақты табиғат-ананы сүйе білуге үндегені белгілі [3].

Демек, философтардың, педагогтардың еңбектеріндегі ой-тұжырымдардан олардың экологиялық тәрбие беруді экологиялық сана, экологиялық таным, экологиялық қарым-қатынас; экологиялық іс-әрекет; экологиялық сезім; экологиялық қызығушылық; экологиялық көзқарас ұғымдарымен бірлікте қарастырғанын байқаймыз. Біздің пайымдауымызша, кез-келген мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы оның туған өлкесінің табиғатын тиімді пайдалануы мен қорғауға деген көзқарасымен айқындалады, өйткені бүкіл дүниежүзі халықтары мойындап отырған тұрақты даму тұжырымдамасы қоршаған ортаның табиғи құндылығын сақтауда жоғары мақсатты ұстанып отыр.

Сол себепті тұрақты даму бағдарламасының негізгі стратегиясының бірі жалпыға бірдей үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беру болып табылады. Ал экологиялық тәрбие беру өте күрделі процесс, оның күрделілігі сол, ол біріншіден – екі жақты процесс. Бұған экологиялық тәрбие беруші (отбасында ата-ана, балабақшада тәрбиеші, бастауыш мектепте мұғалім) және тәрбиеленуші қатысады. Бұл тұрғыда В.Г.Грецованың «отбасында жағымды мінез-құлық қалыптастыруда берілетін білімді, табиғатпен қарым-қатынас кезінде қолдану тиімді болады», деген ой-тұжырымы мен Е.В.Субботскийдің «қоршаған орта, табиғат жайында түсінік беру баланың отбасы тәрбиесінен басталып, өмір бойы жалғасып отыруы тиіс» деген көзқарасын толық қоштауға болады.

Бүгінгі таңда ғаламдық экологиялық ахуалдың нашарлауы қолайсыз экологиялық жағдайлардың өріс алуы экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсат-міндеттерін, республикамыздың үздіксіз білім беру жүйесінің барлық сатыларында жүзеге асыруды, жастардың көзқарасын, табиғатқа жауапкершілік қарым-қатынасын қалыптастыруды, мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі аралықты экологиялық білім мазмұнымен жаппай қамтып, оны сабақтастықта жүргізуді талап етеді.

Оқушыларға экологиялық тәрбие беру жалпы білім берудің бір тармағы ретінде оқушыны жан-жақты дамытуға, оның адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуге бағыттайды.Чех халқының атақты педагогы Я.А.Коменский «Тәрбие негізі – табиғат, ал адам табиғаттың бір бөлігі және оның заңдылықтарына бағынушы», - деді.

         Қорыта айтқанда, еліміздің бай болуы, құт-берекенің молдығы табиғат анамен тікелей байланысты. Қай-қайсымыз да табиғатты оның аясындағы түрлі аң-құсты, жан-жануарларды аялап, байлығының жоғалмауына қамқорлық көрсетсек, табиғаттың адамзаттың құрымауына, ұзақ ғасыр жасауына септігін тигізеді.

 

Әдебиеттер:

1.     Ә.С.Бейсенова, Ж.Б.Шілдебаев, Г.З.Сауытбаева Экология. Алматы: «ғылымы», 2001.-555б

2.     Ж.Шілдебаев Экологиялық білім мен тәрбиенің ролі// Қазақстан мектебі, 2004 ж. №8

3.          А.Т.Қуатбаев Жалпы экология: Оқулық/ Алматы:Дәуір, 2012. – 376 б.