Ахметова Клара Нуртугановна

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистранты

 

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК АЙМАҚТЫ ТҰРАҚТЫ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗІ

 

Экономикалық қауіпсіздік - елдің ұлттық қауіпсіздігі құрылымының ең маңызды құраушысы, өйткені қауіпсіздіктің барлық қалған түрлері жеткілікті экономикалық қамсыздандырусыз әрекет ете алмайды. Сондықтан да, кез-келген мемлекет үшін өзінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қашанда өзекті болып, заман талаптарына сай күрделене түсіп, мемлекет және қоғам өмірінің барлық жақтарын қамтитын жүйелі саясатқа айналды. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды қызметінің құрамына кіреді. Өйткені, экономикалық қауіпсіздік мәселесі ешқашанда өзінен-өзі әрекет етпеген, ол қоғамның дамуының әрбір сатысындағы экономикалық өсу міндеттерінен шығатын туынды болып табылады.

Экономикалық қауіпсіздік – бұл экономиканың жай-күйі, онда жеке тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің, аймақтың немесе кәсіпорынның экономикалық мүдделері ішкі және сыртқы қауіптерден сенімді түрде қорғалуы, ол елдің де, жеке адамның да, кәсіпорынның да тұрақтылығының негізі. Экономикалық қауіпсіздік дәстүрлі түрде экономикалық жүйенің сапалы маңызды сипаттамасы ретінде қарастырылады, экономикалық жүйе халық өмірінің қалыпты жағдайын қолдау, халық шаруашылығының дамуын ресурстармен тұрақты қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық-мемлекеттік мүдделерді тізбекті түрде жүзеге асыру қабілетін анықтайды.

Дамыған елдерде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - мемлекеттік саясаттың басым бағыты, сондықтан да экономикалық қауіпсіздік сөзсіз кепілдеме ретінде екі деңгейде түсіндіріледі:

-          сыртқы саясат – мемлекет егемендігі;

-          ішкі саясат – қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы;

Экономикалық жүйе тұрақты болған сайын, экономика өмірге икемдірек болады, яғни оның қауіпсіздігін бағалау жоғарылайды.

Экономикалық қауіпсіздік  құрылымы былай сипатталады:

- технологиялық қауіпсіздік - бәсекеге қабілетті ғылыми-техникалық өнім өндіру негізінде халықаралық технологиялық нарықтарда ұдайы қатысумен анықталады.

- азық-түлік қауіпсіздігі - сапалы тамақ өнімдерін өндіруге арналған табиғи-шикізат ресурстарын қолданумен және осы тамақ өнімдерін халықтың жаппай тұтыну мүмкіншілігімен өлшенеді.

- қаржы-несиелік қауіпсіздік - қаржы жүйесінің тұрақтылығымен, ұлттық валюта тұрақтылығымен, алтын-валюта қорларының жеткіліктілігімен немесе тұрақты экономикалық өсуге жағдай жасаумен ескеріледі.

- өндірістік қауіпсіздік - индустриялық күш-қуаттың дамуында, техникалық өнім өндірудің тұрақтылығында және тиімділігінде, мемлекеттің экономикалық тіршілік әрекетін қамтамасыз ету қызметінің керектігінде көрінеді.

Сыртқы экономикалық қауіпсіздік – ашық экономиканың сақталуы кезіндегі халықаралық еңбек бөлінісі жағдайында ішкі нарықтың сыртқы экономикалық әсерлерден қорғануымен сипатталады.

Инвестициялық қауіпсіздік - оның инвестициялық тартымдылығының деңгейінде, ұлттық экономикалық мүдделерді сақтауды ескере отырып, тартылған қаражаттарды тиімді пайдалану және оны қайтару қабілеттігіне байланысты.

Энергетикалық  қауіпсіздік - ішкі өнеркәсіптік өндірісті қолдану үшін өзіндік энергия тасушыны және энергияны жеткілікті өндіруді қамтамасыз ету мүмкіншілігімен анықталады.

Көлік-байланыс қауіпсіздігі - әлемдік нарыққа шығатын альтернативтік негіздерді иеленуге рұқсат беретін көлік-байланыс артерияларының бар болуымен көрсетіледі.

Әлеуметтік (әлеуметтік экономикалық) қауіпсіздік - бұзушы әлеуметтік күштің төмен деңгейімен, қоғамның өмірге керек қажеттіліктерін қанағаттандырумен қамтамасыз етілетін қорғану жағдайын білдіреді. Осы аталған қауіпсіздіктің бәрі қамтамасыз етілгенде, ұлттық қауіпсіздіктің де шаңырағы шайқалмай, іргетасы бекем бола түседі. 

Экономикалық қауіпсіздіктің хал-ахуалына баға беру өндірістің, көліктік кешеннің, өмір сүру, қаржылық жүйенің және т.б. жағдайын бағалау негізінде жүргізіледі. Экономикалық қауіпсіздіктің мемлекеттік стратегиясында экономикалық қауіпсіздікке төнген қатерлерді айқындайтын факторлардың мониторингі; қауіпсіздік өлшемдер мен параметрлерін әзірлеу; елдің экономикалық қауіпсіздігін мемлекеттің қамтамасыз етуі жөніндегі қызметі сынды шараларды бөліп көрсетуге болады. Бұл мәселені шешу үшін арнаулы әдістер де қолданылады. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында экономикалық қауіпсіздік мәселесі 10 сын-қатермен айқын көрсетілген. Жаңа сын-қатерлерге төтеп беру үшін ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағыты жасалды. Тарихи және қисынды тұрғыда экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттіліктің қалыптасуымен, қоғамның экономикалық мүдделерін сезінумен қатар пайда болады. Стратегиялық міндеттерді жасақтауда  мемлекет аймақтардың табиғи- климаттық, экономикалық және әлеуметтік даму шарттарын басты назарда ұстанады.

Аймақтардың өзінің экономикалық дамуын жоспарлау мен басқаруда дербестікке иелік ету мұмкіндігі артып келеді. Сондықтан да, экономикалық реформаларды жүзеге асыруда және рыноктық қатынастарды дамытуда әлеуметтік экономикалық даму негізінде жасақталған аймақтық бағдарламалар мен стратегиялық жоспарлардың маңызы аса зор. Аймақтың экономикалық қауіпсіздігінің объектілері аймақтың орналасу аумағы және оның экономикасына қатысы бар осы аумақта орналасқан барлық құрамдастар жатады. Оларға келесілерді жатқызуға болады: тұрғындардың өмір сүру деңгейі; халықтың жұмысбастылық деңгейі; ішкі аймақтық нарық; тұрғындарды сауда-саттық тауарларымен қамтамасыз ету; аймақтық өндірушілер өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі, аймақтың экологиялық жай-күйі;  аймақтың өнеркәсіптік өндірісінің құрылымы және т.б.

Мысалға, Қызылорда облысы еліміздегі аумағы жағынан үлкен, бірақ халқының тығыздығы жағынан аз қоныстанған аймақтардың бірі болып саналады. Өңір экономикасы үшін негізгі дамытушы күштер ретінде мұнай, газ, ауыл шаруашылығы, шағын бизнестің ролі ерекше, ал өндірістік қызметтің негізгі бағыттарының бірі - мұнай мен газ өндіру, оларды өңдеу болып табылады. Мұнай өнеркәсібі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жетекші бағытына жатады. Өйткені, мұнай мен газды өңдеу Қазақстан экономикасын дамытуда басымды бағыттардың бірі болып табылады.

Қызылорда облысының аумағында 6 ірі мұнай компаниялары: «ПетроКазахстан Кумколь Ресорсиз», «Торғай Петролеум», «КазГермұнай», «Қуатамлонмұнай», «Қор», «СНПС-Айданмұнай» мұнай өндірумен айналысады.

Негізінен, мұнай компаниялары алдыңғы қатарлы технологияны, өндірісті прогрессивті ұйымдастыру, басқару, өткізу тәжірибелерін ендіру, шетелдік капиталды тарту, шетел несиелерін жеңілдікті шарттармен алу, ішкі нарықты толтыру, экспортты ұлғайту, импортты төмендету нәтижесінде валюта қорларының өсуін қамтамасыз етуге, мемлекеттік кәсіпорындардың монополиялық мүдделерін жоюда техникалық деңгейі және өнім сапасы бойынша күшті бәсекелес болуға, сыртқы нарыққа бәсекеге қабілетті өнімдермен шығуға мүмкіндік береді.

Сондықтан да, мұнай компаниялары мұнай  өндіре отырып,  қайырымдылық, демеушілік құралдарының көмегімен, Қызылорда облысының өсуі мен өркендеуі үшін ірі салықтар мен басқа да төлемдер арқылы аймақтың дамуына көбірек көңіл бөлуі тиіс. Ең алдымен, Қызылорда қаласы мен аудандардың инфрақұрылымын дамыту, мұнай өндіру, өңдеу, азық-түлік өнеркәсіптерін дамыту қажет, ауыл шаруашылығын ары қарай дамыту, сондай-ақ білім беру мен мәдениет салаларына заманауи жаңартулар ендіруі керек.

 

 

 

 

Пайдаланылған  әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан -2050 стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» - 14.12.2012 жылғы Қазақстан халқына жолдауы.

2.Глобализация и экономическая безопастность Республики Казахстан в условиях глобализации.http://www.studfiles.ru/preview

3. Перспективы развития нефтегазовой отрасли Казахстана // Нефть и Газ. – 2010, №6.