М.э.н., старший преподаватель Нусибалиева А.К.
«Нархоз» Университеті, Қазақстан
Қазақстанда
бюджет атқарылуының қазынашылық жүйесін жетілдіру
жолдары
Құрамына қазынашылық та
кіретін бюджеттік жүйе кез келген мемлекеттің ең маңызды
институттарының бірі болып табылады, оның тиімділігі экономикалық
өсімнің сапасына және қоғамдық әл ауқаттың
деңгейіне тікелей әсер етеді.
Қазақстан тәуелсіздікке ие болғаннан кейін
бұрынғы экономикалық құрылымдарды, және
ең алдымен мемлекеттік қаржылық басқару органдарын реформалау
қажеттілігі туындады. ҚР Президентінің «Қазақстан
Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылығын құру
туралы» 1994 жылғы 27 қаңтардағы № 1526 Жарлығымен Бас Қазынашылық
басқармасы және еліміздің барлық өңірлерінде
оның аумақтық бөлімшелері құрылған болатын.
Қазіргі уақытта
Қазынашылық жүйесінде 13 мыңға жуық мемлекеттік
мекемелерге қызмет көрсетіледі, Қазынашылық жүйесін
нақты уақыт режимінде пайдаланушы 3,5 мың адам Қазынашылық
ақпараттық жүйесінде мемлекеттік бюджеттің қаражатын
есепке жатқызу мен жұмсау рәсімдерін жүргізе отырып, операцияларды
жүзеге асырады. Күн сайын орташа есеппен 50 мың төлем жүргізіледі,
Қазақстандық банкаралық есептер орталығынан
күн сайын орташа есеппен 60 мың түсім келіп түседі. Айдың
аяғында бұл көрсеткіштер екі есе артады, өйткені осы
кезеңде мемлекеттік мекемелер негізгі (еңбекақы, жәрдемақы,
салықтар және т.б.) төлемдерін жүргізеді.
Бюджеттің атқарылу рәсімдерінің маңыздылығын
ескере отырып, Қазынашылықтың тікелей міндеті жүйенің
өнімділігіне жүктеме көбейген кезде, әрбір қаржы операциясының
уақтылы жүргізілуін қамтамасыз ету болып табылады[1].
Электрондық
құжат айналымының заманауи жүйелері кәсіпорынның
қызметін оңтайландыруда маңызды рөл атқарады. Кез
келген салық төлеушінің қызметінде шот-фактура негізгі
құжаттардың бірі болып табылады. Оларды жазып беру бойынша талаптар
мен жазып беру мерзімдері «Салық және бюджетке төленетін басқа
да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан
Республикасының Кодексімен регламенттелген. Іскерлік қызмет электрондық
құжаттар алмасу жолымен неғұрлым жиі жүзеге асырылып
жатқан жағдайларда, дәстүрлі қағаз шот-фактуралар
кедергі болады және оларды пайдаланған кезде ұйымдар мынадай,
мысалы: оператор еңбегінің шығындары, қағаз, принтер,
жеткізу, ірі мұрағаттар, салық органдарына тоқсан сайын
шот-фактуралар тізілімдерін ұсыну және т.б. секілді елеулі қосымша
шығыстарға ұшырайды.
Қазіргі
таңда қолданыстағы корпоративтік ақпараттың 30
%-ға жуығы электрондық түрде сақталып келеді.
Қалған бүткіл ақпарат (70 %-ға жуығы)
қағаз түрінде сақталып тұр, бұл
құжаттарды іздестіру кезінде бірқатар қиындықтар
кездеседі, дегенмен осы арақатынас есебінен электрондық
нұсқада құжаттарды сақтау тиімдірек екені
байқалуда.
Құжат айналымын
оңтайландыру мен ақпараттың өңделуін бақылау
мәселелерінің түйінді мәні бар. Ақпараттық
технологиялар мен өнімдердің тез дамитын нарығы қазірдің
өзінде құжат айналымының корпоративтік жүйелерін
де, бизнес құрылымдардың мемлекетпен өзара іс-қимылы
жүйелерін де пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта
салық есептілігі электрондық нысанда тапсырылады, бизнес-құрылымдар
электрондық шот-фактураларды жүргізуге дайын[2].
Электрондық форматқа
көшу салық органдарына шот-фактураларды жедел талдауға, уақтылы
ден қоюға және жалған кәсіпорындар, егер олар жазып
берген сот-фактураларда ешқандай қамтамасыз ету болмаса, қызметінің
жолын кесуге мүмкіндік береді.
Электрондық шот-фактураларды
енгізу Қазақстанның «Дойнгж Бизнес» рейтингіндегі позициясын жақсартуға
мүмкіндік береді.
Электрондық шот-фактураларды (бұдан әрі
– ЭШФ) жүргізу бойынша қызметтер өтеусіз негізде көрсетілетіндігін
назарға ала отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі
ЭШФ ақпараттық жүйесі жобасын іске асыруды Қазынашылық
комитетіне бекіту туралы шешім қабылдаған болатын.
Қазынашылық комитеті 2012 жылы «Электрондық
шот-фактураларды (құру) қабылдау және өңдеу
бойынша ақпараттық жүйесі» жобасының техникалық-экономикалық
негіздемесін әзірлеген және бекіткен болатын. Қазақстан
Республикасында электрондық шот-фактураларды енгізу бойынша пилоттық
жобаның қатысушылары айқындалды[3].
Әзірленген техникалық тапсырманың
шеңберінде электрондық шот-фактураларды қабылдау және
өңдеу жөнінде ақпараттық жүйені әзірлеу
бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілетін
болады.
Қазынашылық алдында қаржылық операцияларды
уақтылы жүргізу деңгейін көтеру, пайдаланушыларды
көбейте отырып, жүйеге салмақты арттыру кезінде максималды
тұрақтылыққа қол жеткізу, ҚБАЖ функционалдылығын
кеңейту, қазынашылық органдарының клиенттермен өзара
әрекеттесуінің тиімділігін арттыру мақсаты қойылған.
Бұл ретте мемлекеттік органдар мен ел басшылығына елдің
қаржылық теңгерімі туралы өзекті, шынайы және
дәл ақпаратты өз бетінше алуға мімкіндік берілуге тиіс.
Президенттің «Қазақстан -2050 стратегиясы» атты Жолдауының
«Жаңа бағыттың экономикалық саясаты инвестициялардан табыстылық,
қайтарымдылық және бәсекеге қабілеттілік қағидаттарындағы
экономикалық прагматизм» бөлімінде бюджеттік саясатқа
үлкен мән берілген. Жолдаудың талаптарының бірінде:
«Бюджеттік қаржылық процестерге деген қарым-қатынас, жеке
қаржы салудағы сияқты, ұқыпты әрі мұқият
ойластырылған болу керек. Басқаша айтқанда, бір де бір бюджеттік
теңге босқа жұмсалмауға тиіс» деп айтылғандықтан,
аталмыш стратегияны жүзеге асыру аясында
мен бюджеттік қаражаттарды, сондай ақ Ұлттық
қор қаражатын пайдалана отырып, бюджеттік тәртіптілікті және ашықтықты күшейту бойынша
біршама шараларды ұсынамын.
ҚР Бюджеттік кодексіне сәйкес республикалық және жергілікті
бюджеттерді жоспарлағанда мемлекеттік органдар алдыңғы
кезеңдерде бекітілген негізгі шығыстарға сүйенуге, сондай
ақ бюджеттік қарым қатынастар саласында бұрын қабылданған
шешімдерді ұстану бірізділік қағидатын басшылыққа
алуға тиіс.
Бұдан басқа, бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін,
бір нысанды жылына бірнеше рет жөндемеу үшін, ғимараттарды,
құрылыстарды және жолдарды күрделі жөндеуден қатаң белгіленген
мерзімде жүргізу жолдарын заңды түрде бекітуді ұсынамын.
Күрделі жөндеуден кейін нысанның кепілді пайдалану мерзімін мемлекеттік
сараптама қортындысында ескеру керек.
Стратегияда «ең алдымен ҚР Ұлттық қор қаражатын
ұзақ мерзімді стратегиялық жобаларға бағыттау» және
«бұл қаражаттарды өте ұқыпты әрі ойластырып
пайдалану» қарастырылған. Ұлттық қордан
бөлінетін қаражаттың тиімді пайдаланылуын және мақсатты
қолданылуын бақылау үшін,
бұл болашақ ұрпақтың қаражаты болғандықтан
шығыстардың Бірыңғай бюджеттік классификациясында бюджеттік
бағдарламалар әкімшіліктері шамасында жеке бюджеттік бағдарлама
қарастыруды ұсынамын. Ұлттық қордың қаражатынан
қаржыландырылатын инвестициялық жобалардың жеке тізімін
құру. Бұл қаражаттың жұмсалуын депутаттық
корпус пен тиісті органдар қатаң бақылауға тиіс[4].
Басқарушылық шешімдер қатаң түрде бухгалтерлік
есеп деректеріне негізделуге тиіс және бұл тыйым салушылық немесе
жауапкершілік шараларымен заңды түрде бекітілуі тиіс. Тағы
бір жақсы жағы нысандардың әділетті бағамен жекешелендірілуі,
ал бұл барлық шығындар нысанның құнына
қатысты болатын есептеу тәсілі кезінде мүмкін.
Бюджеттік саясат құралдарын сауатты қолдана білу мемлекет
үшін қажетті қаржылық қамсыздандыруды
құруға мүмкіндік береді.
Ұлттық валютаның және қазынашылық органдарының
құрылғанына 20жылдығы қарсаңында Қазақстанның қазынашылығының
бюджетті атқару жүйесіндегі мінсіз беделге ие мықты буын болды
деуге болады. Сонымен қатар қазынашылық жүйенің мүмкіндіктері
толық көлемде пайдаланылмай отырғанын атап өту қажет.
Қазіргі уақытта
қазынашылық органдары, ең алдымен, оның негізінде мемлекеттің
бюджеттік ағынын басқарудағы барлық бағыттар
түйісе алатын жетекші институт ретінде қарастырылуы тиіс.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
ТІЗІМІ
1.
Шайынғазы С. ″Бюджет қаржысының
жұмсалуындағы олқылықтар″. Егемен Қазақстан
№40 2014ж.
2.
Мониторинг комитетінің ресми сайты
«Республика бойынша мониторинг көрсеткіштері» 2016 жыл.
3.
Қазақстан Республикасының
Бюджет кодексі 2008 жылғы 4 желтоқсандағы
Н 95-ІV.
4.
Қазақстан
Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджеттің атқарылуы
және оған кассалық қызмет көрсету ережесі 2014
жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығы.