Жусупов Р.Б.

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқытушысы

 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ САЛЫҚ САЯСАТЫНДА ҚАБЫЛДАНҒАН ЗАҢ ҚҰЖАТТАРЫ

 

XIX ғасырдағы Ресей патшасының қазақ даласында іске асырған салық саясатындағы заң актілері жергілікті бұратана халықтың тағдырын тәлкігі салды. Осы уақыт аралығында салық мөлшерінің көбейтілуі, әртүрлі міндеткерліктердің енгізілуі, сұлтандар мен билерге патша тарапынан берілген артықшылықтардың арқасында озбырлық жасау сияқты әрекеттері негізінде жергілікті тұрғындар жағдайының нашарлауы мен рухани тұрғыда дамуына балта шабылды. Қазақ сахарасында Ресей патшасының тарапынан және оның мақсатын орындаушы шенеуніктердің, сондай-ақ патша үкіметімен қызметтес болған жергілікті ақсүйек өкілдері жасаған зорлық-зұлымдылығына қарсы бірнеше бас көтерулер болды. Дәл осындай бас көтерулердің бірі сұлтандар мен шенеуніктер тарапына бағытталса, екіншілері тіпті Ресей империясына шек қойған тәуелсіздік үшін күрес жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстар еді. Ресей империясының Қазақстан территориясында жүргізілген салық жүйесіндегі заң актілерінің негізінде тек Ресей қазынасын толтыруға, әскери бекіністерді салу мен оның жұмыстары, қазақ сахарасының басқару уәкілеттігіне, геосаяси мақсатына қажетті (сонын ішінде Орта Азия хандықтарын бағындыруда және т. с. с.), сондай-ақ Қазақстан территориясында белең алған толқуларды басуда қаражат көзі қазақ халқының мойнына артылып, бұдан бөлек соғыс шығыны ретінде қазақ ауылдарын ойрандау арқылы үстемелеп түсірді. Мәселен, Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы басқаруымен болған қазақ шаруаларының бас қосуы Бабаджанов Қарауыл қожаға қарсы бағытталды. Ондағы негізгі себеп Бабаджанов ірі жер иеленушілері Безбородка мен Юсуповпен екі арада келісімге келе отырып, жалға алынған жерді қазақ шаруаларына тарату арқылы көп пайдаға кеңелуді көздеген еді. Ата заманннан қазақ халқының жайылым жерлерінен мал жайғаны үшін ақша төлеуге міндеттелуі, оның үстінен көп мөлшерде жиналған ақшаның жартысын Қарауыл қожаның өз қалтасына басуы туралы жергілікті тұрғындар жақсы білетін. Бұдан басқа салықтың бірнеше түрін енгізуі (мал басынан алынатын, қысқы уақытына қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуде және т.б.) қарапайым халықты талаң-таражға салған еді. Кіші жүз қазақтары Исатай мен Махамбеттің басқаруымен адай қазақтары мен каспий қазақтарын басқарып отырған Қарауыл қожаны орнынан алып тастауды Жәңгір ханға жіберген хаттарында жазған еді. Ханға жазылған хатта Исатай қарапайым халыққа көрсетіп отырған Қарауыл қожаның озбырлығын толықтай баяндап береді. Оның жазған хаттарының бірінде: «Мы просим, чтобы Караул-ходжа не выдавал себя за правителя и не налагал бы народ тяжелые поборы. Если определенные вами правители не хотят советоваться с другими старшинами, то гораздо лучше было бы, если их лишили той должности, и мы жили бы без них. Народ желает владеть своею собственностью... и никто не имел бы налагать поборы... Просим не оставить нас ответом. Если на сие не получим ответа, будем писать вам во второй раз , а если не получим  ответа и на следующее письмо, то будем думать, что нет над нами никакого начальства, тогда лучше будет старшинам оставить их жилища, а бедному народу нашему бросить все имущество и  «скот и потом удалиться» [1, 78-79 б.].

Сондықтан да қазақ халқының көптеген ірі ақсүйектері патша билігімен тығыз байланыста болуынан ашықтан-ашық тонаушылық әрекетерге барған кездеріде көп болды. Олардың көбі мұндай істерге патша шенеуніктерінің нұсқауымен жасағандықтары немесе өздерінің билігін тым астыртын пайдаланудың негізінде пайда көзі ретінде дәл осындай оқылықтарды қолданудың барысында қарапайым қазақ халқы жапа шеккен болатын.

XIX ғасырдың 20-30-шы жылдары әкімшілік-реформаны Қазақстан территориясына енгізіуде жергілікті тұрғындарға берілген салық жүйесіндегі жеңілдіктер мерзімі өткеннен кейінгі 1840-1850 жылдары патша үкіметі қабылданған заң актілерінің негізінде салық мөлшерінің көбейтуді көздеген еді. Бірақта бұл заңдарды іске асыруда кейінге қалдыруына түрткі болған жағдай осы уақыт аралығында болған қазақ халқының Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалысына байланысты болатын. Қозғалыстың бастапқы кезінде Кенесары хан дарынды саясаткер ретінде Ресей империясы мен Қазақ хандығы арасындағы қарым-қатынасты реттеу үшін дипломатиялық жолды ұстанған болатын. Оның дәлелдемесі ретінде Кенесары ханның Сібір губернаторына жолдаған хатына көңіл аударсақ: «Сіздің есіңізге салайын дегенім, екі халықтың тыныштық өмірін қамтамасыз ету. Өзіңіз Ресейге бағынышты жұртты мен өз жағыма қаратып алды деп реніш білдіресіз. Мәселе тіпті басқаша. Менің атам Абылайдың иелігінде жөнсіз бірнеше дуандарды ұйымдастырып, салық жинаттырып отырған сіздер емес пе? Бізге қысым көрсетудесіз. Оған наразылық білдіреміз, бұдан былай алым-салығыңызға көне алмаймыз. Ойлаңызшы, егер Ресейді басқа бір мемлекет билеп-төстеп отырса, қалай шыдар едіңіз? Біздің пайымымызды еске алсаңыз...» [4]. Cөйтіп, Кенесары Қасымұлының ең басты талаптардың бірі – алым-салық жинауды тоқтату, яғни Қазахия дербес елінің ішкі істеріне қол сұғуға Ресей үкіметінің ешбір құқығының жоқтығын айтқан. Кенесары хан басқарған ұлт-азаттық қозғалысты басу үшін әскерлерді жабдықтауда патша тарапынан бөлінген ақша мөлшерін Қостанайлық мұражайдың қорында сақталған құжаттарынан көруге болады. Онда  40 мың сомның көлемінде көрсетілген. Бірақта бұл қаражаттың қайдан бөлінгені туралы айтылмаған. Бұдан бөлек, Орынбор мұрағаттарында сақталған деректемелерде Кенесары қозғалысына қарсы күресте патша үкіметі 14 мың сом көлеміндегі қаражатты шаңырақ салығынан бөлуге ұйғарым шығарған еді [2, 91 б.]. Жалпы патша үкіметінің тарапынан Кенесары ханға бағытталған әскери жорықтардың бірнешеуі болды, сонымен қатар осы әскери жорықтарға қажетті мөлшердегі ақшаны қазақ халқынан жиыстырылған қаражат көзінен бөлінгенін көруге болады. Сол себепті де нақты осы күнге дейін тарих ғылымында жалпы Қазақстан елінде болған ұлт-азаттық қозғалыстарға байланысты әскери жорықтарға қажетті қаражаттың көзі қарапайым халықтан қандай мөлшерде жиналды және бейбіт жатқан ауылдарды тоңаушылық әрекеттеріне қатысты мәліметтердің аздығынан Отан тарихымызда көптеген мәселердің шешімі табылмай жатыр.

Кейінгі 1860-1890-шы жылдары қабылданған реформалар барысындағы жергілікті халықтан жиналуға тиісті алым-салықтың бірнеше түрлерін енгізу және оның мөлшерін көбейтудің негізінде сахарадағы қазақ ауылдары түпкілікті қарсы шықты. 1860-1870 жылдары Кіші жүзде болған патша әскерлері мен жергілікті халықтың арасында алапат қақтығыс болды. Бұл жерді ең көп жапа шеккені қазақ халқы еді. Өйткені жергілікті тұрғындардың көбіне ата қонысынан айырылуына әкеліп соқтырса, қалғандарына патша тарапынан әрбір шаңыраққа 1 сом көлемінде және оның үстінен 143 мың сом мөлшерінде соғыс шығынын төлеуге міндеттеді. Дәл осындай әрекетті 1870 және 1873 жылдары патша үкіметіне қарсы бағытталған адай руларының қозғалысы  барысында 3 мыңға жуық отбасы Хиуа хандығына өтіп кетсе, ежелден қоныс тепкен адай руларының қалған отбастарына патша тарапынан 600 мың сом көлемінде соғыс шығынын төлеуге міндеттегенін көруге болады [3, 305-307 б.]. Жалпы бұл жерде біздердің көретініміз патша үкіметі қазақ сахарасындағы ұлт-азаттық қозғалыстарды жаншытудың барысында үстемелеп пайда түсіргеніне көз жеткізуге болады.        

Әдебиеттер тізімі:

1 Бекмаханов, Е.Б. Присоединение Казахстана к России. – Москва: Издательство академии наук СССР, 1957.

2 Сборник докладов Республиканской научно-практической конференции «Новая методология казахстанской исторической науки: поиски и обретения». – Костанай, 2014.

3 Кузембайулы, А. История дореволюционного Казахстана. Алма-Ата, 1992.

4 Қасымбаев, Ж. Кенесары хан. – Алматы: Қазақстан, 1993, - 112 б.