Әбдірасілова Айдана

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, филология факультетінің студенті,  Қазақстан

Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., доцент Ж.А.Рүстемова

ХХ ғасыр басындағы ағартушылардың  оқыту технологиялары

 

ХХІ ғасыр – жаһандану дәуірі. Бұл дәуірде еліміздегі ғылым мен білімнің барынша жетілуіне назар аударылуда. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде ең алдымен тәрбиелеушіге, яғни ұстазға үлкен үміт артылуда. Осы тұрғыда бүгінгі күні еліміздің білім жүйесінде оқыту үдерісін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Қазіргі білім беру парадигмасы «білікті адамға» бағытталған білімнен «мәдениет адамына» бағытталған білімге көшуді көздейді. Бұл білім беруді жаңаша ұйымдастырудың  философиялық, психологиялық, педагогикалық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін тереңірек қайта қарауды қажет етеді.

ХХ ғасыр басында өмір сүрген  М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов сынды ағартушылардың  еңбектерінде қазіргі жаңашыл  технологиялар элементтері бар.  Бүгінгі күні  біз пайдаланып жүрген жаңа технологиялардың іргетасының қалануына  осы элементтердің  де ықпалы  бар. Ескісіз жаңа жоқ. Алаштың тағы бір біртуар перзенті  Мағжан Жұмабайұлы  «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады»-дейді[1]. Ағартушы педагог, ғалым,  қазақтың ХХ ғасырдағы ақыны Мағжан Жұмабайұлының  педагогика-психология саласындағы еңбектерінің маңызы мен құндылығын оның «Педагогика» деген оқулығы арқылы дәлелдеуге болады. Қазіргі білім беру жүйесіндегі технологиялар негізінде жалпы мектеп, орта және жоғары оқу орындары  шәкірттерінен  дара тұлға қалыптастыру мақсат етілсе, бұл мәселе ғалымның еңбегінде  басты қағида болып ертеректе әлдеқашан айтылып қойған болатын:

-      оқушы мен мұғалім арасындағы ұлттық тәлім-тәрбиеге құрылған достық қарым-қатынас орнату;

-      жаңа білімге ескі білімді байлап оқыту.

Бұл жерде ғалым: «...бір нәрсені бала есіне тез алсын һәм ұзақ ұстасын десе, балаға жаңа беретін білімді жат күйінде бермесін, баланы бұрынғы таныс білімдеріне байлап берсін» - деген пікірін айтады[1]. Мағжан Жұмабайұлының оқулығындағы ерекшелік, баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, білімді де білікті, салиқалы да парасатты, ұлтжанды, жан-жақты жетілген дара тұлға тәрбиелеу  мақсат етіледі.

Жүсіпбек Аймауытұлының «Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі жүректің терең сырларын, халықтың басынан кешкен дәуірлерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» - деген тұжырымы  өзге пәнді меңгертуде ескерілуі тиіс[2].  Әдіскер-ғалым Жүсіпбек Аймауытұлының  «Тәрбиеге көмекші», «Тәрбие жетекшісі», «Психология», «Комплексті оқыту жолдары» деген еңбектерінен біздің бүгінгі таңда білім берудің жаңа технологиялары деп қарастырып жүргеніміздің  көбін  көре аламыз. Еңбектерінде ағартушы демократ сабақты пәнаралық байланыс арқылы оқыту туралы  өз пайымдауларын жасайды. Автор адамның жан қуатын ынталандыру әдісі арқылы тәрбиелеп жетілдірудегі тарих пәнінің алар орнын айта кетеді: «Тарихты оқыту арқылы шәкірттерге қазіргі өмір мен өткен заманның байланыс заңдылықтарын ажыра білерлік сана туғызамыз» - дейді[2]. Ж.Аймауытұлы  1929 жылы «Комплексті оқыту жолдары» деген еңбегінде баланың білімге деген ынта-ықыласын, зейін-зердесін арттыру үшін мұғалімдерге қойылатын талаптарды атап көрсетеді:

- жаңа беретін білімді баланың бұрын меңгерген біліміне негіздеу;

- проблемалық сұрақтар қоя отырып, олардың назарын меңгерілетін жаңа білімге бағыттау;

- басы артық қажетсіз мағлұматтарды айтудан сақтану;

- салыстыру, терең ұқсату сияқты тәсілдерді қолдану арқылы балалардың білімге деген қызығушылығын арттыру.

Міржақып Дулатұлы оқытудың баяндау, әңгіме, түсіндіру әдістеріне ерекше мән беріп, тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрыпқа байланысты тақырыптарды әсерлі баяндаудың тәсілдерін көрсетіп берді. Ол «баланы толық жауап беруге әдеттендіру керек», - дейді.  Сөйтіп, оқытушы көркемдеп оқытудың жаңаша жолдарын ұсынып, мұғалімдерден соны іс-әрекеттерді талап етеді. «Балалар дұрыс оқи алмай, қиналған жерде мұғалім өзі оқып, көрсету лайық», - дейді[3].

Қазіргі таңдағы жаңалықтар жүйесі ретінде қаралып отырған жаңа технологияларды  ескінің айналып келуінен немесе өзгеріске түсіп, қайталануынан туған әдіс-дәстүрлер деп қараймыз. Мысалы, В.Т.Шаталовтың тірек конспектілері бұрыннан қолданылып келе жатқанымен, мектептердің қазіргі даму жағдайына байланысты «жаңа» бір әдіс-тәсіл ретінде, яғни белгілі бір өзгерістерді өмірге енгізу арқылы мұғалімдердің жұмысында кеңінен пайдаланылып жүр.

Сонымен, дәстүрлі әдіс – ешқашанда жойылып кетпейтін немесе қолданыссыз қалмайтын әдіс және  жаңа технологиялардың бастамасы. Демек,  жаңа әдіс дегеніміз – бұрынғыға жақын немесе өзгеріске түскен және бұрынғылардың орнын басқан әдіс.  Ендеше  М.Жұмбайұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлылардың оқыту технологияларының басшылыққа алынуы – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

 

Әдебиет:

1. Жұмабаев М. Педагогика. -Алматы: Рауан, 1993.-112 б;

2. Аймауытов Ж.  Бес томдық шығармалар жинағы. -Алматы:Алаш, 2005.Т.3. -304 б.

3. Дулатов М. Шығармалары. -Алматы:Жазушы, 1991. -382 б.