PhD доктор
Аубкирова К.К., 3 курс студенті Оракбай А.
Қорқыт
Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік унверситеті
Ғылыми фантастика
және ортақ негіз принципі
Барлық фантастикалық
әлемдердің негізін құрайтын принциптер ретінде
«ортақ негіз» принципін ерекше атап өтуге болады. «ХІХ-ХХ
ғасырлардағы реалистік фантастика «ортақ негізді» фантастика
ретінде қалыптасты. Мұндай шығармаларда сюжеттің
негізінде бір ғана фантастикалық жорамал жасалып, оқиға
түрлі әдіс-тәсілдер арқылы бір ғана
фантастикалық феноменнің төңірегінде өрбиді.
Автор осы бір ғана негіз арқылы оқиғаны баяндап,
оның шындығын дәлелдеуге тырысады.
Фантастикалық болжам тек
біреу ғана болуы мүмкін. Осы принципті ұстану
фантастикалық әлемде орын алған барлық
оқиғаларды, ондағы фантастикалық элементтерге қарамастан,
шындық ретінде жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар
фантастикалық негіздің жалғыз болуына байланысты
жазушы-фантаст суреттеп отырған әлемде үлкен
маңыздылыққа ие болған барлық уақыт
және кеңістік өлшемдері тұрақтылыққа
ие болады. Ертегілер мен роматикалық шығармаларда, жазушы
модернистердің туындыларында барлық нәрсе кездесуі
мүмкін. Ал ғылыми-фантастикада тек бір ғана
фантастикалық негіздің шегінен шықпауы керек [1, 38].
«Ортақ негіз»
қағидасы ғылыми-фантастикалық шығармаларда
қолданылатын тілдік құралдардың негізінде жатқан
принцип болып табылады. Ғылыми фантастиканың тілі мен
фантастикалық әлемді жасау заңдылықтарының
арасындағы қатынасты түсіну үшін Т.Б. Радбилдің
«көркем әлемнің ауытқуларын» қалай жіктейтініне
қарап көрелік. Ол өзінің зерттеу нәтижеліріне
сүйене отырып, көркем әлем мен көркем мәтін
қатынасының төрт түрлі нұсқасын
көрсетеді:
1)
«Дұрыс әлемді» «дұрыс тілмен»
жеткізудің тілдік тұжырымдамасы (поэзия, тарихи шығармалар);
2)
«Дұрыс емес әлемді» «дұрыс тілмен»
жеткізудің тілдік тұжырымдамасы (ертегі, аңыздар мен
алғашқы фантастикалық шығармалар);
3)
«Дұрыс әлемді» «дұрыс емес тілмен»
жеткізудің тілдік тұжырымдамасы (кейбір авторлардың
шығармалары);
4)
«Дұрыс емес әлемді» «дұрыс емес
тілмен» жеткізудің тілдік тұжырымдамасы (модернизм әдебиеті)
[2, 41].
Т.Б. Радбильдің еңбегінде ғылыми
фантастика туралы ғылыми-фантастикалық шығармалардағы
«ақылға сыймайтын» (фантастикалық) жағдайлар жазушы
жасаған әлемнің қағидалары
болғандықтан да шындық ретінде қабылданады деп
айтылған. Бірақ оның еңбегінде
ғылыми-фантастикалық шығармалардың қай
топқа жатқызылатыны анық көрсетілмесе де, автор
ондағы әлемнің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес «дұрыс әлемді
дұрыс тілмен жеткізудің тілдік тұжырымдамасына»
жатқызуға болатынын айтып өтеді. Фантастикалық
шығармаларда кездесетін таңғажайып, ақылға
қонымсыз оқиғалардың ауытқуына кедергі болатын
қағидалар аталмыш туындыдағы типтік әлемге тән
қағидалар ғана емес, сонымен қатар жалпы шынайы
өмірде кездесетін қағидалар болып табылады.
Фантастикалық шығармалардағы типтік әлем мен шынайы
әлемді бір-бірімен байланыстырып тұратын басты нәрсе
фантастикалық әлемде орын алған жағдайларды
рационалистік тұрғыда түсіндіру мүмкіндігі мен
фантастикалық әлемді көркем бейнелеуде қолданылатын
барлық элементтердің логикалық байланысы болып табылады.
Тіпті тарихи романдардың өзінде автор өткен дәуірге
көз тастай отырып, мәтінді әрлендіре түсу үшін
түрлі «еркін» тәсілдерді қолданады. Бірақ тарихи
романдарды «дұрыс әлемді дұрыс тілмен жеткізудің тілдік
тұжырымдамасына» жататынына ешкім талас тудырмайды. Сондықтан
тарихи романдар сынды ғылыми фантастика жанрына қатысты тарихи
шығармаларды зерттеумен айналысқан Ф.Анкерсмиттің мына
сөздерін келтіруге болады: «Шығармадағы оқиғалар өткен
тарихпен дәл келе ме жоқ па деген тарихшылардың айтысы жай
тексерумен шешіле қоймайды. Біз өткен өмірде не
болғанын музейлер мен кітапханаларда сақталған суреттер мен
көне еңбектер арқылы нақты біле алмаймыз. Тарихшылар
арасындағы талас-тартысты бұлайша шешу мүмкін емес» [3, 108].
Сондықтанда жоғарыда айтылған
логикалық байланысты тікелей қабылдауға болмайды:
жан-жақты талдау жасау барысында көптеген
фантастикалық-шығармаларда фантастикалық феномендер шынайы
әлемдегі әдеттегі қағидаларға қайшы
келгенімен, логикалық тұрғыда мұндай қайшылықтар
тарихи романдарда қолданылатын тарихи тұлғалардың
арасындағы диологтарда да кездеседі. Ғылыми фантастиканы
«мүмкін болатын әлемдер» теориясы тұрғысында
қарастырсақ, аталмыш жанрдың маңызды сипаттарының
негізін көре аламыз. Бұл Кант пен Лейбництің
еңбектерінен бастау алып, фин ғалымы Я. Хинтикканың
зерттеулерінде өз жалғасын табады. Хинтикканың
көзқарасы бойынша, «мүмкін болатын әлем» бұл -
«мүмкін болатын білгілі бір жағдай немесе оқиға
дамуының мүмкін болатын бағыты» деп түсіндіруге болатын
категория [4, 38]. Ол «мүмкін болатын әлемдердің» бір
түрі ретінде «эпистемология тұрғысынан мүмкін,
бірақ логикалық тұрғыда мүмкін болмайтын
әлемді» ерекше көрсетеді. «Эпистемология тұрғысынан
мүмкін» деген сөзді «танымдық әрекеттердің
нәтижелері», яғни шынайы өмірге сәйкестігі
дәлелденбеген нәтижелер. Оларға болжам, жорамал, күдік,
пікір мен наным-сенім жатады. Аталған ұғымдар
фантастикалық әлемді құрудың негізі болып табылады
[5, 8].
В. Кайтох өзінің еңбегінде кейбір
ғылыми-фантастикалық шығармаларды ғылыми фантастика
жанрына тән негізгі принциптеріне, әсіресе ортақ негіз
принципіне қайшы келетін компоненттердің кездесетінін айтады
Оның ойынша мұндай компонеттер үш түрлі болады:
1) Шынайы өмірде орын алған
құбылыстардың аллегориясы болып табылатын фантастикалық
элементтер.
2) Ортақ негіз принципіне қайшы келгенімен,
аллегория ретінде қолданылмайтын фантастикалық элементтер.
3) Аллюзияға айналған фантастикалық
элементтер. Мұндай жағдайда шығарманың шынайылығы
шартты сипатқа ғана ие болады.
Ғылыми фантастиканы фантастиканың басқа
түрлерінен ерешелеп тұратын негізгі сипаты ретінде «шындықты
қайта жасау» тәсілін айтса болады. Е.Н. Ковтунның айтуы
бойынша, ғылыми фантастика шынайы объектілерді фантастикалық
образдармен қайта жасай отырып, шынайылықтан бас тарту болып
табылады. Ғылыми-фантастикалық шығармаларға талдау
жасау барысында доминанта ұғымы қолданылады. Ғылыми
фантастикадағы доминанта немесе негізгі идея – таңғажайып,
фантастикалық элементтер арқылы шынайы әлемді бұрмалау.
Ғылыми фантастика – фантастикалық мативтерді
суреттеудің объектісі ретінде қолданып,
ғылыми-техникалық антуражды құрып, ортақ негіз
принципін ұстанған жағдайда пайда болатын әдеби
жанрдың түрі. Т.Б. Радбильдің жасаған
классификациясы бойынша ғылыми фантастикада бейнеленген әлем
«дұрыс әлемді дұрыс тілмен жеткізуге» жатады. Ғылыми
фантастика жанрына тән ерекше тілдік құралдар (термин
сөздер, кісі аттары) ортақ негіз принципіне сәйкес
қолданылуы керек. Ғылыми-фантастикалық шығармалар
жоғарыда аталған үш сипатқа негізделе отырып,
танымдық және болжамдық қызметтер атқарады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. قاسم
قاسم. البيئة
الزمانية و المكانية
في أدب الخيال
العلمي
\\الخيال
العلمي. – 2008. – العدد
الأول. –
ص. 30-36
2. Радбиль Т.Б. Языковые аномалии в
художественном тексте: Андрей Платонов и другие. - М.: МПГУ, 2006. - 320 с.
3. Анкерсмит Ф. Нарративная логика. Семантический анализ
языка историков. - М.: Идея-Пресс, 2003. - 360 с.
4. Хинтикка
Я. Логико-эпистемологические исследования: сборник
избранных статей. - М.: Прогресс, 1980. - 446 с.
5. Стасива Г.Д. Русский научно-фантастический дискурс
ХХв. Как лингвориторический конструкт: автореф. ... канд. филол. наук:. 10.02.19. -. Нальчик, 2010. – 23 с.