С. ҚОНДЫБАЙ – ҚАЗАҚТЫҢ
МИФТІК-ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ
Г. Алтыбаева, А.А. Аймуханова
Тәуелсіз мемлекет ретінде
қазақ елінің тарихы мен түптамырын танудың тиімді
жолы – өткенін сұрыптап, бүгінгісін таразылап, болашағын
бағдарлау мәселелерін бір желіде сабақтастыру. Осымен
байланысты мәселенің өзегі – рухани қазыналарымызда
сақталған ұлтты
ұйытып, тұтастыратын арқауды анықтау. Ол
арқау – тіл арқылы ұлттың рухани тарихы мен
таным-тәжірибесін сақтайтын қазынасы, елдік
мұрат-мүддесі мен тұтастығын сипаттайтын тілдің
ұлттұтастырушылық құралы ретіндегі қуаты.
Осы қуатты анықтауға негіз
болатын қазіргі тіл біліміндегі жаңа
бағытқа сәйкес қарастырылатын халықтың
рухани қазынасын бойына сіңіріп, көркем тілінде
сақтаған тілдік деректердің бүгінгі
ұрпаққа жеткізілген құдіреті – тілдің
кумулятивтік (мұрагерлік) қызметі.
Осымен
байланысты қазіргі тіл білімінде этностың бүкіл тарихи,
мәдени байлығының куәгері іспетті ұлттың
рухани-мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің ауқымы
кеңейе түсуде. Жоғарыда атап көрсеткендей, әр тіл
өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен
талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын,
дәстүрі мен даналығын тұтастықта
сақтаған таңбалық жүйе. Бұл арада
тілдің қызметі тек коммуникативтік емес, тіл – этномәдени
ақпаратты жинап, сақтаушы, келесі ұрпаққа
жалғастырушы, сайып келгенде, ұлтты бір бүтін етіп
тұтастырушы. Демек, қазіргі қазақ тіл біліміндегі
кешенді зерттеулерге сәйкес, атап айтқанда, белгілі бір тарихи
/әлеуметтік/ географиялық т.б. ортадағы тілдің
қызметін, қалыптасқан дағды мен әлеуметтік
мәртебені кеңістік пен уақыт сабақтастығында
және белгілі бір коммуникативтік кеңістікте жүзеге асырылатын
ерекше тілдік қатысым аясында айқындауға дәйек болатын
тілдік деректерді кешенді де жүйелі түрде зерттеудің
теориялық негізі де, қағидасы да бар.
Осы
тұрғыдан тілдің мәні мен қызметі туралы
В.Гумбольдт, Э.Сепир, А.Потебня сияқты әлемдік шеңбердегі
көрнекті ғалымдардың тұжырымдарын былай
қойғанда, «тіл – құрал», «тіл – қор» деп
санаған А.Байтұрсынұлының, «тіл – таным қоймасы»
деп қараған проф. Қ.Жұбановтың, тілдің
ұлт мәдениетін архетиптік, мифтік деңгейінен бері сақтаған
құдіретін нақты көрсеткен Ш.Уәлиханов,
Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібеков, Ә.Қайдар,
Р.Сыздық, Е.Жанпейісов т.б. ғалымдардың еңбектерінде
тұжырымдалған «тіл
арқылы ұлт болмысын таныту»
деген қағидасы белгілі.
Олардың
зерттеуіне арқау болған – ұлттың болмыс-бітімін,
дүниеге көзқарасын, рухани-мәдени
құндылықтарын, әлеуметтік мәнін
ұлттық таным қорында жинақталған тілдік
таңбалар. Себебі қазақ ұлты да басқа ұлттар
секілді ғасырлар бойы жинақтаған ой-тәжірибесін,
даналығын, дүниетанымдық көзқарастарын,
салт-дәстүрін т.б. тілінде көрсете білген. Олар халық
өмірінің, тұрмысының, мәдениетінің
ортақ сипаты ретінде тұтас құрылымдық жүйе
құрайды. Ал адамзат үшін ақиқат дүние біреу
болғанымен, оны түсіну, тану, сол дүниенің
біртұтас бейнесін санада қалыптастыру әрекеттері әр
адамда, әр ұлтта, әр аймақта әр мәдени кеңістікте әртүрлі деңгейде, сан алуан
интерпретацияда беріледі. Соған сай әрбір әлеуметтік
жүйеде, ұлттық ұжымда, түрлі аймақта
әрбір қоғамның өркениеттік даму барысында
дүние бейнесі тілде өзіндік ерекшеліктерімен ажыратылып отырады.
Сондықтан тіл иесінің ой-өрісіне, тұтас (концептуалды)
әлеміне байланысты дүниенің танымдық бөлшектері
тіл тұтынушының
қолданысында өзінше көрініс табады. Сөйтіп, тіл
иесі танымдық ойын өз тілінде сақталған дүние
бейнесіне сәйкес танытуға тырысады.
Бұл –
қазақ тіл білімінде адам санасында қалыптасатын
ақиқат дүниенің бейнесі арқылы сақталатын
тілдік қорды зерттеуге мүмкіншілік жасайтын антропоөзектік
бағыттың үрдісін сипаттайтын жаңа
теориялық-танымдық қағида. Осымен байланысты
ғылыми шығармашылығы қазақ мәдениетінде
ерекше рухани кеңістік құрайтын Маңғыстау
аймағының этно-генезистік
түп-тамырына тереңдеуге арналған талантты зерттеуші
С.Қондыбайдың ғылыми мұрасын кешенді сипатта
игерудің маңызы зор.
Олай болса,
қазіргі тіл білімінде тіл мен мәдениет сабақтастығын,
атап айтқанда, тілдің бойындағы ұлттық сипатты,
ұлттық рухты тануға негізделген когнитивтік лингвистика,
оның лингвомәдениеттану, этнолингвистика т.б. салалары бойынша
кешенді сипатта зерттеуге С.Қондыбай
мұрасының ғылыми мазмұны мен бай дереккөзі толық дәйек береді.
Тiл бiлiмiндегi
бiрнеше құрылымдардың тоғысында қарастырылуы
қажет күрделi мәселелердi тек тiл iшiнде
түсiндiрудiң мүмкiн емес екендiгiн соңғы жылдары
қорғалған ғылыми зерттеу жұмыстары
көрсеткен болатын. Бiз тақырыбымызға арқау еткелi
отырған Серiкбол Қондыбайдың қазақтың тiл
санасын, тiл рухын, тiлдiк мәнiн қалпына келтiруге, қайта
жаңғыртуға жасаған батыл қадамының жемiсi –
«Арғықазақ мифологиясы» атты төрт кiтаптан
тұратын еңбегi шешуiн таппай жүрген осындай көптеген
мәселелерге жауап беретiнi сөзсiз.
Гуманитарлық
ғылым салаларының арасында iс жүзiнде байланыс жоқ,
әрқайсысы өз бетiмен дамып, өз бетiмен өмiр
сүруде. Жөнi дұрыс қоғамда барлығы да
керiсiнше болуы керек едi. Ең сорақысы, ғылыми
салалардың барлығының да сүйенер ортақ
парадигмасы, басы жоқ. Гуманитарлық ғылым салаларының
барлығы да бастапқы ғылым – мифологияға арқа
сүйеуi керек, олай болмайынша аталмыш салалардың жүйелi дамуы
мүмкiн емес дейдi ол. Демек, мифология – адам мен табиғат туралы
ғылымның қай-қайсысының да күрделi
негiздерiнiң бiрi.
Өзіне
дейінгі қазақ (түркі) мифологиясын зерттеу мектебінің
табалдырығын қалыптастыруға өз үлестерін
қосқан зерттеушілерді атай келіп, С.Қондыбай былай деп
жазады: «Әр түрлі бағыттағы, әр түрлі
өрелік, әдістемелік деңгейдегі, әр түрлі
тақырыптағы мифтік мәселелер және мифтік аспект
қарастырылған басқа салалық (мәдениеттану,
өнертану, тарих, т.б) еңбектермен танысу барысында, осылардың
барлығын бір теңдеуге, бір сызыққа келтіріп, бір
жүйелі сүрлеуге, ортақ өлшемге түсіре алатын
«мифтік-лингвистикалық ғылыми-зерттеу мектебін» жасау керек-ау
деген ой келді. Яғни әр уақытта, әр жерде, әр
еңбекте айтылған ойларды бір-бірімен байланыстыра отырып,
олардың кездейсоқ айтыла салмағандығын баянды ету
үшін «біз қайдан шықтық, қашан
шықтық, қалай шықтық?» және «біздің
бастауымыз қай жерде, қай уақытта және сол бастаудан бергі
жолдарымыздың ұлы нобайы қандай?» деген сауалдарға
жауап іздеуден туындайтын ортақ принцип-ұстанымдар жүйесін
қалыптастыруымыз керек еді. Ұсынып отырған кітаптарым да
осындай «қазақ мифтік-лингвистикалық мектебінің»
базасын қалыптастыруға бағытталған шаралардың
алғашқысы болып табылады» [5,28].
Тiл адам
санасының материализациялануы болса, онда сананың
қоршаған әлемдi тану сатыларының алғашқы
нүктесi – мифтiк ойлау өзiнiң субстанциясының да
бастапқы «нүктесi» болуға тиiс. Сондықтан, тiлдiк
таңбаның тұрпаттық жағынан оның
мазмұндық жағына қарай бағытталған
лингвистикалық зерттеуден гөрi, алғашқы нүктеден
берi қарай, яғни, мифтiк ойлаудан тiлге, «көрiлместiң
көресiндерiне» қарай зерттеу жүргiзудi бастап бергендiгi -
Серiкбол зерттеуiнiң жасампаздығы болып табылмақ.
Бұл
міндетті өзінің толық орындай алмағандығын, тек
із кесуге, алғашқы барлау жасауға ғана мүмкіндігі
жеткендігін ескерте отырып, «өйткені, миф – ежелгі заман танымының,
ақиқатының ақпаратын сақтаған
«техникалық тіл», бұл тіл астарлап беріледі, яғни ол – сегіз
қырлы, бір сырлы жәдігер» дейді.
Оны
түсіну, іздерін аңғару оңай шаруа емес, оның
шырғалаңының қандай екендігін ғылыми іздену мен
зерттеудегі өре мәселесіне қатысты мынадай ойлармен
өрнектеуге болады: «Көне заманның жасампаздық
айғағын қарастырып отырған зерттеуші, әзірге
оның, ең болмаса таза теориялық біліктілігінің
деңгейі, сол жасампаздық айғақты туғызған
өркениеттің таным деңгейінен анағұрлым
төмен болып тұрған болса, оны түсіне алмақ емес.
Дәл осындай жағдаят дәстүрлі қазақ
мәдениетін зерттеу ісінде де байқалады: ғалымдар өздері
тап болған әлдебір құбылыстың сарқындарына
кезіккенде оған жауап бере алмай жатады, не оны байқамай кетеді, не
қате түсіндіреді, өйткені мұндай құбылыс
ауызекі түрде өмір сүріп, ұстаздан шәкіртке
осындай жолмен жеткізілген еді, ал мұндай жеткізілу формасы өткен
ғасырдың онжылдықтарының өне бойында
түбегейлі түрде жоқ етілген болатын.
Қазақтардың дәстүрлі мәдениетінің
мәйегін құрап отырған жоғарғы, рухани
қабаттағы құбылыстар осылайша
«ақтаңдақтар ауқымында» - қазіргі заман
ғылымының соқыр да, меңіреу болған белдеуінде
қалып қойған. Бұл жағдай біз зерттеу нысанына
сайма-сай келер әдістерді ғылыми тұрғыдан пайдалануды үйренбейінше
жалғаса бермек» [6] деген философ, мәдениеттанушы ғалым
З.Наурызбаеваның ой-пікірін құптай келе С.Қондыбай
дәл осындай үкіи-тұжырымды қазақ мифін,
фольклорын, тарихын зерттеушлерге тікелей қатысты екендігін айтады.
Себебі ежелгі ата-бабаларымыздың жасап кеткен, бүгінгі мәтіндерде,
жекелеген сөздер мен сөз тіркестерінде,
әдет-ғұрып пен сенім-нанымдағы, материалдық
туындылар (қолөнер, сәулет өнеріндегі) және
өмір мен мәдениеттің басқа қырларындағы
жасырын «байырғы мәдениет пен өркениет айғақтарын»
(артефакт) түсіне алдым деп, соларды түсіну, тану дәрежесіне
жеттім деп айту мүмкін емес. Біздің бүгінгі
таңдағы әрекетіміз Серікболша айтқанда: «жоғын
сипалап іздеген соқырдың қарекетінен сәл ғана
жоғары деңгейде».
Адам баласын
түпсанадан бiрiктiрiп тұрған мифтiк архетиптiк символдар
адамдардың психо-соматикалық, рухани-танымдық
iс-әрекеттерiн басқарады. Бiрақ, Серiкбол мифтiк
танымның жалпыадамзаттық табиғатын мойындай отыра,
мифтiң арғықазақтық, дейтүркiлiк негiзiн
сақтап қалуға, ондағы ұлттық танымдық
құндылықтарды барынша жарқыратуға
көңiл бөледi. Себебi, дейдi ол, әлемдiк
мифологиялық жүйелердiң қаймағы бұзылмай
сақталып қалған жалғыз көз –
қазақтың ұлттық тiлi мен мәдениетi.
Бiздiң тiлiмiздегi кез келген сөз – символ. Себебi, оның ар
жағында мифтiк мазмұн жатыр.
Әр
халықтың, мәдениеттiң, дiннiң өз мифi бар.
Тек осы мифтiң танымал болу дәрежесi әр халықта
әр түрлi. Бiреулер оны дамыған күйiнде сақтай
алса, екiншiлерi оны сақтай алмаған, ал үшiншiлерi
өздерiнiң тiлiндегi, фольклорындағы, мәдениетi мен
өнерiндегi мифтi танып, таба алмайды. Өйткенi, әр
халықтың тарихи тағдыры әр түрлi болып
шыққан, сондықтан, мифтiк мұраны түсiнудiң,
оның жасырылған шифрларының кiлттерiн тауып ашудың
нәтижелерi түрлiше болып шығады, дейдi Серiкбол [5,26].
Расында да
ұлттық мәдениеттiң кiлтiн кез-келген халық
өкiлi аша алмайды, ол үшiн сол тiлде сөйлеп, сол тiлде ойлап,
сол халықтың топырағында аунап, суын iшiп, ауасымен демалу
керек. Себебi, мәдени кодты ашудың кiлтi сол атрибуттармен тiкелей
байланысты.
Кез-келген
тiлдiк құбылыстың табиғатын тiлдiң
өзiнiң iшкi заңдылықтары негiзiнде ғана немесе
тiлдiк шеңберде қарастырып зерттеу тiлдiң даму, өзгеру,
қалыптасуының тарихи барысын, жүйе-құрылымын, бай
мазмұны мен iшкi мәнiн жан-жақты ашып, өз
дәрежесiнде таныта алмайды. Сондықтан, тiл ғылымының
қазiргi таңдағы мұраты – тiлдiк
құбылыстардың табиғатын тану жолында кешендi,
жүйелi түрдегi жаңа бағытты дамыту.
Ол
бағыттың арқауы – тiл туралы онтологиялық зерттеудi сол
тiлде сөйлеушi халықтың рухани дүниесi, ой-санасы,
тiл-санасы қалыптасуымен, соның негiзiнде дамитын ұлт
санасымен тығыз байланыста қарау.
Атап
айтқанда, ол байланыс гуманитарлық ғылым ретiндегi
лингвистиканың әдiстемелiк мүмкiншiлiктерi арқасында
адамның дүниенi бiртұтас күйiнде тануын
анықтайтын, тiл мен таным сабақтастығында қарастыратын
когнитивтi лингвистика және антрополингвистика ғылымдарының
концептуалды бағыттарымен сипатталады.
Осыған
сәйкес когнитивтiк лингвистика тiлдiң құрылымдық,
функционалдық жүйесiнiң кешендi моделдерiн айқындауды мақсат
етедi де, тiл мен таным сабақтастығын адамға қатысты
бiртұтастықта қарау когнитивтiк парадигмада бiрнеше жалпы
және жеке ғылыми зерттеулердiң тоғысуына әкеледi.
Нақтылай түссек, тiлдiк санада қалыптасатын тiлдiң
терең құрылымдары логикалық, философиялық,
психологиялық, әлеуметтiк т.б. негiздер арқылы санада
абстракцияланып, когнитивтiк модель арқылы тiлде көрiнiс табады.
Серікбол былай деп жазып кеткен: «Қазақ
тілінің жекелеген сөздерін саралай келе, маған тап
болған, мені таңдандырған ой, «осы қазағымның
тілі өңін айналдырған тазша-бала сияқты екен» дегенге
сай еді... Қазақ тілі - ауылдың аңқылдақ
шалының тіліндей тым қарапайым, тым қарабайыр, тым
созылыңқы сияқты. Бірақ бұл сырттай
қарағандағысы ғана. Қазақтың кез
келген қара сөзінің қабығын қырсаң,
оның астында жылтыраған алтын көрініп тұрғанын
көріп таң қаласың... Қазақ тілі - екінді
тіл, яғни туынды тіл. Ол көне жұмбақ тілдің
қарабайыр, күнделікті тілге айналған түрі.
Қазақ тілі - арғы дүние тілі. Біз оны қарапайым
сөздердің ежелгі мағынасын анықтау
арқылы көрсеттік те. Ал дәстүрлі ежелгі таным
заңдылығы бойынша бір нәрсе бір дүниеден екінші
дүниеге өткенде, өзінің болмысын түбегейлі
түрде қарама-қарсы сипатқа өзгертеді. Әлгі
Алпамыс батыр о дүниеде қалай тазша балаға айналып кетсе,
қазақ тілі арғы дүниеден мына жалған
дүниеге келгенде өңін айналдырып, қарабайыр тіл болып
көрінеді. Ақиқатында ол - асыл да жұмбақ тіл» [5,78].
Серікбол
Қондыбай ежелгі аңыздардың мәтінін ашу үшін,
қазақ тіліне аса назар аудару қажеттігін, осылай
түсіндірген болуы керек. Ол осы
ілімнің жалғыз ғана сақталып қалған
көзі – қазақ тілі екендігін астын сыза көрсете отырып,
тіліміздегі әрбір сөздің символдық қуатын
бұлтартпас дәлелдермен талдап береді. Себебі
тарихи-әлеуметтік тұрғыдан алғаңда, тіл – мифологиялық
дүниетанымының жинақталған бірден-бір көзі. Миф
және тіл мәселесін тілдің пайда болуымен байланысты
қарастыратын авторлардың бұл бағыттағы басты
жетістігі – тілдің, оның құраушы элементі болып
сөздің түп негізінде бейнелеу амалының
жатқандығын тап басып тануында деп білеміз. Сонымен, мифология –
адамның өзін айнала қоршаған әлемге, бүкіл
дүниеге деген қатынасы және оны танудың
архаикалық формасы. Жоғарыда айтылған еңбектерде
мифтің құрылымын анықтау, оның бір бүтін
ретіндегі функционалдық бөліктерін тексеру – миф феноменін
жан-жақты зерттеуде жаңа теориялық мүмкіндіктерге алып
келді.
Ғасыр
басында адамзат қоғамы әлем, дүние,
қоршаған орта туралы барлық мағлұмат
лингвистикалық каналдар арқылы берiлiп, сонда сақталатынына
көзiн жеткiздi. Адам сөз дүниесiнде өмiр сүредi,
орасан зор ақпараттарды адамзат сөз арқылы меңгерiп,
сөз арқылы түсiне алады. Серiкболдың зерттеу
еңбектерi мифологиялық сөздiктi көзге елестетедi. Бiр
қарағанда түсiнiксiз, мағынасы
күңгiрттенген сөздер Серiкболдың баянында кенеттен
қайта жаңғырып, көкейiңе қонып шыға
келедi.
Серiкбол
армандаған, тек жай армандап қана қоймай, оны iс жүзiне
асырып, өзi негiзiн қалап берiп кеткен «қазақтың
мифтiк-лингвистикалық» мектебiнiң бүгiнi мен ертеңi,
даму бағыттары мен зерттеу әдiстерi ежелгi заман танымының,
ақиқатының ақпаратын сақтаған техникалық
тiл мифологияның сегiз қырлы, бiр сырлы табиғатынан туындап,
оның онтологиялық негiздерiне бағындырылуы керек.
Сонымен,
қазіргі тіл білімінің лингвокогнитивтік теориясы мен
антропоөзектік бағытына үндесетін С.Қондыбай
ғылыми мұрасының арқауын құрайтын тарихи,
этномәдениеттанымдық зерттеулердің кешенді сипаттағы негізгі
нәтижелері мен тұжырымдамасын былай деп көрсетуге болады:
- Маңғыстаудың ежелгі
кезеңнен ортағасырлық кезеңге дейінгі дамуы мен осы
өңірдің этномәдениетінің қалыптасуын
байланыстыратын деректерді көрсету;
- Маңғыстау мәдениеті
тарихының оғыз, қыпшақ, ноғайлы кезеңі
туралы тілдік деректеріне кешенді зерттеу жүргізу;
- Ноғайлық жыр-дастандары
мазмұнындағы Маңғыстау тарихымен
сабақтастықты бейнелейтін тілдік деректерді лингвомәдени
салыстыру арқылы ноғайлы жырауларының тілдік
тұлғасын анықтайтын «ноғай феноменін» дәлелдеу;
- Маңғыстау мәдени кеңістігіндегі
діни-мифологиялық таным дәйектелген мәтіндерге кешенді
лингвотекстологиялық талдау жүргізу, соның нәтижесінде
олардың сакралды (киелі) мазмұнын жаңғырту;
- Көркем мәтіндерде
айшықталған қазақ халқының сакралды,
утилитарлық, эстетикалық, этикалық санасын бейнелеген
этнотаңбаларға лингвосемиотикалық талдау жасау.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1.
Философиялық сөздік. Алматы,
1996.
2. Мелитинский Е.М. Поэтика мифа. М.: Наука, 1976.
3. Миф-фольклор-литература. Сборник статей. М.,
1978.
4. Жұбанов Е. Эпос тілінің
өрнектері. Атматы: Ғылым, 1978.
5. Қондыбай С. Арғықазақ
мифологиясы. 1- кітап. – Алматы: «Дайк-пресс», 2004.
6. Наурызбаева З. Рух жалған сөйлемейді.
М.Мағауиннің «Мен» кітабындағы қазақ
дәстүр // Алтын Орда. 13-19 ақпан 2004.
7. Қондыбай
С. Арғықазақ мифологиясы. Екінші кітап – Алматы: Дайк-Пресс,
2004.
8. Дүйсенбаева Ж. Есен-Қазақ –
қазақтың өз дүниесі. // Рух- Мирас, №2, 2005.
9. Қондыбай С. Есен-Қазақ. –
Алматы: «Үш Қиян», 2002.
10.
Ақбердиева Б.Қ. Қазақ тіліндегі мифтік жүйе.
Алматы: «Арыс» 2005.