ТӨҢКЕРІСКЕ ДЕЙІНГІ ГАЗЕТ БЕТТЕРІНДЕГІ ОРЫС ТІЛІНЕН ЕНГЕН СӨЗДЕР ЖӘНЕ АУДАРМА МӘСЕЛЕСІ

педагогика ғылымдарының магистрі А.Е.Баербекова

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті

 

Қандай қоғамды болсын әлеуметтік құрылыстың өзгеруі – тілдің сөздік құрамының өзгеруіне әсер ететіні белгілі. «Түркістан уалаяты газеті» шығып тұрған кезең – қазақ жерінің толықтай Ресей қол астына қарап, онда патшалық Ресей әкімшілік жүйесінің орныққан кезеңі. Бастапқыда «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша деп шығарылғанмен, ТУГ біраздан соң өз алдына дербес газет ретінде шығып тұрды [1,53]. Дегенмен газетте «Туркестанские ведомости» газетінен аударылған материалдар мол болды. «Сондықтан оны баспасөз бетіндегі ресми аударманы қазақ даласына алғаш рет әкелген газет деп айтуға болады» [2, 29]. Ресми бөлімдегі патша үкіметінің бұйрық-жарлықтарынан басқа ресми емес материалдар да аударылып берілді. Бұл мақалаларда орыс сөздері мол қолданылғаны белгілі. Мұны Б.Әбілқасымов былай түсіндіреді: «Газет ең алғашқы баспа органы болғандықтан және орысша ресми материалдарды аударуда тәжірибесінің аздығынан оларды көбінесе сол тілдегіше алған. Мұнда да орыс сөздерінің санын көбейтіп тұрған, көбінесе, әр түрлі әкімшілік атаулары мен ресми мекеме аттары» [1, 175]. Газет беттерін қарай отырып, ресми емес материалдарда газет шығарушылар орыс сөздерін аударып беруде қазақ тілінің сөздік қорын мейлінше толық пайдаланғанын байқауға болады. ТУГ қазақтың мерзімді баспасөзінің тұңғыш қарлығашы болуымен қатар, ғылыми, әдеби мақалаларды, ресми материалдарды орыс тілінен қазақшаға аударудың да алғашқы үлгісін көрсетті. Әсіресе, бұл газеттің «ресми емес бөлімінде» жарияланған аударма материалдар оқушылардың кәдесіне жарады» [3,31]. Жалпы, ХІХ ғ. ІІ жартысындағы аударма жұмысы қазақ әдеби тіліне жаңа қолданыстар, терминдер әкелді, сөздердің семантикасының өзгеруіне әсер етті, жаңа грамматикалық тұлғалар тудырды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі мерзімді баспасөз тілінде қолданылған орыс тілінен енген, орыс тілі арқылы келген интернационалдық лексиканың мағыналық шеңбері, тематикасы біршама кең. Ол сөздердің көбі саяси әлеуметтік өмірге, мәдениетке, оқу-ағарту ісіне, экономика салаларына, ғылым мен техникаға, т.б. байланысты атаулар еді [4,102]. Р.Сыздықтың көрсетуінше, аударма ісі публицистикалық стиль лексикасының толығуы мен жеке сөздердің терминдік дәрежеге жетуіне әсер етті [5,120]. Мысалы, ТУГ беттерінен аударманың мынадай алғашқы тәжірибелерін кездестіруге болады: разбирательство – тергеу, дань – алым, главный мулла – ұлық молда, базарная площадь – базар майданы, пушечная пальба – зембірек атаулары, благодарить – алда разы болсын, пожилой человек – тәуір жасқа келген кісі, доктор – дәрігер, граница – шек ара, туземцы – жергілікті халық, следователь – тергеуші т.б. Бұлардың ішінде тергеу, тергеуші, шекара, дәрігер сөздері қазір термин ретінде қолданыста жүр.

Газет шығып тұрған кезеңде жаңа қоғамдық қатынастармен бірге келген жаңа ұғым, түсініктерді қазақ тілінде белгілеу қажеттігі туды. Осы ретте қазаққа бейтаныс сөздердің мағынасын ұғындыруда қолданылған амалдардың бірі – түсіндірме жолмен аудару тәсілі. Мысалы, саранча деген шегіртке, ұсақ темірді тартатұғын магнит деген тас, динамит деген дәрілі құрал және т.б. Аналитикалық тәсілді пайдалану – осы кезеңдегі публицистикалық стиль мен ғылыми стильге тән белгілердің бірі болғандығын бұған дейін айтқан болатынбыз.

ХІХ ғ. ІІ жартысындағы қазақ жазба әдеби тілінің барлық үлгілерінде кездесетін мұндай қолданыстардан басқа ТУГ тілінде жаңа ұғымның орысша атауын бермей-ақ, мағынаны қазақша суреттеп, түсіндіру әдісі де қолданылған. Мысалы, пенсия – өлгенше жеп тұруға ақша, пристань – кеме тоқтайтұғын және жүк босатып қойатұғын орын. Түсіндірме жолмен берілген магнит, динамит, пенсия, пристань сөздері газет шығып тұрған кезеңде қазақ халқының шығармашылығы мен өмір сүру тіршілігінде ұғымдық мағынасы болмаған сөздер. Бұл қолданыстарды қазіргі аударматану терминімен баламасыз лексика деп атауға болады. «Баламасыз лексика – бір халықтың материалдық-рухани мәдениетіне тән бір тілде ғана нақты тілдік единицамен белгіленген, өзге тілдерде сыртқы нысаны, ұғымдық-мазмұндық көлемі бірдей сәйкестігі жоқ тілдік единицалар дегенді білдіреді» [6,112].

Осы кезеңдегі ұлттық жазба тіл қалыптасуының барлық салаларына тән құбылыс ретінде газет лексикасында нормалану процесі әлсіз. Ұғым бірде қазақша, бірде орысша беріліп, тергеуші – следователь, дәрігер – доктор, шек ара – гранисе, болыстық – болстнойлық сияқты нұсқалар қатар қолданылады.

Газет беттеріндегі аударма материалдарды түпнұсқамен салыстыра отырып, мынадай қорытындылар жасауға болады. Тәржімаланған материалдардың қай-қайсысы да қазіргі аударматану тұрғысынан қарағанда балама аударма, яғни түпнұсқадағы мәтін мазмұны сақталып аударылған, логикалық байланыстар үзілмеген. Ал бұйрық-жарлықтарды аударуда сөзбе-сөз тәсілі колданылған. Әрине, бұл түсінікті, себебі бұйрық-жарлық мәтіні бұлжытпай берілуі қажет.  «Кез-келген ресми құжат құқықтық мәртебеге ие; ресми құжаттың екі тілдегі нұсқасы нысаны, құрылымы мен түзілімі жағынан дәлме-дәл болуға тиіс» [6,112]. ТУГ патша үкіметінің бұйрық-жарлықтарының бәрін түгелдей жариялай бермеген, тек қазақтарға қатыстыларын ғана аударып беріп отырған.

Аудармалардың сапасы әр түрлі болған. Бұл аудармашының шеберлігіне, оның сөздік қорына байланысты болса керек. Мысалы, «Туркестанские ведомости» газетінің 1880 жылғы 50 санындағы жер сілкіну туралы мақала газетінің сол жылғы 24 санында аударылып берілген. Орысша нұсқасы: «20 ноября, в 4 часа 15 минут утра произошел подземный удар довольно сильный, затем послышался гул и началось землетрясение6 который, с небольшим перерывом, продолжалось 12 минут, землетрясение было настолько сильно, что едва ли есть хоть один дом, где бы не проснулись люди, не смотря на то, что этот час есть время самого глубокого сна. Одна женщина, спавшая на узком диване, упала на пол. Во многих домах оказалась, трещины, хотя и незначительная. В одном доме часть толстых лепных украшении на потолке, обрушилась. На полках и шкафах звенела посуда. У некоторых стенных часов остановились маятники...». Осы мәтіннің қазақша аудармасы: «Алматы қаласында өткен нойабр айының жиырмасында таң мезгілінде төрт сағат он бес минутда жер астында қатды гүрілдеген дауыс шығыпты. Сонан соң ұзақтамай жер сілкініпті. Жердің тітіреуі он екі минутқа шейін барыпты. Қатды ұйқы мезгілі болса да ешбір үйде ойанбаған кісі қалмапты. Бір үйде зайып қанапеде ұйықтаған жерінен жерге аунап түсіпті. Тас үйлерден бір талайы алмаз жарылыпты. Мертілген кісі жоқ. Шкаптағы шыны сауыт саба бәрісі сылтырапты. Бір үйде қалың қылып сылаған төсемінің балшығы стукатуры жарылып түсіпті. Стенаға асып қойған үлкен саттимелер жүруінен тоқталып қалыпты». Мәтінде біраз орыс сөздері аударылмай берілген, сонымен қатар орыс мәтінінде жоқ қанапеде деген сөз де бар.

Ал апиын саудасы және Қытай мен Ресей  арасындағы сауда туралы мақалалар  газеттегі аударманың жақсы үлгілері деуге болады. Екі мақаланы қоса алғанда инклис (англичане), мақ (мак), трактат деген үш орыс сөзі кездеседі. Аударма мақалада жеке сөздер мен сөз тіркестерін тәржімалаудың тәуір тәжірибелері байқалады. Мысалы, конфисковался – малдарын қазнаға алу, разбирательство – тергеу, третий переход – үш қону жер, по этому поводу – соның тақырыпты, соглашение – разыласу және т.б.

Газетте орыс тілінен сөз алып қолдану түрлері төмендегідей:

а) орыс тіліндегі сын есім мен зат есім тіркесі еш өзгеріссіз, тек қана род, числоға қарай қиысу заңдылығы сақталмай берілген. Оларды құрамы бойынша төрт компонентті: старши чиновник особи поручение;

үш компонентті: воени окружной совет, действителни статски советник;

екі компонентті: статски советник, инастрани министр.

Қорытындылай келе, «алғашқы газттер бетіндегі аудармалар жалпы аударма тарихындағы белгілі кезең болды» [6,34]. А.Алдашева аударма ісінің қазақ халқы үшін атқарған қызметінің екі үлкен бағытын көрсетеді: «оның бірі – білім-ғылымды, оқу-оқыту ісін дамытуға қосқан үлесі, яғни ағартушылық қызметі; екіншісі – қазақ әдеби тілінің қалыптасуына тілдің сөздік қорының, ғылыми аталымдар жүйесінің қосқан үлесі; жазба әдебиет нұсқасы ретіндегі тілді байыту қызметі» [6,12]. Алғашқы қазақ баспасөзі ТУГ-гі тәржіма нұсқалары да осы бағыттарда жан-жақты қызмет етті деуге болады.

ХІХ ғ. ІІ жартысында қазақ ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасуына тән барлық тілдік үрдістер ТУГ-гі аударма ісінде, орыс сөздерінің қолданылуындағы айқын көрініс деп айта аламыз.

Қолданылған әдебиеттер:

1.Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. – Алматы: Ғылым, 1971. – 187б.

2.Сатыбалдиев А. Рухани қазына. – Алматы: Жазушы, 1987. – 134б.

3.Тұрарбеков З. Әдебиеттер достығының дәнекері. – Алматы: Қазақстан, 1977.- 147б.

4.Исаев С. Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы. – Алматы: Қазақстан, 1983.- 240б.

5.Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 320б.

6.Алдашева А. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер. – Алматы: Арыс, 1998. – 215б.

7.Алексеенко Н.В. Население дореволюционного Казахстана: численность, размещение, состав. 1870-1914гг. – Алма-Ата: Наука, 1981. – 112б.