Жаһанданудағы тілдің көрінісі мен орны

 

Айыпхан Д.Т.

Ғылыми жетекші: Ашкенова А.Қ. гуманитарлық ғылым магистрі, аға оқытушы

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қаласы

                                                             dana.ayypkhan@mail.ru              

 

 

«Тілден биік асқар жоқ,

Тілден асқан байлық жоқ.

Тілден терең теңіз жоқ.»

Ғ.Мүсірепов

           

            Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр алқапты қазақ деген текті де өр рухты халық алып жатыр. Ұшқан құстың қанаты талатын осынау кең алқапты ата-бабамыз ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен қасық қаны қалғанша қорғап, әрбір қарыс қадам үшін тер төкті. Ата-бабамыз ұлының құл, қызының күң болмауы үшін талай-талай шайқастарда басын бәйгеге тігіп, бойындағы өшпес иман мен мұқалмас жігердің арқасында сайыпқыран батырлықтың үлгісін көрсетті. Осылайша жер аумағын шегелеп тұрып бекітіп, салт-дәстүріміз бен тарихымызды бойына жинаған ана тілімізді ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп табыстап кетті. Ахмет Байтұрсынов атамыз: «Атадан балаға екі түрлі байлық қалады: бірі – байтақ жер, бірі – байтақ тіл» деген. Біздер екі бірдей байлықтың иелеріміз, ендеше! Қанша елді қойнауына сыйдырар жеріміз бен бір-ақ сөзбен жауды қайыруға құдіретті байтақ тіліміз бар.

            Жаһандану кезіндегі тілдің көрінісіне тоқталмас бұрын, «жаһандану» сөзіне тоқталсақ. Ағылшынның «global» сөзінің шығуымен бастау алатын жаһандану – қандай да болмасын үдерістің жұмыр жерлік көлемде көрініс табуы, яғни адамзаттық мәдениет қалыптастыру. Жаһандану – кеше ғана пайда болған құбылыс емес. «Елу жылда ел жаңа» дегендей әр ғасырдың, әр тарихтың өзіндік шарықтау шегі, жаһандануы болады. Демек, жаһандану – адамзатпен келе жатқан үрдіс.

            Біздің ғасырдың да  жаһандануы басталып кетті.  Біз де өзге елдер секілді өркениетке қадам басудамыз. Осы тұста, бір сауал туындайды, батыстың мәдениетіне еріп, жаһандану үрдісіне қатысып жатқанда, біз елдігімізді, мәдениетімізді, тілімізді бұзбай сақтай алып жатырмыз ба? Әлде өз салтымыз батыстың көлеңкесінде қалып қойды ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

            Ұлтымыздың болмысына біткен асқар таудай биік, өмірдің бар асылына бергісіз, сан ғасырлық ғажайып, бірегей мәдениеті бар. Тіл – мәдениеттің құрылымдық элементі, мәдениеттің болу шарты әрі ең жоғарғы құндылығы. Қазақ баласын құндақтағы сәби кезінен бастап ана сүтімен бойына ана тілін сіңдірген. Ертегілерді, тарихты ана тілінде айту арқылы баланы отансүйгіштікке тәрбиелеп, сүйекке мінез дарытқан. "Тіл – біздің тұтастығымыз”, "Тіл тағдыры – ел тағдыры” деп те айтып жүрміз. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс.

            Туған тілдің абыройын асқақтату - әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт -санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Егеменді ел болып, ес жиып, етек жия бастаған бұл күндері осындай ойға қонбайтын, солақай сорақыларды көзбен көріп, қолмен ұстай отырып қазақ тілі мәселесі жөнінде толғанбай тұра алмаймыз. Қазіргі жаһандану кезіндегі тіліміздің жағдайы мәз емес екендігі өзімізге аян. Хан да, қара жүгінетін тіл құдіретін төмендетіп, оны менсінбеу сәнге айналғандай. Мектепке алғаш қадам басқан балаға өз ана тілінде емес, өзге тілде білім беру – баланың бойына қандай отансүйгіштікті дарытпақ? Ұлттық рухтың негізі де, тұғыры да – ана тіліміз екендігін естен шығарып алғандаймыз. Ахмет Байтұрсынов атамыз баланың 11 жасқа дейін тек қана өз ана тілін меңгеруін дұрыс деп есептеген. Байқап қарасақ, алдына жан салмай дамып жатқан жапондықтар да балаларына 11 жасқа дейін ешқандай шет тілін оқыттырмайды. Бұл дегеніміз ұлттық тілді бала есейгенше бойына толықтай сіңіру. Мен «Үштілдік саясатқа» қарсы емеспін, дегенмен баланың жас ерекшелігін, ұлтымыздың мүддесін ойлау керекпіз деп есептеймін. Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай: «Бала тілінің дұрыс өркендеуінің бірінші шарты – балаға сөзді бұзып сөйлемеу керек».  Біз оларды бәсекеге қабілетті етудің орнына тілін білмейтін «шала қазақ» , «дүбәрә» етіп тәрбиелеп жатқандаймыз. Оңы мен солын ажыратып үлгермеген балаға өзге тілді үйрету – ұрпағыңды өз қолыңмен өлтіру.

            Әлемдік елдерге шолу жасар болсақ, балабақшадан бастап баланың миын «өзге тілмен улау» саясаты бұл уақытқа дейін ешбір елде болмаған екен. Мәселен, Балтық елдерінің ішінде ұлттық мүддеге көбірек назар аударып, сол бағытта батыл жұмыс жасап отырған мемлекеттің бірі – Латвия. 2,3 миллион халқы бар елдің 44 пайызын орыс тілді халық құрайды. Соған қарамастан осы жылдан бастап елдегі бүкіл орыс тілді мектептер жабылып, латыш тіліне ауысатын болды. Мемлекетте латыш тілін үйрену үшін БҰҰ-ның қолдауымен халықты ынтымақтастыру, елдегі саны аз ұлт өкілдеріне латыш тілінде еркін сөйлеуді үйрету мақсатында 10 жылдық бағдарлама қабылданған. Қазіргі уақыттта елде мемлекеттік тіл саясаты «Әділет министрлігінің» құзырында. Мемлекеттік тіл орталығы халық арасында тұрақты түрде тексерістер ұйымдастыра отырып, латыш тілін білмегендігі үшін айыппұл салады. Былтырғы жылы мемлекеттік тілді білуге міндетті мамандықтар тізімі 48-ден 1400-ге дейін артқан екен. Яғни, тізімге мемлекеттік лауазымы бар қызметкерлерден бастап, қарапайым дала сыпырушысына дейін кірген. Латвияда тілді білу міндетімен қоса, ана тілдеріне жат есімдерді, мәселен, орыстардың төл фамилияларын латыш транскрипциясына сай жазу заңы қабылданған.

            Сонымен қатар, жақында Ресеймен шекаралас орналасқан, халқының 5 пайызын ғана эстондықтар құрайтын Нарва қаласында орыс тілді оқу орындардары түгелімен жабылып, эстон тілінде білім беруге көшкен.

            Ал Жапония өз ана тілдерінің қызмет ету аясының тұйықталуына байланысты жапон тілін дамытуды мемлекеттік деңгейде шешуді жөн деп тауып, бюджеттен қомақты қаржы бөліп отыр. Олардың тілдегі саяси ұстанымы – жаһан халқын жапонша сөйлету. Осы мақсат нәтижесінде Күншығыс елінің «Сыртқы істер министрліг» мен «Жапон тілі мұғалімдері» қоғамы бірлесе отырып, шет мемлекеттерде жапон тілін оқытатын 105 орталық ашып, оны арнайы мамандандырылған мұғалімдермен, әдістемелік оқу құралдарымен және аударма сөздіктермен қамтамасыз етіп, тілдің дамуын алдыңғы шептегі маңызды мәселе ретінде қарастыруда.[1]
            Көпұлттылық жəне көпдінділік жөнінен Қазақстанмен өте ұқсас Үндістанда хинди тілі ұлттық тіл саналады. Оның сыртында бұл елде тағы да 17 негізгі тіл бар. Мысалы, Бенгал штатында негізгі тіл бенгал тілі болса, Пенджаб штатында — пенджаб тілі. Осылайша, ел аумағындағы 29 штатта 17 тіл мемлекеттік тіл мен 844 диалектикалық тіл адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ретінде қызмет атқарады. Соған қарамастан, Үндістанда жалғыз-ақ ұлт бар, ол — үндістер, қалғандары этникалық диаспора өкілдері деген тұжырым қалыптасқан əрі мұны ел халқының бəрі заңды түрде мойындайды. .
[2]

            Жоғарыда келтірілген елдерге қарап ұлттық мүдденің қандай дәрежеде екендігіне көз жеткізуге болады. Қазақ тілінің қазақ елінен басқа ешкімге керегі жоқ. Қадыр Мырза-Әлі атамыз айтқандай «Өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтеуіміз керек. Ал төл тілде сөйлеуден безу ақ сүт беріп, асыраған анаңды ұмытумен бердей. Осы орайда Паустовскийдің: "Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік,” – деп, ашына айтқаны ойға келеді. Ана тілін ұмытқан адам өз халықының өткенінен де болашағынан да қол үзеді. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.             Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз» дей келе: «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың санмыңдаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз» деген болатын. .[3] Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет» - деп түйіндеген болатын. .[4] Болашаққа қарыштап қадам басамыз десек, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруіміз шарт. Бірақ бұл бесіктен белі шықпаған балаға жүргізілетін саясат емес деп білемін.

            «Туған тілім – тірлігімнің айғағы,

             Тілім барда, айтылар сыр ойдағы.

             Өссе тілім, мен де бірге өсемін,

            Өшсе тілім, мен де бірге өшемін» - деп Әбділда Тәжібаев атамыз жырлағандай, тіліміз жоғалса, біз де жоғаламыз. Тарихқа көз жүгіртсек, тілін құрметтемеген адамдардың тағдыры трагедиямен аяқталған екен. Ұлттық рухымызды асқақтатушы ана тілімізді шұбарламай, таза сөйлейік. Мұхтар Шаханов айтқандай: «Батыстың цивилизациясын аламын деп, канализациясына түсіп кетпейік!». Жоғарыда келтірілген ұсыныстар қаралып, жүзеге асырылса екен деген ниеттеміз.Ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру – біздік парыз. Абай мен Шәкәрімдер, бүгінгі Мұхтар Шахановтар қызғыштап қорғап баққан ана тілі – сарқылмас қазынамыз. Сондықтан ұлтымыздың болашағы, келер жеткіншектерді отансүйгіштікке баулып, өз ана тілімізде тәрбиелейік!

 

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

 

1. Ардақ Құлта й «Тіл туралы»  мақала

2. Солташұлы Ы. Заман Талабы ــ Көп Тілді Болу. // Ақиқат. 26 қараша- 2012 ж. № 11. 14-15 б.)

3. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2030». Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. - Алматы. «Білім баспасы», 1998.

4. Қазақ тілін оқыту: жетістіктер мен жаңа даму бағыттары. Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция. – Алматы, 2011.