Әбдіхалықова А. Смағұлов Ж.
Академик Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
30-ЖЫЛДАРДАҒЫ
ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАРДЫ
ЗЕРТТЕУДЕГІ ІЗДЕНІСТЕР
20-жылдардағы ғылыми-зерттеушілік
ой-пікірдің фольклортану саласындағы ізденістері 30-жылдары
жалғаса түсті. Бұл кезеңде ғылыми-зерттеу
жұмыстарында маркстік-лениндік әдіснама өз үстемдігін
құрғандықтан ұлттық әдеби-тарихи,
әдеби-теориялық ой-пікір о,ан бейімделе бастады. Өйткені,
«ұлтшыл-алашшыл» атанған «бірыңғай ағым
теориясын» жақтаушылардың 29-30 жылдары атылғаны атылып,
қалғаны сотталып кетіп еді. Олардың ішінде маркстік-лениндік
әдіснамаға мойынсұнбаған әдебиетші-сыншылар,
ғалымдар да кетті. Осыған байланысты «тұрайы социологизмнің»
дауылы бәсең тартып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын
жаңа әдіснаа талаптарына сай жүргізу қолға
алынды. Заман талабына сай әдеби мұраны игерудің жаңа
проблемалары көтерілді. Ол проблемалардың ең ірісі –
қазақ фольклоры мен әдебиетінің тарихын жазу,
дәуірлеу мәселелері еді. Бұлар 20-жылдардағы
мақалаларда сөз арасында айтылып жүрегенімен, әдебиет
тарихын жазуға ғылыми тұрғыдан көңіл
аударып, практикалық тұрғыда орындаудың кезі келгенде
С.Сейфуллин 1929 жылы «Қазақ әдебиеті туралы» ашық хат
жариялады. Онда қазақ әдебиетінің тарихын мектепке
лайықтап жаңа заман талабына сай жасау мәселесін
көтерді.
Қазақстанда бастауыш, орта мектептердің
көптеп ашылуы, педагогикалық техникумдар мен училищелер, 1928 жылы
Қазақтың мемлекеттік университетінің ашылуы, оларда
қазақ әдебиетінің пән ретінде оқытылуы
қазақ әдебиетінің бір жүйеге түскен
оқулығы мен тарихын жазуды талап етті. «Қазақ
әдебиеті » тарихынан университетте дәріс беріледі. Дәріс
берілуі үшін тәртіпке қойылған аңғармен
құрылған құрал боларлық
қорытылған кітап керек» болды [1, 51-62].
С.Сейфулиннің қазақ
әдебиетінің тарихын жазуға байланысты көтерген осы
проблемалық пікірі ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жариялауды
насихаттау мақсатындда жазылып жатқан сан түрлі
мақалалардың бетін жаңа арнаға, ғылыми негізге
қарай бағыттады. С.Сейфуллин қазақ
әдебиетінің ғылыми тарихын жасау мәселесін 1931 жылы
жазған «Ертедегі жырлы әңгімелер, яки ноғайлы
дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары», «Билер
сөздері» атты мақалаларында жалғастырды. Оның бұл
бастамасына ақын-жазушылар, қазақ зиялылары қызу
үн қосты [1, 67-73].
Егер де 20-жылдары ауыз әдебиетін жинау жалпылама
түрде жүрсе, енді халық әдебиетінің
ғылымдық тарихын жасау мақсатында белгілі бір жүйемен
ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Соның
нәтижесінде мектептер мен жоғарғы оқу орындарын
оқулық, хрестоматиялармен қамтамасыз ету процесі басталды.
Осы игі қадамға Ораз Исаевтың фольклорлық мұра
жайында ҚазАПП басқармасына жазған хаттары әдеби
мұраға деген мемлекеттік қамқорлықты ғана
көрсетіп қоймай, әдебиет тарихын зерттеу барысына
айрықша назар аударды. «Көркем шығармалардың бәрі
де байшыл шығарма деп, бәрін де іске алғысыз етіп тастаймыз
деу дұрыс емес дей келіп, әдебиет зерттеушілерін әдеби
мұраны бір жақты бағалаудан сақтандырады [2, 13-14]. Оған ҚазАПП басұармасы қоштау
жауабын береді [3, 91-116]. Әрине,
бұлардың негізінде әдеби мұраны маркстік-лениндік
зерттеу принциптеріне » сай тексеру мен партияның ғылыми-зерттеу
жұмыстары туралы саясаты жатқаны айтпаса да түсінікті.
Бұл әдебиеттің таптығын қатты
даңғазалаған «тұрайы социологизмді»
жақтаушыларға тежеу салғандай баытта болды да зерттеу
жұмысы жандана түсті.
Мәдениет, өнер, әдебиет
саласындағы зерттеу жұмыстарын бір арнаға салып
басшылық жасап отыратын ғылыми орталықтың
қажеттілігі қатты сезілді. Осының әсерінен 1933 жылы қазақ
халқының ұлттық мәдениетін зерттейтін
ғылыми-зерттеу институты ашылды. Институт әдеби мұраны
зерттеу, игеру жұмыстарында бірталай нәтижеге жетті. Мысалы,
С.Сейфуллин «Қазақтың ескі әдеби нұсқалары»
(1931), «Батырлар жырын» (1933) құрастырып шығарды. Сол
секілді ұлт мәдениеті институты шығарған
«Қазақ совет фольклоры» (1935), «Қазақтың
мақал-мтелдері» (1935), «Мысалдар» (1936), «Алдар Көсе» (1936),
«Сексен өтірік» (1937), «Қазақ ертегілері» (1939), «Батырлап»
(1939), «Жұмбақтар» (1940) т.б. жинақтар жарық
көрді. Осы жинақтардың негізінде мектептер мен оқу
орындарында хрестоматиялар дайындалды. 1936 жылы Мәскеуде өткен
қазақ өнері мен мәдениетінің он
күндігінің өтуіне байланысты М.Тарковскийдің аударуымен
«Қобыланды батыр» жыры (1937), Л.Макеевтің
құрастыруымен «Қазақ ертегілері» (1940), сол
сияқты «Қазақ антологиясы» (1940), «Қазақ
ақындарының өлеңдері» (1937) т.б. жинақтар орыс
тілінде шықты. Сол сияқты «Қазақтың ХІХ
ғасырдағы қазақ көтерілісі туралы жырлар» (1936),
Ж.Жабаевтың «Өлеңдері мен поэмалары» (1937, 1938) т.б.
халық шығармашылығы мен кеңес дәуіріндегі
фольклор үлгілері орыс тіліне аударылып басылды. Қазақ
фольклористикасы мен әдебиетінің тарихын зерттеу ісіне белсене
араласқан С.Сейфуллин, М.Әуезов, Қ.Жұбанов,
С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев,
Т.Нұртазин, М.Ғабдуллин Ә.Марғұлан сынды
ғұламалар әдебиеттану ғылымының іргетасының
берік қалануына өз үлестерін қосты. 1931-32 жылы
халқымыздың басына төнген нәубет – ашаршылық
зардабынан құтылып, мәдениет саласындаы жұмыстар
қайта жандана бастаған кезде, халық ауыз
әдебиетінің тарихын жасауды қолға алған
уақытта Сталиннің жеке басына табынудың
қырсығынан қазақ әдебиетінің көрнекті
өкілдері, әдебиетшілер, ғалымдар
қуғын-сүргінге ұшырады. Зерттеу жұмыстары біржола
тоқтап қалмаса да, ғылыми-теориялық мәні
терең білгірлікпен жазылған мақалалар 1939-40 жылға
шейін сиреп кетті.
Халқымызға, оның зиялы қауымына
зұлмат болып келген 30-жылдарды ауыз әдебиеті
нұсқаларын тексеру екі бағытта жүрді. Бірі –
фольклорлық мұраны жанрлық ерекшелігіне сай бөлу,
яғни классификация жасау болса, екіншісі – жеке нұсқаларды,
әсіресе батырлар жыры мен лиро-эпостық жырларды жекелеп
жанрлық ерекшеліктеріне сай зерттеу.
Осы екі бағытты жеке алып қарастыратын
болсақ, ауыз әдебиеті үлгілерін классификация жасауға
орыс ориенталистері талпынғанмен, белгілі түрде
М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927),
Х.Досмұхамедовтің «Қазақтың халық
әдебиеті» (1928) және С.Сейфуллиннің 1932 жылы жазылған
«Қазақ әдебиеті» атты еңбектерінен бастау алғаны
даусыз. Осы үш еңбектегі жасалған классификация бойынша
халық шығармашылығы енді сала-салаға бөлініп
зерттеле бастады. Халық шығармашылығының әр
түрлі тақырыптық, жанрлық, композициялық
ерекшеліктері тұрғысынан жеке зерттеу нысанына айналды.
Қазақ ауыз әдебиетінің мол мұрасына
20-жылдардың бас кезінен бастап зерттеушілік мақсатта
көңіл қойып, бірталай ғылыми мақала жазған
М.Әуезовтің Л.Соболевпен бірігіп жазған мақалалары,
қазақ фольклорын бүкіл кеңес еліне
ғылыми-теориялық тұрғыдан таныстырған
құнды еңбектер болды [4, 119-131].
«Эпос и фольклор казахского народа» деп аталатын
мақалада авторлар қазақ ауыз әдебиетінің
барлық жанрларын қысқаша сөз ете отырып, әр
жанрдың өзіндік ерекшелігін және түрлерін, халық
өміріне қарым-қатынасын ғылыми түрде баяндауды
мақсат тұтқан. «Басты-басты сипаттарына меңзеп бірнеше
топқа, бірнеше түрге жіктемейінше, қазақтың
халық творчествосының аса бай мұрасын талдау мүмкін
емес. Осы зерттеуде біз сондай жіктеу жасауға талап қыламыз» дей
келіп, қазақ фольклорына классификация жасап,
әрқайсысын жекелеп қарастырады. Авторлар қазақ
ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жақтан жүйелеуде
М.Әуезовтің 1927 жылы «Әдебиет тарихы» оқулығында
жанрға бөлген үлгіні негізге ала отырып, оны толықтыра,
дамыта келіп, әр жанрды бірнеше түрге бөліп тексеруде соны
жаңалықтар кіргізген. «Әдебиет тарихын» негізге алды дегендегі
ойымыз жанрға жүйелеуде кездесетін ұқсастықтар
ғана емес, сонымен қатар кейбір ғылыми пікірлердің де
ұқсас шығуы. Мысалы, батырлар жырын ұлы батыр, кіші
батыр деп бөлу және ертегілер, жұмбақ,
мақал-мәтелдердің екі еңбекте де бір топқа
жатқызылуы осы пікірімізге айқын дәлел. Оқулықта
ауыз әдебиеті үлгілері үлкен 4 топқа жіктеліп,
тұрмыс-салт өлеңдерінен басқалары іштей түрге
бөлінбеген болса, мақалада басқа әдебиетші-ғалымдардың
жасаған классификациясына сүйенген. Әсіресе,
С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті»
оқулығының әсері айқын байқалады. Негізінен
алғанда мақала – сол кездегі әр түрлі
оқулықтар мен ғылыми мақалаларда айтылып жүрген
ауыз әдебиеті үлгілерін жіктеуді белгілі бір жүйеге
түсіріп, классификация жасау мақсатында жазылған зерделі
еңбек.
М.Әуезов оқулықта халық
әдебиетін «Ауызша әдебиет түрілері» деп төрт
топқа бөлгенде батырлар жырын, лиро-эпосты, тарихи жырларды
«Әңгімелі өлеңдер» деп бір топқа
қосқанмен, тексеру барысында жеке тарау етіп талдаған
болатын. Оқулықта мазмұны бойынша ауыз әдебиетінің
жанрлық тұрғыдан алтыға бөлген-ді. Осы
алтыға бөлінген жүйе мақалада да сақталған.
Алайда эпостық, лиро-эпостық, тарихи жырлар енді жанр ретінде
алынған.
Мақала қазақ фольклористика
ғылымына екі жаңалық әкелді. Біріншіден,
оқулықтағы қиял, салт, мысқыл-мазақ
(сатира) ертегілер деп сөз арасында ғана айтылып жеке
қаралмаған қазақ ертегілерін тақырыптық,
мазмұндық ерекшеліктеріне сай алты түрге бөліп,
әрқайсысына нақты мысал келтіре отырып сипаттама беруі еді.
Қазақ ертегілерін қиял-ғажайып, хайуанаттар, салт-сана,
байларға арналған аңыз ертегілер, күй аңызы деген
түрлерге жіктеп негізгі сипаттарын, ерекшеліктерін көрсеткен.
Екіншіден, оқулықта жанрға бөлу барысында ертегілермен
бір топқа жатқызылғанмен, жеке қарастырылмай
қалған жұмбақ пен мақал-мәтелдер, күлдіргі-өтірік
ертегі саналып кеткен аңыз әңгімелер дара тексерілген.
Әсіресе, Қорқыт, Алдар Көсе, Асан қайғы,
Жиреншелерді жеке-жеке сөз ету арқылы
аңыз-әңгімелерді келешекте жеке жанр ретінде зерттеуге
болатынына ғылыми бағыт берілген. Фольклорлық шығармаларды
талдау барысында олардың поэтикасына, теориясына тереңдеп бара
қоймаса да халықтығы, тарихилығы мәелелеріне
үнемі назар аударылуының өзі мақаланың
ғылыми жаңашылдығын байқатады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Жаңа әдебиет, 1931, № 6-7. - Б.52-62; № 10. – Б. 59-79;№ 11. –
Б. 51-62.
2, Исаұлы Жолдастың хатына жауап. Ескі мәдениеттілік
туралы //Әдебиет майданы, 1932, №1. – Б. 13-14.
3. Ауэзов М., Соболев Л. Эпос и фольклор казахского народа //Литературный критик, 1939, № 10. С. 210; Очерки истории казахской литературы. Литературный
Казахстан, 1939, № 8-9. С. 91-116.
4. Кенжебаев Б. Қазақтың халық
эпосы туралы //Әдебиет және искусство, 1939, №2. – Б. 119-131.