С. ҚОНДЫБАЙ МҰРАЛАРЫНДАҒЫ

МАҢҒЫСТАУДЫҢ ДЕЙТҮРКІЛІК МӘДЕНИЕТІ

 

Г. Алтыбаева, А.А. Аймуханова

 

Ш. Есенов атындағы КМТИУ

 

Маңғыстау өлкесіне қатысты кешенді зерттеу жүргізген талантты ғалым С.Қондыбайдың ғылыми мұрасын «Қырымның Қырық батыры» жырындағы әдеби және тілдік деректерге, топонимдер мен сакралды атауларға, мифологемалар мен прецеденттік мәтіндерге ғылыми сараптама жасау, ескерткіштерде сақталған көне жазба мұраларға графикалық, текстологиялық, лингвистикалық талдау жасау тәрізді кешенді де ауқымды жұмыстар құрайды. Мысалы, Қырым топонимінің құрамындағы Қыр компонентін Үстірт атауымен синонимдес деп тануы немесе «Асан Қайғы~Есен ата, Асан Қайғы~Қазтуған бір бейне ме?» деп зерттеуі [Баба түкті Шашты Әзиз, Бәйтерек, Балқан тау, Жерұйық, Кемпірқосақ, Құмай, Ұмай [1] мифологемаларының негізін сипаттайтын прецеденттік мәтіндерді талдауы, иттің түркілер санасындағы о дүниенің өкілі ретіндегі мифтік бейнесін дәйектейтін иткөйлек, қызғанғаны қызыл итке жем болды, итжан т.б. модельдер арқылы талдауы [1,4-кітап] т.б.

Атап айтқанда, С.Қондыбай мұрасында деректелген Маңғыстаудың тарихы туралы шежірелер, топонимикалық атаулар мен соған қатысты аңыздар, аңыз әңгімелер мен мифтік таным түрлері, көне дәуірден сақталып жеткен салт-дәстүр, әдет-ғұрып түрлері, этнографиялық атаулар, би-шешендер сөздері, фольклордағы, жыраулар поэзиясындағы тарихи, тілдік, танымдық деректер Маңғыстау мәдени мәтінін, өлкенің  руханиятының әлемдік контекстегі орны мен жалғастырушылық қызметін айқындайды.

Ұлт, тіл, мәдениет арақатынастарының, өзара байланысын зерттеудің жаңаша антропоцентристік парадигмасы С.Қондыбайға тілдік деректерді кешенді түрде, яғни қазақ халқының санасымен, дүниетанымымен, өмір сүрген табиғи ортасымен, ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылығымен, т.б. тұрғыда қарастыруға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Мысалы, қазақ тіліндегі өте бай ономастикалық қорда қазақ этносына қатысты орасан мол этнотанымдық ақпараттар жинақталғаны белгілі.  Осымен байланысты антропоөзектік ұстанымда жүргізілетін лингвистикалық зерттеулердің нысаны ретінде қазақ тілінің аймақтық (регионалдық) жүйесін қарастыру белгілі бір шектеулі аймақ – жер-су аттарының сол өңірдің этномәдени, рухани тарихымен байланысын зерттеу болып табылады. Аймақтық деректер сол аймаққа ғана тән лингвотарихи, этномәдени, этнотанымдық тарихына қатысты және соның жалпы қазақ топонимиясына тән заңдылықтарды айшықтап, аражігін көрсетіп бере алады.

Мысалы, Маңғыстау атауы – қазақ тілі ономастикалық кеңістігіндегі түркі халқы мәдениетінде айрықша мәнге ие феномендік атау, 362 әулие мекен еткен ұлтымыздың бойтұмары.

Осы тұжырымды дәлелдейтін дәйек деп, Маңғыстау атауының сиэнергетикалық қуатын бейнелейтін мифологиялық таным жүйесіне сәйкес ерте заманнан қазақ халқының, жалпы түркі әлемінің рухани құндылықтар (аксиологиялық) жүйесінен мықтап орын алған мәдени дерек екенін санаймыз. Ал, С.Қондыбай  зерттеулерінде Маңғыстау өңірі топонимиясының лингвоменталды (этнотанымдық) кеңістігі мифтік  танымға сай тарихи-топонимиялық қабаттар негізінде қалыптасқаны  нақты дәйектеледі. Соның негізінде Маңғыстау феномені қазақ мәдени кеңістігінде рухани эталон, әулиеліктің (киеліліктің) бір метафорасы мен символы ретінде танылады; бұл феноменнің және оған қатысты Маңғыстау прецеденттік топонимінің мәдени-философиялық, тарихи-танымдық, діни, идеологиялық және аксиологиялық мәні  дәлелденеді.

Ұлттық санада, қазақ халқынының рухани мәдениеті мен тарихында қайталанбас және мәңгі өшпес өз орны бар  Маңғыстау аймағында  қалыптасқан  мәдени-ұлттық сипаттағы С.Қондыбай жан-жақты көрсеткен эталондар, стереотиптер, мифологемалар мен т.б. ассоцияцияға түсетін бейнелі оралымдар осы мәдени кеңістікте өмір сүруші тіл иесінің санасында  біртұтастылық жүйені құрайды.

Маңғыстау Каспий және Арал теңіздері арасындағы жер жаралғалы дей-дей-түркілер мекені болған қазына жарты аралы. Түбектің Ақтау және Қаратауы Тұран даласынан Үстірт шыңдарымен оқшауланады. Осы табиғи үңгірлер, тас дәуірінде адамдар панасы болған (кейін жақсылап өңделген жер асты мешіттеріне, сопылық ілім орталықтары желісіне айналды).

Соңғы кездегі археологиялық ізденістер Маңғыстау аймағынан б.д.д. І, ІІ мыңжылдықтарға жататын тас дәуірінің артефактылары мен алғашқы киіз үй тәрізді қорған қалаларда жүріп жатыр. Маңғыстау  Ұлы Мақта (Жібек, Ноғай) жолының тіке теңіз қатынасына тиімді орын.

Маңғыстау 362 әулиелі киелі мекен, және «Ашық аспан астындағы мұражай» атағымен де белгілі. Мұнда Қазақстандағы архитектуралық, мәдени ескерткіштердің 70 пайыздан астамы шоғырланған.

Халық ақын-жыршысы, жырау Түмен Балтабасұлы (1884-1957) Маңғыстау тарихын:“...Бұл жерде кімдер кетіп кім қалмаған, Қара Жер қаза жетсе кімді алмаған? Қызылбас, Қытай, Қыпшақ, Қырым, Қырғыз, Айладыр алтау болса, Қалмақ жетеу, Ерлерден ертедегі қалынған Жер...” [2,304], - деп толғаған.

Маңғыстаудағы ата баба мұраларына мысал келтірелік.

1. Мол рухани мұра мысалы «Қырымның қырық батыры» немесе «Ноғайлық батырлары» аталған ерлік эпос, барлық дейтүркілік еуразия халықтарына ортақ рухани қазынаның бір бөлігі. Бұл 36 батыр династиясы туралы баға жеткісіз шығарманы Мұрын жырау Сенгірбеккұлы ел арасында түн асып төрт ай жырлағанының өзі миф. Бұл жазу сексен үш жастағы жырау аузынан Алматы қаласында Ұлы Отан соғысы жылдарында 1942 жылы жазылып алынды. 

Серікбол Қондыбай жырдың ежелгі тамыры туралы: «...жырлар циклі XIV-XVI ғасырлардағы ноғай дәуірінің тарихи оқиғаларына байланысты қалыптасқан деген пікір әлдеқашан қағидаға айналып кеткен. Бірақ бұл жырдың жасы әлдеқайда үлкен, оған қазақ мифологиясының мәселелерін қарастыру кезінде көзіміз жетті. ...Жырдың құрылымы мен идеясының өмір сүру уақыты қазіргіден 1500-2500 жыл бұрынғы аралық, бірақ дәл «қазақ жыры» кейінірек қалыптасқан», деп тұжырымдайды [3,86.]

Әлемдік эпостық жырлардағы стиль, ұйқас пен ырғақтың біртектілігі «Авеста» гаттарында, Гомер «Илладасында», «Игорь полкі туралы сөзде» өзгеріссіз сақталғандықтан Серікбол бұл ерекшелікті Ас, Сақ дәуірлерінен  бері «мифологияның осы кезеңінде генеалогиялық, батырлық мифоэпикалық бағыты ерекше тез дамыды»  деп көрсетеді [4,17].

Шындығында да «Мұрын жыраудан жазылған мұралар» жинағының бірінші бөлімінде «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары» аталып: Аңшыбай батыр, Парпария, Құттықия, Едіге, Нұрадын, Мұсахан, Орақ-Мамай, Қарасай-Қази тектік қатарын жырға қосса, екінші бөлім: «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» болып келесі тоғыз ұрпақтың ел қорғау тарихын жалғастыра жырлайды. Халықтық рухы зор эпос оқиғасы мен оны жырлау жағдайы мемлекеттіліктің ұйымдасу қуатына, қауымның мал-жан санының өсуі, сарбаздың әскери машығы мен қару-жарақ қуатының артуы кезеңінде ғана мүмкін болады. Жырдағы кейіпкерлердің генеологиялық бір желіні құрайтындығына орай 36 ұрпақтың жиынтық жасы - 36*25 немесе 36*28,9 ~900-:-1062 жылды құрайды. Сондықтан «Ноғайлы» жырлары қалыптаса кезең IV-VI ғғ. Кейін XIV ғасырда қыпшақтардан бөлінген Ноғай ордасы жеке дәулет құрды деп пайымдауға болады.

2. Материалдық мұра мысалы туралы Маңғыстауда сол кездегі Қыпшақ-Оғыз тайпаларына жататын көптеген руналық таңбалар мен ру белгілерінің бар екендігін айтуға болады. Таңба жүйесі де мифтік артефакт. Бұдан мың жыл бұрын Махмұд Қашқари [5,85] Оғыз таңбалары туралы мәлімет қалдырды, тіпті 22 оғыз таңбасының суреттерін хатқа түсірген. Өгіз ханның жаратылыс дамуын ұғынудың  алғашқы түсініктеріне сәйкес келетін алты ұлының есімдерінің (Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз) символдары 24 Оғыз немересіне бөлінген. Мысалы, «Күн» таңба - , ; «Ай» таңба - , , ; «Тау» таңба - ,  ,  ,  өлкенің әрбір мекеніндегі пантеондарында сақталған, олар 22 емес 40 тан аса нұсқада салынған.  Олардағы мәйіт иесі туралы эпитафия түрік есімдерін тұрады [6].

Өкінішке орай, Орал-Алтай кеңістігіндегі тегі бір тайпалар ауыз әдебиеті туындылары мен шежіресі салыстыра зерттеуден тыс қалып келеді. Осы бағыттағы ізденіс бүгінгі күнге жеткілікті үйлестірілмеген.

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.     Кондыбай С. Казахская мифология. Краткий словарь. – Алматы: «Нурлы алем», 2005.

2.     Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. Т.5 Батырлар жыры / Құраст. О.Нұрмағанбетова, Қ.Сыдиқов. Жауапты шығарушылар А.Айдашев, Е.Құдайбергенов 1989. 384 бет

3.     Кондыбай С. Мифология предказахов /Пер. с каз. яз. З.Наурызбаевой. – Алматы: «СаГа», 2008. кн. 4. – 472 cтр.

4.     Қондыбай С. Толық шығармалар жинағы. 15-том. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2010. – 444 бет.

5.     Махмуд Қашқари. Түрiк тiлiнiң сөздiгi: (Диуани лұғат-ит-түрiк) 3 томдық шығармалар жинағы//Қазақ тiлiне аударған, алғы сөзi мен ғылыми түсiнiктерiн жазған А. Егеубай. –Алматы: Хант; 1997.

6.      Ақмырзаев М.М. Маңғыстау – дейтүркілік рухани және материалдық мұралар өлкесі  // Мәдени мұралардың танымдық негіздері республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Ақтау, 2004, 2 желтоқсан