Рүстемова Ж.А.

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, ф.ғ.к., доцент,  Қазақстан

Марат Қабанбайдың  «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана» повесіндегі портреттік суреттеу

 

Қазіргі таңда балалар әдебиетіне қатысты  өзекті мәселелерді қозғап, қазіргі заман талабына және кішкентай оқырмандардың сұранысына  сай тақырыпта шығарма жазудың өзіндік қиындықтары бар.  Себебі, балалар әдебиеті – әрбір халықтың ұлттық  мәдениетінің негізгі іргетасы.  Жауапкершілігі мол осындай салада еңбек еткен жазушы, публицист Марат Қабанбай – қазақ балалар әдебиетінде ерекше қолтаңба қалдырған тұлға.

Портрет – көркем шығарманың тұрақты құрамдас бөліктерінің бірі ретінде кейіпкердің кескін-келбетін, жүріс-тұрысын, киім киісін суреттеу арқылы толыққанды бейне, кейіпкер мінездемесін жасаушы амалдардың бірі. Марат Қабанбайдың 1977 жылы шыққан «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана» повесіндегі екі ағалы-інілі балалардың екеуінің портреті бір-бірімен салыстырыла беріледі: «Маймаққа қарағанда қайта жалпақ бет ағасы жуас па деп қалдым. Алда-жалда қарсы кездессе, қиық көзін төмен салып, тымпың-тымпың басып тезірек өтіп кетеді.  Кейде қараған-қарамағанын бітік көзінен аңғару да қиын. өткізіп жіберіп, біраз ұзай жалт бұрылсаң ғана көзінің шылбырын саған тастап бара жатқанын байқайсын. Өзі жақында көрсетілген фильмдегі Шыңғыс ханнан аумайды. Тікірейген  мысық мұрты, қайқы қылышы ғана жетіспейді. Ақыры қиқар қаһанға тым ұқсап тұр екен, мейлі. Шыңғысхан атана қойсын.[...]Көзі қитар, өзі қиқар, садақ асынатын, жазықсыз торғайға мысқал аянышы жоқ баланы Шыңғысхан деп атамағанда қайтеміз»[1,248]

Ал топтық портретте бір топ адамның суреті беріледі. Топтық портрет белгілі бір мақсаттағы адамдарды суреттеуде не болмаса әр түрлі жағдай үстіндегі кейіпкерлердің психологиялық жай-күйін танытуда жұмсалады. «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана» повесінен топтық портрет те көрініс береді: «Шешесі кердендеп кірді. Жеңі манағыдай түрулі. Басын арғымақ аттардай орынсыз кегжитіп шалқайта береді. Көз қиықтарында салқын сәулелер қашып жүр. «Мен келдім, ал қайтесің?» деген нығыздығын шама-шарқы келсе танытқысы бар. Кердендеген кісі ұнаған жоқ. Көкем қалбалақтап орындық ұсынды. Шыңғысханның төртбақ әкесі  тұрған орнында тыпыңдағанымен, босағадан бәрібір ұзамады. Шешесі керісінше ірі-ірі адымдай, көйлегі көлбендеп қасыма келді де, жас қыздың әбжілдігімен жүрелей қап, қышқыштай қатты саусақтарымен мұрнымнан шап берді. Қорыққанымнан бақыруға шақ қалдым»[1,251]. Бұл үзіндіде мінездеме-портреттің үлесі зор. Мінездеме-портрет – Марат Қабанбай  шығармаларында жиі кездесетін портрет түрі. Мінездеме-портретте кейіпкердің сырт тұлғасы мен мінезі қатар суреттеледі.  Тұлға мен мінез сәйкестігі – портрет-мінездеменің негізгі белгісі.

Марат Қабанбай повестерінде  портрет компоненттерінің сыртқы физикалық белгілерінен гөрі кейіпкердің интеллектуалдық, психикалық, эмоциялық белгілері, яғни «ішкі белгілерінің» көрсетілуі басым. Мұның басты себебі жазушы шығармаларында диалог пен монологтің қызметі басым. «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана» повесінен алынған төмендегі үзінді осының дәлелі.

«Бір күні сәске кезінде үйден шықсам, шарбақ тасаланған Шыңғысхан шатыр үстінде жем шоқып құрқылдап жүрген ата қоразды көздеп тұр. Жүгіріп бардым да, жұлқып-жұлқып жібердім. Жалт карады.

- Неге атасың?

- Немене, көгершін сенікі ме еді?

- Кімдікі болса да, бәрібір атпайсың.

- Айтарсың.- Мұрнын Маңғаздана тартты. Кішкене кептер түгіл түйедей қой, сиыр, жылқылар да сою үшін жаралған.

- Оны кім айтты?

- Көріп тұрсың, маңдайымда жұлдызша жарқыраған қос көзім бар. Жарқыраған көздер карайған атаулыға қоса қой, сиыр, жылқының паршаланып сойылатынын көреді. Оларды соятын адамдар. Мен де адаммын. Ендеше көгершінді неге атпасқа? Ой, мына Шыңғысхан неге дәл кинодағыдай сұлу сөйлеп тұр? Тура үлкен кісіше сөйлейді. «Жұлдызша жарқыраған көзім бар… Сиырды адамдар паршалайды... Мен кептерді атуға тиіспін… Қаншама сұлу сөйлесе де, мынадан бірдеңе түсінсем бұйырмасын»[1, 248].

М.Қабанбай повестеріндегі  оқиға желісі мен ондағы кейіпкерлер тағдыры оқырманды бей-жай қалдырмайды. Оқырман М.Қабанбай кейіпкері туралы егжей-тегжейлі ұғымды оның ойы, сезімі, іс-әрекеті суреттелген эпизодтардан, тілдік сипаттамдан алады. «Бадырақ көз, сен тимесең мен тимен, аһа-а-ау...» деп қаншама уақыт ысқыра әндетіп жүрер едік, Шыңғысхан тағы бір кесел бастамаса. Ол Арыстанды шанаға жегуге шығарды. Шыңғысханша шанаға ит жегіп, аппак, далада қарды құйындата зырғу үшін ту көтеріп тундраға сапар шегудің кажеті шамалы. Шана жақтауларына байлаулы жіпті ит қарғыбауына жалға да шыбыртқымен көкесін таныта шықпырт. Әйда, бишікті шартылдата ауаны тілгіле де алқапты тентек айқайға толтыр кеп. Иттің аты ит, бірер қыңсылаумен талайсыз тағдырға бағыштаған наразылығын білдіреді де, алға құйындай ұшады.Сонсоң мұртты ширата(әрине,бар болса) шалқайып отыр. Әйтеуір төбет сені өзі өлген жерге сүйреп апармасы ақиқат»[1, 258].

Қорыта келгенде айтарымыз,  жазушы өз шығармасында   портреттік суреттеуді көп қолдана бермейді. Өйткені, әдебиетте адамға деген басты қызығушылық оның сырт келбетінде емес, ішкі жан дүниесінің ерекшеліктерінде шоғырланады. Ал  Марат Қабанбай повестеріндегі портреттік суреттеу көбінесе кейіпкер өмірбаянының және бастан кешкен оқиғаларының фактілерімен ұштасып жатады.

 

Әдебиет:

1       Қабанбай  М. Арыстан, мен виоленчель және қасапхана.-Алматы: Жалын, 1977. -200 б.