Сагатова А.С.
ҚМТУ,
фс.ғ.к., доцент
Абдрахманова К.Ж.
ҚММУ, аға оқытушы
Ұрпақтар
сабақтастығының қуаты мен құдіреті
ХХ ғасырдың басында
қалыптасқан қазақ зиялыларының өмірі мен
атқарған қызметтері бүгінгі егемен елдің
жоғары Отан қайраткерлерін тәрбиелеуде үлкен мәні
бар. Себебі, ұлтқа қызмет етудің өзі тарихта із
қалдырған қайраткерлерге
еліктеуден басталады. Мақсаты – ХХ ғасырдың
басындағы алаш зиялыларының
көтерген өзекті мәселелері тәуелсіз мемлекетіміздің
бүгінде маңызын жоймағанын айтып, тарихи
сабақтастықтың
айғағын көрсету. Себебі, тарихтан сабақ алмай,
оның бай тәжірибесінен үйренбей, ұлтжандылыққа
тәрбиелеу мүмкін емес. Тәрбиенің басы – тарих. Тарих
арқылы - Отанды, өз ұлтын, өзін қадірлеуді
үйретуге болады. Патриоттық тәрбие беруде маңызы
өте зор.
Әлихан Бөкейхан –
бүгінгі тәуелсіздіктің қайнар бұлағы.
Әлихан Бөкейхан – әлемдік деңгейдегі саясаткер, алып
тұлға. Ол Әз Жәнібектен, Керейден, Абылайдан кейін
қазақ мемлекетін жаңғыртып, ХХ ғасырға сай
қайта құру ісіне бар өмірін аямай сарп етті. Осы
ұлы істе алты алаштың ту көтерер өр ұлдарын
соңынан ертті. Ендеше осы алып тұлғаның өз
ұрпақтары туралы да зерттеу бүгінгі күннің
талабынан туындап отыр.
«Лиза апай туралы тек Әлиханның қызы ретінде жазуға
да болатын еді. Бірақ ол аздық етеді. Ол кісінің өз
басы жеке дара тұлға болатын, ол кісінің есімімен
біздің отбасымыздың ғана емес, онымен кезінде
ұшырасқан көптеген жандардың қилы
жағдайлары тікелей байланысты. Ол туралы жазудың маған
мейлінше ауырлығы сол, себебі кісі менің
көзқарасымның қалыптасуына бағыт-бағдар
берген адам еді. Ол кісі менің рухани апам болатын» деп жазады
Бөкейханов С. [1,
85 б]. Елизавета Әлиханқызы
әке-шешесінің ең асыл қасиеттерін сіңірді. Анасы
Ольга Яковлевна мейлінше жұмсақ әрі мейірімді адам
болғанға ұқсайды. Омбы қаласында тұрғанда
қазақ балаларына орыс тілін үйретіп, ұстаздықпен
айналысқан. «Лиза апайдың маңында болған соншама
уақыттың ішінде мен не көршілері, не қызметтестері
жөнінде бір де ашулы сөз естіген емеспін, қанша бір
ширыққан жағдайда да қалпынан шығып, ашу-ызаға
жол беріп, ашуланғанын көрген емеспін» деп көрсеткен
Бөкейханов С. [2, 86 б].
Елизавета Әлиханқызы адамгершілігі, достарына деген ақ
ниеті жоғары, жақсылыққа деген ізгі пейлі,
қашанда біреуге көмектесіп, демеп жіберуге әзір ынтасы
әкесінен дарыған болуы керек. Елизавета
Әлиханқызының әкесіне тартқан
қасиеттерінің бірі оң
істі қорғағанда айрықша принципшілдігі,
жексұрындық жөнінде мәмілеге келмейтіндігі, партия
ісіне берілгендігі және қоғамдық жұмыс дегенде
тыным таппайтындығы болатын.
Лиза апай өмірдің қатал сынынан өтті. Жастайынан
әкесінің жанында жүріп қуғын-сүргін
көрді. 1941 жылы жалғыз баласы Ескендір Садуақасов та жасына
екі жасты қосып жазғызып, шешесінен жасырын халық жасағына
өтіп кетеді де, соғыстың алғашқы айларында
оққа ұшып қаза тапты.
1942 жылы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда
алғашқылардың бірі болып Елизавета Әлиханқызы
Солтүстік-Батыс майданынын медициналық госпиталіне қызмет
етуге аттанады. Соғыс аяқталғанша Солтүстік-Батыс
майданда дәрігерлік қызмет атқарып, майдан даласынан майор
атағымен және көптеген наградалармен оралды.
Ұлы Отан соғысы жылдары Солтүстік-Батыс майданда ерен
ерліктің үлгісін көрсетуі, қажырлық
көрсетуі, адал қызмет жасауы әкесінен дарыған ерекше
қасиеті шығар.
Әлихан Бөкейханның бір таң қалатын
қасиеті – өзінің ұстанған ісіне өмірінің
соңғы деміне дейін шын берілгендігі. Қазақ
мүддесіне келген уақытта Әлихан Бөкейханов еш
уақытта ойланған емес, пікірінен ауытқыған емес.
Бір-ақ ұстанымда болды, қазақ мүддесіне
бүкіл өмірін сарп етті, тұлға ретінде, қайраткер
ретінде жарқырап көрінді, ешуақытта сатқындық
жасамады [3, 12 б]. Осындай қайраткердің, ұлы
тұлғанын отбасында өмірге келгендігі шығар, Елизавета
Әлиханқызы да өмірінің соңына дейін
өзінің ісіне адал болуы, әкесінін салып кеткен сара жолынан
ауытқымауы таңғаларлық емес. Ұрпақтың
өзіндік ерекшелігі де осында.
Балғын балалық шағын Лиза, шындығына
жүгінсек, әке тәрбиесін көрмей өткізді десе болады
екен, өйткені ол кісі үнемі саясат пен журналистік қызметтен
бір босамайтын.
Жаз бойы Лиза міндетті түрде Тоқырауындағы
әкесінің туған жерінде өткізетін. Онда ол
өзінің етбауыр туыстарының, ең бастысы әжесі
Бежекемнің қасында болып, масайрап, бой жазатын. Бекежем
Лизаның шешесін жақтыра қоймапты, себебі ұлының
әйелі орыс болғанына көндіге алмай өтіпті.
1923 жылдың сәуірінде Лиза саяси қайраткер ғана
емес, сонымен қоса драматург, қазақ тарихында ағарту
жұмысын ұйымдастырушы ретінде танымал қоғам
қайраткері Смағұл Садуақасовқа
тұрмысқа шығады. Тағдырдың жазуымен жолдасынан
ерте айырылды. Ол Смағұл мен екеуінің үйінде талай
болған достары Мұхтар Әуезов, Әлкей
Марғұлан, Нығмет Нұрмақовтармен жақсы
жолдас болды, ал Дәмеш Әлімханқызы Ермековамен өмір
бойы дос болып өтті.
1930 жылы Кремль ауруханасында тосыннан жолдасы Смағұл
Садуақасов қайтыс болды. 1937 жылы әкесі Әлихан
Нұрмұхамедұлын Бутыркоға алып кетеді. Лиза
Әлиханқызының қолында кәмелетке толмаған
ұлы Ескендір қалды. Сол кезеңдерден бастап түсініксіз
қуғын-сүргін басталды.
Осы бір қысылтаяң шақта бұрынғы
Денсаулық Халкомы, сол тұста Дәрігерлер білімін жетілдіру
институтының кафедра меңгерушісі Н.А. Семашко шынайы
адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, нағыз
азаматтығын танытады. Ол Әлиханды жақсы білетін еді
және сол бір сұсты да сүреңсіз жылдары Лиза
апайға мейірін төгіп, оны алғашында лаборанттық
жұмысқа шақырып, содан соң ғылыми
қызметкерлікке орналастырады.
«Лиза Әлиханқызымен алғаш рет 1955 жылы Ленинградта
кездестім. Ол жаққа институтқа емтихан тапсыруға
барған болатынмын. Осылайша, мен Лиза апаймен ол кісі өмірден
өткенше 15 жылға жуық араласып тұрдым. Лиза апай
жайында менің жадымда жүрекке жылы және жайлы естеліктер
қалды. Ол – менің көзқарасымның
қалыптасуына бағыт-бағдар берген адам» деп жазады [4, 9 б.]. Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында
көп жыл декан болып қызмет атқаруы, ұзақ жылдар
бойы осы институтта партия ұйымының басшылығына сайланып
отыруы бекер емес. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО-да аса белгілі
ғалым, дәрігір, В.А. Семашко сынды беделді де адамгершілігі
асқақ адамның кафедрасында ұзақ уақыт
қызмет еткенінің ықпалы болды.
Соғыстан кейін Елизавета Әлиханқызы әскери
қызметтен босап, сол кезде Медицина ғылымы Академиясының бір
институтының ғылыми хатшысы болып қызмет атқарды.
Осында жүріп кандидаттық диссертациясын қорғады.
«Жұмыстан бас алмаймын, зерігуге қол тимейді. Мен өзіме
қымбат соншама адамдардан айырылдым, сондықтан өзім
бақытты болу үшін күш-қуат іздейтіндей емеспін. Мен
толассыз іс үстіндемін – жұртта айтады, өзімде білемін,
жұмысты жаман атқармаймын. Келешекте докторлық диссертация
болып қалуы ықтимал, жұмыс әзірлеп жүрмін. Жалпы
тұрмысым жаман емес, бірақ бұл нағыз өмір емес
қой, менің барымды соғыс жайпап кетті. Кенемнің
қазасы нағыз аналық шаттығымды жұлып әкетті
ғой, бірақ сол үшін мені кінәлауға бола ма? Мен
соның бәріне қайыспай төзе аламын, жұрт,
сірә, мен соның бәрін жеп-жеңіл көтереді деп
ойлайтын шығар. Саған ғана, бірінші рет осылай жазып отырмын.
Зауқың соқса хат жазарсың. Мен ойында қалған
адамдардан хабар алсам, мерейленіп қалар едім. Менің атымнан
ұлдарыңның бетінен сүй. Бар жақсылықты
тілеймін. Лиза» [5, 90 б.].
Елизавета Әлиханқызы медицинадағы статистика жөнінде Кеңес Одағы бойынша
көрнекті ғалым болатын, сол себепті ол кісіні диссертация
қорғауларына оппонент ретінде бүкіл республикаларға жиі
шақырып отырған [6,101б.].
«Бір жолы, мен Мәскеуге кезекті каникулға келгенімде Лиза
апай Тбилисиден оралды. Ол кісіні
нағыз кавказдың қонақжайлылығымен қарсы
алған. Әріптестерінің
өзін құрметке бөлеп,
қамқорлыққа алғанын күлімсіреп айтып отыратын. Өзіне тым назар аударып,
мәпелегенді жақтырмайтын, «ризашылдығын білдіргісі»
келетіндердің бетін тосып
қайтарып тастайтын» деп жазады Бөкейханов С. [7,108 б.].
Қызметіндегі мейлінше жұмысбастылығына қарамастан,
Елизавета Әлиханқызы (сегіз жыл бойы Москвадағы
Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының деканы және партия ұйымының
хатшысы болды) үнемі ізденіс үстінде болатын.
Ауыр кеселге ұшырап денсаулығынан айырылғанша,
докторлық диссертациясымен айналысқан.
Кештеу, бірақ қоғамдағы орным «алға
ұмтылуды» талап етіп
тұрғанда кандитат
болып жүре беру ұят. Докторлық дәрежеден мен,
әрине, ақылдырақ болып кете қоймаспын, бірақ,
солай ету керек [8,104
б.].
Ауруханада ауырып әл үстінде жатқанда Мәскеуде
қайтыс болған, Қазақстанның
бұрынғы халық комитетінің басшысының жұбайы,
өзінің құрбысы
Зуфнін Нұрмақованы тауып беруді өтінеді.
Зуфнін аурухана төсегіне жақындап келіп, оның
белдемесінен ұстаған бетте тізерлеп отыра кетті. Апай бар
күшін жинап төсек шетіне
жылжып жетеді де екеуі еңіреп жылап көріседі. Сонда Лиза
Әлиханқызы ентіге айқайлай салады: «Олар біздің бар жақынымызды
құртты! Жүрегімізді суырып алды, енді біздің де
кезегіміз жетті» [9,116
б.].
Алаштың ардақтысы Әлихан Нұрмұхаммедұлы
Бөкейханның қызы Елизавета Әлиханқызы да Отаннан
жырақ жерде өмірден озды.
«Дәрігерлердің білім жетілдіру институтында соңғы
азаматтық жаназасы өткізіледі. Азаматтық жаназада әкем
Райымжан Бөкейхан қайғыдан бүгіліп, егіле жылап отырып,
«Мұнда Россияда қазақ қызын ақырғы
сапарға етжақын адамдарындай шығарып салып жатыр ғой!»
- деп қайталай беріпті» деп жазады Бөкейханов С. [10,120 б.].
1910 жылы Өкітай есімді ұлы өмірге келеді. Үнемі
орысша ортада тәрбиеленген соң Сергей аталады. Өкітай
Әлиханұлы Мәскеудің тау-кен институтын бітіріп, геолог
болды. Ол бірнеше жыл Қазақстандағы Сәтпаев
қаласында Қаныш Имантайұлы Сәтпаевпен бірге оның
кешенді гелогиялық-барлау тобында ерен еңбек етеді.
Өмірінің кейінгі жылдарында Хакасияда жұмыс істеген.
Түсті металдарды барлау мәселелері жайында тау-кен
өнеркәсібі қызметкерлерінің Бүкілодақтық
мәжілісінде әзірлеген баяндамасы осы күнге дейін өте
құнды саналады. «Мен талай жыл жұмыс істеген
Политехникалық институттың гелогиялық барлау факультетінде
академик Е.Д.Шлыгин деген ғалым жұмыс істейтін. Ол
Қазақстанның аймақтық гелогиялық құрылымының
теориясы мен моделін алғаш жасағандардың бірі. Бір жолы мен
сөз сөйлеген жиналыстың соңында аса қадірлі
академик маған келіп: « - Сіздің С.Алихановичпен
жақындығыңыз жоқ па?»,- деп сұрады. Мен
біздің жақындығымызды әңгімелеп бердім. Шлыгин
осыны естігенде жанып кетті, өзінің 40-50 жылдары Қарсақбай-Жезқазған
мысты өңіріндегі экспедицияның құрамына
қалай қосылғанын, онда Сергей ағаймен танысқанын
аузының суы құрып әңгімеледі» [11, 124 б.]. Академик Шлыгин Сергей Алиханұлының
кәсіби деңгейінің өте жоғары екендігін ерекше
айтты. Өкінішке орай, ол жылдары мұндай фамилиясы бар адамға
ешқандай сый-құрмет бұйырмайтын, лайықты
бағасын алмайтын еді. «Халық жауының баласы» өзі
жұмыс істеген ұжымның өзге мүшелеріне тиесілі
марапаттарды алуға құқығы болмайтын еді.
Сергей Алиханұлы одаққа белгілі геолог болды. Ол Сергей
Букейхановтың ғылыми және өндірістік
еңбегінің жемісті болғандығын Мәскеуде КСРО
Ғылым академиясының сессиясында «Жезқазғанның
құрылымдық және кенді аудандары» атты баяндамасы
дәлелдеп отыр. Бұл баяндама 1935 жылы шыққан 700 беттік
«Үлкен Жезқазған» атты монографияның бүтін бір
бөлімін алып жатыр. Бүгінде техникалық өндіріс
саласындағы ғалымдар баяндаманың
құндылығына үлкен баға беріп жатыр. Белгілі
геолог, Социалистік Еңбек Ері В.И.Штифанов Сергей
Алиханұлының кәсіби деңгейін өте жоғары
бағалайды: «Мен ол кісіні 1944 жылы Мәскеуде КСРО Түсті
металлургия министрлігі өткізген бір беделді кеңесте көріп,
сөзін тыңдадым. Сергей Алиханұлы осында мазмұны
терең баяндама жасап, сөз сөйледі. Ол кезде ол кісі
Оңтүстік Оралдағы ірі гелогиялық экспедицияны
басқаратын [12, 124 б.]. Тағдырдың тәлкегімен қаншама
қиындық көрген ірі тұлғаның тағдыры
белгісіз жағдайда үзілді. Сол кездегі солақай саясаттың
сойқанымен тек қана Алаш ардақтысы ғана емес,
ұрпақтары да көп қиындық көрді. Геолог
ғалымның ерен еңбектері бүгінде үлкен зерттеу
жұмыстарын қажет етеді. Ол бүгінгі ғалымдардың
еншісіне қалсын.
Жетпісінші жылдардың басы Әлихан Бөкейхан әлі
ақталған жоқ. Бірақ Әлихан Бөкейханда,
ұрпағы да жат жерде аса қадірлі
болды. Бүгінгі тарихшыларға алтын сырға зерттейтін
тақырып. «Мәңгілік ел боламыз» - деп аттандап жатырмыз.
Ұлы тұлғалардың ұлылығын
ұлықтайық. Табыстайық өскелең
ұрпаққа. Ел боламыз десек, «Халық жауының»
ұрпақтары болғандықтан, өмір жолында көп тосқауылдарға
кездескенін ұмытпайық.
Бүкіл мағыналы өмірін халқының
азаттық алып, еркін ел болуына
арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше
жасаған қызметі сан қилы. Артынан қалған
ұрпағының өзі де
ерекше болғандығын деректер көрсетіп отыр. Асылдың сынығы, Елизавета Бөкейханқызы Ұлы
Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып,
өзінің перзенттік, азаматтық борышын адал атқарды.
Ұлы Сергей Алиханұлының тағдыры жұмбақ
жағдайда үзілді.
Былтыр ЮНЕСКО көлемінде
Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы әлем бойынша
аталып жатқанда, бұл туралы сөз қозғамау орынсыз.
1.Бөкейханов С. Өткен күнде белгі бар. - Алматы, 2008.
2. Бөкейханов С. Әлихан. - Алматы, 2011.
3. Қозыбаев М. Тұлғалар
тұғыры. –Алматы: ҚазАқпарат, 2009 .
4. Бөкейханов Ә. Шығармаларының
толық жинағы. Т.I-V/ Құрастырған С.
Аққұлұлы. – Астана: Сарыарқа, 2009-2010 .
5. Бейсенбекова Н.А., Сақтағанова З.Ғ.,
Шотбақова Л.Қ., Өскенбаев Қ.С, Баер Ю.В.
Сарыарқаның Ұлы Азаматтары, - Қарағанды, 2008.
6. Бөкейханов С. Өткен күнде белгі бар. - Алматы, 2008.
7. Сонда
8. Сонда
9. Сонда
10. Бөкейханов С. Әлихан. - Алматы, 2011.
11. Сонда
12. Сонда