Жас өспірімдер арасындағы құқықбұзушылқ мәселесінің

              ұғымының шығу  негіздері ғалым- ой-пікірлері

 

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

Экономика және құқық институты

Молдабеков Е.Б, Ескибаева С.С ,Нурудинова А.Ж

 

 Қазіргі ХХІ ғасыр табалдырығын аттап отырған кезеңде «қиын балалар» мәселесі бізді әлі де ойландыруда.

Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын»(51.).

«Қиын балалар» ұғымы 1920-1930 жылдарда тәрбие мәселесінде пайдаланып жүрді. Бара-бара бұл 1950-1960 жылдары қайтадан қолданысқа енді. Қазір бұл мәселе ғылымда нақты орын алып отыр. Әрине, бұл мәселемен көптеген ғалымдар айналысқан, қиын балалар мінезін, өмірін жан-жақты зерттеген. Қазір де мұндай жасөспірімдер көп.

Қиын балалар қайдан шығады?- деген сұраққа былай жауап берсе де болады. Ең басты себеп отбасы тәрбиесінде жатыр: ата-ананың ішімдікке салынуы немесе екеуінің біреуі болмауы. Осының бәрі баланың мінез-құлқына, ішкі жан дүниесіне әсер етеді.

Кейбір тәрбиесі, мәдениеті  өте төмен  ата-ана баласын ұрып-соғып, жаман сөзбен балағаттап, тіпті баласына қайыр-садақа сұратқызады. Мұнда бала ертеңгі күні кекшіл, жасқаншақ, төбелескіш келеді. Сонда оның тағдыры, болашағы қандай болмақ.

А.Макаренконың мына бір сөзіне көңіл қою артық болмас еді. «Бала тәрбиесі  біздің өміріміздің саласы. Біздің балаларымыз мемлекетіміз бен әлемнің болашақ азаматтары. Олар ертеңгі әке мен шеше, олар да өз балаларын тәрбиелейтін болады. Біздің балаларымыз тамаша азамат, жақсы әке, жақсы шеше болып өсуі керек.Бірақ мұнымен де бітпейді. Біздің балаларымыз – біздің қартайған шағымыз. Дұрыс тәрбие -  бұл бақытты қарттығымыз, бұл біздің көз жасымыз, бұл біздің басқа адамдармен бүкіл ел алдындағы кінәміз».

Қазіргі уақытта мінез-құлықтың бұзылу себебі түбегейлі түрде зерттеліп, жаңа сипатқа ие болуда және әлеуметтік-психологиялық, клиникалық, криминалогиялық тұрғыда қарастырылуда.

 Ал балалардың сол қылмысқа бару себебін  іздеп, қиын балалар қалай шығатынын зерттесек, біріншіден, баланың  қарны тойып тамақтануы, үйде жанжал шыққан күннің ертесінде мектепке бару, бармау мәселелері тұрады. Осы және тағы басқа мәселелерді реттеу, шешу  жолдары тиісті адамдар тарапынан ұсынылған. Бала – біздің болашағымыз, елді өсіретін де, өшіретін де, осы келешек ұрпақ.  Қазақстан Республикасының «Білім туралы»  Заңында девиантты мінезді оқушыларға мынадай анықтама берілген: «балалар мен  жасөспірімдердің  әкімшілік жазалау  шараларын  қолдануға  әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды үнемі  жасауы, оқудан,  жұмыстан  үнемі  жалтаруы,  отбасынан  немесе  балалардың  оқыту-тәрбиелеу  ұйымдарынан  үнемі  кетіп қалуы,  сондай-ақ  қоғамға қауіпті  әрекеттер  жасауы» Олардың  әр  кезеңде  әртүрлі  аталғаны  бізге  белгілі: «тәртібі  нашар», «қиын», «тәрбиесі қиын»  тағы басқа.

Ғылыми  тұрғыдан  зерттегенде,  дәл осы  балалардың оқуға  қызығуларының  жоқ екені, олар мектепке  де сыймай,  үйге  де сыйлы  болмай,  мұғалімдердің  берекесін  кетіріп, түптің  түбінде  олардың  басым  көпшілігінен  дайын  заң  бұзушылар  мен  қылмыскерлер  шығатыны  бұрын да  дәлелденген.

Бала тәрбиесіне  отбасының  жағымсыз  әсер  ету  жақтарын  сөз  еткенде, оны  үш  топқа  бөліп  қарастыруға  болады.

1. Бірінші топ – баланы  қалай тәрбиелеуді  біледі және дәл солай тәрбиелейді. Олар көп емес, алайда,  өздерінің  саналы  өмірімен  және  сапалы  іс-әрекеттерімен  тек өз  балаларына  ғана  тәрбие  беріп қоймай,  мектептегі  қоғамдық  жұмыстарға қолғабыс  етіп, басқа  ата-аналарға  үлгі  көрсетеді.

2. Екінші топ - өз балаларына  өнегелі тәрбие бергісі  келеді,  бірақ,  қалай  тәрбиелеу  керек  екенінін  білмейді. Мұндайлар  ата-аналардың  басым  көпшілігі. Олар білмегендіктен  балаларына  кері әсер етуі  мүмкін.

3. Үшінші топ – балаларды  тәрбиелеудің  жолдарын  білмейді, білгісі  де келмейді,  педагогтерге  қарсы  тұратын  төмендегі  әлеуметтік топ. Бұлар  соншалықты  көп  болмағанымен,  «қиын»  балаларды  беретін  отбасылар.

Енді  осы  факторларды  тарата  айталық. Халық  даналығы «Ұяда  не көрсең, ұшқанда  соны  ілесің»,  «Әке  көрген  оқ  жонар,  шеше көрген тон  пішер», «Не  ексең  соны  орасың»,  десе  ұлы Абай «тегінде  адам  баласы  адам  баласынан  ақыл, ғылым, ар, мінез  деген  нәрселерімен  озады. Одан  басқа  нәрсемен  оздым ғой демектің  бәрі - ақымақшылық»  деп  түйіндейді..

Бала  отбасы  жағдайында  өмірдегі әртүрлі  жағдайларда  өзін  қалай  ұстауды, адамгершілік  әліппесі: кішіпейіл  болу,  ізеттілік,  сыйластық,  үлкендермен  және  кішілермен қандай  қарым-қатынаста болу  сияқты  тәжірибе  жинақтайды  және  оны меңгереді. Отбасында  бірін-бірі сыйлау,  қамқоршы  болу,  бірлесіп  еңбек ету  секілді игі  дәстүрлер  қалыптасқан  болса,  ол  ортадан  қоғамға  қарсы  тұратын  тәрбиесіз  адам  шығуы  теориялық  жағынан  алғанда  мүмкін емес. Моралдік  жағынан  азғындаған   отбасында,  әдетте,  балаға жеткілікті  көңіл  бөлінбейді. Балалар  ата-анасының қамқорлығы  мен  сүйіспеншілігін  сезінбегендіктен,  оларды  А.С.Макаренко  «ертеңгі  күннің қуанышын  жоғалта  бастайды»  деген. Сондықтан  олар  отбасында  өздеріне  алмаған  жылылық  пен  қайрымдылықты  сырттан,  көшеден  іздейді. Бірақ,  көп  жағдайда  оларды  қоғамға  жат  элементтер  өз  «қамқорлығына» алады. Олар  бұзақылар  тобы , нашақорлар, жезөкшелер  және тағы басқа әлеуметтік  топтар  болуы мүмкін.

     Көшедегі  кездейсоқ  топтардың  оқушының  теріс  мінезін  қалыптастырудағы  қосар  үлесі де аз емес. Өйткені,  қазір  көшелерді,  аймақтарды  белгілі бір  топтардың бөліп  алып,  сол  жерлерде  билік  жүргізілетіні  ешкімге  де құпия емес.Олар  өз  түсініктері  бойынша  өмір сүреді және  өз қатарын  өзі  сияқтылармен  толықтырып  отырады.      Сондықтан  қоғамдық  мораль  мен  нормалар  олардың  түсінігіне  сай  келмейді. Олардың еліктейтіндері:  түрмедегі  беделділер,  зорлаушылық  пен тонаушылық «ерлік»  істері. Ендеше  қоғамға  жат  құмар ойыны,  ішкілік ішу, дөрекі  сөйлеу,  нашақорлықпен,  жезөкшелікпен  айналысу  олардың  күнделікті  қатардағы  тірліктері іспетті. Нәтижеде  отбасындағы  тәрбиенің  нашарлығы мен мектептегі тәрбие  беру  ісінің  дұрыс  жолға  қойылмауының  кесірінен  тәртіп  бұзушылардан  «көше» тәртібін  қабылдайды. Сөйтіп,  ақырында  кәдімгі  қылмыскерлерге  айналады.

 Сондықтан  тәрбие  беруде  ер балалардың  осы  ерекшеліктерін  есепке  алу керек.  Жасөспірім  шағында   олар «нағыз жігеттерге» ұқсағысы келеді. Дегенмен  олар дөрекі,  тек  күшіне  сенетін,  төбелескіш болып келетіні  жиі  байқалады. Сол  себепті  де  қыздарға  қолданған  тәрбие  құралдары  ер  балаларға  барлық кезде  жарамды  бола бермейді.

Тағы  бір  ескеретін жайт,  жасөспірімдердің  жыныстық  даму  кезеңінде  болатын  дене  құрлысындағы  өзгерістер қалыптасуына  кері  әсерін  тигізері  сөзсіз. Сондықтан  да  тәрбиеші  мұндай  балалармен ерекше  ілтипатты  болуы тиіс.Көтеріңкі  көңіл күй,  құрмет  көрсету, сенім білдіру сияқты  психикалық  жағдайлар  тұлғаға  педагогикалық  әсер етудің  әсерлігін  күшейтеді. Ал ашуланшақ,  бойын  қорқыныш  билеген,  өкпелегіш  сияқты  жағымсыз  сәттер  оқушының  жақсы  болып  қалыптасуына үлкен  бөгет. Сондықтан   оқушыға  педагогикалық әсер етер  кезінде оның  қандай  психологиялық жағдайда  екенін  ескеру өте-мөте  қажет-ақ. тағы бір  ескеретіні: өзін  адами  тұрғыдан  тең  ұстауы,  оған сенім ұялата  білуі  керек.  Егер  педагог  өзінің  айтқанын  оқушылардан  қалай  да  орындауын  талап етсе,  олардың адамгершілік  қасиеттерін  есепке   алмай  әрекет  жасаса,  олардың сый-құрметіне  бөленбек  түгілі  балалардың енжар  тартуына  себепші  болады.Қиын балалардың «қиындығы» неде  екенін  білу  үшін  оның  себебін  табу керк. Біріншіден, оның жүйкесі  мен  психикасында  ауытқушылық бар-жоғын  анықтап  білу керек. Мамандардың пікірінше, олндай  ауытқушылығы  бар  оқушылардың 10-15 пайызы жүйке  немесе  психикалық  ауру  жағдайына  байланысты  болады екен. Мұндай  оқушыларды  тәрбиелеуден  бұрын  емдеу керек.Екіншіден, сау балалардың  адамгершілік  қасиеттеріне қандай  факторлар  жағымды, ал қандай  факторлар  жағымсыз әсер  ететінін  анықтап алу  үшін ақпарат  жинау. Ол үшін  әңгімелер,  бақылау  сауалнама жүргізу,  құжаттарды  зерттеу  әдістері  қолданылады. Олардың  бәріне  дұрыс  талдау  жасау  дегеніміз – қиын  балаларды  анықтауда  қателікке  бой  ұрмау  жағын  қарастыру  болып табылады.

Қиын балаларды қайта тәрбиелеу дегеніміз:  оның жағымсыз  әдеттерін  жағымды  әдеттермен  шығарып  тастау. Оқу  жасындағы  балалардың  негізгі  айналыстаын  істері – оқу,  еңбек ету мен  қызыққан  ісімен  айналысу.

Оқу оқушылардың  негізігі  қызметі  болып  табылады,   сондықтан   қиын  оқуышларды  мектепке қайтару,  оқуға  қызығуын  арттыру – аса күрделі  әрі  әлеуметтік педагогтің  беделін  артытыратын  іс. Себебі қиын  балалардың  90 пайызының  сабаққа  ықыласы жоқ. Сондықтан  оларды  сыныптан тыс  іс-шараларға  тарту арқылы,  спортқа,  техникаға,  өнерге қызықтыру  арқылы  оқуға  бірте-бірте  тарту  әлеуметтік  педагогтердің және пән мұғалімдердің  қасиетті ісі  болып табылады. Себебі,  аталған  қызметтердің  бірінде  жеңіске  жету оларды  басқа  да  істерге  табысты  болуға  жетелейді.

қолдау  көрету,  демеп  жіберу, сеніммен  қарау  балаға  қанат  бітіріп,  басқаларға  деген  сенімен  ұлғайтады.

Біз жоғарыда айтқандай, қалыптағы  отбасыдан  «қиын»  бала  шыға  қоймайтыны  белгілі. Алайда Л.Толстой  жазғандай: «барлық  бақытты  отбасылар  бір-біріне қандай  ұқсас  болса,  әрбір  бақытсыз отбасы бір-біріне  ұқсамайтындай  әрқилы  бақытсыз».

Бұл  жерде  айтпай  кетуге  болмайтын  біраз  жәйттер  де бар қыздарға  қарағанда  ұл  балалардың  ішінде  девиантты  мінезділер  анағұрлым жиі кездеседі. Оның  дәлелді себебі жоқ емес. Қазіргі кезеңде  тәрбие  жұмысында фемизиациялану  үрдісі  жүріп  жатыр немесе бала   дүниеге  келгеннен бастап  әйелдердің  тәрбиесін көріп өседі: отбасы, балабақша, мектеп. Ана  тәрбиесі  мен әке тәрбиесі бірдей жүрмеген  жағдайда  табиғи  теңдік  бұзылатыны  айдан анық нәрсе.  Ананың  көптеген  қасиеттері  балаға  беріледі. Дүниеге  келген  соң  да бала  ана  сүтімен  қоректеніп, жүргенге  дейін  тек  анасының  қамқорлығында  болады.  Бала-бақшаға  баратын  жағдай  туды делік, онда да оны  қарсы  алатын  өзінің  анасы  сияқты  тәрбиешілер, бастауыш  сыныпта  да әріп  танытатын  әйел  мұғалімдер. Осы  факторлар  ер балаларда  ер адамға  лайық  мінездердің  толық  қалыптаспауына  әкеп соғады. Себебі,  үлкендер олар үшін үлгі. Ал ер балалардың  алатын  үлгісі  тек «ақ жаулықты аналар»  болғандықтан,  олардың  мінез-құлқы  солай  қалыптасады. Біз бұл жерде  әйелдерді  кемсітуден  аулақпыз,  тек  осындай  мәселенің  бар  екенін  айтпақпыз. Мінезі  солай  қылыптасқан  ер бала  жігіттің  сөзі,  намыс, уәде,  ар сияқты  еркекке  тән  ұғымдарды  бойына дарыта  қоймайды да  ұсақтыққа  көбірек  кетіп қалады. Сөйтіп, олар тез  өкпелегіш, біріне-бірін  шағыстырғыш,  өтірік  айтуға  бейім  болып  қалыптасады.

Біз бұл жерде  ер балаға әкенің  тәрбиесінің  қаншалықты  әсерлі  екенін  көрсетуді  мақсат  етіп  ғана  айтып  отырмыз. «Баланың ұяты  әкеге, қыздың  ұяты  шешеге», «Атадан бала туар, атасының жолын  қуар», «Ата – балаға сыншы», «Ата  баласының  ат  меңіндей  белгісі  болады», «Атадан  - өсиет, анадан - қасиет»  деген  қазақ  мақалдары  әкенің  балаға  қаншалықты  тәлім-тәрбие берудегі  рөлі  мен  орнын  көрсететіні  сөзсіз. Ал  жапон  мақалы  «Ер балаға  жүз  мұғалімнен  бір әке артық» десе, белгілі  педагог В.Сухомлинский «ер  бала  үшін  жақсы  минстрден  жаман  әке артық» деп  түйіндейді.

Алайда, ешбір  ата-ана  өз баласының  жаман  болғанын  қаламайтыны  даусыз. Егер  әртүрлі  себептермен баласы  тура  жолдан  шығып  кеткеннің өзінде  ол  ата-аналарды  кіналай  бермей,  бірлесіп жұмыс  істеу  үшін  олармен  дұрыс  қарым-қатынас  орнату  керек, ал екіншіден, ол  отбасының  барлық  жағдайын  зерттеу керек. Бұл үшін  «Менің отбасым», «Мен не үшін  ата-аналарымды  жақсы  көремін  (сыйлаймын)», «мен  бос  уақытымды  қалай  өткіземін?»  тақырыптарында  шығарма  жаздырған жөн. Үшінден, істелген  жұмыстың  бәрі  алдын ала  терең  жан-жақты  ойластырған  болуы керек. Ата-аналармен,  олардың  тәрбиесі  қиын  балалармен  жүргізілетін  жұмыс  сол  отбасының жеке ерекшеліктерін  ескере  отырып  жоспарланғаны  дұрыс: Төртіншіден,  барлық жүргізілген  жұмыстар  өзінің  оң  нәтижесін  бермесе,  онда  атқарушы  органдарға  немесе құқық  қорғау  орындарына,  басқа да  комиссия  және сотқа  жүгінген жөн.

 

Қолданған әдебиеттер:

1.     Ағыбаев А. «Жасөспірімдер қылмысына не себеп?». Заң, №5, 2004.

2.     Ақанов А.А., Жылқыайдарова А.Ж. «Мектептердегі нашақорлықтың алғашқы профилактикасының проблемалары», Валеология және дене тәрбиесі, спорт. №2, 2004.

3.     Аманқұлова Р.К. «Жасөспірімдердің темекі тартуының алдын алу», Валеология және дене тәрбиесі, спорт. №1-2, 2005.

4.     Алпысбаева Г. «Есіктен енді есірткі», Оңтүстік Қазақстан газеті, №74,26 маусым, 2001.

5.      Арғынбаев Х.А. Қазақ халқындағы семья және неке. Аламты. 1973.