А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ ЕЛ АЗАТТЫҒЫ

Рахманова Н.М.

Алматы университетінің доценті,ф.ғ.к.,Қазақстан

Қасымбаева М.

Алматы университетінің 3 курс студенті,Қазақстан

 

           ХХ ғасырдың бас кезіндегі саяси-әлеуметтік қозғалыс күрт дамып, кеңге қанат жая бастауының басты себебі, қоғамдық өмірдің өрінде жаңа тұлғалар көзге түсіп, ұлттық сананы жаңа өріске бағыттауға ұмтылуында еді. Солардың ішіндегі ең көрнектісі, ұлттың ұлы ұстазына, рухани көсеміне  айналған ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Ол ХХ ғасыр басындағы қазақ сөз өнеріндегі  ұлттың ұлы рухынан нәр алған жаңа сарын – ұлт- азатшылдық бағыттың негізін қалап, азаттықтың ақ жолын ұсынды. Оның осынау күрес жолындағы ел санасын серпілтер, жұрт жүрегін оятар ең әсерлі қаруы әрбір қазақ оқырманының  жанына жылу болып енген жалынды жырлары  мен өткір де ойлы мақалалары. Ахмет Байтұрсынұлы – шығармашылық еңбектің қай саласында болмасын мол мұра қалдырып, қоғамдық өмірдегі, ұлттық тарихымыздағы өз орнын айқындап кеткен тұғырлы тұлға. Ол – тілші  ғалым, ағартушы ұстаз, тәржімадан төл туынды тудырған аудармашы, көшелі сөздің көшін бастаған көсемсөзші, өлеңіне азатшыл ойды арқау еткен ақын, елінің ескіден қалған сөзін терген ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, сөз өнерінің қисынын тауып, қиюын ойған әдебиеттанушы ғалым.

         Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығының сүбелі салаларының бірі – поэзия. Бұл негізінен замана талабы, уақыт сұранысынан туындаған, дәуір жүгін арқалаған творчестволық ізденіс жемісі. Жалпы алғанда жазба әдебиетте қара сөзбен бірді-екілі дүниелер ғана болмаса, негізінен поэтикалық туындылар арқылы көрінеді. Бұған негіз өлеңнің оқырман мен тыңдарман жүрегіне жылы ұялар қасиеті, ойдың ұшқырлығы мен жинақылығы болса керек. Ел азаттығы жолындағы күрескер, білімге, “жарық күнге” үндеуші Ахмет Байтұрсынұлы өзінің алғашқы жүрек жарды туындыларында осынау тәсілді таңдап алуы – уақыт үніне сай болуды көздеуден туған шара. Бірақ көңіл аударар, назар салар, зерттеушілік құқықты қажетсінер бір мәселе – Ахметтің басқалардан өзгерек өзіндік жол табуы. Бұл оның тұңғыш жинағының түгелдей аудармалардан тұруы.

Өз ұлтының енжарлығы мен жалқаулығы, өнер-білім іздеп сілкінбеумен күрескен А. Байтұрсынұлы  ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде азатшыл ағымды бастаған төл поэзиясында аударма арқылы насихаттаған ойларын айқындай түсіп, өршіл де азатшыл сарындағы жалынды жырлар туғызды. Сөйтіп, қазақ әдебиетіндегі жаңа бағытты қалыптастыра түскен «Маса» жинағы – Ахмет ақындығын кеңінен паш етіп, өз тұсындағы қазақ ақындарының алдыңғы қатарына шығарған жинақ.

Ахмет поэзиясының арналы бағыты, қазақ әдебиетінде алар орны жайлы М.Дулатов: «Ол қарапайым да, түсінікті қазақ тілінде азат туралы, ұлт туралы, езілген, артта қалған ұлты туралы жырлады. Ол – қарсылықшыл ақын. Ол поэзиясын қазақтарды езген монархиялық Ресейдің саясатымен күресудің құралына айналдырды. Ішкі сұлулығы мен мазмұны жағынан, жинақтылығы мен желілігі жағынан А.Байтұрсынұлы жырлары қазақ әдебиетінде бірінші орын алады» [1,75] – деп өлеңдерін азатшылдық рухпен дараланатынын атап өткен болатын. А.Байтұрсынұлы қазақ поэзиясында күресшілдік сарын әкеліп, азаттық жырдың озық үлгісін шашты. Оның өлеңдерінің ерлік рухы – мәңгілік жоғалмас ақындық үлгі.

Ахмет өлеңді тікелей шығармашылықпен айналысқысы келіп, не болмаса, ақындық атқа ие болу үшін жазбаған. Ахметтің ақындық өнері – замана шындығынан, өмір талабынан туған құбылыс. Мұны ол ашық айтқан:

Мен жазған кеңес,

Мақтаныш емес.

Ат шығармақ ақындық,

Молда жоқта, молдалық,

Ер батқанда, жорғалық[2,52].

Ақын туа біткен табиғи талантын өзінің алдына қойған мақсаты – саяси күрес пен ағартушылық қызметіне ұштастыра білген. Сөйтіп, оның өлеңдері ең алдымен күрес құралы ретінде халқының бостандық жолындағы үн-жарияға айналған.

А.Байтұрсынұлы өлеңдеріндегі ағартушылық сипаттың өзіне дейінгі ақындардың өзгелеу бір астарлы сыры бар. Ақын өнер, білімді «таза күйінде» уағыздап қоймайды. Ол оны халықтың санасын оятып, өзгенің езгісіндегі тұрмысының себеп-салдарына көз жібертер бостандыққа ұмтылудың нұрлы сәулесі деп санайды. Бостандық ұғымы бұрынғы поэзияда басты нысанасы болып қойылмаса, Ахмет өлеңдерінде ол негізгі тақырып, «темірқазық» іспеттес.

Ахмет өз өлеңінде надандық пен кемшілікті көріп қана қоймай, ащы шындықты сыртқа шығарып, сынап та алады. Қараңғылықтың құшағында мүлгіген халыққа:«Аш көзіңді оянып» – деп, қозғау салып, ұран көтереді. Қазақты басқан надандық пен білімсіздіктің түндігін түру үшін:

Адамдықтың диқаншысы қырға шықтым,

Көгі жоқ, көгалы жоқ – қорға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілім көтеруге құл халықтың,– [2,52].

деп мұратын білдіреді. 

А.Байтұрсынұлы қазақ әдебиетінде азатшылдық дәстүрді бастаушылардың бірі. Қай әдебиеттің тарихында болмасын ағартушы-демократтар, ұлтшыл-азатшылдар кезеңі және олардың ірі-ірі өкілдері болған.

         А.Байтұрсынұлы шығармашылығындағы азатшылдық бағыт оның саяси бостандыққа жетуді аңсауынан, қазақ халқын орыс патшасы езгісінен азат етіп, отаршылдық бұғаудан құтқару, қазақ ұлтының өзін-өзі басқаруына қол жеткізуді аңсаған арманынан, соған бар даусымен  үн қосуынан көрінеді.

Қазағым – елім,

Қайқайып белін,

Сынуға тұр таянып,

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып.

Өз өмірін күреске арнаған ақын отаршылдықтың шынжыр – бұғауын тас-талқан етер күнді аңсап, тезірек жетуін асыға күтеді:

Қашан жанып шамшырақ,

Сәуле беріп жарқырап,

Болар жарық төрт тарап?!

Қашан маған іздеген,

Күліп жылы жүзбенен,

Болар серік бақ қарап. [2,59].

Ақын үшін бақ ұғымы, бақыт  ұғымы азаттық ұғымына парапар. Ақынның лирикалық кейіпкері бақытты күнді аңсаушы ғана емес, сол күннің тезірек жетуіне  сепепкер болуға ұмтылады.

«Қарқаралы қаласына» өлеңін Ахмет Байтұрсынұлы айдауға кетіп бара жатқанда жазады.

Қош сау бол, Қарқаралы жуылмаған,

Айдай бер қалса адамың қуылмаған [2,62].    

Ұлы Абайдан тәлім алып, өлең құдіреті арқылы халыққа ой салып, саналы іс-әрекетке күреске үндеу  – ақын поэзиясы әкелген жаңа жанр. Сондықтан да қазақ поэзиясында Ахмет Байтұрсынұлы салған жаңа бағыт – ұлттық бірлік пен ұлттық азаттықты жырлау – құр жырлау, құрғақ ойбай емес, бостандықтың биігіне алып шығар жолды көрсетіп, жөн сілтеу.Ахметке дейінгі ақындар өз халқының қайғы-қасыретін сезініп, жаны езіле жырлағанымен, құтқарудың жолын айта алмады.

Ахмет Байтұрсынұлы поэзиясындағы ағртушылық – оянуға, ояну – қасіретін сырын білуге, бас кінәліні сезінуге, сезіну – бостандыққа жол ашар бұлқынысқа жетеледі.

Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,

Сөзі алтын, мағынасы меруерттей,

Осыдан ғибрат алып жас жігіттер,

Һәммесі өз халқына қызмет еткей! [2,63].

деп Міржақып тегін айтпаған. Сұлтанмахмұттың «Өткірсің наркескеннің алмасындай» деуі де осыдан еді.

Қашан да жаңа ой, жаңа жолдың қалыптасып кетуі, көкейден дөп шыға қалуы қиын. Оның жасамдылыққа жат, еркіндік үнін шырқау биікке көтерген, сұңқар жыры қанатын кеңге жайға тұста, 1916-1917- нің дүниені опай-топай еткен алай-дүлей заманына килікті. Сеңдей соғыласқан заман өтіп, ел Ахмет жырының нәріне қайта ерін тигізе бастаған тұста, ақын тағдыры  Сталиндік зұлматтың тырнағына ілінді. Жыр өрісіне Ахмет, Міржақып әкелген елдік, еркіндік атты ойдың тұнығы лайланып, жасампаз жанды пікір тұмшаланды. Бірақ қазақ үшін «Шам қылған жүрек майын»  Ахмет Байтұрсынұлы жырының алтын арқауы өз тұсында да, кейін де сақталды. Іле-шала қазақ әдебиетін өрісті өлкесіне Мағжан, Сұлтанмахмұт сияқты шәкірттері келіп, Ахмет идеясын алға апарды. Кейінгі Сәкен,Ілияста да Ахметтің тұлпар жырының дүбірін сақтап, Ахмет бастаған азаттық тақырыбын тың ізденістермен байытып, жаңа рухани биіктерге көтерді.

Ахмет Байтұрсынұлы жұртына жаны ашып, күйзеліске түседі. Оның «Жұртыма» атты өлеңінде:

Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса,

Шығасың қолына ала керісіңді.

Батырап бет-бетіне жөнелгенде,

Көрдік қой жайылар өрісіңді.

 

Келгенде өзді-өзіңе мықты- ақсыңдар,

Қайтейін, өзге десе көнгішіңді.

Сықылды сынық бұтақ төмендесең,

Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?! [2,78].

дей келе, халқының бойындағы жағымсыз, пасық қасиеттеріне ыза болып, қатты сынайды, Бұл сынды елі түзелсін, көзі ашылсын деген оймен айтып тұрғандай. Жұртына деген ілтипаты көтерген заңғар тұлға десек қателеспеген болар едік. Себебі, А. Байтұрсынұлы  ерекше сарынды екені сөзсіз. Осы өлеңмен сарындас ақынның «Жазған сөз жаным ашып алашыма...»  атты өлеңінде:

Жазған сөз жаным ашып алашыма,

Алаштың адасқан аз баласына.

Қаннан қан, еттен етім,бауыр жұртым!

Қараған қаратаудың  қаласына.

 

Іші лас, сырты таза залымдардың

Алданып құр сыртының тазасына.

Мәз болып байғазы алған балаларша

Сатылып жылтыраған танасына [2,80].

Халқының басынан өтіп жатқан, қиын заманның бір көрінісін көзге елестетесің.

Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің даму тарихындағы биік белес болып қала бермек. Ол шын мәніндегі нағыз революциялық-демократтық поэзияның  қазақ әдебиетінің негізін қалап, қазақ өлеңіне азаттыққа ұмтылған азаматтық  жыр үлгісін алып келді. Ахмет – Алаш туын қазақ көркем әдебиетіне ғана емес, сонымен қатар қазақ тіл біліміне де үлкен еңбек сіңіріп, қалам тартқан. Оның еңбектері күні бүгінге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ. Керісінше, оқыған сайын жаңа белестерге барып, тың дүниелерге тап боласың.Бұл ақынның үлкен шеберлігін, майталмандығын көрсетеді. «Өз елі өз ерлері ескермесе,   Ел тегі, қайдан алсын кемеңгерін»–деп ақиық ақынымыз Ілияс жырлағандай, Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасы біз үшін заңғар таумен тең.

 

                                       Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Дулатов М. Көп томдық шығ. жинағы.1-том.-Алматы:Мектеп.-2004.

     2. А.Байтұрсынұлы Ақ жол. –Алматы, 1989.