ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДЕГІ

 МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

 

Қоянғалиев Е.С.

п.ғ.к., Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, Қазақстан Республикасы, Атырау қ.

 

Бүгінгі таңда педагог ғалымдардың ұлттық өнер негізінде эстетикалық тәрбие беру мәселесіне арналған бірқатар зерттеу еңбектері баршылық.

Белгілі ғалым С.Ұзақбаева өз еңбегінде: «айы әсемдігімен, көркемдік талғамымен ерекшеленетін халықтың сәндік қолданбалы өнерінің эстетикалық мүмкіндіктері үлкен екенін атап айту ләзім» дей келе, республикада Ә.Қамақов, К.Әмірғазин, Е.Асылханов, Ж.Балкенов сияқты ғалымдардың еңбектерінде халықтың қолданбалы өнерінің маңызы мен рөлі, олардың оқушыларға берілетін эмоциялық әсері ашып көрсетіліп, халықтың көркем кәсіпшілігіне, халық шеберлерінің өнеріне, халықтың көркемдік тәжірибесі мен дәстүрлеріне сипаттама берілгендігін айтады.

Сонымен бірге С.Ұзақбаева еңбегіндегі бүгінгі күнде қазақ мектептеріндегі эстетикалық тәрбие «қазақтың ұлттық өнеріне (әнкүй, қолданбалы өнер т.б.) деген қызығушылығын арттыруға, эстетикалық талғамын, мәдени-рухани деңгейін көтеруге көмектеседі» – деген құнды пікірі ұлттық өнердің мәдени құндылық ретіндегі тәрбиелік мүмкіндігін зерделеуде біз үшін аса бағалы түйін деп есептейміз [1, 12-13].

Ал эстетикалық мәдениетті қалыптастырудағы халықтық музыканың рөлін көрсетуде М.Х.Балтабаевтың зерттеулері біз үшін құнды болып табылады. Ол қазақтың халықтық музыкалық шығармашылығын жоғары оқу орындарындағы вокальды аспаптық ансамбльге қатысушыларға көркемдік эстетикалық тәрбие беру құралы ретінде қарастырып, студент жастарды тәрбиелеудегі халықтық музыкалық шығармашылықтың рөлін айқындаған, халықтық музыкалық шығармалардың рөлін айқындап, оның әлеуеттік мүмкіндіктерін талдаған [2, 10].

Осы мәселенің бар қырын зерттеген ғалым Т.Қышқашбаевтың зерттеуінде қазақтың домбыра өнерінің әлеуметтік педагогикалық мәні алғаш рет ашылып, мектеп оқушыларын музыкалық эстетикалық тұрғыдан тәрбиелеудің мәселелеріне тарихи хронологиялық талдау жасалған. Оның ішінде «Елім-ай» бағдарламасының құрамдас бөлігі ретінде домбырада ойнауға үйрету бағдарламасының мазмұнын талдап, домбырада ойнау шеберлігін қалыптастыру әдістемесі ұсынылады [3, 19].

Эстетикалық тәрбие жоғары да айтылғандай, ақыл-ой, адамгершілік, еңбек, дене, тәрбиесімен тығыз байланыста қаралатындықтан, адамның эстетика саласындағы тәрбиелік деңгейі оның барлық іс-әрекетінде көрініс береді.

Ол туралы белгілі ғалым В.Т.Лихачевтің зерттеу жұмысында гносеология  және әлеуметтік-мәдени талаптарға жауап беретін эстетикалық сана мен эстетикалық мәдениеттің арақатынасы философиялық тұрғыда талдайды [4].

Осы тұста эстетикалық тәрбиенің мәнін аша келе, А.В.Луначарский эстетика саласын қайсы бір өнерді қарапайым түрде оқыту деп түсінуге болмайтындығын, керісінше олардың сезім мүшелері мен шығармашылық қабілеттеріне жүгіну, оны өздерінің жасай алу мүмкіндіктерін дамыту деп түсіну керектігін айтады.

Педагогикада эстетикалық тәрбие үдерісінде оқушының барлық қасиеті еңбексүйгіштік, жауапкершілік, іскерлік, шығармашылық қабілеттері тәрбиеленеді. Мұндай факторлар, даму үдерісінің қозғаушы күшін, ортаның ерекшелігін білдіретін дамудың объективті заңдылықтары, мектепте берілетін эстетикалық білім мен тәрбие қажеттілігінен көрінеді.

Зерттеушілердің пікірі бойынша эстетиканың зерттеу обьектісінің тұтастылығы басқа әр түрлі ғылымдардың зерттеу пәндерінің бір жерге тоғыстырылып және салыстырмалы дүние бейнесі деңгейінде құрастырылуының негізінде жасалады. Эстетика ғылымы дүниенің ғылыми бейнесінің эстетикалық бөлігін құрай отырып, жалпы дүниетанымдық және әдіснамалық негіздерімен байланысқан бөліктерінің тұтас жүйесін түзеді. Дүниені тұтас түсінуге, тек қана мәдениет жүйесінде ғылымның философиямен, этикамен, эстетикамен бірлігінің негізінде жетуге болады.

Эстетика­ – көркемдік (әсемдік) әдептен, дәстүрден, салттан, санадан айқын көрініп, жеке тұлғаның, топтың, ұжымның, ұлттың эстетикалық мәдениетін көрсетеді. Эстетикалық әсерленуден қабылдау, қабылдаудан таңдау, талғам, эстетикалық сана қалыптасады. Ол туралы «Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй, Көңілге түрлі ой салар: әнді сүйсең, менше сүй», – деп Абай эстетикалық талғам мен сананың өзектес өрнегін жеткізе бейнелейді, сөйтсе де, өлең өрнектерімен әсемдік жасайды [5, 32].

Педагогикада эстетикалық тәрбие арқылы біз жеке тұлғаның айналасымен эстетикалық қарым-қатынасын қалыптастырамыз. Бұл игі әрекет жеке тұлғаны, дәстүрді құрметтеу, ұлттық салт-сананы қадірлеуі арқылы қалыптасып, мәдени нәтижелерін көрсетеді. Қоғамның, ұлттық мәдениетін дамыту этикалық, этностық игі іс-әрекеттен бастау алып, эстетикалық тәрбие арқылы іске асырылады.

Эстетикалық тәрбие үдерісін қарастырғанда, оның адам қажеттілігімен байланысының мазмұнын айқындап қана қоймай, сонымен қатар, жеке адамның қоғамдағы тарихи және дара жағдайларын анықтау қажет. Қажеттіліктің негізінде эстетикалық тәрбие қалыптасады, ал, одан пайда болған эстетикалық қызығу жаңа қажеттіліктерді туындатады. Қажеттілік міндетті түрде керек нәрсені белгілейді, ал, қызығу белгілі бір іс-әрекетке адамның жеке қатынасын көрсетеді. Терең тамыр жайған және орнықты болған қызығу қажеттілікке айналуы мүмкін.

Эстетикалық қызығушылық тәрбиенің педагогикалық міндеттерін белгілеу үшін қазіргі кездегі эстетиканың этникалық және эстетикалық мұраттарының бірлігі туралы, эстетикалық сезімдердің, әсерленулердің табиғаты туралы, өмір шындығын эстетикалық ұғыну мен түсінудің ерекшеліктері туралы қағидаларының және басқа кейбір мәселелердің зор маңызы бар.

Эстетикалық қызығушылық адамның рухани бейнесін қалыптастырудың соншама ауқымды саласын қамтиды. Кейде «эстетикалық қызығу» деген ұғымды «көркемдік қызығу» деген ұғыммен балама түрінде қарастырылады. Көркемдікке қызығу дегеніміз – қолөнер құралдарымен тәрбиелеу деген сөз.

Біздің нысанымыз болып отырған эстетикалық тәрбие – ұлттық мәдени құндылықтарға негіздеп тәрбиелеу деген сөз.

Жеке адамды ұлттық мәдени құндылықтар арқылы эстетикалық қызығушылықты тәрбиелеуде мазмұнды жүйелейтін сипаттама қазақ халқының көптүрлі ұлттық өнерге эстетикалық қызығушылығы: сәндік қолөнер, сәндік қолданбалы, бейнелеу, композициялау, жобалау болып табылады. Мұндай бағыттың негізгі ерекшелігі халық тұрмысымен тығыз байланысып туған өлке тарихын, Табиғат, Адам және қолөнер қарым-қатынастарындағы бірыңғай рухани бастауды тануға мүмкіндік беретін әлемнің эстетикалық бейнесін тұтас игеру болып табылады.

Эстетикалық сананы қалыптастыруда білім мен біліктіліктердің, қабілеттердің алатын орны ерекше.

Білім тұлғаның ой-өрісінің деңгейін, эстетикалық тұрғыдан бағалауының бағытын, көзқарасын анықтайтын көрсеткіш. Тамаша әсемдікті дұрыс қабылдап, бағалау өнер мен өмірді терең де жан-жақты білу негізінде қалыптасады. Сондықтан да білім эстетикалық көзқарасты, талғамды қалыптастырудың ең маңызды алғы шарты болып табылады.

Адамдар арасындағы эстетикалық қарым-қатынас, эстетикалық мінез-құлық, эстетикалық қызығушылық үздіксіз тәрбиенің, өзгелердің үлгі-өнегесі арқасында біртіндеп қалыптасатын қасиет.

Халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған эстетикалық іс-әрекет, рухани-адамгершілік құндылықтарына, этикалық қарым-қатынасына негізделген педагогикалық бай тәжірибесін үлгі-өнеге ете отырып, оқушыларды жан-жақты дамыған, білімді, тұлға ретінде қалыптастыру бүгінгі өмір талабы.

Бұлар эстетикалық тәрбиенің мазмұны мен міндеттерінің тұғыры болып табылады.

Тәрбие тұлғаны қалыптастырудағы мақсатқа бағытталған және ұйым-дастырылған үдерісі.

Білім беру оқытудың нәтижесі. Оқыту барысында ақыл-ой және танымдық қабілеттерінің дамуы жүзеге асатын, білімдердің, іскерлік, дағдылардың жүйесін саналы және орнықты түрде игеруге бағытталған, мұғалім мен оқушылардың іс-әрекеттерінің екі жақты үдерісі.

Яғни, эстетикалық тәрбие оқу үдерісінде білімнің, іскерліктің және дағдының өзара байланысы, бірлігі, оқушылардың таным қабілетінің (зейін, байқағыштық, қиял, ойлау) дамуына мүмкіндік туғызады. Оқыту екі жақты үдеріс, мұнда мұғалім мен оқушылардың ынтымақтастық іс-әрекеттері арқылы оқушылардың еңбек тәрбиесі, шығармашылық іс-әрекеттері жүзеге асырылу барысында эстетикалық санасы қалыптасады. Яғни оқушыларды эстетикалық тұрғыдан қалыптастыру үдерісі оқыту, білім беру, тәрбиелеу, даму шеңберін-де өтеді деп қорытындылауға болады.

Оқу-тәрбие үдерісінде жүгізілген эстетикалық шығармашылық сабақтың жинақтық сапасы, оқушылардың рухани-мәдени даму ерекшеліктерінің ең жоғарғы деңгейін субьектінің танымдық іс-әрекеті мен қызметінің ынталану нәтижесі ретінде көрсетеді. Бұл жерде оқу-тәрбие үдерісінің негізгі аспектілерін ұстаздың педагогикалық шеберлігінен: білімінен, соның ішінде мұғалімнің қызметінің деңгейінен, қолөнерді игерудегі шеберлігінен, шығармашылық әрекеті мен халықтың мәдени құндылықтарға деген көзқарасы байқалады.

Нәтижесінде оқушы санасында қалыптасқан эстетикалық түсініктер мен өнерге деген қарым-қатынастар оның қандай да бір бағытты таңдауына негіз болады. Алайда қандай да бір бағыт болмасын, олардың шығармашылық қабілеттерін қажетсінетіні мәлім.

Тұлғаның дамуында оқу мен еңбектің байланысын орнықтыру, оның барлық қабілетін жандандырады, ізгілік қасиеттерін қалыптастырады.

Мәдени құндылықтарды игеруде жеке адамдардың әлеуметтенуінің дәрежесі қоғамның рухани байлығының өлшемі артады. Мұнда әлеуметтендіру дегеніміз мәдени элементтерді түсіндіру, мәдени мұраттар мен құндылықтарды игерту негізінде тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру. Сондықтан тұлғаның әлеуметтік қалыптасуын қамтамасыз етуде, шығармашылықты қалыптастыру арнайы ұйымдастырылған педагогикалық үдеріс ретінде оқушылардың біліктілік және дағдысын тәрбиелеуге, іс-әрекеттер тәсілдерін меңгеруге бағыттайды.

Эстетикалық тәрбиенің адам өмірі үшін қажеттілігі аяқталмайды, себебі, ол табиғат пен қоғамның құбылыстарын ғана қабылдап қоймайды, әлем туралы тұтас көзқарас қалыптастырады.

Бұрын болмаған туындыны дүниеге әкелген кезде оқушы теорияның да, іс-тәжірибенің де сынынан өткізеді. Сонымен қатар, оған эстетикалық тұрғыдан көңіл бөледі.       

Эстетикалық көзқараспен салыстырғанда эстетикалық тәрбие субъективті жағынан өте жоғары екені сөзсіз. Ол эстетикалық әсер етудің бүкіл жиынтығы болып саналады. Тек осындай ұйымдастырылған шығармашылық әрекетте олар тәрбиенің барлық саласын қамтып, жеке тұлғалық қасиеттермен тығыз байланыста дамиды. 

Демек, ұлттық мәдени құндылықтар негізінде эстетикалық тәрбие беру әрекеттері – белгілі теориялық талаптарды орындай отырып, нақтылы заттардың, құбылыстардың табиғатына тән эстетикалық сапасын  анықтау, өмірлік маңызын, қоғамның рухани дамуына тигізетін әсерін анық және түсінікті етіп жұртшылыққа жеткізеді.

Осыған орай, білім беру жүйесінде оқытуды гуманизациялауға, тұлға тәрбиесін әлеуметтендіруге, эстетикалық білімге қатысты тәлім-тәрбиенің тұлғалық-бағдарлық педагогикалық жаңаша парагдигмасы ұсынылып отыр.

Бұл үдеріс негізінде бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу туралы педагогиканың басты мақсатын іске асыруға мүмкіндік береді. Тұтас педагогикалық үдерісте жүргізілген эстетикалық шығармашылық сабақтың жинақтық сапасы, жоғары сынып оқушыларының мәдени даму ерекшеліктерінің ең жоғарғы деңгейін көрсетеді. Әрі оны субьектінің танымдық іс-әрекеті мен қызметінің ынталану нәтижесі ретінде сипаттайды.

Оқушы шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беретін қажетті қасиеттер: табысқа жетуге сенімділік, төзімділік, ерік-жігерін қалыптастыру жұмыстары ұйымдастырылуы керек. Оқушылардың оқу әрекетінде осы тәсілдерді үйренулері мәселені өз беттерінше шеше білу іскерліктерінің қалыптасуына әкеледі. Шығармашылық жұмыстың әр кезеңіндегі нәтижелерін талдау, салыстыру, қорытындылау шығармашылық қабілеттерін шыңдай түседі. Осының барлығын дәстүрлі қолөнерді игертуде ескерудің маңызы зор.

Сондықтан, эстетикалық тәрбие теориясының әдіснамалық негізіне сүйене отырып, оның мақсатында білім берудің бағыттарын төмендегідей белгілейміз:

1. Эстетикалық тәрбие мазмұнын педагогикалық технологиялардың дерек көзі ретінде кеңінен пайдалану;

2. Оқу-тәрбие үдерісінде тарихи және эстетикалық қызығушылық дәстүрлері мен оларды жалғастыруға ұмтылысты дамыту;

3. Оқушыларды елімізде бар халықтарымен мәдени қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу, ол халықтардың мәдениеті туралы білімдерін кеңейту;

4. Тәрбиелеу ісін ұлттың төл тарихы мен мәдениетіне негіздеу, соның ішінде ұлттық мәдени құндылықтар мәртебесін көтеру, оны толыққанды игеруге жете мән беру.

Бейнелеу өнерінде пәнаралық байланысты кеңейту мен тереңдету (ана тілі, әдебиет, музыка, технология, тарих, ойындарды қолдану) оның баланың ой-өрісін, суретшілік қабілетін арттырып қана қоймай, әрі бейнелеу шығармашылық іс-әрекетін, құндылықтарын қалыптастыратындығы белгілі.

Баланың өмірде өз орнын табуы, еліне, жеріне белгілі бір пайда келтіретіндей қоғам мүшесі, қалыптасқан тұлға болуы үшін мектепте жүргізілетін бейнелеу өнері пәнінің маңызы зор. Өйткені мектепте көтерілетін ең басты мәселелердің бірі - адамды жан-жақты тәрбиелеп, оның биік тұлға болып қалыптасуына ықпал ету - бейнелеу өнері арқылы іске асады.

Балаға ұлттық мәдени құндылықтар негізінде эстетикалық тәрбие беруге не әсер етеді десек, ол біріншіден, оқушының әдемілік пен тұрпайылықты сезіне алуы; зұлымдық пен мейірімділікті, жексұрындық пен жақсылықты сезінуі жатады. Өз сезімін өзі билеп, басқара білу де эстетикалық тәрбиенің белгісі болып табылады. Олай болса өнер, соның ішінде ұлттық өнер - адам баласының өмір сүруіне ұлттық мәдени құндылық ретінде мәні бар және барлық адамдарға керек іс-әрекет.

Өнер барлық адамға жасы мен қызметіне қарамастан бірдей әсер етеді. Өнердің қай түрі болмасын (би өнері, театр, кино, музыка) олардың адамға әсер етуін алатын болсақ, біреулері тікелей санаға, енді біреулері оның ойы мен сезіміне тікелей әсер ететіні мәлім, яғни шындықтың өнер арқылы көрінуі, берілуі - адамды қоршаған әлемді эстетикалық тұрғыда қабылдауды меңгертуге қажетті ең тиімді, бояуы қанық, тұнықтық пен тұтастық көрінісі. Ол адамның айналасына деген қатынасы оны қабылдауынан көрінеді. Ол оның бар ісінде, табиғатты шынайылықпен қабылдауында байқалады. Егер өнердің өмір шындығын көркемдік жолмен бейнелеуі, оның ерекшелігі десек және ол шынайы құбылыстарды оның мазмұны мен сезімдік әсер етуін тұтастықта ғана көрсетеді десек, қабылдауда осы негізге сүйенуге әбден болады. Өйткені, қоршаған ортаны санаға да, сезімге де әсер етерлік тұтастықтың нақты көрінісі - көркем бейнелер арқылы беріледі. Бұл бірден-бір адамға ықпал етудің құралы. Сол арқылы адамның қиялына, ойына, сезіміне әсер етіп, оның эстетикалық тәрбиесіне ықпал етеді.

Зерттеу барысында анықтағанымыз: негізгі мектеп оқушысына эстетикалық тәрбие беруде бейнелеу өнерінің жалпы ықпалы, соның ішінде осы пән негізінде ұлттық мәдени құндылықтарды пайдаланудың мүмкіндіктері жан-жақты ашылмай жатқаны байқалды. Осы орайда бейнелеу өнерінің, соның ішінде ұлттық мәдени құндылықтар болып есептелетін ұлттық қолданбалы өнер түрлері, біздің рухани-мәдени дамуымызда ежелгі дәуірден бері тамыры үзілмей, жалғасын тауып келе жатқан өнер екендігі және оқушыларға эстетикалық тәрбие беруде оның тәлім-тәрбиелік мәнінің зор екендігін айта кеткен жөн. Психолог-педагог ғалымдардың дәлелдеулері бойынша ұлттық тәлім-тәрбиенің негізіне сай ұлттық ойлау, сана сезім, мәдениет қалыптасуы тиіс; ұлттық даму ерекшеліктерін ескермеу, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді білмеу, әрбір адамның адамгершілік қасиетінің жойылуына, әкеп соқтырады. Оны болдырмаудың ең басты жолы - жүйелі білім мен тәрбие беру.

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.          Ұзақбаева С.А. Халықтық педагогикадағы эстетикалық тәрбие: пед. ғыл. докт. дис. ... автореф. Алматы, 1993. 46 б.

2.          Балтабаев М.Х. Народно-музыкальное творчество казахов как средства эстетического воспитания студенческой молодежи: автореф. ... канд. пед. наук. – Алма-Ата, 1986. – 48 с.

3.          Қышқашбаев Т.А. Қазақ халық аспаптық музыка арқылы бастауыш сынып оқушыларына музыкалық-эстетикалық тәрбие беру: пед. ғыл. канд. ... автореф. – Алматы, 1992. – 16 б.

4.          Лихачев Б.Т. Теория эстетического воспитания. М.: Просвещение, 1985. – С.12.

5.                    Құнанбайұлы А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.1. – Алматы: Жазушы, 2005. – 296 б.