Заурбекова А.М.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

ОТБАСЫНДА БАЛА ТӘРБИЕЛЕУ ӘДІСТЕРІ

 

Білім беру  ұйымдарындағы бала тәрбиелеу әдістерінен отбасындағы тәрбие әдістерінің өзіндік айырмашылықтары бар. Отбасындағы тәрбие әдістері табиғилығымен, әр отбасының өмірлік тәжірибесімен, әдет-ғұрыптарымен ерекшеленеді. Ол өмірге қажетті жанды әрекеттер арқылы жүзеге асып отырады. Отбасының бала тәрбиелеу әдістері ғылыми тұрғыдан емес эмпирикалық жолмен күнделікті өмір тәжірибесі барысында қалыптасып, дамиды. Отбасы бала тәрбиесінде алдымен өзіндік өмір тәжірибесіне, сондай-ақ халықтың салт-дәстүрлеріне сүйенеді. Бірақ әр адамның өзіндік тәжірибесі соншалықты бай болмауы мүмкін, ал халықтың салт-дәстүрлердің озығы мен тозығы болады. Сондықтан бала тәрбиелеуде көптеген кемшіліктер де орын алып жатады.

  Отбасы жағдайында жүйелі, ретке келтірілген бала тәрбиелеу жүйесін қалыптастыру үшін әрбір ата-ана сонау заманнан қазірге дейін өзіндік мәнін жоймай келе жатқан бала тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін меңгеруі қажет.

  Отбасындағы бала тәрбиелеу әдістері-бұл баланың тәртібі мен мінез-құлқына ата-ананың мақсатты тұрғыда ықпал ету амалдары. Әр отбасының дербес бала тәриелеу әдістері бар. Тәрбие әдістерін таңдап алуы ата-аналардың педагогикалық мәдениетіне, яғни тәрбие мақсатын, өзінің ата-ана ретіндегі рөлін түсінуіне, құндылықтар туралы түсініктеріне, отбасындағы қарым-қатынас стиліне ж.т.б. байланысты болып келеді. Сондай-ақ төменде көрсетілгендей бірқатар жағдайларға да байланысты болуы мүмкін:

ата-ананың өз баласының жағымды, жағымсыз қасиеттерін білуі, яғни неге қызығады, нені ұнатпайды, нені ынтамен орындайды, қандай қиыншылықтарды басынан кешіреді ж.т.б.;

әр ата-ананың өзіндік тәжірибесі, беделі, өзінің жеке үлгісі негізінде тәрбиелеуге тырысуы;

ата-ана отбасында барлығын бірлесіп істегенді қаласа, онда практикалық әдістерді көбірек пайдалануы мүмкін.

Отбасы  жағдайында көбіне төмендегідей әдістер пайдаланылады:

  1) Сендіру әдісі. Бұл өте күрделі әрі қиын әдістердің бірі. Оны өте сақтықпен орынды пайдаланған жөн. Себебі сендіру баланың сана сезіміне ықпал етеді. Отбасы тәрбиесін жақсы меңгерген ата-аналар дай-дамай, айғай-шусыз-ақ балаларына белгілі бір талаптарды қойып, орындата біледі.Олар нақты жағдайға талдау  жасай алу сырын жетік меңгерген. Сондықтан балаларының мінез-құлықтарының себебі мен салдарларын, олардың берер жауаптары мен әрекеттерін алдын-ала болжап біліп отырады. Соған байланысты әр түрлі тәсілдерді пайдаланады. Дер кезінде, дәл орнында айтылған сөз бірнеше сағат мораль оқығаннан әлдеқайда тиімді. Сендіру құралы ретінде кітапты, кинофильмдерді, музыка мен суретті орынды қолдана білудің маңызы зор. Олар баланың жан жүйесіне, сезіміне үлкен әсер етеді. Сендіру әдісін пайдаланғанда сөз бен істің алшақ болмауы қажет. Себебі балалар, әсіресе кіші жастағылар ата-аналарының жағымды да жағымсыз да әрекеттерін қайталауға тырысады. Ата-аналар өздерін күнделікті өмірде қалай ұстаса, балалары да соны істеуге бейім болып келеді.

  2) Талап. Талапсыз тәрбие де болуы мүмкін емес. Талапты біртіндеп күрделендіріп және оның орындалғандығын үнемі қадағалап отырудың маңызы зор. Сонымен бірге балаға қажет болған жағдайда көмекке келе білудің мәні ерекше. Балаға талап қоюдың негізгі формасы-әр түрлі тапсырмалар беру. Тапсырманы ашуланбай, байсалды түрде берген орынды. Қойылатын талаптың баланың жас ерекшеліктері мен күшіне сәйкес болуы орынды. Сондай-ақ не әкесі не анасы тарапынан қойылған талаптың екіншісі тарапына бұзылмауы керек. Сонда ғана бала талапты орындауға үйренеді. Керісінше болған жағдайда бала жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүруге, ешкімді тыңдамауға үйренеді.

3) Мадақтау, мақтау-отбасы жағдайында кеңінен қолданылатын әдістрдің бірі. Балалық шақта оның жүріс-тұрысы мен мінез-құлқы қалыптасу үстінде болатыны белгілі. Олар өз әрекеттерінің дұрыстығын мақұлдауды қажетсініп тұрады. Сондықтан баланың жағымды, дұрыс әрекеттерін мадақтап, қолдап отыру керек. Мадақтау-ата-ананың баланың белгілі бір әрекеттері мен мінез-құлқындағы жағымды көріністерге қанағаттануын көрсету амалы. Мадақтауды баланың орынды әрекетін, жақсы қылығын қолдау үшін пайдаланудың мәні зор. Алайда оны шектен тыс пайдалану жағымсыз салдарларға алып келуі мүмкін. Мадақтау кезінде баланың жас және дербес ерекшеліктерін, тәрбиелік деңгейін, мінез-құлық ерекшелігін, әрекет ету сипатын ескеру қажет.

4) Сенім. Сенім білдіру балаға деген құрметтің белгісі. Сенім білдіру кезінде баланың жас ерекшелігі мен жеке мүмкіндігін ескерген жөн. Егер ата-ана баласына: «Сенен түк шықпайды, сен ешуқытта түзелмейтін шығарсың, саған ештеңені сеніп тапсыруға болмайды» деген сияқты сөздерді айтса, онда баланың ерік жігерін басып, оның өзіне деген сенімділікті, құрметті жоғалтуына алып келуі мүмкін. Сенімсіз жағымды нәрселерге баулу мүмкін емес.

  5) Жазалау. Жазалау әдісін пайдалану кезінде төмендегідей талаптарды ескерген орынды:

жазалау әдісі жиі пайдаланылатын болса, оның күші мен тиімділігі төмендеуі мүмкін;

жазалау кезінде баланың жас ерекшелігін ескеру қажет. Мысалы, үлкен адамдарға дөрекі сөйлеген мектепке дейінгі жастағы бала мен ересек жастағы балаға бірдей жазалау әдісін пайдалануға болмайды. Себебі біріншісі өзінің әрекетін толық түсінбегендіктен, ал екіншісі әдейі жасауы мүмкін;

баланы ашу үстінде жазалауға болмайды. Жазалау үшін оның себебін анықтап алған жөн. Негісіз жаза баланы кекшілдікке, ызақорлықққа және ата-анасымен қарым-қатынасының бұзылуына алып келуі ықтимал.

Әдебиет

1.  Ғабдуллин М. Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес.-Алматы 2008.

2.  Садакбаева В.Б. Отбасындағы қарым-қатынастың бала дамуына психологиялық әсері: Магистрлік диссертация. – Қызылорда, 2012