ГОСУДАРСТВЕННОЕ  УПРАВЛЕНИЕ/ 1. Повышение роли  государственного служащего на современном этапе развития общества.

 

Буланова Ж.К., магистрант гр. ГМУ-11НП

Карагандинский экономический университет Казпотребсоюза, Казахстан

 

КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТЕТТІК АППАРАТ ҚР-ДАҒЫ САЯСИ ЖҮЙЕНІҢ НЕГІЗГІ ТҰРАҚТАНДЫРУ ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ

 

Егемен ел атанған Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет құру үшін мемлекеттік органдарда кәібилік, демократиялық қағидаларын ұстану керек. Кәсібилік қағидасына сәйкес мемлекеттік қызметкер кәсіби даярланған маман болуы тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің кәсібилігі және этика мәселесі мемлекет құрылған сәттен бастап әрдайым күн тәртібініде тұратын мәселелердің бірі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан — 2050» Стратегиялық бағдарламасында әлемдегі дамыған отыз мемлекеттің қатарына ену жайында бастамасы халққа ерекше серпін берді. Осы асқақ мұрат-мақсатты жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы  “100 нақты қадам” ұлттық жоспарын ұсынды.

Жаһандану үдерісі бір жағынан экономикалық ­сын-қатерлерге ұшыратпай қоймауына байланысты оның алдын алуға, болдырмауға ұмтылумен бірге дамуды жеделдету өмір талабы екендігі даусыз. Сол себепті бәрі екшеліп, тұжырымдалған «100 нақты қадам» жөніндегі стратегиялық бағдарламаны айқын мақсаттың үлкен белгісі деп түсінуге болады.

«100 нақты қадам» елімізде «2050 – Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Жоспардың негізгі мақсаты «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды» делінген бағдарламалық құжаттың 1-қадамы – Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналған. Онда: Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. 2 қадамда «Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс» деген міндет қойылып отыр. 3-қадам туралы айтатын болсақ, мұнда: «Қазақстан республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру» мәселесі бойынша орындалуы тиіс міндеттер жан-жақты баяндалған.

Мемлекеттік қызметкер ең алдымен елдікті алға оздырса, жемқорлық жойылады. Бұл қатер көбіне көп өзімшілдікке ерік бергеннен болады. Ұлт жобасында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жайы да жан-жақты айтылған.

Ұлт Жоспарының 4, 5, 6 және 7 қадамдарында мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін Міндетті түрде сынақ мерзімін ендіру. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру; Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу. Мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффиценттерін қосу міндеттері бойынша нақты тапсырмалар жазылған.

Ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру (8-қадам); мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру (9-қадам). Бұл арада әр мемлекеттік қызметшінің біріншіден, ұлттық рухы мықты, отаншылдық сезімі жоғары тұруы керек.

Екіншіден, білім деңгейі жоғары болуы тиіс. Бұл екі нәрсе алған дипломмен, оқыған оқу орнымен өлшенбейді. Әр азаматтың білім деңгейімен ғана танылады. Заман өзгеріп, техника мен технология жаңарып жатады. Соған сай болу үшін әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің білімін жетілдіріп отыру қажеттігі туындайды. Білімді жетілдіргеннен кейін оны іс үстінде тиімді қолданса жақсы нәтиже беретінін алдыңғы толқын жақсы біледі.

Мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу (10- қадам); шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сек­тордың жекелеген мамандарын, халықара­лық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу (11-қадам); жаңа этикалық ережелерді енгізу. Мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау (12-қадам) міндеттері мен оларға қатысты нақты мәселелер еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.

Жемқорлыққа қарсы күрес – Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе Ұлт Жоспарының 13-қадамында – жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қа­да­мында көрініс тапқан. Сонымен қатар Ұлт Жоспарында Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау  14-қадамда, Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу мәселелері 15-қадамда сипатталған.

Аталған жоспарды зерделеу барысында «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөліміндегі 9-қадамда көрсетілген «Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту - үш жылда бір олардың кәсіби шеберлігін арттыру» туралы талап орынды көрінді. Оның назар аударту себебі, бүгінде осы жауапты салада жас мамандар қатары ұлғайып келеді десек, алайда бірқатарының адамдармен жұмыс істей білуі, жұрт өтініш-тілектерін түсіністікпен қабылдауы уақыт, заман ырғағына байланысты біліктілік деңгейі жоғары талапқа сай келмейтінін жасыруға болмайды. Мұның сыртында технологиялық құрал-жабдықтарды жетік меңгеру қажеттігі де күннен-күнге күшейіп отыр. Сондықтан олардың кәсіби шеберлігін жетілдіру өте маңызды мәселе

Жалпы, «100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарының қай тарауын, қай тармағын алсаң да өркен жаяр елдің өрісті ісі, оған әр азаматтың қосар үлесі тайға таңба басқандай көрсетілген.

Кез-келген мемлекеттің даму тарихын зерделеу арқылы оның бәсекеге барынша қабілетті болып қалыптасуы мен жалпы әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуын қамтамасыз ету тікелей кәсіби білікті мамандарға және оңтайлы жүргізілген кадрлық саясатқа байланысты екенін көруге болады. Осы ретте, біздің елімізде де мемлекеттік кадр саясатының мән-маңызы жоғары, өзектілігі өте ерекше.

Әрбір елдің өзін-өзі басқаруы ұлттық мүддеге қызмет ететін мемлекеттік құрылыс арқылы іске аспақ. Біз бүгінде өтпелі кезеңде тұрмыз. Тек елдік бірлік, негізгі тағдырлық мәселелерде өзара түсінушілік қана бізді үдемелік даму жолына алып шығады.

Соңғы жылдарға дейін белгілі себептермен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік кадр саясаты мәселесі арнайы тақырып ретінде қарастырылмады. Осы себепті кадр саясатының проблемалары мен жетілдіру жолдарына байланысты еңбектердегі тақырыпқа қатысты айтылған қандай да болмасын ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдарды саралап, жаңа деректер негізінде кешенді түрде талдап қарастыру қажеттігі туады.

Тәуелсіздік жылдары жүріп жатқан әлеуметтік-мәдени процестер және өткен тарихымызды теориялық және методологиялық талдау жасау жағдайында өте өзекті мәселенің бірі. 

Бүгінгі қоғамдық өмірде жастарға білім мен тәрбие беретін, кәсіби мамандануына жағдай жасайтын мемлекеттік кадр саясатын жүзеге асырудың негізгі механизмдері және оның Қазақстан халықтарының әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өмірін деректік материалдар негізінде талдап, олардың теориялық және практикалық тәжірибелерін зерттеу маңызды мәселе екенін танытады.

Мемлекеттік кадр саясаты – еліміздің еңбек әлеуетін қалыптастыру, дамыту және ұтымды пайдалану жөніндегі жалпымемлекеттік стратегия. Кадрлардың шағын жүйесі – бір-бірімен күрделі қарым-қатынасқа түсетін адамдар жиынтығы; бұл шағын жүйенің негізін персоналмен жүргізілетін мынадай жұмыстар құрайды: мемлекеттік кадр саясаты, кадрларды жоспарлау, іріктеу, оқыту, негіздеу, дамыту, сапалы жұмыс істеу үшін тиісті жағдайлармен қамтамасыз ету және т.б. Кез-келген қоғамның немесе мемлекеттің ілгері дамуының аса маңызды стратегиялық міндеті адам факторын белсенді ету негізінде қоғамның кадрлық әлеуетін қалыптастыру және оны тиімді пайдалану болып табылады. Аталған міндеттің өзектілігі ең алдымен, оның қоғамдық дамуының тек құралы ғана емес, сонымен бірге түпкілікті мәні екендігімен де тығыз байланысты.

Мемлекеттік кадр саясаты еңбекті, түрлі басқару деңгейлеріндегі персоналды басқару органдары, яғни өз деңгейінде кадр саясатын әзірлейтін ұйымның персоналды басқару қызметтері арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Кадрлық саясаттың негізгі мазмұны мыналар болып табылады: біріншіден, кадрларды жоспарлау, іріктеу және құрылымды жоғары сапалы кадрлармен жасақтау, оларды қызметтен босату (зейнет жасына келу, жұмыстан шығару), кадрлық ағымды талдау мен тағы басқалар; екіншіден, қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру мен қайта даярлау, аттестациядан өткізу, кәсіби деңгейін анықтау, қызметте жоғарылауды ұйымдастыру; үшіншіден, кадрлардың еңбекке ынталылығын дамыту, әлеуметтік төлемдер төлеу.

Мемлекет қоғамның кадр әлеуетін кәсіби дамыту саласында негізгі қағидаттар мен басымдықтар әзірлеуді қамтамасыз ете отырып, кадр саясаты арқылы өзінің мүмкіндіктерін қоғамды топтастыруға, бірыңғай әлеуметтік-мәдени кеңістікті сақтауға, әрбір азаматтың әл-ауқатының өсуіне; қоғамның кадр әлеуетінің  қажеттілігін басқаратын субъектілерді экономикалық тұрғыдан ынталандыратын қағидаттар мен тетіктерді әзірлеуге; қоғамды бейкәсібиліктен, білімсіздіктен қорғау үшін құқықтық және ұйымдастырушылық негіздер қалыптастыруға; кәсіби қызмет түрлерімен айналысатын азаматтардың мүдделерін қорғау, оларға кепілдік және өтемақы беру жүйесін құруға; адамға тұруға лайық баспана жағдайларын, олардың қабілеттерін дамыту мен қолдануды қамтамасыз ететін әлеуметтік-мәдени кеңістік құру ету үшін Қазақстан аймақтарына кадр әлеуетін бөлу жөніндегі экономикалық тетіктерді қалыптастыруға арнайды.

Біздің елімізде мемлекеттік кадр саясатының басым бағыты – білім беру саясаты, қазіргі заманғы білім сапасына қол жеткізу, білім сапасының адам, қоғам және мемлекеттің өзекті және келешегі бар қажеттіліктеріне сәйкестігі. Ол ұлттық қауіпсіздігімізді, азаматтар мен еліміздің әл-ауқатының артуын қамтамасыз ететін аса маңызды факторға айналуда.

Қазақстанның саяси және экономикалық жүйесінің өзгеруі азаматтардың кәсіби еңбекке қабілеттілігін ұтымды пайдалану мен өндіргіштігін басқаруда мемлекет рөлінің де өзгеруіне, түрленуіне себепші болды. Алайда, бұл мемлекеттің осы үдерістерді реттейтін қызметтерінің толық жойылуына алып келмейді. Қоғам дамуын кадрлармен қамтамасыз ету міндеттерінің сапасы – мемлекеттің маңызды және ажыратылмас қызметі, ол мемлекеттік кадр саясатынан нақтылы көрінеді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.     Н.Назарбаев: Ұлт Жоспары – “100 нақты қадам”

2.     Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы»  Заңы. 27б

3.     http://egemen.kz/2015/06/06/65482

4.     Травин В.В., Дятлов ВА. Основы кадрового менеджмента. - М.: Дело Лтд., 2007.

5.     Мемлекет және құқық негіздері. Оқулық. Алматы. 574 б.