История/2. Общая история

 

Тарих магистрі, оқытушы Альдибаева А.Б.

 

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Қазақ халқының ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайы

 

          Қазақстанға шетелдік интервенция, ақ гвардияшылар мен қызылдардың арасындағы соғыс өте үлкен зардап әкелді. Жаңадан қалыптасып келе жатқан өнеркәсіп орындары қатты бүлінді. Әскери коммунизм және жаңа экономикалық саясат сияқты Кеңес үкіметінің экономикалық саясаты бұл жүйені тез қалпына келтіре алмады. 1923 ж. бастап қалпына келтіру жұмыстары жақсы қарқынға көшті. 1925 ж. өнеркәіп өнімін өндіру 1913 жылғы тұрпатынан асып түсті. Алайда, өндіріс саласы Қазақстан халықшаруашылығының өте аз бөлігі еді. Негізгі өнім өндіру экстенсивті түрде дамитын, ауылшаруашылығы құрайтын еді. Жалпы коммунистік партия социализмнің негізгі ірге тасы деп елде өнеркәсіпті дамыту деп танығандықтан бұл саланы дамыту БК(б)П үшін ең үлкен шаруа еді. 1925 ж. бастап партия басшыларының арасында индустрияны Қазақстанға енгізумен қатар, оны қандай бағыттармен дамыту да үлкен пікір талас туғызды. Феодализмнен капитализмге соқпай социализмге өткен Қазақстан сияқты индустриялық дамуы өте төмен елуге толық индустриялық қоғам орнату шынында да ойланатын нәрсе еді [1].

      1920-1921 жж. тек жеке кәсіпорындар ғана қалпына келтірілді, жалпы алғанда бұл процесс 1922 ж. екінші жартысында ғана ойдағыдай өрістетілді. 1923 ж. республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіруде бетбұрыс жыл болды. Бірінші кезекте ауылшаруашылық шикізаттарын өңдейтін кәсіпорындар қалпына келтірілді, бұған 1922 ж. егін шаруашылығының жақсы болуы көмектесті. Қостанай, Орал, Семей губернелерінде, Павлодарда және т.б. жерлерде ірі диірмендер жұмыс істей бастады. Солтүстік Қазақстанда май заводтары қалпына келтірілді, жаңадан 20 май заводы салынды. Тамақ өнеркәсібінің басқа салаларында да белгілі табыстарға қол жетті, мәселен, 1923 ж. тамызда Елек және Коряков тұз кәсіпшіліктері қалпына келтірілді, олар үлкен күрделі қаржыны талап етпеді [2].

Ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарын қалпына келтіруде кейбір қадамдар жасалды. Мұнай өнеркәсібі неғұрлым жедел қалпына келтірілді: Ембі мен Доссор кәсіпшіліктері 1925 ж. өзінде-ақ өнімділігі 1913 ж. дәрежесінен артты. Өндірісті техникалық қайта құру ісі ойдағыдай жүргізілді, мұнай шығару үшін терең насостар қолданылды, кәсіпшіліктерді электрлендіру өрістетілді, жабдықтар жаңғыртылды, барлау жұмыстарының геофизикалық тәсілі қолданылды. Полиграфиялық өнеркәсібі де ойдағыдай жұмыс істеп, соғысқа дейінгі дәрежеге шапшаң жетті, осының арқасында қазақ және орыс тілдерінде газеттер шығару кеңейтілді [3].

1925 жылдың қыркүйегі мен 1928 жылдың қыркүйегі арасындағы үш жылда өнеркәсіп салу ісіне 3,3 млрд сом қаржы жұмсалды. Ол орасан зор қаржы негізінен алғанда Ресей аумағындағы ескі өнеркәсіп орындарын қайта жөндеу мен жаңа қуатты зауыт-фабрикалар, су-электр станцияларын жасауға жұмсалды. Соған қарамастан Қазақстандағы индус­трияландыру ісі патриархаттық-феодалдық қатынастарды, яғни дәстүрлі шаруашылық жүйесін біржолата жою, феодализмнен капитализмге соқпай социализмге жедел қарқынмен өту сияқты ұрандармен басталды. Жерді қайта бөлу, мал-мүлікті тәркілеу, күштеп ұжымдастыру әрекеттері осылайша жаңа науқанмен ұласты [4].

Қазақстанды индустрияландыру мәселесі бойынша бірнеше бағыттағы көзқарастар арасында қызу пікірталас жүрді. Солардың негізгілеріне тоқталып өтейік. Бірінші бағытты жақтаушылар — Қазақстан экономикасының орталыққа тәуелділігін, шикізат көзі ретінде дамуын жақтады. Олар мемлекеттік саясат негізінде, республиканың ерекшеліктерін ескере отырып, “партияның ауыл шаруашылығы шикізат базасы есебінде оның өнімдерін өңдеумен ғана шектелуін, ұсақ өнеркәсіпті дамыту жолын ұстануы бірден-бір дұрыс бағыт” деп мәлімдеді.

С.Сәдуақасовтың индустрияландырудың отаршылдық бағытына қарсы күресі. Индустрияландырудағы голощекиндік бағыттың біржақты отаршыл бағытын айқын көре білгендердің алдыңғы қатарында тағы да С.Сәдуақасов тұрды [5].

           Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.Голощекин бастаған державалық шовинистер күрделі өнеркәсіпті дамыту, жұмысшы табын өсіру Қазақстан үшін «ақылға сыймайды», «артта қалған көшпелі халық» индустрияландыру қарқынына төтеп бере алмайды, «өнеркәсіпті қазақыландыру қымбатқа түседі, өйткені бәрі-бір жұмыс істемей далаға қашатын болады», -деп тұжырымдайды. Қазақтар ішіндегі кейбір топтар Қазақстан Кеңес одағынан бөліп алып, жартылай феодалдық билік орнатуды ұсынды. Олар «индустрияның қазақ халқының ұлттық ерекшелігін әлсіретеді» деп пайымдады. Ал, кейбір топтар қайта керісінше КСРО-ның орталық аудандарында индустриялауды тоқтата тұрып бірінші кезекте Қазақстанды индустриялық жағынан дамытуды талап етті [6].

                                                                                      

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Ақатаев С. Тышқан жылғы қырғын.- Алматы, 1994.

2. Қаратаев Т. Жүз жылдың ақ-қарасы.- Алматы, 1993.

3. Қозыбаев М. Ақтаңдақтар ақиқаты.- Алматы, 1992.

4. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді?.- Алматы, 1993

5. Қазақстан тарихының очерктері. – Алматы: Дәуір, 1994.

6. Маданов X., Мусин Ч. Ұлы дала тарихы.- Алматы, 1994.