Таңжарықова А.В.

ҚР, Алматы қаласы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының докторы

Д.Исабековтің «Гаухартас» повесіндегі ұлттық таным

Жазушының «Гауһар тас» повесіндегі Ыбыштың портреті де ерекше: «Ыбыштың мінез-құлқы, кескін-келбеті, аузындағы сөзі мен күлкісіне шейін әкемнен аумай қалған, сойып қаптағандай дерсің. Екі иығы қақпақтай екі есе бар. Шешінгенде білегіндегі білем-білем бұлшық еттер арасында шортан жүргендей ойнап шыға келеді. Ол асығу дегенді  әсте білген емес. ...Күш дегеніңіз оның бойына сыймай, асып-төгіліп жатыр. Ыбыштың айрықша бір мінезі көкпар құмарлығында. Көкпар хабары шықса, Ыбышты тану мүмкін емес. Жалпақ танауы балықтың желбезегіндей желп-желп етіп, үлкен қой көздері қызыл көрген аш бүркіттің жанарындай от шашып шыға келеді» [1,  167]. Жазушы Ыбыштың портретін тағы бір жерде былай береді: «Машинадан түскенда Ыбышты танымай қалдым. Екі күннің ішінде  күрт өзгеріп кеткен. Күнге күйіп, май сіңген топырақтай болған жүзіне қан теуіп, қоңқақ мұрны делдие қапты. Басындағы сабан шляпасы мен көк бешпенті сом денесіне жабысып, өзін мүсіндендіре түскен» [1, 173]. Автор Ыбыштың сом, батыр тұлғасын бірнеше жерде оқырман назарын аудартатындай етіп суреттейді.

Ыбыштың тұлғасын әкесінің бағасымен береді.

«Әкем Ыбыштың жайбарақаттығын ғана жаратпайды. Басқа жағынан Ыбыш – ол үшін жігіттің сұлтаны, нағыз еркек күш дегеніңіз оның бойына сыймай, асып-төгіліп жатыр» [1, 167]. Бұған керісінше Салтанаттың  сұлу да мінсіз бейнесі шығармада бірнеше рет қайталанып (найзадай кірпіктері, шағаланың қанаты тәрізді қиылған қастары, үлбіреген еріндері) оның ішкі жан дүниесінің сұлулығымен астасып жатады. Міне, осындай лейтмотивтік портретттер жазушы шығармасында кейіпкерге тән мінез-құлықты, оның психологиялық ішкі сезімін  баса көрсету үшін қолданылады. Мәселен: Ыбыштың шығарма барысында ашылатын қаталдығы, салқынқандылығы мен өз айтқанынан қайтпайтын тоң мойындығы шығарманың басында-ақ белгілі болады да, соңына дейін өзгермейді. Үйленетіндігі туралы хабарды естіген тұстағы Ыбыштың мінез-құлқы: «Қайтеміз, мейлі енді», - деуі құлағымнан таң атқанша ызыңдап кетпей қойды. «Сұмдық-ай, неткен мінез? Адамда толқу, тебірену деген болмайма бұл?» – деймін, ішімнен аспандағы ақырын ғана жылжып бара жатқан жұлдыздарға ашық түндіктен қарап жатып. Ол үйленеді ғой. Ғұмырлық жар сүйеді, оған жас өміріндегі осындай ұлы өзгерістің өзі қой жоғалғандай әсер етпегені ме? Былтыр қыста екі саулықты қасқыр жеп кеткенде бұдан гөрі қаттырақ толғанып еді ғой. Қарашы, әне, ештеңе болмағандай бейғам жатыр. Япырмай, шынымен ұйықтап кетті ме екен ол?» [1, 79] деп суреттеген. Ыбыштың ешкімге ұқсамайтын мінез ерекшелігі әрбір жаңалық тұсындағы оның қарым-қатынасына мән беру арқылы ашылады. Алайда қандай жағдайда да кейіпкерін бір сипаттан айнытпайды.         

«Егер жеңешемнің ақылы көркіне сай болып келсе, шындығында ол жар сүюден бақытты жан еді. Бірақ, өзінің осындай бақыттылығына ой жіберіп жатқан Ыбыш жоқ. Жейдесінің түймесін түгел ағытып тастап, бәз-баяғы қалпынша әлдене жайлы әкеммен сөйлесіп қойып жайбарақат отыр». [1, 176].       

Немесе, оның үйленгеніне де жиырма шақты күн болып қалды. Әйтсе де бәз-баяғы қалпы. Тәні мен жанына инедей де өзгеріс енбеген. Осы кезге дейін мен оның Салтанатпен сөйлескенін бір көрген жоқпын [1, 178].

Орыс ғалымы М.Мещерякова: «Лейтмотив (от нем. – ведущий мотив) конкретный художественный образ, многократно повторяемый, упоминаемый, проходящий сквозь отдельное произведение или все творчество писателя», - деп жазады [2, 120].    

Портретте тек кейіпкердің  сыртқы келбетін санамаланып қоймайды, сонымен бірге  оның ым-ишараты, мимикасы сияқты динамикалық   қозғалыстарын да бейнеленіп отырады. Яғни, жазушы тек  архитектониялық сұлулыққа ғана емес, өз кейіпкері  қозғалысының сұлулығына көп мән береді. Бұл жерде біз «грация» деген сөздің қазақтың «қыз қылығымен», «қылықты» деген сөз тіркестерімен үйлесім тауып жататындығын аңғарамыз. Неміс ақыны Ф.Шиллер осы «грация» сөзінің мағынасы турасында: «Грация может быть  свойсвенна  только движению и это красота движимового свободного тела. Оно возникает «под воздействием свободы» и «зависит от личности», хотя в то же время и безыскусственна, непреднамеренна: в мимике  и  жестах чувства и импульсы сказываются непроизвольно; узнав же, что человек «управляет выражением своего лица согласно своей воле, мы перестаем верить его лицу», - деп [3, 9] түйіндейді.  Қазақ әдебиетінің классиктері – Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов қазақ әйелдерінің сұлулығын жай ғана суреттеп қана қоймай, осы грацияға жүгіну арқылы назды да қылықты дене қозғалыстарының галереясын жасаған. 
Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы қазақ қызының бейнелі де нәзік қылығы мына жолдармен беріледі: «Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді. Жүзі айтарлықтай айнадай боп, көзі құралайындай боп,  күлкісі атқан таңындай боп, бойы құба талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса есің кетіп, сұңқыл қақса шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қия кезеді» [4, 83]. «Мамырбайдың  Ақбілегі, Ақбілегі – жас түлегі, айы-күні жалғыз  алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп, қызыл-жасыл көрпелерін көрпелерін қағып үйге әкелген еді. Қасындағы қыздарына қабақ шытып, қаңқыл етіп, даусы сыңқыл-сыңқыл етіп: – Көзім тартып тұрғаны несі? – деп, бір бұраңдап қойған еді» [4, 233]. Қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің «Кім кінәлі?» әңгімесіндегі: «Аз ғана уақыт өткен соң  есік жаққа көзін салып отырған кезде шолпы даусы естіліп, біраздан соң үйге Ғазиза кірді. Үстінде қос етек ақ көйлегі. Сыртынан ұнамды қара кемзел киген. Басында оқалы  тақия. Сәнді киім киген Ғазиза кіргенде, үйдің ішіне айрықша көрік, жарастық белгісі бірге кіргендей болды», - [5, 116] деген үзіндіде Ғазизаның сырт сұлулығы оның жүріс-тұрысымен, қимыл-қозғалысымен астарласып жатқаны тамаша бейнеленген.

Қазақ әдебиетінен бастау алатын ару қыздардың кереметтер портреттерінің галереясы қазақ классиктерінің тамаша туындыларында жалғасын табатын осы мысалдардан аңғаруға болады.

Д.Исабеков «Гауһар тас» повесіндегі Салтанаттың керемет назды да биязды қылығын хас жазушыға тән  шеберлікпен бейнелеген. Бұл тұрғыда кейіпкердің ішкі-сыртқы болмысын бірлікте суреттей отырып, өзін аса дарынды суреткер ретінде танытады. Өйткені: «Әдетте, көркем өнерде белгілі бір образды сомдау барысында жазушы әдеби портретке лайықты көптеген характеристикалық (мінездемелік) детальдарды ерекшелендіріп, екшеп-бөліп алып, оған психологиялық тұрғыдан коментарий береді» [6, 221].

Жаңа келін болып түскен Салтанаттың ерекше жаратылысы, оның нәзік табиғаты, ұлттық психологияға тән портретінде ашық сипатталады.

Ұлттық мінездің белгілерін Салтанаттың жан-жағына қараған ибалы да ұлттық тәрбиеге тұнып тұрған көз жанарынан байқауға болады.

«Ол кірпігін жоғары көтеріп маған бір қарады да, көзін тез төмен түсіре қойды. Оның жанары ботаның жанарындай үлкен, кірпіктері найзадай ірі екен. Толған айдай ақ жүзіне қысылғаннан қан ойнап шыға келіп, екі беті жаңа піскен алмадай албырап жүре берді. Шағаланың қанаты тәрізді қиылған қастары ұйқысынан жаңа оянған жас баладай бей күнә, пәк жүзіне ерекше бір сұлулық пен нәзіктік сеуіп тұр. Үлбіреген еріндері қатты ыңғайсызданғандықтан болар-болмас дір-дір етеді» [1, 176]. Мұндай шеберліктің сырын Г.Пірәлиева былайша тұжырымдайды: «Дененің мимикалық қозғалысы – кейіпкердің тұлғасын жан-жақты ашудың көркемдік өлшемі әрі ол ішкі сезімнің де тілі. Ішкі серпілістен (реакция) туған тұла бойдағы сезімдік, эмоциональдық, биологиялық, физиологиялық құбылыстар кейіпкердің ішкі жан әлеміндегі бүкіл қалтарыстарын құпияда сыртқа сездіртіп қояды» [7, 227]. Әрі қарай Салтанаттың әрбір әрекеті мен мінезіндегі үйлестік нақтылы детальдар арқылы беріліп, өзгеше болмысты жанның ішкі-сыртқы сұлулығына көңіл аудартып отырады.

Д.Исабеков шығармашылығында бейвербальды ишараттардың түрленіп, адам психологиясын танытудың көркемдік үлгілері де жылдан-жылға жаңғырып, жаңарып, дамып, жетіліп отыратыны анық көрінеді. Адамның ішкі дүниесінде болып жатқан сезімдік құбылыстардың сыртқа шығуынан хабардар ететін әрбір қимыл-қарекеттің ішінде Көздің рөліне ерекше мән беріледі.

«Салтанаттың мінез-құлқы мен армандағандай боп шықты.  Апам алғашқы кезде: «ойбүй, қарағым, өзім-ақ істеймін. Бұл тірлік біткен бе, кейін де жетер, әлден не қыласың», – деп шыр-шыр етіп оны ауыр жұмысқа жолатпайды.  ... Апамның иығынан әкпішін алып, сонау құдықтағы суға кетеді, не нәкәлай заманынан қалған нән  сары самауырды майыса көтеріп далаға ап шығады» [1, 178].  Жаңа түскен келіннің құрақ ұшып енесіне көмектесуінің өзінде сондайлық сұлулық пен қазақы  кішіпейілділік қатарласа өріліп жатыр емес пе? «Салтанат  қауғаның жібінен ұстап, нәзік қолымен дірілдей көтерді де, суын астауға ақтарып жіберіп, бос ыдысты құдыққа қайта тастады. Ол кеудесін көтеріп, маңдайының терін сүрткенде, сүйкімді жүзінен Ыбышқа деген ешқандай реніштің ізін байқай алмадым. Ыстық күннен екі беті алауланып, құлпыра түсіпті. Мені көрген бетте күлімсірей қарап: «Ауыр-ей, әжептеуір», – деді» [1, 181].   Немесе Салтанаттың жайлауда қой бағып жүрген тұстағы мына бір қимылы – нағыз әйел сұлулығын артық сөзсіз жеткізетін  тамаша сурет: «Әні, анау тақыр күзге шейін қурамайтын гүл атқан құлқайырлардың арасында Салтанат жүр. Оның күлгін түсті жұқа көйлегі сол құлқайырлардың гүлімен біте қайнасып кеткен сияқты. Оның өзі де жел тербеген бадана гүлдей еркелеп, бұлаң қаға  әндетеді» [1, 189]. Ерке мінезді Салтанаттың бар қылығы ішкі сұлулығымен, рухани тазалығымен астасып жатыр. Оның ән салғанын алғаш тыңдаған қайнысынан ұялу сезімі де тәтті қимылмен беріледі: «Мен қара тастың үстіне шығып «Салтанат» деп айқайладым. Ол селт еткен маралдай маған жалт қарап, екі бетін алақанымен басып отыра кетті. Артынша қайта тұрып, қалың құлқайырдың арасына еніп жоқ болды. Ол жақта да барқадар таба алмай, қайта шықты да, маған қарай сүйкімді жұдырығын көрсетіп қойды» [1, 190]. Оңашада айтқан әні үшін ұялған Салтанаттың Қайыркенге тек қана  кішкене сүйкімді жұдырығын түюінің өзінде соншалық нәзіктік, соншалық  ибалық пен еркелік жатқанын аңғаруға болады. Алғашқы қар жауғанда Салтанаттың балалықпен қуануының өзінде періштеге тән әдемілік барлығы «оның жаз күлкісі» арқылы сездіріледі: «Қарсы алдында  тұрған келіншегінің бойындағы таптырмас еркелікті, жарасымды наз бен тәтті қылықты, бұралған сымбат пен күміс күлкіні байқамай кетті»  [1, 192]. Әрине,  бұны байқамаған Ыбыш қана екенін оқырман сезеді. Сонау ауыз әдебиетінің қайнар бұлағынан бастау алып, қазақ классиктері шығармаларынан жалғастығын табатын  қимыл сұлулығының суреттері Д.Исабековтың  «Ай-Петри ақиқаты» атты әңгімесінде де бой көрсетеді. «Жамал жасы елуге таяп қалса да, киім киісі мен жүріс-тұрысынан ерекше талғам табы сезіліп тұратын, сөйлегені мен күлгеніне, тіпті біреуге  көз тастап қарағанына дейін әдемілік белдеуінен шашау шықпайтын, туа бітті қасиеті бар, тәкаппарлық пен қарпайымдылықты бір бойына қатар сіңіре білген әйел еді», - [1, 425]  деп Жамал портретін  беруінің өзі кейіпкер сұлулығы тек қатып қалған жансыз сұлулық емес, іс-әрекет үстіндегі жанды қимылмен көрінетіндігін айқын аңғартады.

Орыс әдебиетінің классик жазушылары да кейіпкер  психологиясын ашуда грациялық суреттеу тәсілін қолданғаны белгілі. А.С.Пушкиннің «Евгений Онегиніндегі» еркек атаулыны өзінің назды қылығымен тәнті еткен Татьянаның бейнесін еске түсірейік:  «Мужчины ловили взор ее очей», «Никто б не мог прекрасной/ Ее назвать», «С блестящей Ниной Ворнскою-Сей Клеопатрою Невы». «Затмить соседку не могла – Хоть ослепительна  была» [8, 201]. Сондай-ақ Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романында Наташа Ростованың билеп жүрген кезіндегі сүйкімді қылығы шынайы бейнеленген: «Лицо Наташи сияло восторгом счастья. Ее оголенные плечи и руки были худы и некрасивы. В сравнении с плечами Элен, ее плечи были худы, грудь неорепеделенна, руки тонки. Но едва князь Андрей, пригласивший  младшую Ростову обнял этот тонкий, подвижный стан... вино ее прелести ударило ему в голову» [9. 118]. Бірақ кейіпкердің үздіксіз қозғалыс үстіндегі грациясы әдетте  оның портреттік суреттемелерінде үнемі көріне бермейді. Сондықтан  әдебиетте  портреттік бейнелермен қатар мінез-құлықтың әр түрлі көрінісі бірдей қолданылып келеді. Исабеков қаламына тән тағы бір ерекшелік- кейіпкер мінез-құлқын іс-әрекеттер үстінде ашып, оның портретін кейінірек,  шығарма ортасында оқырманға ұсынуы.  Мысалы: «Бекетке тән бір мінез – сондай бір беткей еді. Сәл нәрсеге ашуланып, өкпелесе, жуық арада райдан қайтып, ашық, жарқын қалпына түсе қоймайтын» [1, 13]. Бекеттің апасы ұрысқанда үйінен кетіп қалуы «апам да,  мен де бұл мінезіне қарап «мейірімсіз, тасбауыр» деп ұрсатынбыз» деген пікірді құптата түскендей. Оның осы мінезіне байланысты көз алдыңызға  тоң мойын, түсі суық адамның бейнесі келуі әбден мүмкін. Бірақ біз бұл жерде қателесіппіз, өйткені автор кейін Бекеттің  портретін былай береді: «Қыздар Бекетті жек көрмейтін сияқты. Шынында да  ол қара торының әдемісі емес пе? Жас қыранның жанарындай ойнақшыған отты көздері, сәл жалпақтау, сонысымен жарасымды, күлгенде екі бетінде пайда бола кететін шұқырлар  оның бейнесіне үйлесіп, сұлуландыра түсетін» [1,  25].       

Адамның мінез-құлық түрлері  табиғатында өте динамикалы және әр түрлі іс-әрекетке сәйкес үнемі өзгеріс үстінде болады. Бірақ бұл өтпелі  түрлердің ар жағында тұлғаға байланысты тұрақты мінез-құлықтар көрінеді. Адамдардың мінез-құлық түрлері – тұлғааралық қатынастардың қажетті шарттарының бірі. Ол барынша сан қырлы, әр алуан болып келеді.

Кейіпкерлердің мінез-құлық түрлері көп ретте семиотикалық сипатқа  ие. Басқаша айтқанда, адамның  әлеуметтік тегіне, қоғамдық атқаратын қызметіне, орнына, мәдениетіне байланысты мінез-құлқының өзгеруі шартты белгілермен көрсетіледі. Адамның табиғи мінез-құлық сипаттары көмескіленіп, оның орнын жасанды қылық түрлері басады. Кейіпкерлер өздерін іштей еркін әрі сенімді сезініп, өзін тәуелсіз ұстауы да мүмкін,  бірақ көп жағдайда қоршаған орта әсерінен  ерік-жігерін тізгіндеп,  мінез-құлқын жасанды етіп, ішкі  ойы мен қылығын үнемі бақылауда ұстайды. Қаһарманның іс-әрекет, интонация, мінез-құлық сипаттары оның коммуникативті дағдысына да байланысты: біреулерді үйрету, оқыту, үлгі көрсету  әдетіне (ұстаз, ақылшы, билігі жоғары адам тұрғысында), біреудің беделіне қызмет ететін қолпаштаушы тұрғысында және өзін қоршаған адамдармен тең құқылы ұстап, әңгімелесуші ретінде көрінеді. Мұндай  мінез-құлқында шартты белгілер анық байқалатын кейіпкерлер жазушы туындыларында жиі кездеседі. «Қарғын» романындағы мына бір жолдар осыған дәлел бола алады: «... Оның бұл үнінде  жас қыздың көңілін аулаудан гөрі «Не бұйырасыз, қызметіңізге әзірмін» – [6, 132] деген құлдық ұрды мағына қоюырақ жатыр еді.  Өзін қашан да сылап-сипап жұрт алдында ізетті, алғыр, сыпайы, ақылды  боп көрінуге тырысып,  бір күй, бір қалыптан танбайтын  бидай  өңді сұлуша  келген осы жігітті Бағила  әкесінің жанынан ауық-ауық көріп қалатын-ды. Оның осы сыпайылығы мен мәдениетті, инабатты боп көрінуге тырысқан жасанды күлкісінің ар жағында қандай ой, қандай мағына жатқанын бұл ешқашан аңғара алмаған» [1, 9]. Сүйікті ақындарының қатарында М.Әуезовті атап, білімді көрінуге тырысқан осы жігіт «бүкіл дүниенің  ақыл-ой иелеріне   пысқырып та қарағысы келмейтін  кейіппен шексіз далаға менменси  қарады. Оның жалған намысқа жығылып, жылтырай түскен сұлуша жүзінен ...жанарынан Бағила қарсы алдында тұрған адамның бүкіл болмысы ілім-білімге қас екенін... аңғарды» [1, 14].  Міне, осы жолдардан-ақ Бағиланың әкесіне құрақ ұшып қызмет көрсетіп, өз бойын сол билік басындағы адамдарға қарай бой «түзей» бастаған жігіттің жасанды мінез-құлқын  аңғарамыз. Жалпы, Д.Исабеков шығармаларындағы адам образын ашудағы көркемдік компоненттердің орнымен қолданғандығын және оның оқырманға әсерін бағамдаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Исабеков Д. 2-томдық шығармалар жинағы. –Алматы, «Жазушы», 1993.

2. Мещерякова М. Линии судьбы в современной прозе // Вопросы литературы 1996, №3

3.  Шиллер Ф.О грации и достоинства. Собр. Сочинении. В 7 т. Т. 6. 127-128 стр.

4. Аймауытов Ж. Ақбілек. Алматы, Раритет, 2003, -240 бет.

5. Әуезов М. Кінәмшіл бойжеткен. Алматы,  Жалын, 1994, -368 бет.

6.  Рүстембекова Р. Қазiргi қазақ әңгiмесi. А., 1988. -270-бет.

7.  Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері. А., Алаш. 2003., Ізденіс өрнектері. Алматы, 2001, -221-б.

8.  Пушкин А. С. Избранные произведения в двух томах. Москва, Художественная литература, 1968, -528 стр.

9. Толстой Л.  Война и мир. ІІ том. Москва, Молодая гвардия, 1978, 384 стр.