Спаналиева Г.Т.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

 

ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА БОЛАШАҚ МАМАНДАРДЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

Бүгінгі күні елімізде кәсіптік-педагогикалық қызметтің сипатының күрделенуіне байланысты интеллектуалдық, психикалық, рухани мүмкіндіктерін жинақтауға және дамытуға деген қажеттілік арта түсуде. Оны жүзеге асыруда жоғарыда аталған педагогикалық қызметтерді интегральды түрде жүзеге асыра алатын және тұлғалық дамуының заңдылықтарына сай ұйымдастыра алатын маман даярлау қажет.

         Қазақстан Республикасы білімді дамытудың 2020 жылға дейінгі ұзақ мерзімді бағдарламасында ғылым мен техникалық прогрестің адам өміріне үлкен ықпал етуі оның өз мамандығы мен өзінің тұлғалық дамуы мен қалыптасуына басқаша қарауын талап етеді, сондықтан  кәсіби және рухани потенциалы жоғары мамандарды даярлау үшін алдымен олардың  әдістемелік мәдениетін қалыптастыруға күш салу керектігіне басты назар аударылған. 

         Қазіргі білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында, оны Европалық стандарттар талаптарына сәйкестендіруде психология және педагогика ғылымдары адамның рухани даму және кәсіби потенциалын әр түрлі тұрғыдан зерттеп жатыр.Ол зерттеулерде әлеуметтік-педагогикалық потенциал мүмкіндік, қайнар көз қор ретінде қарастырылып, оларды нақты мақсатқа жету, міндеттерді шешу, еңбектің өнімділігін арттыратын тұлғаның ішкі күш-қуаты ретінде қолданады.

         Осы бағытта Болон декларациясы талаптарына сәйкестікті қамтамасыз ету үшін Қазақстанда жоғары оқу орындарындағы білім беруді ізгілендіру идеяларында білім берудің мазмұны мен мәнін анықтауда тұлғалық – бағдарлы тұрғы бекітілді.

         Білімгерлердің әдіснамалық мәдениетін қалыптастыру қызметінің мазмұнында ұстаздың жеке тұлға потенциалы деген ұғым қоғамдық және жеке тұлға қажеттілігінің ең жоғары дәрежедегі сәйкестігін сипаттайтын, қатынастары мен оның өзіне тән ең маңызды деген қасиетінің эталоны болып саналады. Жеке адамның потенциалы деңгейінің критерийі дегеніміз, оның физикалық және рухани күшін, шығармашылық қайратын жұмсаудағы сапалы ерекшеліктері. Бұл ерекшелік ұстаздың кәсіптік педагогикалық қызметінің жетілуінде, қажеттілігі сияқты қызметіне деген көзқарасын қалыптастыру дәрежесінде нақты орын алады.

         Аталған қайшылықтарды шешуде Ресей педагогы В.К.Кирилловтың пікірі бойынша мұғалімдердің оқу-тәрбие үрдісінің проблемаларын сапалы шешуге дайын еместігі қазіргі ЖОО кәсіптік тұлғалық ұстанымдарының несциентистік бағыттылығына, психологиялық-педагогикалық білімнің  мазмұнын жаңарту қажет деген тұжырымдамасымен келісуге болады [1]. Мұғалімнің білімінің жалпылама позициясы тәрбиеге шығармашылық бағыт  беретін, оқушылардың субъективті қалыптасуын ынталандыратын, өз  бетінше дамуын, азаматтылығын, толеранттылығын дамытатын, эмоционалдық тұрғыдан түрлендіретін инновациялық технологияны әдіс-тәсіл, форма ретінде қолдануға кедергі жасайтыны белгілі болып отыр. 

         Қазақстандық педагог-ғалымдар А. Сейтишев, Л. Байсерке, Г. Нұргалиева, О. Х. Аймағамбетовалар бүгінгі күннің мұғалімнің ойлауы, жан дүниесінің ұстанымы және педагогикалық қызметінің стилі ретінде қабылданатын кәсіптік ментальдыгы  педагогтардың әлеуметтік-кәсіптік топ ретінде сапалы және санды даму динамикасына және санасының қалыптасу үрдісіне негативтік әсері бар, сол себепті бүгін қоғамның білім беруге қойып отырған талаптары мен білім берудің нақты жағдайы арасындағы қарама-қайшылықтарды үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін барлық деңгейінде – кәсіптікке дейін, жоғарғы оқу орнындағы, жоғарғы оқу орнына кейін де жаңарту арқылы шешуге болады деп санайды [2].

         Осы мақсатта біз, аксиологиялық теорияға сәйкес педагогтың эмоционалды-құндылық  қатынасы қоршаған  ортасынан белгілі бір қажеттілікті бөліп алу қажеттігін, эмоционалдық-құндылық қатынас тәжірибесін игерудің тәсілдерін іздеуді ұсынамыз. Олар эмоционалдық-құндылық қатынастың тәжірибесінің мазмұны өмірге, адамға, іс-әрекетке, өзіне деген қарым-қатынастар жүйесі арқылы шешілетіне сүйенеді. Сондықтан болашақ мамандарды жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу олардың өзін-өзі тәрбиелеуін қамтамасыз етуге түрткі болатын әдіснамалық мәдениетін қалыптастырады. Бұл қатынастар өзінің тәжірибесімен, жеке басының әсерленушілігінің барысында пайда болады.

         Әдіснамалық мәдениетті қалыптастырудың қазіргі заманның ең басты мәселесі – шығармашылыққа деген құлшынысымен ерекшеленетін, белсенді, жаңа ұстазды қалыптастыруда М. Х. Балтабаевтың "жаңа ұстаз ойлау қабілеті жоғары, саналы, өзіне және ісіне талап етушілігі жоғары, құнды бағдары бар, жеке басының тұрақтылығын қамтамасыз ететін, айналасындағы жағдайларды түсіне білетін сипатта болуы керек" деген пікірін негізге алуға болады [3].

         Заман талабына сай қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси сферасындағы өзгерістер, өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесіне мемлекет жағынан талаптың өсуі және Қазақстан Республикасының тәрбие стратегиясының жүзеге асырылуы, педагог мамандарды даярлау мәселесі бойынша жасалған осы заманғы ғылыми-педагогикалық әдебиеттерге сараптама, тәрбиелеу потенциалының құрылымында жаңа ұлттық және диалогтық компоненттерді анықтауды қажет етеді.

         Осы бағдарға сәйкес ЖОО білімгерлердің әдіснамалық мәдениетінің қалыптастырудағы өзін-өзі тәрбиелеу әрекетінің мазмұнын П. П. Блонский ұсынған «автономды тұлғаны тәрбиелеу» идеясының негізінде, шығармашы-лық белсенділігін, дербестігін, өзін-өзі анықтау қабілетін таныта алу деңгейлері мен айқындауға болады.

         Тұлғаның әдіснамалық мәдениеті оның әдіснамалық білімдері мен алған білімдерін қолдана алу іскерліктері арқылы танылатын болғандықтан кез-келген жеке тұлға, өзінің іс-әрекетін бағалағанда басқа адамдардың осы тілектес іс-қимылдарымен салыстыра отырып бағалайды. Бұл жерде салыстыру әдісі деңгейлік дәрежеде жүзеге асады. Әрбір тұлға: жақсымен дос болуға, жақын жүруге тырысады;жақсылыққа ұмтылады;жақсыдан үлгі алады. Сол сияқты пайдалы іс-әрекет жасауға талаптанады. Мысалы, институтқа жаңадан түскен 1 курс білімгерлері үшін таңдап түскен мамандығындағы “Сүйікті мұғалімім” идеалы оның келбеті, соған теңелсем, сондай болсам деп армандайды. Сол тұрғыда өзінің келбеті мен жүріс тұрысын, барлық тұрпатын өзінің ең сүйікті идеялындағы адамға ұқсатуға тырысып, өзін-өзі тәрбиелей бастайды. Кез-келген адамның айнасы екінші адам болып саналады. Ол өзін басқа өзіндей бір екінші адамға қарап тұрып, айнаға қарағандай өзін сондай адам екенін ұқтырады. Керек десе адам өзінің дене құрылысын да бірден байқамайды, басқаларға қарап, келе-келе түрлі әрекеттер арқылы сезеді.

         Міне, әдіснамалық мәдениеттің қалыптасуы білімгердің өзін-өзі тану мен тәрбиелеу мәселесіне дұрыс қарау, және оны белгілі бір биік дәрежеде ұйымдастырып жүргізу негізі өзін-өзі тәрбиелеу мен оқыту түсінігін өзін дұрыс түсінуінде жатыр екен.

         Олай болса, кез-келген нәтижелі тәрбие жұмысы тәрбиеленушіге қатысты ішкі шарттардан тұрады Сондықтан ЖОО болашақ мамандардың білім алу, тәрбиелену үдерісіндегі тұлғалық ішкі ұмтылыстары мен күштерін басшылыққа ала отырып, оның өзін-өзі танып білуі мен сол негізде басқалармен жағымды қарым-қатынас кеңістігін қалыптастыра алу потенциалын дамыту қажеттігі алдыңғы позицияға шығатынын көрсете алу маңызды.

Әдебиеттер:

1.     Кириллов В. К. Методологическая культура учителя, ее формирование в учебном процессе педвуза // Новые исслед. в пед. науках. 1991. № 1 (57).

2.     Сейтешов А. П., Садыков Т. С. Методология прогностической модели специалиста. –Алматы: АГУ им. Абая, 1994. – 43 с.

3.     Балтабаев Н. Х. Педагогическая культурология: Учебное пособие. -Алматы: РНК, 2000. - 268 с.