ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНДЕ  ШЕШЕНДІК ӨНЕРДІ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ

Куттибаева Алмагул Союзовна

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

Маңғыстау энергетикалық колледжі

Қазақстан, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

 

Шешендік өнер – сөз сөйлеуге даярлық, сөйлеу және әңгіме өткізу сияқты т.б. әрекеттерге қатысты тілдік қызметтің ерекше түрі. Шешендік сөз өнерімен таныстыру арқылы, функционалдық- интенциялық принципке сәйкес үлгілер бойынша сөйлем құрастыру дағдыларын дамыту. Диалог ретінде берілген шешендік сөздерден үлгі түрінде қолданып, сөйлеу тексімен жұмыс істеу жүйесін ұсыну. Сөйлегенде шешендік сөз өнерімен таныстыру барысында меңгерген функционалдық үлгілерді әр түрлі жағдайларда қолдануды үйрету. Мысалы: Ситуацияны бағалау және оған байланысты сезімді білдіру сөйлеу интенциясы бойынша бір жағдайға байланысты ашуланған кезде ақылға жеңдіру мақсатында Әйтеке бидің : - Сабыр етіңдер! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды Ашу деген ағын су, Алдын ашсаң арқырар Ақыл деген дария, Алдын тоссаң тоқырар....деген сөздерін ашуланған адамды басу, жұбату, сабыр сақтау мақсатында тіл үйренуші өз ойын жеткізуде осы үлгілерді қолдана білуге үйренеді.

Негізінен қазақ тілі шешендігін пікірталас ұйымдастыру және әртүрлі айтыс вариацияларын ойнату, халықаралық және дәстүрлі шешендік өнердің мысалдарын талдау арқылы дамытуға болады. Төменде осы негізгі үш жолдың ерекшеліктері мен ұйымдастырылу жолдары туралы айтылады.

 

Шешендікті дамыту жолы

Ұйымдастырылуы

Пайдасы

Пікірталас

Сыныпты екі қарсылас топқа бөліп, пікірталас ережелеріне сай резолюция дайындау керек. Резолюция қазақ тілі мен әдебиеті тақырыптарында немесе әлеуметтік-экономикалық мәселермен тығыз байланысты болғаны жөн. Мысалы, «Латын әліпбиіне көшу: дұрыс әлде бұрыс шешім?», «Зейнетке шығу жасының ұзартылуы» және т.б.

Пікірталас ұйымдастырмас бұрын, оның толық ережелерімен оқушыларды таныстыру керек. Тайм-кипер, әділқазылар алқасын дайындау керек.

Тақырыптың ашылуынан басқа оқушылардың шешен сөйлей білуі, шешендік өнердің әдістерін қолдануын есепке алу керек. Мысалы, теңеу, қажетті ақпаратты көрсете білу және т.б.

Оқушыларды мағыналы, конструктивті пікір алмасуға үйренеді. Сонымен қатар ойды жүйелі жеткізу, өз көзқарасын қорғауды меңгереді. Тіл шешендігіне келсек, сөздерді орынды қолдану, жаңа терминдер мен тыңдаушылармен психологиялық байланысты ұстауды меңгереді.

Оқытушының мақсатына, тек ережелерді сақтау емес, пікірталас арқылы оқушылардың шешендік өнерден нені үйренгендерін тексеру және жаңа тың резолюциялар ойлап табу, пікірталастың дұрыс өтуін қадағалау сынды жұмыстар кіреді.

Айтыс вариациялары

Әрине, айтыс бұл екінің біріне қонатын өнер емес. Алайда оқушылардың арасында оның вариацияларын енгізуге болады. Мысалы, арнайы ұйқастарды бере отырып сөйлемдер құрау немесе белгілі тақырып шеңберінде қарапайым өлеңдер құрастыру

Керісінше берілген сөзге ұйқастар іздеу, тіпті қара сөз айтысын да ұйымдастыруға болады.

Мысалы, «ақын-жақын», «іздеу-үзбеу», «ерлік –кемдік» ұйқастарына мағыналы екі жол өлең құрастыру. Тағы бір көрнекі мысал, «аааб», «абаб» «ааба» формасындағы қарапайым өлеңдер құрастыру.

Мақсат – оқушылардың өлең формасының, ондағы ұйқастардың құрастырылуын түсіндіру. Оқушы керемет өлең шығармаса да, сөйлеу мәнеріндегі әдемі әуезділікті үйренеді.

Шешендік мысалдарды талдау

Шешендік мысалдарға, тек қазақтың билері мен шешендерінің мұраларын ғана емес, әлемдік ораторлық өнердегі ең керемет мысалдарды талқылауға  салу керек. Мысалы, Рузвельт, Цицерон, Мартин Лютер Кинг сынды қайраткерлердің атақты сөздерін тарихи және шешендік тұрғыда талдауға болады.

Аудармаларды тауып, тарихымен таныстыру оқытушының міндеті. Ал оқушылар оның құрылу жобасын, шешендік формалардың қолдануын, тіпті оның тыңдармандарға әсерін де талдауы керек.

Тапсырманы ауызша немесе жазбаша түрде орындауға болады.

Мұнда оқушының жалпы көзқарасы дами түседі. Ол тарихи маңызды сәттердегі қайраткерлердің сөздерімен танысады. Сонымен қатар жаңа дәуірдегі шешендік өнердің жақұттарын талдап, өздеріне қажетті әдістерін меңгереді.  

Кесте 1. Оқушылардың қазақ тілі және қазақ әдебиеті сабағында шешендікті дамыту жолдары

 

Оқушыларға  шешен сөйлеуді меңгертуде ескеретін мәселелер де аз емес. Оның бірі олардың бейімділігіне, талпынысына байланысты. Шешендікті тез меңгергісі келетін оқушыларға шебер сөйлеуге керекті негізгі компоненттер;  сөйлеу стилін сөзге керекті материалды жинақтай білу,  шебер айта білудің қыры мен сырына үйретсек, болашақ осы өнерге тереңірек бойлағысы келетін оқушыларға шешендік сөздердің қыры мен сырын, оның теориялық мәселелерін тереңірек меңгертуге тиіспіз. Шешендік сөз парасатты ойға, ұшқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады. Сондықтан да  көпшілік алдында шебер сөйлеу үшін оқушы терең білім алып қана қоймай, жан-жақты мәдениетті меңгеруі, логикасының тегеурінді болуы шарт. Шешендік деген айтылған сөзге әрі нақты, әрі қисынды, әрі жедел көркем сөзбен жауап қайтару.

            Шешен сөйлеуге жаттығамын деген оқушылар өз алдына мынадай мақсаттар қоюға тиіс. Ол тыңдаушы сезімін түртіп ояту, санасына, ойына ерен бір саналықпен қозғау салу, ояну мен қозғаудың нақтылы нәтижесін көру, сөйлейтін сөзінің, пікір сайысына қатысатын тақырыбының мазмұнын терең  меңгеру.

             Шешендік өнер көріп білумен, сол білгенді көкейге тоқумен, талай айтыс –тартысқа түсіп, жалықпай жаттығуға байланысты қалыптасатын шеберлік. Нағыз шешен жан үшін тек сөзге шебер болу жеткіліксіз. Табанда тауып айтар тапқырлық, шаршы топта мүдірмес батылдық, саспайтын сабырлық қажет.

        Шешендікті меңгеру үшін оқушыға  білімділік, сөз өнерін терең меңгеру, өз халқының психологиясын жете білу, сонымен қатар, риториканың  негізгі заңдылықтарын жете меңгеруі керек.

            Оқытушы шешендік қабілеттерді дамытуда көрсетілген үш жолдың тек біреуін ғана пайдаланбай, кешенді түрде пәндік қосымша ретінде ұйымдастыра білгені жөн.

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

1.Адамбаев Б. Қазақтың шешендік сөздері.- Алматы: Ана тілі, 2008

2. Шешендік шиырлары - Алматы: Қайнар, 1993.

3. Қалимұқашева Б. Шешендік сөз өнерін үйрету әдістемесінің мәселелері

4. Жиенбаев С. Қазақ тілін оқыту методикасы. - Алматы: Қазақстан